Батыс Қазақстан облысында мектептерде 426 психолог жұмыс істейді, соның 208-і сырттай білім алған, ал 76-сы – жас мамандар. Прокурордың бірінші орынбасары Дәурен Омарғалиевтің айтуынша, психологтар жұмысында тиімділік жоқ, бұл жасөспірімдер арасындағы суицидтік үрдісті азайтуға көмектеспейді. Сонымен қатар, төмен жалақы мен кадрлардың жиі ауысуы психологиялық қолдаудың сапасына әсер етеді.
Биыл жүргізілген тексерулерде мектеп психологтарының қызметі көбіне формальды екені анықталды. Мысалы, Бәйтерек ауданындағы мектептің психологы 57 оқушыны тәуекел тобына енгізгенімен, жұмыс жасалмаған. Ал Дариян кешкі мектебінде психолог жоқ.
Сонымен қатар, прокурор балалар суициді бойынша қылмыстық істердің сапасыз тергеліп жатқанын айтты. Биыл 9 істің тек екеуінде сараптама тағайындалған, қалғандары мерзімінен бұрын тоқтатылған. Тергеудің сапасын жақсарту үшін прокурор оқиға орнына барып, арнайы бақылауға алатын болады. Полиция балалар арасындағы суицидке ықпал ететін контентті мониторингтеуді жалғастыруы тиіс. БҚО прокуратурасы биыл 20-дан астам суицидтік каналдарды бұғаттады.