ЖАҢАЛЫҚТАР Жаңа мектептер мен әлеуметтік нысандар: Заңсыз иемденілген активтерді қайтарудың нәтижелері

Жаңа мектептер мен әлеуметтік нысандар: Заңсыз иемденілген активтерді қайтарудың нәтижелері

0

Заңсыз иемденілген активтер есебінен қайтарылған қаражатқа Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жамансор ауылында 150 орындық жаңа мектеп салынатын болады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң аясында Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты арқылы еліміздің түрлі аймақтарында әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру жұмыстары жалғасуда.

Үкімет Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жамансор ауылында 150 орындық мектеп құрылысын бастау үшін 2 миллиард теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Қазіргі таңда бұл ауылда тек 60 орынға арналған бастауыш мектеп жұмыс істейді, ал 4-сыныпты бітірген оқушыларды Мақат ауданындағы С. Шәріпов атындағы мектеп-интернатқа 60 шақырым қашықтыққа апарады. Жоғары сынып оқушылары көрші ауылдарға барып оқиды. Жаңа мектеп салынғаннан кейін оқушыларға сапалы білім беру үшін барлық қажетті жағдайлар мен санитарлық нормаларға сәйкес талаптар орындалады.

Сонымен қатар, Үкімет бұған дейін Ақмола облысының Зеренді ауылында спорт кешенін, Түркістан облысының Темірлан ауылында музыка мектебін, Арқалық қаласында дарынды спортшыларға арналған спорт кешенін, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығын, Алматыда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жаттығу орталығын, Ақтөбе қаласында ерекше балаларға арналған арнайы балабақша салуды және Риддер қаласындағы көпсалалы аурухана кешенінің құрылысын аяқтауды жоспарлаған болатын. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда.

Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Шымкент қаласында 18 жаңа мектеп салынатыны хабарланды.

Exit mobile version