|  |  | 

Керекті кеңес Редактор бағаны

Өзіміз тазармай бізді қоғам төріне шығармайды

Бүгінгі әңгімем біраз мұғалімдерге ұнамауы мүмкін. Иә, мен де мұғаліммін. Мен де білім саласының ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген адаммын. Қарға қарғаның көзін шұқымайды, бірақ, өзімізге де сыни көзбен қарауға міндеттіміз!
Ұстаздың білікті болуы — қоғамның ілгері басуындағы ең маңызды катализатор. Азат ойлы, білікті, білімді, құқы қорғалған мұғалімдер қосынын қалыптастыруға білім саласына келгелі барымызды салып жүрміз.

Ұстаздардың құқын қорғау мәселесін жиі көтердік, бұл бағытта біраз тірлік атқарылды да. Ұстаздардың мәртебесін қалыптастырудың бірі — білікті де білімді ұстаздар қосынының қалыптасуы. Сатып алынған дипломдар мен мектепке кездейсоқ келген «ұстаздардан» да арылу өте маңызды деп ойлаймын.

Өткен күздегі мұғалімдердің біліктілік тестілеуінде мұғалімдердің тек 42% -ы өзінің біліктілігін дәлелдеді. Өзім жұмыс беруші ретінде үнемі мұғалім қабылдайтындықтан, бұл көрсеткіш маған түсінікті еді. Себебі, біз біліксіз қоғамға айналып бара жатырмыз.
Дәл осы цифрларды көріп, мұғалімдер ортасында жүргесін, қыста министр Askhat Aimagambetov пен кездескенде де, соңғы онлайн кездесуде де мұғалім біліктілігін арттыру, кездейсоқ мұғалімдерден арылу ұсынысын жасаған едім. Адам өзі беске білмеген дүниені өзгеге ешқашан беске үйрете алмайды!

Әр рет Ұлттық тестілеу орталығы басшысы Дидар Смагуловпен кездескен сайын мұғалімдердің біліктілік тестілеуі мен оқушылардың Ұлттық бірыңғай тестін таза өткізу турасында сағаттап талқы жасап келемін. Бұл тұрғыда ұсыныстарыма қолдау танытып жатқан министр мен ҰТО басшысына алғыс.

Дәл кейбір нәрсеге көз жеткізу мақсатында осы жолғы мұғалімдердің біліктілік тестілеуіне тәуелсіз бақылаушы ретінде жұмыс атқарып жүрмін. Өткен он күндегі жағдайға бір назар аударып көрелік.
2-11 маусым аралығында Ұлттық біліктілік тестілеуіне қатысуға 22 937 адам өтініш беріп, тестілеуге 17 727 мұғалім қатысқан.
Олардың ішінде өз біліктілігін растаған қатысушылар:
Педагог-модератор 3 195;
Педагог-сарапшы 3 338;
Педагог-зерттеуші 2999;
Педагог-мастер 221.
Яғни, қазірге дейінгі жалпы қатысушылардың 55%-ы. Бұл керемет көрсеткіш емес.
Ең өкініштісі — біліктілік тестінің 110 балынан 40 балға да жете алмаған әріптестердің болуы. Сондай-ақ, шпор қолданушылардың көптігі мен өзінің орнына басқа адам кіргізген жандардың болуы. Бұл ұстаздық этикаға да, әдепке де жат дүние.

Осы өткен он күн уақытта тыйым салынған заттарды қолданғаны және бекітілген ережелерді сақтамағаны үшін (құқық бұзушылық актісіне сәйкес) 238 адамның нәтижесінің күші жойылған. Шпаргалка, тыйым салынған заттарды пайдалану (телефондар, анықтамалықтар), секілділерден тыс, 18 адам өз орнына басқа адамды кіргізген. Бұл бойынша актілер жасалып, құқық қорғау органдарына тиісті өтініш жіберілді.
Біреуге тәртіп сақта деу үшін өзің тәртіпке бағынуың, біреуге сапалы білім беру үшін өзің білімді болуың керек. Бауыржан Момышұлының сөзімен айтсақ: «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз жұрт ел болмайды». Білім саласына біраз жақсы өзгеріс жасалып жатыр, өзгеріс нәтижелі болуы үшін де бүкіл жұмыс заңдық тәртіпте жүруі керек.

Биылдан бастап педагогикалық мамандыққа түсушілердің шектік балы 70 балға көтерілді. Шәкіртақысы өзгелерден ерекшеленіп, 42 мыңға дейін көтерілді. Бұл білім саласына білікті жастардың келуіне пайдасын тигізеді. Мұғалімдердің біліктілік тестілеуін дұрыс өткізіп, білікті мамандардың жалақысын көтеру де сол кешенді шараның бірі.
Биылғы ҰБТ-ны да таза өткізу мақсатында біраз жұмыстар жасалып жатыр. Мұның бәрін қолдап, кемшіліктерді дер кезінде айтып, білім саласын тәртіпке келтіруді бірге қолға алуымыз керек.
Менің осы жазғандарым біраз әріптесімнің шамына тиіп, мені жерден алып, жерге салатын шығарсыздар, бірақ,
тәртіпсіздікті ақтап алуға тырысу,
заңсыздықты ақтап алуға тырысу,
біліксіздікті ақтап алуға тырысу —
қылмысты ақтап алуға тырысу,

Ешқашан ілгері басатын қоғамның тірлігі емес! Сондықтан, құрметті әріптестерім, мен сіздердің жауларыңыз емес, ең жақын достарыңызбын. Бірақ, өзіміз тазармай, бізді қоғам төріне шығармайды. Беделімізді көтеріп, бетімізді жарық етпейді.

Дәл бұл біліктілік тестіне түсінбестік таныту керек емес.
Біріншіден, мұғалімдерден біліктілік тестін өткізу біздің елдегі ғана жағдай емес, дамыған елдерде бұрыннан бар тәжірибе. Біздің елде Білім-Инновация лицейлері бұрыннан өткізетін іс.
Екіншіден, білікті адам тест тапсырудан қашпайды, саспайды. Өзім қай күні тапсыруға да, қандай тестке де дайынмын.
Үшіншіден, Ұлттық біліктілік тестілеуге қарсы шығу — «білім саласында біліксіздік жайлай берсін» деген жан ашымастық.
Ал, біліктілік тестілеу сапасы туралы әңгіме бөлек. Оған жанашыр ретінде бәріміз үн қосуымыз керек. Біліктілік тестінің деңгейін арттыруға ұсыныс білдіруміз керек.

Бүгін мені таласаңыздар да, өздеріңіз біліңіз. Бірақ, ұрпақ алдында ұстаздық жолда жүрсеңіздер, онда заңды өзіңіз сақтап, ізденісті ешқашан жоғалтпай, өзіңізді дамытыңыз.
Ал, менікі кешегі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының:
«Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындай мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін», — деген жан айқайы.
Мені бүгін таласаңыздар да, бұл қоғамды өзгертуге білікті, құқы қорғалған ұстаздар қосынын қалыптастырып, білімді шәкірттің бағының ашылуына бар күшімді саламын.

 

Аятжан Ахметжан

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

Пікір қалдырыңыз

Еmail почтаңыз сыртқа жарияланбайды. * белігісі тұрған бағанды міндетті түрде толтырасыз

Аты-жөні *

Email *

Телефоны

Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз.

E-mail: kazbilim@gmail.com

ZERO.KZ HotLog