|  | 

Жаңалық

Ел болашағын сапалы білім анықтайды.

Шыңғыс ЕРГӨБЕК, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Аккредитация, рейтинг және сапаны басқару орталығының директоры:

– Шыңғыс Құлбекұлы, өткен аптада Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Дариға Нұрсұлтанқызы Алматы қаласында орналасқан іргелі жоғары оқу орындарын аралағаны белгілі. Тал­қыланған ең маңызды сауалдардың бірі – білім берудегі сапаны қамтамасыз ету мәселесі болғандығы мәлім. Осы тұста аккредитацияның бүгінгі білім беру жүйесіндегі орны қандай?
– Аккредитация – Қазақстанда кең қанат жайып келе жатқан үдеріс. Оның негізгі мақсаты – білім сапасын қамтамасыз етудің жүйесін қалыптастыру. Елбасының, Үкіметтің бүгінгі күні бұл мәселеге ден қоюы заман талабы, орынды да салиқалы шешім. Аккредитацияның негізгі екі түрі бар. Бірі – инсти­туттық, екіншісі – мамандандырылған. Институттық аккредитация әдетте жоғары оқу орнының өз мін­детін атқару мүмкіндігін қарастырса, мамандан­дырыл­ған аккредитация жеке оқу бағдарламасының заман талабына сай маман дайындау әлеуетін айқындайды. 
– Соңғы уақытта халықаралық аккредитация ұғымы қоғам тарапынан кең талқылануда. Осы ха­лықаралық аккредитацияның негізгі ерекшелігі неде?
– Көп жағдайда сарапшылар аккредитацияны халықаралық және ұлттық деп бөледі. Менің ойым­ша, бұл – жаңсақ пікір. Шетелде мұндай бөлініс жоқ. Аккредитацияның халықаралық сипатын не анық­тайды? Айталық, жоғары оқу орны отандық аккре­дитациялық агенттіктен аккредитациядан өту­ге шешім қабылдады делік. Жоғары оқу орнын са­раптауға отандық мамандармен қоса шетелдік мамандар шақырылса, мұны халықаралық аккре­дитация деуге бола ма? Жоқ, әлде тек шетелдік аккредитациялық агенттіктердің өткізген аккредита­циясы ғана халықаралық сипатқа ие бола ма? Әрине, жоқ. Аккредитациялық агенттіктердің ешқайсысы халықаралық агенттік емес. Олар өзге мемлекеттің отандық агенттіктері. Демек, біз мұнда халықаралық аккредитация емес, трансшекаралық аккредитация туралы айтып отырмыз. Қазақстан Республикасында қызмет істейтін агенттіктердің дені Еуропалық сапа стандарттарына арқа сүйейді. Демек, олардың қыз­метін реттейтін нормативтік құжаттар да заман талабына сай болуы керек. 2011 жылдан бастап елі­мізде аккредитация үдерісі қоғамдық негізге көші­рілді. Ол кезеңге дейін қызмет еткен мемлекеттің өкілі болған Ұлттық аккредитациялық орталық өз қызметін тоқтатты да, оның орнын тәуелсіз аккреди­тациялық агенттіктер басты. Бұл жылдам шешімнің енуіне не негіз болғандығы түсініксіз, оңтайлы да, кемшілікті тұстары да мол болды. Неліктен? Әдетте тәуел­сіз, қоғамдық аккредитацияның дамуына ық­пал ететін негізгі фактор тиісті аккредитациялық инфрақұрылымның болуында жатыр. Ол тіпті тиісті стандарттар мен сарапшы мамандардың болуында емес, осы аккредитацияға мүдделі қоғамдық ортаның қалыптасуында айқындалады. Ол орта – түлектің сапалы болуына мүдделі жұмыс берушілер бірлес­тіктері. Шетел тәжірибесінде ең ірі аккредитациялық агенттіктердің негізгі құрушысы – жұмыс берушілер. Бізде мұндай қоғамдық орта пісіп-жетілді деп айта алмаймыз. Жұмыс берушілер қауымдастығы әдетте тәуелсіз болатындықтан, олар жоғары оқу орындары­на бейтарап қарау мүмкіндігіне ие. Тіпті Еуропа одағы­ның Испания, Италия секілді елдерінде әлі күнге дейін аккредитацияны тек мемлекеттік агенттіктер жүргізеді. Себебі олар орта әлі жеткілікті дәрежеде қалыптаспады деп есептейді. Ал біз ше? 2011 жылы құрылған ұлттық реестрлер жүйесі тек қана формальды талаптарға толы. Елімізде үш ре­естр­дің бар екендігі белгілі: біріншісі, аккредиттеу органдарының реестрлері, екіншісі, аккредиттелген жоғары оқу орындарының реестрі, үшіншісі, аккредиттелген оқу бағдарламаларының реестрі. Аккредитациялық агенттіктерге: оның офисі болуы керек, ол заңды тұлға болуы керек, оның стандарт­тары болуы керек, сарапшы мамандары болуы (әдетте бір сандық шектеулер бар, бүгінгі күні 500, болашақта 1000 болатын шығар) керек деген талаптар бар. Бірақ біз бұл формальды талаптарға ғана арқа сүйей отырып, тәуелсіз білімді бағалау