ЖАҢАЛЫҚТАР Түркістандағы білім беру реформасы және оқыту жүйесіндегі өзгерістер:

Түркістандағы білім беру реформасы және оқыту жүйесіндегі өзгерістер:

0

Түркістан облыс орталығы болғаннан кейін қаладағы халық саны 42 пайызға артты. Бұл өсу тек туу көрсеткішінің артуынан ғана емес, сонымен қатар көшіп келушілердің де әсерінен болды. Қала осы жүктемеге қаншалықты дайын болды?

2018 жылы Түркістанда 165 мың тұрғын болса, 2024 жылдың 1 қыркүйегінде бұл көрсеткіш 235 436 адамға жетіп отыр, яғни қала халқы алты жыл ішінде 42 пайызға көбейген. Бұл өсімнің бір бөлігі шетелден келген қоныс аударушылардан да қалыптасып отыр. Көші-қон полициясының мәліметінше, Өзбекстаннан 2020 жылы — 16, 2021 жылы — 39, 2022 жылы — 17, 2023 жылы — 26, ал 2024 жылдың басынан бері 11 адам көшіп келген.

Сондай-ақ, Ресей, Қырғызстан, Ауғанстан, Тәжікстан, Түркия сияқты елдерден де тұрғындар келуде. Оңтүстік Кореядан келген бір азамат та Түркістанға қоныс аударған.

Қаланың халық санының өсуі инфрақұрылымға ауыр жүк түсіретіні сөзсіз. Әр отбасы баспанамен, ал балалар мектеп пен балабақшаға мұқтаж. Қала бұл мәселелерді қалай шешіп жатыр?

Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаевтың айтуынша, қаланың бас жоспарында 2035 жылы Түркістанда 350 мың тұрғын болады деп болжанған. Осыған байланысты 40 100 оқушыға арналған 28 мектеп, 10 қосымша мектеп ғимаратының құрылысы жоспарлануда.

Қалада 17 денсаулық сақтау нысаны және 1 жедел жәрдем станциясы жұмыс істейді. Жалпы сыйымдылығы бір ауысымда 2600 адамды қамтуға мүмкіндік береді. Бас жоспардың бірінші кезеңінде 10 денсаулық сақтау объектісін салу көзделген, оның ішінде 500 адам қабылдайтын қалалық емхана, 190 төсектік балалар ауруханасы, 600 төсектік психикалық денсаулық орталығы, облыстық стоматология және тағы басқа медициналық мекемелер бар.

Қазіргі уақытта Түркістан қаласында тұрғын үй кезегінде 16 515 адам тұр. Оның ішінде әлеуметтік осал топтардан 6 463 адам, 4 858 бюджет қызметкері, 5 022 көпбалалы отбасы, 169 тұл жетім және апатты жағдайда баспанасы бар 3 адам бар. Биыл 222 отбасы арендалық баспанамен қамтамасыз етілген. Қалада қазір 260 пәтерлік 3 көпқабатты үйдің құрылысы аяқталуға жақын.

Түркістан облыс орталығы болғалы мектептер мен балабақшаларға деген сұраныс артты. Олардың арасында кейбір мектептер үш ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр болды. Бұл мәселені шешу үшін жаңа мектептер мен «жайлы мектептер» салу жоспарлануда. Ал балабақшалармен жағдай жақсы: қалада 21 мемлекеттік және 123 жекеменшік балабақша бар, онда 17 156 бала тәрбиеленуде.

Қаладағы жалпы білім беретін 35 мектептің 32-сі екі ауысымда, екі мектеп үш ауысымда жұмыс істейді. Түркістан қалалық білім бөлімі мәліметі бойынша, қаланың мектептерінің жобалық қуаты 26 198 оқушыға арналған, бірақ қазір онда 41 140 оқушы оқиды. Мәселе әсіресе халық тығыз орналасқан аумақтарда, мысалы №2 Хамза және №14 Қазыбек би атындағы мектептерде үш ауысыммен оқытылуда.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жеке кәсіпкерлердің көмегімен бірнеше мектеп ашылып, оқушылар жеке мектептерге ауысып, үш ауысымнан арылды. Мысалы, Бірлік секторындағы жаңа жекеменшік мектептерге 1200 оқушы ауыстырылып, бір мектепте екі ауысымға қайта оралды.

Exit mobile version