“Нысаналы мектеп” жобасының мақсаты білім сапасын арттыру мен ауыл мектептерін қала мектептерімен теңестіру болса да, бұл мақсатқа жету қиын болып отыр. Қазіргі кезде білім беру жүйесінде қағазбастылық, мұғалімдердің жүктемесінің артуы, оқу бағдарламасының үйлесімсіздігі және материалдық техникалық базаның жетіспеушілігі сияқты проблемалар бар. Осыған қарамастан, министрлік талаптарды қатайтып, мұғалімдерді аттестациядан өткізу арқылы білім сапасын жақсартуға тырысуда, бірақ нәтиже әлі көрінбейді. Осы мәселелер туралы Мейіржан Темірбек өзінің әлуметтік желісінде ой бөлісті.
«Нысаналы мектептің» негізгі мақсаты білім сапасын арттыру, ауыл мектептерін қала мектептерімен теңестіру болса, 2014 жылдан бері айтылып келе жатқан қала мен ауыл мектептері әлі теңеспегені өкінішті. Мына қарқынмен Ғани Бейсембаев та теңестіре алмайды.
Бұрын мектеп бес жылда бір аттестациядан өтетін. Қазір үш жылда бір өтеді. Бұрын педагогтар бес жылда бір білімін көтерсе қазір үш жылда бір көтереді.
Педагогтар бес жылда бір аттестациядан өтеді. Талаптар бұрынғыдан да қатаңдатылған. «Сатып алады» дейді. Ұсталса, дәлелденсе — ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРЫҢДАР!
Яғни Оқу ағарту министрлігі осындай талаптарды мұғалімге қойып отыр. Соған қарамастан білім сапасы неге төмен? Әр келген министр келе сала осы мұғалімдердің аттестациясымен алысады.
Мектепте білімнен гөрі қағазбастылық басым болып кетті. 130 бұйрықтағы ҚМЖ электронды нұсқада болсын деген жолдарға оқу-ағарту министрлігі қанағаттанбастан оны күнделікке қоса жеке-жеке жүктеуді енгізіп мәжбүрлеп отыр.
Ал сынып жетекшінің жұмысы өзі — бір әлем! «Біртұтас тәрбие» деген жобаларыңыз шыққалы мұрындарына су жетпей жүр. 2022 жылдың желтоқсанына сынып жетекшілерінің жүктемелерін қысқарту қаралған, сол қаралмаған күйі қалды…
- Президентке қағазбастылықты азайттық деп өтірік есеп бере бермей қағазбастылықты қысқарту керек
- Оқу бағдарламасы үйлесімді болуы керек. Биыл жел үрлейтін насосты оқып, келесі жылы желді қалай үрлеу керек екенін оқытатын бағдарлама тиімсіз
- Материалдық техникалық база. Жалаң қолмен қай майданда болсын соғыса алмайсың.
- Интернет қолжетімсіздігін азайту әлі де өзекті