жүйесін қа­лып­тастыра аламыз ба? Әрине, жоқ. Шетел тәжіри­бесіне арқа сүйесек, мемлекет аккредитациялау құқығын беру үшін агенттіктің қызметін сарапшылар тобына кіріп саралайды. Аккредитация саласындағы ең тиімді тәжірибе жөнінде пікірі бар агенттіктерге ғана мұндай рұқсат беріледі. Ал бізде сол белгілі фор­мальды талаптарға сәйкес болсаң болғаны. Бұл саладағы қабылданудың алдында тұрған жаңа заңна­ма да алысқа кете қойған жоқ. Оның бір ерекшелігі – мемлекеттің тәуелсіз аккредиттеу агенттіктеріне ықпалын күшейту ниеті. Айталық, жаңа заңнама күшіне енер болса, аккредитациялық агенттік әрбір өткен аккредитация үдерісінен кейін білім және ғылым министрлігіне аккредитация туралы толық ақпарат беруге міндеттеледі. Логикалық тұрғыдан түсініксіз нәрсе. Алдымен мемлекет дайын емес ортаға қоғамдық мамандандырылған аккредитация­ны енгізеді де, кейін сол тәуелсіз аккредитацияның қорытындыларын қадағалауға тырысады. Батыс елдерінде аккредитация туралы ақпараттың біраз бөлігі уағдаласушы тараптардың құпиясы. Оның үстіне егер айталық, аккредитациялық агенттіктің өткізген аккредитациясы министрлікке ұнамай қал­са, оның қорытындыларын жоққа шығару мүмкіндігі қарастырылған. Бұл да оңтайлы шешім деп айту қиын. Өйткені аккредитацияны дұрыс өткізу немесе өткізбеу агенттіктің шаруасы, оның үстіне министр­лік тарапынан айқындалған аккредитацияны жүргізу ережелері де жоқ. Бұл жағдайда кез келген аккредита­цияны талапқа сай келмейді деп мойындау түкке тұр­май­тын шаруаға айналады. Жалпы, аккредита­цияны екі мүдделер тоғысынан да қарастырған орынды. «Білім туралы» заңның бұрынғы редакциясы «жоғары оқу орындары №1 Ұлттық реестрде тіркел­ген агенттіктерде аккредитациядан өтсе болды, мем­лекет тарапынан қаржыландырылатын гранттарға ие болу мүмкіндігі қарастыратын. Бүгінгі өзгерістер Еуропалық сапа желілеріне кірген агенттіктер тара­пынан жүзеге асырылған аккредитация ғана мойын­далады» деген талапты қойып отыр. Бұл – мемле­кеттік саясаттағы бірізділіктің жоқтығының көр­сет­кіші. Демек, осы уақыттан бастап америка­лық агенттіктер өткізген аккредитацияға көптеген сауалдар тууы мүмкін. Себебi олар Еуропада орна­ласпағандықтан, Еуропалық желіге мүше болу мүмкіндігінен айырылады. Екіншіден, реестрге енген отандық аккредиттеу агенттіктері Еуропалық желілерге толыққанды мүше болып үлгермеген жағдайда не істейміз? Бұл жағдайда сол агенттіктерден аккредитациядан өткен жоғары оқу орындарының кінәсі неде? Бұл да шешімін таба алмай жатқан сауал. Оның үстіне аккредитацияға қойылатын талаптың күшеюі, логика бойынша академиялық еркіндікпен ұштасып жатуы керек. Себебі аккредитация оқу бағдарламасын, тіпті кейде мамандықтар классифи­каторы деңгейінде өзгерістер енгізуге талап етеді. Ал жоғары оқу орындарында ондай мүмкіндік жоқ.
– Шыңғыс Құлбекұлы, Елбасы Жолдауында көтерілген маңызды мәселелердің бірі мемлекетіміздің инновациялық дамуына байланысты болды. Осы тұрғыдан білім беру жүйесіне жүк артатындығы белгілі. Ал елдің инновациялық дамуына үлес қосуға отандық жоғары оқу орындары қаншалықты дәрежеде дайын?
– Қазақстан Үкіметі соңғы жылдары индус­триалы-инновациялық дамуға жіті мән беріп, осы бағыт­та оңтайлы өзгерістерді қолға алып жатыр. Әлемдік экономикалық дағдарыс тек экономикалық мәселе­лер ғана алып келмейді, сонымен бірге жаңа мүм­кіндіктер де алып келетіндігі белгілі. Қазақстан­ның дәстүрлі экспорт өнімдеріне бағаның құлды­рауы, жаңа заманауи экономика құруға ынталан­дырады. Әйтпесе еліміз көштен қалып қоюы мүмкін. Бұл туралы Елбасы өз Жолдауында ерекше басым­дық­пен айтты. Ал экономиканың жаңа салаларын қалыптас­тыру үшін оған тиісті инфрақұрылымды дамыту қажет. Айталық, индустриялы-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қабылдан­ғандығы белгілі. Бұрын бұл іспеттес бағдарламалар экономи­калық блок министрліктерінде ғана жасалып, оның жүзеге асырылуы үшін тиісінше тек экономикалық тетіктер қарастырылатын. Алайда соңғы бағдарлама айтарлықтай кешенді нысанда қабылданды. Мысал ретінде Білім және ғылым министрлігі осы бағдар­лама шеңберінде