|  | 

Редактор бағаны

ҰБТ-2020 туралы 10 маңызды ақпарат!  

Әлемді індет жайлаған жыл ретінде тарихқа жазылатын 2020 жыл арпалысқа толы болып тұр. Қазақстан тарихында тұңғыш рет жалпыға міндетті білім қашықтан оқыту форматында іске асты.
Мемлекеттер арасында рейстер жабылып, қаншама студенттер бірі үйіне, бірі университеттеріне жете алмай қиналуда. Ал, өзімізде жоғары оқу орнында білім алушылар онлайн мемлекеттік емтихан тапсырып, онлайн диплом қорғауда. Ал, мектеп түлектері мемлекеттік емтиханнан босатылып, мектеп бітіру кешін тойламай, мектептерімен қоштасуда. Бәрі COVID-19 әкелген мәжбүрлі жаңалықтар.

Иә, менің айтпағым бұл емес, менің айтпағым, дәл осы аласапыран кезіндегі талапкерлердің жағдайы. Биыл елімізде 131 684 үміткер ҰБТ-ға өтініш берді. Бұл — еліміз тарихында рекордтық көрсеткіш. Бұған да әрине COVID-19 әсер етті. Шетелге оқуды армандаған қаншама түлек еріксіз елде қалып оқуды шешті. Солтүстік көршімізге өтіп білім алатын, тарих отанына қайтатындар да жоспарын кейінге шегеріп, ҰБТ-ға жүгінді.
Сонымен, ҰБТ айналасындағы біраз цифрларды сөйлетіп, биылғы басты жаңалықтарға мән берсек, ҰТО-ның берген мәліметі бойынша:
1. ҰБТ-ға өтініш берген талапкер саны қанша? Олардың үлес салмақтары қандай?
2020 жылдың 15 сәуірі мен 10 мамыр аралығында республиканың жоғары оқу орындарына түсу нысанының бір түрі — Ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініштер қабылданды. Құжат қабылдау онлайн және дәстүрлі түрде өткізілді.
Биыл ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірген түсушілер саны 131 684-ті құрайды, оның ішінде 115 603-і биылғы мектеп түлектері, 16 080-і колледж және өткен жылдардағы мектеп түлектері, сонымен қатар 2 525-і шетелде білім алғандар (Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғалар). Түлектердің 98 125-і қазақ тілінде (74,5%), 33 341-і орыс тілінде (25%), 217 түлек ағылшын тілінде (0,5%) ҰБТ-ны тапсырады.
2. ҰБТ тапсыратын пункттер және ҰБТ-ның басталу және аяқталу күні, шығармашылық емтихан күндері.
Қолданыстағы қағидаларға сәйкес ҰБТ 20 маусым мен 5 шілде аралығында өткізіледі. ҰБТ өткізу пункттерінің саны – 150. Оқуға түсушілерден шығармашылық емтихан тапсыру үшін өтініштер қабылдау өздері таңдаған ЖЖОКБҰ-да 20 маусым мен 7 шілде аралығында жүзеге асырылады. Шығармашылық емтихан 8-13 шілде аралығында талапкер өзі таңдаған жоғары оқу орнында өткізіледі.
3. Биыл пандемияға байланысты әр аудиториядағы оқушы саны ең көп болғанда 75 адам болады. Әр оқушы арақашықтығы 2-3 метр аралықты сақтайды. Аудиторияға кіргізу тәртібі арнайы түсіндірілетін болады. ҰБТ жылдағыдай дәстүрлі қағаз түрінде болады, ҰБТ 5 пәннен (3 міндетті + 2 бейіндік) барлық тест тапсырмалар саны —120. Жалпы балл саны: 140. Шектік деңгей балы: 50. Тестілеудің жалпы уақыты: 3 сағат 50 минут (230 минут).
Қысқартылған оқыту мерзімдерін көздейтін  білім беру бағдарламаларының ұқсас бағыттарына оқуға түсушілер үшін ҰБТ (ТжКБ) форматы: 2 пән. Барлық тест тапсырмалар саны — 60. Тестілеудің жалпы уақыты — 1 сағат 40 минут (100 минут). Жалпы балл саны: 70. Шектік деңгей балы: 25.
4. Телефон, шпор тағы басқа заңды шектеу салынған заттарды алып кіруге ниеттенген, тестілеу майданында қолданған оқушылар ҰБТ-дан бір жылға шеттетіледі. Бір жыл көлемінде ақылы ҰБТ-ға да қатыса алмайды. Тест нәтижесі жойылады. Тест тапсыру аудиториясы түгелдей бейне бақылаумен қамтылған. Қазақстан Республикасының кез келген өңіріндегі ҰБТ тапсырып отырған аудиторияны онлайн бақылауға болады. Бейне бақылау видеолары 2 ай (1 қыркүйекке дейін) сақталады. Осы екі ай ішінде кез келген аудиторияда телефон қолданған адам туралы арыз түссе немесе анықталса, ол арнайы тексеріліп, сол қолданған адамның ҰБТ-да алған балы жойылады. Мемлекеттік грант жеңіп алған болса, гранты нәтижесі бойынша басқа балаға беріледі.
5. ҰБТ-да химия таңдаған оқушылар үшін периодтық кесте және бейорганикалық заттардың ерігіштік кестесі рұқсат. Калькулятор мәселесі талқыланып жатыр. Мамыр айының соңында ҰБТ-2020 өткізу ережесі толық бекітіледі. Жаңалықтар болуы мүмкін.
6. ҰБТ сұрақ базасы 30% жаңарады. Апелляция келесі күні емес, тестілеуден соң сол күні онлайн беріледі. Апелляцияны жергілікті және республикалық апелляция комиссиясы қарайды.
7. Биылғы сұрақтарда ешқандай жаңартылған бағдарлама сұрақтары жоқ. Жаңартылған бағдарлама сұрақтары ҰБТ-2021-ден бастап кіреді. Карантин кезінде қашықтан оқуға байланысты, 11 сынып бағдарламасының 4 тоқсанынан сұрақтар енгізілмейді. Бірақ, ол 5-10 сынып арасындағы тақырыптардың қайталануы болса, онда сұрақ болады.
8. Ұлттық тестілеу пункттеріне байланыс толқындарын жоятын, жаңа үлгідегі глушительдер қойылады. Оны әлдебіреу өшіретін болса, ол бірден орталық аппаратқа сигнал түсіреді. ҰБТ өткізу пунктінде немесе аудитория ішінде заң бұзушылық тіркелсе, сол жердегі қадағалаушы қызметкер мен жауапты мамандар қоса жазаланады. Бұл Ұлттық тестілеу орталығы, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және қызметкер арасындағы үш жақты келісім-шартпен бекітілген арнаулы нұсқаулықпен жүзеге асады.
9. Кез келген ҰБТ тапсырушы түлек анонимді түрде, кез келген қате деп санаған сұрағын апелляцияға бере алады. Бір сұрақ қате болып апелляцияға беріліп, бір оқушыға балл қосылса, сол сұрақ кездесіп, қателескен өзге тест тапсырушыға да балл автоматты түрде (ол апелляцияға бермесе де) қосылады. Сұрақтар тек оқулықтан алынады, оқулық мазмұнынан тысқары сұрақ ҰБТ-да болмайды.
10. 2020-2021 жылдарға арналған білім гранттарының саны.
Министрдің бұйрығына сәйкес, 2020-2021 оқу жылына арналған мамандықтар бөлінісінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды, магистрлерді және PhD докторларын даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінді.
Құжатқа сәйкес, биыл жоғары білімі бар кадрларды (бакалавр) даярлауға 53 864 грант бөлініп отыр. Ғылыми-педагогикалық магистратура бағытына 12 915, бейінді магистратураға 710 және PhD докторларын даярлауға жалпы 2 355 тапсырыс бөлінген. Биылдан бастап мамандықтың грант конкурсы тілге бөлінбейді. Орыс тобы, қазақ тобы деп бөлінбей біртұтас өтеді. Бұл грантқа түсушілердің біліміне сай әділетті бағалау болады деп сенемін. Жылдағыдай қазақ топтары мен орыс топтарының айырмашылығы болмайды.

