Оқу-ағарту министрлігі мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен жаратылыстану-математика пәндері бойынша ХVІІ Президенттік олимпиада өз мәресіне жетті. Бұл маңызды іс-шараға еліміздің әр өңірінен 190 оқушы қатысты.
Олимпиада жыл сайын 11-12 сынып оқушылары арасында өткізіліп келеді. Оның мақсаты — оқушылардың жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерге деген қызығушылықтарын арттыру және тереңдетіп зерттеуіне қолдау көрсету.
Олимпиаданың жабылу салтанатында Оқу-ағарту вице-министрі Арай Оразова қатысып, ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің құттықтау хатын оқыды.
«Білім мен ғылым, мәдениет қоғамның рухани дамуының маңызды бөлігі әрі сапалы ұлт қалыптастырудың негізі болып табылады. Білім шыңын бағындырған бүгінгі жетістіктеріңіз — тынымсыз іздену мен қажырлы еңбектің нәтижесі. Сонымен қатар, бұл жерде ұстаздар қауымы мен ата-аналарыңыздың да зор еңбегі мен қолдауы жатыр. Қадірлі достар, ұшқыр ой, терең білім мен жоғары нәтижелеріңіз Тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан үлкен үлестеріңіз. Жаңа биіктерді бағындыруда Сіздерге сәттілік тілеймін!» — делінген Үкімет басшысының құттықтау хатында.
Олимпиада қорытындысы бойынша 48 оқушы жеңімпаз атанды. I орын иегерлері SDU, Astana IT University және Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ректорлық білім гранттарына ие болды.
Сонымен қатар, олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Қазақстанның жоғары оқу орындарына түсуде білім гранттарын жеңіп алу мүмкіндігі беріледі.