арнайы маман дайындау бағдарла­масын жасап, кадрлық әлеуетті арттыру үшін еліміз­дің 11 жоғары оқу орын­дарынан тұратын универ­си­тет­тер консорциумын құрды. Бағдарлама оқу орындарын тиісті материал­дық-техникалық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, техникалық мамандықтар бойынша оқу бағдар­ламаларын кемелдендіру, бағдарламаға қатысатын кәсіп­орындардың, яғни жұмыс берушілердің талап­тарына сай түлектердің біліктілігін қамтамасыз ету мәселе­лерін реттеуге бағытталған. Бұл инновациялық даму­ды тиісті кадрлық резервпен қамтамасыз ету мәселе­сін шешуге бағытталған кешенді жоспар. Дегенмен, инновациялық әлеуетті көтеру тек Қазақ­стан кәсіп­орындарында жұмыс істейтін мамандар даярлаумен шектеле ме? Әрине, жоқ. Қазақстанда дамыған деуге тұрарлық өндіріс секторлары көп жағдайда иннова­циялық емес, шикізат өндірісі болып табылады. Эко­но­миканың инновациялық салаларын қалыптастыру кешенді мәселе. Бұл үшін жаңа экономика салалары қалыптасып, сосын ол салалардың инновациялық дамуына қажетті инфра­құрылым жасалуы қажет. Яғни бүгінгі министрлік тарапынан қабылданған бағдарлама бүгінгі күні бар кәсіпорындарға кадр дайындаумен ғана шектеліп отыр. Бұл жайт тіпті бар өндірістің инновациялық дамуына жағдай жасамай­ды. Неліктен? Себебі жоғары оқу орындарына да орта кәсіптік білім беру мекемелеріне де көзқарас тек өндіріске кадр дайын­дау­­мен емес, сол өндіріс сала­ла­рының ары қарай дамуына ықпал ететін иннова­циялық инфрақұры­лым­ды қамтамасыз етуінде жатыр. Бүгінгі күні бар технологиялар уақыт өте жаңарғанда, жаңа талапқа жылдам икемделе алатын маман дайындау басты мақсат. Аталмыш мәселені шешудің үш жолы бар. Не ілгері кәсіпорындардың негізінде инновация­лық зертханалар жасау арқылы, өндіріс пен ғылымның интеграциясын қамтамасыз ету, не жоғары оқу орын­дарының негізінде ғылыми-зерттеу жұмыс­тарын жүзеге асырып, олардың өнді­ріске енгізілуін қам­тамасыз ететін іргелі зерттеулерге жол ашу неме­се жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу инфра­құрылымы бар өзге де субъектілеріне еркіндік беру арқылы экономиканың белсенді қатысушысына айналдыру. Үш жолдың өзіндік кемшіліктері мен тиімді тұстары бар. Инновациялық инфрақұрылымды өндірістің негізінде қалыптастыру үшін өндірістің инновацияларға деген оң көзқарасын қалыптастыру керек. Бүгінгі Қазақстан жағдайында экономиканың сипаты инновацияларды шетелден тартуға бейім­делген. Шетелдік тәжірибеден өткен, уақыт талабына сай машиналар ұлттық өндірушілер тарапынан әлде­қайда үлкен сұранысқа ие. Ал отан­дық инновация­лық инфрақұрылымды дамыту үшін оған жаңа қаржы ресурстарын құю керек. Нәтижесі де белгісіз. Құйыл­ған ақшаны ақтап алатындығы да белгісіз жағдайда отандық өндіруші мұндай тәуекелге баруға дайын емес. Оның үстіне, ірі отандық кәсіпорын­дардың дені шетелдіктердің қолында. Шетел инвестициялары экономиканың маңызды бөлігі болып табылғанмен олардың ондаған жылдар бойы қалыптасқан өз инновациялық құрылымдары бар. Олар шетелдің жетекші ғылыми-зерттеу институт­тары мен лабороторияларына арқа сүйейді. Демек, отандық инновацияларда мұқтаждық шетел инвесторы тарапынан бола қоюы екіталай.
Университеттер базасында іргелі зерттеулерді жүзеге асыру қолайлы болғанымен бүгінгі жағдайда инновацияларды тұтынатын нарықтың жоқтығы кедергі болып отыр. Яғни шын мәнінде, инновация­лық қасиетке ие өнімнің өзін өндіріске енгізу күрделі мәселе. Бұл жағдайда отандық ғалымдар өз иннова­цияларын шетелге икемдеп сол нарықтан өз идеяла­рын жүзеге асыруға мүмкіндік қарастырады. Универ­ситеттердің өзіне берілетін экономикалық еркін­­­дік­тің жоқтығы бұл зерттеулерді Отанымызда жүзеге асыруға кедергі келтіреді. Оның үстіне, отан­дық зерттеуші шетелге барғанда да инновациялық кәсіпорындармен байланыс орнатуда қиындықтар көреді. Демек, мемлекеттің шешуі керек негізгі мә­се­­ле өзге тетіктерден бұрын университтердің өздерін инновациялық экономиканың белсенді қатысушысы ету. Бірақ мұнда билік пен университет басшылығы тарапынан өзара сенім болуы керек. Себебі бұл мүм­кіндікті университет менеджменті өзінің жеке пай­дасы үшін пайдаланып кетуі де мүмкін ғой. Өкінішке қарай, бүгінгі күні ондай сенім жоқ. Оған негіз де жоқ емес. Университет ректорлары бүгінгі күннің өзінде көп жағдайда университет мүмкіндігін жеке табысы үшін, өз жобаларын жүзеге асыру үшін пайдаланатын фактілердің саны көбейіп барады.