Түлектердің және ата-аналар мен ұстаздардың маңызды ақпараттарды білуі әр түлектің болашағына оң әсерін тигізері анық. Алдағы уақытта Білім және ғылым министрлігінің әр құжатындағы маңызды түйіндерді дәл осы ретпен жалғасты жариялайтын боламыз.

Республикалық «QAZBILIM» орталығы бас директоры
Аятжан Ахметжанұлы

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

  • Мамандық таңдауда неге мән беру керек?

    Мамандық таңдауда неге мән беру керек?

    ҰБТ-ны аяқталуға жақын, біраз түлек қолда сертификат, университет және мамандық таңдау деген маңызды басқыш алдында тұр. Күнде жекеме ондаған оқушы мен ата-ана кеңес сұрап жазып жатыр. Бәрінің сұрағы “Қай мамандық жақсы, мынандай балмен қай мамандық, қандай университетке түсе аламыз?” деп сертификат суреттерін жібереді. Әр адамға жеке кеңес беруге үлгермегендіктен арнайы мамандық таңдау кезіндегі маңызды түйіндерді

  • ҰБТ 2020: 676 оқушының обалы кімде?

    ҰБТ 2020: 676 оқушының обалы кімде?

    Иә, ҰБТ-ның үш күні өтті, қазірге дейін тестілеуге кірген оқушының 676-сы мүмкіндігінен бір жылға шеттетілді. Бүгін бұл сан тағы да өсетіні анық. Осы оқушылардың обалы кімде? ҰБТ төңірегіндегі дауға сарапшы ретінде эмоциямызды басып, бір сараптама жасап өтелік. Иә, ҰБТ бала білімін 100% анықтайтын керемет жүйе емес. Бірақ, Қазақстанның дәл қазіргі жағдайында бұдан тиімді жүйе жоқ.

Пікір қалдырыңыз

Еmail почтаңыз сыртқа жарияланбайды. * белігісі тұрған бағанды міндетті түрде толтырасыз

Аты-жөні *

Email *

Телефоны

Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз.

E-mail: kazbilim@gmail.com

ZERO.KZ HotLog