– Инновация – ғылымсыз болмайды. Олай болса отандық ғылымның даму үдерісі қандай? Ғылымның қай бағыттары ерекше басымдыққа ие?
– Біз технократиялық қоғамда өмір сүріп отыр­мыз. Әрине, Қазақстанда ғылым саласындағы сая­саттың негізі жаратылыстану, техника мен техноло­гия салалары екендігі белгілі. Олай болуы да заңды­лық. Жаңа заманда инновациялық экономика құра алу мемлекет өміршеңдігінің кепілі. Алайда бұл қоғамдық ғылымдарды ұмыту керек деген сөз емес. Өйткені мемлекеттің тірегі, мемлекеттің өткенін саралап, болашаққа нық қадам жасауға ықпал ететін – нақ осы қоғамдық ғылымдар. Отанымыздың тари­хы­ның ақтаңдақтарын, әдебиетіміз бен фольклоры­мызды түсінбей біз болашаққа қадам жасай алмай­мыз. Кемелді құқықтық жүйені қалыптастыру үшін заң ғылымы, ал экономикалық болжамдарда дөп түсу үшін экономика ғылымдарының қарыштап дамуы қажет. Адамның рухани байлығы мен отан­сүйгіштік қасиеттерін қоғамдық ғылымдарды жетілдірмей жолға қойдық деп айту қиын. Соңғы уақыттарда болып жатқан діни жанжалдар, халық арасындағы түсініспеушілік, қоғам ішіндегі теке тірес осы қоғамдық ғылымдарға мән бермегендіктен болып отыр. Утилитарлы техника ғылымдарына мән бере отырып, өзге ғылым салаларын қайтарымсыз деп ойлаудың өзі орынсыз. Қоғамдық ғылымдар дереу табыс әкелетін ғылым салалары емес, бірақ ұзақ уақытты стратегиялық басымдықтарды жүзеге асыруда, мемлекет болашағын болжау мен бүгінгі күнін саралауда қоғамдық ғылымдар орнын ештеңе баса алмайды. Адам жанды болғандықтан, рухани құндылықтар мен шығармашылыққа зәру. Міне, қоғамдық ғылымдардың негізгі мақсаты – осында.
– Басымдықтарды айқындап алғаннан кейінгі өзек­ті мәселе бүгінгі ғылымның дамуына не кедергі болып отыр. 
– Ғылымның дамуына кедергі келтіріп отырған бірнеше ірі факторларды қарастыруға болады. Бірінші фактор қаржы-экономикалық фактор. Іргелі ғылыми-зерттеулер, ірі ғылыми мектептер мемлекет қолдауынсыз өмір сүре алмайды. Ал іргелі зерттеу­лерсіз инновациялық экономика құру мүмкін емес. Дамыған елдер өзінің бәсекеге қабілеттігін сақтау үшін ғылым саласына Жалпы ұлттық өнімнің 30-40 пайызын жұмсайды. Бізде бұл көрсеткіш 3-5 пайыз­дан асқан емес. Бұл өз кезегінде ғалымның өз зерттеу­лерін тиімді жасауына ғана кедергі келтіріп қоймайды, оның әлеуметтік мәртебесін төмендетеді. Алысқа бармай-ақ, Германияны мысалға алайық. Германия орта ғасырлардың өзінде ғылыми дәрежесі бар адамға, қай әлеуметтік таптан шықса да дворян­дық атақ беріп, әлеуметтік мәртебесін көтеруге тырысқан. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған тұс­та билікке келген канцлер Конрад Аденауэр қиын-қыстау заманға қарамастан, мемлекеттік бюджеттің жартысын ғылымды дамытуға жұмсағандығы белгілі. Бүгінгі Германияда ғылым докторының дәрежесі министр орынбасары дәрежесімен теңестірілген. Мемлекет әр ғалымына осыдан туындайтын әлеу­меттік кепілдіктер мен экономикалық мүмкіндіктер береді. Ал Қазақстанда ше? Мемлекет соңғы уақытта ғылымға бөлінетін қаражаттың көлемін арттырып келеді. Дегенмен, бұл жеткілікті ме? Ол бөлінген қаражат қалай жұмсалып жатыр? Көбіне кез келген ғылыми жоба формальды есеп жазумен аяқталады. Оның үстіне, университет басшылығы бүгінгі күні ғалымды өзіне тән емес қызметтермен жүктеуге құмар. Ғалым университет шеңберіндегі қоғамдық жұмыспен де айналысуы керек, ғылыми-зерттеу жұмысы жөнінде есеп те жазуы керек, жылдық жос­парды да жазуы керек, әдістемелік кешенді де дайын­дап үлгеруі керек. Нәтижесінде ғалымның педагог кадр ретінде кемелденуіне де, ғылыми зерттеулермен айналысуына да уақыты жоқ. Ол өзінің қоғамдық миссиясын орындай алмайды. Ғалымды ұштайтын халықаралық конференцияларға бару үшін ғалым көп кабинеттерге кіріп рұқсат, қаржылық қолдау сұрауы керек, одан рұқсат ала алмаса, конференцияға шақырушы ұйымнан қаржылық көмек сұрауы керек. Яғни бізде ғалым ерікті тұлға емес, көптеген инстанциялардан көмек, қолдау сұрайтын сұраншақ тұлғаға айналған. Мұнда оның кінәсі жоқ. Бұл – жүйелік қателік. Мұндай кәсіп­пен адам айналысқысы келе ме? Келмейді. Оның үстіне, ғалымның алатын айлық көлемі де мардым­сыз. Аш ғалым ғылымды емес, отбасын асы­рауды ойлайды. Ал мұндай жағдайда кім ғылым­мен айна­лыс­қысы келеді? Ғылыми-зерттеу бағытын­дағы келесі бір маңызды мәселе ғылымның құнсыз­дануын­­да жатыр. Әлі күнге дейін шенеуніктердің арасында өзінің ғылыми атағы мен ғылыми дәреже­сімен мақтанатын адамдар бар. Ал сол шенеунік қандай жаңалық ашты? Еңбегінің сапасы қандай? Бұл сауалдарға жауап жоқ. Ал Қазақстанда олар қыз­меттерінде қалып қана қоймай, таза еңбегімен ғылы­ми жетістіктерге жеткен ғалымдарды басқарады. Оның үстіне, бүгінгі күні ғылым мен білімді бағалау­дың жалғыз критериі ретінде импакт-факторы нөл­ден жоғары басылым­дарда мақала жариялау болып қалды. Әрине, бұл журналдарда басылу кез келген ғалым үшін заман талабы. Дегенмен, ғылыми жетіс­тік­тің негізін тек қана бұл критериймен бағалауға болмайды ғой. Жа­қын­да инновация мәселелеріне қатысты жиындар­дың бірінде Білім және ғылым министрі Аслан Бәкен­ұлы еліміздің инновациялық дамуының көрсеткіші ретінде индекстелетін жур­налдардағы мақалалардың өскендігін айтты. Бірін­шіден, соңғы мәліметтерге сүйенсек, бұл көр­сет­кіш өткен жылдың қорытындысы бойынша 40 пайызға төмендеп кетті. Екіншіден, жарияланымдардың сан­дық көрсеткіші өсті деген күннің өзінде біздің ғалым­дарға жасалатын сілтемелердің саны аз. Бұл ғылыми мақаланың мазмұнындағы ғылыми жаңа­лықтың төмендігін көрсетеді. Неге бұлай? Өйткені министрлік уни­верситет басшылығынан, универ­ситет басшылығы ғалымдардан жарияланымдарды кез келген жағдайда көбейтуді талап етеді. Ал оған жеткілікті алғышарт жасалды ма, жоқ па? Басшылық­ты қызықтырмайды. Мақалаң болмаса, жұмыстан кет дейді. Амалдың жоғынан ғалым кез келген мүм­кіндікті пайдаланып, импакт-факторы бар журнал­дардың артынан жүгіре бастайды. Ғалымның жақсы мақала жазуға уақыты жоқ. Сондықтан сапасы төмен болса да, үлкен ақша берсе де, осы журналдарда мақаласының жарық көруін армандайды. Және дегеніне жетеді. Импакт-факторы бар журналдарға мақала икемдеумен, оны жариялаумен айналысатын көбіне ресейлік сайт­тардың біріне кіріп, тиісті ақша сомасын төлеп, мақаласын жариялатады. Бұл мақала ғылым әлемінде жыртқыш журналдар атымен белгілі журналда шығады. Журналдың негізгі мақсаты ақша табу болғандықтан, олар кез келген мақаланы жариялауға дайын. Ал ол мақаланың шетелде оқыл­майтындығы біздің басшылықты қызықтырмайды. Қызықтыр­майтын себебі, оларға ғылым емес, статистика керек. Әдетте шетелде ғылыми мақаланы жазу үшін ғалым бір жыл бойы ғылыми-зерттеу жұмы­сымен айналы­сып, зертханадан шықпайды. Мақала – күрделі ғылыми процестің жемісі. Шетелде тіпті мақалаңыз­дың аталмыш ақпараттық базада шығуы да міндетті емес. Ғылыми-зерттеу жұмы­сыңыз­дың сапалы бол­ғандығы керек. Оның үстіне, университет әкімшілігі өзінің құрамында ғалымдарға кеңес беретін арнайы ғылыми орталықтар ашқан. Бұл ғылыми орталық­тар­дың қызметі, ғалымның еңбегін қарап, қажет болған жағдайда шет тіліне аударып, шетелдік жур­налдар редакциясымен байланыс құру. Ол орталық­тар әдетте мақала жазу немесе мақала өңдеу орталық­тары атымен белгілі. Ал Қазақстан тәжіри­бесінде мұндай орталықтар жоқ. Білім және ғылым саласы­ның басшылары талап қояды да, оны қалай орын­дауға болатындығынан ешқандай хабары жоқ. Себебі өздері ғылыммен айналыспайды. Халықаралық журналдарда басылған мақалалар мен патенттерде университет басшылары ғылыми-зерттеу тобының басшысы ретінде көрінеді. Неліктен? Өйткені рек­торды топқа қоссаң, мақала қымбат болса да жарық көреді. Егер ректорды қоссаң, қымбат болса да патент алынады. Өйткені ректормен қосымша ав­тор­лықта жарық көрген еңбектер сенің университет басшылығы алдындағы ұпайыңды арттырады. Егер әбестік жасап, байқау­сызда, өз бетіңше ғылыми жаңалық ашып, ол әлемге танылып кетсе, «сен неге ғылыми жетістікке ректор­ды қоспадың?» деген сауал қойыла бастайды. Егер ректорды ғылыми жобаға қоссаң, жақсы лаборато­рия­ға ие болуыңа болады. Қоспасаң, бұл мүмкіндігің шектеледі. Ғылыми ме­нед­жментте мұндай жүйенің басымдығы, ғалым­ның сағын сындыратын бірден-бір фактор. Thomson Reuters, Scopus мәліметтер базасына кіретін журналдар­дың өздері де бірдей емес. Кейбіреулеріне жариялану үшін ұзақ уақыт келіссөздер жүргізуді, кейбіреулері жарияланым үшін ақша талап етеді. Мәселе ғылыми еңбектің құндылығының негізгі критериін анықтау барысында оның отандық ғылымға енгізілген жаңа­лығы жатуы керек. Біз шын мәнінде, отандық ғы­лымды шетелге тәуелді етіп отырмыз. Еліміз концеп­туалды тұрғыдан маңызды инновациялық ғылыми орталыққа айнал­ғы­сы келсе, отандық ғылыми журнал­дардың халық­аралық индекстелетін базаларға кіруіне жағдай жасалуы керек және стратегиялық басымдық ретінде Қазақстан халықаралық деңгейде мойындалатын өз ғылыми журналдар базасын құ­рауы керек. Бүгінгі күні ғаламдық білім беру мен ғылыми зерттеулердегі трендтер мен заңдылықтарды АҚШ, Ұлыбритания секілді алпауыттар айқындайды. Жоғарыда көрсе­тілген халықаралық ғылыми журналдардың базасы да сол мемлекеттерге арқа сүйейді. Бұл көшбасшы­лықты қамтамасыз етудің бір тетігі. Егер осы елдер­мен бәсекелес бола алатындай білім беру және ғылыми-зерттеу жүйесін құрамыз десек, біздің өзіміз сондай орталықтардың біріне айналу мақсатын қоюымыз керек. Бүгінгі күні Білім және ғылым министрлігі кезінде жақсы бастама ретінде көтерген индекстелетін қазақстандық журналдар базасы бастамасының өзін аяғына жеткізе алмай отыр. Мұндай басқару жүйесі жағдайында ұлтымызға қызмет ететін халықаралық аренада мойындалатын ғылыми журналдар базасын құру туралы айтудың өзі әбестік.
– Мәселені жаңа қырдан ашып көрсек. Сіз өз сөзіңізде жоғары оқу орындарын басқару жүйесіндегі бар кемшіліктерге назар аудардыңыз. Бұл бағыттағы өзекті мәселелерге нақтырақ тоқталсаңыз.
– Жалпы, әлемде жоғары оқу орындары инно­вациялар мен еркін рухтың орталықтары. Ғылымның және жалпы шығармашылық процестердің еркін­діксіз дамуы мүмкін емес. Алайда бүгінгі күні Қазақ­станда бұл мәселе күрделі шешілмейтін кешенді сауал­ға айналып отыр. Мәселе жоғары оқу орнын басқарудан бастап, тәлім берумен аяқталады. Жоғары оқу орындарының менеджменті күрделі сала. Соңғы жылдары бүкіл әлем бұл мәселеге жіті мән беріп келеді. Университеттерге берілген эконо­микалық, академиялық автономия бірінші кезекте университет басшылығының жауапкерші­лігіне арқа сүйейді. Инновациялық экономикаға арқа сүйейтін елдерде университет басшылығын тағайындаудың күр­делі жүйесі бар. Ол жүйенің өзегі жоғары оқу ор­нына мемлекеттің ықпалын азайта отырып, акаде­миялық қауымдастықтың алдындағы жауапкер­ші­лікті арттыруды көздейді. Бүгінгі Қазақстанда жоға­ры оқу орындарында бұл жүйе әлі ескі күйінде қалып отыр. Университет менеджменті өзінің қызметінің негізгі көрсеткіші ретінде әлемдік немесе жергілікті рейтингтерде жоғары оқу орнының алған орны деп қабылдайды. Бұл қате тұжырым. Неліктен? Кез келген жоғары оқу орнының менеджементі тиімді жұмыс істейтін, қуатты білім, ғылым ордасын құруды мақсат етіп қоюы керек. Ғалымның жоғары мәртебесіне арқа сүйейтін халықаралық денгейде мойындалатын жоғары оқу орындарына рейтинг өзі келеді. Себебі рейтинг университет өмірінің қалай ұйымдастырылғандығының көрсеткіші. Әдетте университеттер рейтингке өз қызметін сырттан бағалау мақсатында қатысады. Осы негізде сараптама жүргізеді. Жоғары оқу орны рейтингтен төмен орын алып қалса ақыр заман басталмайды. Тек кемшін кеткен тұстарын кемелдендіруді мақсат етеді де, инфрақұрылымды күшейте бастайды. Шетелде еш­кім жоғары оқу орнын рейтингке қатысуға мәжбүр­лемейді. Біздің жағдайда қазақстандық университет­тердің тиімділігінің көрсеткіші рейтингте алған орны деп қарастырылады. Бақылап қараңыз, ең басты критерий университет шығарып жатқан түлектердің сапасы, университет көлемінде жүзеге асырылып жатқан ғылыми-зерттеу жұмысы немесе оқу бағдар­ламаларының мойындалуы емес, рейтинг. Универ­ситет рейтингінің түсіп кетуі университет басшылы­ғының трагедиясына айналады. Рейтингте түсіп кету себептерін айқындаудың орнына, рейтингті кінәлау, методологияға деген сенімсіздікті негіздеуге кіріседі. Қатені өздерінен емес, өзгеден іздей бастайды. Иә, рейтингтің әртүрлі критерийлері бар, барлығын бір­дей кемел, объективті жүйе деп айтуға болмайды. Бірақ рейтингке қатысуды ешкім міндеттеп те отырған жоқ.
Университет мақсатын айқындауда менеджмент тарапынан кетіп жатқан кемшіліктердің тағы да бірі – акценттерді дұрыс қоймауда. Ең алдымен бұл жүйелік мәселені шешу үшін университет басшы­лығының түсінуі керек бір қағида бар. Ол универ­ситет­тегі басты тұлға – оқытушы мен студент. Бүгінгі күні университет ғимаратсыз да, басшылықсыз да өмір сүруі мүмкін. Бірақ ешқашан ешбір университет ғалымдар мен студенттерсіз өмір сүре алмайды. Өкі­нішке қарай, бүгінгі Қазақстан жоғары оқу орын­дарындағы басқару жүйесінде профессор-оқытушы құрамға жағдай жасауға қарағанда, оны басқару ниеті басым. Кафедра меңгерушілерінен бастап, декан, департа­менттер мен басқармалар, проректорлар корпусы өзінің негізгі мақсаты ретінде оқытушыға қызмет көрсетуді қоймайды. Құқығы ең төмен қорғалған адам да осы оқытушының өзі. Әркімнен бір тепкі көретін адамның кемелденуге деген ниеті де төмен болуы заңдылық. Оның үстіне, университет басшы­лығы көп жағдайда өзі басқарып отырған оқу орны­нан бейхабар адамдар. Ол университеттің тарихын, әлеуеті мен мүмкіндіктерін, даму бағытын білмеген­діктен, жоғары оқу орнын қайда апара жатқандығын өзі де біле бермейді. Ол тек өзін тағайындаған адам­ның алдында жауап береді. Басқа адамдар, соның ішінде университет ұжымы оған әдетте жат орта. Сондықтан сол ортаға икемделуге қарағанда, ортаны күштеп өзіне икемдеу үдерісі басым. Бұл нашар үде­ріс. Ғылыми кеңес секілді алқалы орган әдетте тек ректорды тыңдап, соның айдауымен жүретін топқа айналады. Оның мүшелері өздері отырған креслодан қорыққандықтан, жаны қаламайтын, кейде тіпті дұрыс емес бағыттағы жұмыстармен айналысуға мәжбүр. Бұрынғыдай орнынан тұрып, ұжым мүддесі үшін қарсы пікір айтатын ақсақалдар саны да азайып келеді. Яғни Француз королі Людовиктің «Мемлекет деген – мен» деген тұжырымдамасы бүгінгі күні жоға­ры оқу орны жетекшілерінің «университет деген – мен» тұжырымдамасында үндестік тапқандай. Бірақ жоғары оқу орны армия немесе казарма емес. Мұнда жоғары интеллектуалды өнім шығарылады. Нәтижесінде бүгінгі университеттегі билік вертикалі ғылыми-зерттеудің дамуын тежеп келе жатқандығы айдан анық. Әдетте жоғары оқу орнының басшылығы мұнымен де шектелмейді. Университетті, универ­ситет мүлкін, университет әлеуетін жеке басы үшін пай­далануға құмар. Университет қызметкерлері өзі­нің жеке фирмасының қызметкерлері секілді, өз қызметінен тыс қоғамдық жүктемені де алып жүруге мәжбүр. Бұл барып тұрған көргенсіздік екенімен ешкімнің шаруасы жоқ. Өйткені ол университет бас­шылығына уақытша әрі кездейсоқ келген адам ғой. Осы уақытты пайдаланып, өзін өсіріп алуы керек. Болашақта бұл қызметтен кетіп қалса, қосымша плац­дарм керек. Университет бюджетін өзінің қаржы­лық жағдайын түзеп алу үшін, өз атағын шы­ғару үшін қолданады. Оқытушыларға сыйақы беру­дің керегі не? Ол үшін ректорға жоғары басшылық рақмет айтпайды. Оның орнына ғимарат салайық. Инновациялар бірінші кезекте ғимараттан емес, ойдан туындайтындығы университет басшылығын қызықтыруды қойғандығы қай заман. Осындай басшылармен инновациялар туралы әңгіме қозғауға бола ма? Әрине, жоқ. Сондықтан бүгінгі күні жоғары оқу орындарында жүзеге асырылуы тиіс ең маңызды реформа басқару жүйесіне қатысты болуы керек. Ректорлардың сайланбалылығын енгізу, алқалы органдардың өкілеттігін кеңейту секілді реформалар уақыт күттірмейді. «Ұлттың бәсекеге қабілеттігі білім денгейімен анықталады» деген Елбасының баста­маларын жүзеге асыру үшін жоғары оқу орындарында маңызды реформаларды жүзеге асыру – уақыт талабы.
– Сұхбатыңызға рақмет.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

aikyn.kz

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

  • Білім беру ұйымдарына құжат қабылдау онлайн жүргізіліп жатыр

    Білім беру ұйымдарына құжат қабылдау онлайн жүргізіліп жатыр

    Білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдау Egov.kz «электронды үкімет» порталы арқылы онлайн жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Қазбілім ҚР Білім жәні ғылым министрлігіне сілтеме жасап. 1-сыныпқа құжаттар 1 тамызға дейін қабылданады. Өтініш бір жұмыс күні ішінде қарастырылады. Құжаттар мектептің қызмет көрсету аумағынан алғашқы 3 өтініш берушіден, одан кейін басқа шағын учаскеден 1 өтініш берушіден (3:1 қағидаты

  • Онлайн форматында тұңғыш рет білім құрылтайы өтті

    Онлайн форматында тұңғыш рет білім құрылтайы өтті

    Онлайн форматында тұңғыш рет білім құрылтайы өтті. Білім құрылтайын Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті мен ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы ұйымдастырды. Білім құрылтайының басты мақсаты — Елбасының ой-тұжырымына сүйеніп, шетелдік қандастардың дүниетанымын, ұлттық ділін қазақ тілі арқылы ой- саналарында орнықтыру, жалпы қазақ мүддесіне қызмет ету құзырет- тілектерін қалыптастыру. Онлайн құрылтайға «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» мен «Отандастар

1 пікір

  1. Салима

    Құдай-ау, не деген ержүректік!? Ешкімнің батылы жетіп айта алмағанын айтты-ау! Құдай жар болсын! Осындай мəселелерді кім шыжғырып айтады деп күтіп, үмітіміз үзілгелі отырған. Өзіміз болса та, айта алмаймыз. Бала-шағаны жеткізу керек. Алайда шындық қашан да қымбат. Тақ, атақ-дəреже уақытша нəрсе, қолдың кірі. Ал осындай ойып айтатын адам бірлі-жарым. Мақаладағы жанайқай шынында да да қасіретке айналғандай. ЖОО-ның оқытушысының білімі мен біліктілігі басшылыққа көк тиын ғұрлы жоқ. Өздерінің ұпайы, қаржысы түгел болса болды. Білімнің сапасы қызықтырмайды. Оны оқытушы батылы жетіп айта алмайды, айтса жұмыстан қуылады. Басшылықтың айтқанын екі етпей орындап үйреніп қалған. «Асылатын жіпті өзіміз үйден əкелейік пе?»-деуге дайын…

Пікір қалдырыңыз

Еmail почтаңыз сыртқа жарияланбайды. * белігісі тұрған бағанды міндетті түрде толтырасыз

Аты-жөні *

Email *

Телефоны

Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз.

E-mail: kazbilim@gmail.com

ZERO.KZ HotLog