|  | 

Ұрпақ тәрбиесі

Балаларымыз қауіп-қатерден қорғалған ба?

Балалар мен жасөспірімдердің бүгінгі тынысы мен ертеңгі болашағына бас қатырмайтын мемлекеттің келешегі жоқ. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Иә, баланың қамсыз өмірі, мектеп қабыр­ғасында оқу-біліммен сусындап, келе­шекте орнын табуы ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның, мемлекеттің, тіпті адамзат баласының бірге қарастыратын мәселесі. Жуырда елордада БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) мен Денсаулық сақ­тау министрлігі ЖИТС-тің алдын алу жә­не оған қарсы күрес республикалық ор­талығының кеңесінде АИТВ-мен өмір сүріп жатқан балалар мен жас­өс­пірімдерге психологиялық-әлеуметтік қол­дау көрсетудің ұлттық стандарттары жайлы кеңінен айтылды.

Бұл шараға АИТВ-мен өмір сүретін жас­өспірімдер де қатысты. Олар бүгінде АИТВ-мен өмір сүріп жатқан балалар мен жасөспірімдердің күнделікті тіршілікте қызмет алудағы қиындықтары жайлы, мәселені шешу турасындағы ойларымен бөлісті. Рас, қоғамда бұл ауру жөнінде үл­кен үрей ұялағаны анық. Алайда, ба­лалардың әңгімесі, олардың күнделікті басынан кешкендерін ортаға салуы, қо­ғамды ақпараттандырудың маңызы, өз­дерінің әлеуметке тартылуындағы қиын­дықтары жайлы сөз етуі ешкімді бейжай қалдырмады.

Осыдан 14 жыл бұрын Шымкент қаласында ем-шаралар жүргізген уа­қыт­та санитарлық нормалар сақтал­ма­уынан балалардың АИТВ инфекция­сын жұқтырғаны жұртшылықты дүр еткізгені белгілі. Қаншама отбасы қа­таң үкім естігендей күй кешіп, біраз ша­ңы­рақ оған қарсы тұра алмай, тіпті жұ­байлардың ажырасуына әкелген. Бүгінде ол балалар өсіп, жасөспірімдік шаққа жет­ті.

«Біз инфекция жұқтырғандардың қата­рындамыз. Алайда, қажетті препараттарды қабылдап отыру арқылы біз ауру емес, тек ағзасында АИТВ ин­фек­циясы бар адамға жатамыз. Кіш­кентай күнімізде у­­­дай ащы сұйық дә­ріні күнделікті іше­тін­біз. Қазір таб­лет­каны аптасына екі рет қана қабыл­дап, иммунитетімізді анализ тапсыру арқылы анықтап отырамыз. Біз өз ден­саулығы үшін күнделікті пре­па­раттар қабылдайтын қантты диабет, склеродермия сияқты созылмалы, бі­рақ бақылауда ұстаса қалыпты жағ­дай­дағы пациенттер тәріздіміз. Бұл біз­­дің өмір сүру салтымызға айнал­ды.­ Ал қоғамның қорқынышы – дұрыс ақпараттандырылмауы қатарлас, тұрғы­ластарымыз түгілі, олардың ата-аналары мен ұстаздарымыздың жөнді мағ­­лұ­маттарының болмауы бізге үлкен кедергі келтіреді. Сондықтан да ақпарат ал­масу, қоғамның біз тәрізді балаларға тү­сі­ністік танытуы аса маңызды», дейді жеткіншектер.

«Бүгінде Қазақстанда АИТВ-ға шалдыққан 530 бала мен жасөспірім бар. 2017 жылы әлемдегі АИТВ-ны жаңа­дан жұқтырудың 250 мың дерегі 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдерге тие­сілі. ЮНИСЕФ-тің «Балалар, АИТВ және ЖИТС: 2030 жылғы әлем» атты жа­ңар­ған статистикалық жарияла­ны­мының болжамына сай, егер қазіргі үр­діс сақталса 2030 жылға қарай АИТВ-­сы бар жасөспірімдер саны 3,5 мил­лион­­ға жетеді», дейді Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің өкілі Юрий Оксамитный.

Денсаулық сақтау министрлігі мен ЮНИСЕФ-тің бірлескен жұмысының нәтижесінде ТМД елдерінде алғаш рет Қазақстанда АИТВ-мен өмір сүріп жат­қан балалар мен жасөспірімдер үшін психологиялық-әлеуметтік қолдау көр­сететін стандарттар әзірленіп, онда пси­хологиялық, когнитивтік, әлеуметтік және эмоционалдық қажеттіліктерді қа­­на­ғаттандыруға арналған дербес қыз­меттер топтамасы енгізілгені қуан­тады. Стандартта ағзасында АИТВ инфек­циясы бар екенін ашып көрсетуге, ем­делу тәртібін ұстануды қолдауға, сек­суалдық денсаулыққа, жасөспірімдер үшін АИТВ-ге тестілеу қолжетімділігін жеңіл­детуге, интеграцияланған көмек көр­сетуге, сонымен қатар АИТВ-сы бар жас­өспірімдермен тең дәрежеде қарым-қа­тынас орнатуды қолдайтын диалогты құ­руға баса назар аударылған.

Елімізде балалардың, соның ішінде, пси­хикалық және физикалық даму ерек­шеліктері бар балалардың және заң, құқық бұзушылық бойынша проб­лемалары бар жеткіншектердің құ­қықтарын қорғау саласындағы заң­наманы жетілдіру жалғасын тауып ке­леді.

Жалпы биыл көктемде балалар мен жасөспірімдер үшін ЮНИСЕФ атқарған бір­неше шараның куәсі болған едік. Оның бірі Өзбекстан, Тәжікстан, Түр­ікменстан, Қырғызстан, Армения, Гру­зия және Әзербайжан Парламенті де­путаттарының, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, қаржы, білім беру министрліктері өкілдерінің қаты­суымен Орталық Азия және Кавказ ел­­деріндегі жасөспірім балалардың та­мақтануын жақсарту жөніндегі симпозиум болса, енді бірі жастардың «H2H: Health2Human» атты республикалық ха­катоны еді. Оған қатысқан өрімдей жас­тардан тұратын ондаған командалар денсаулық сақтау жүйесіндегі басшылар мен менеджерлер үшін инновациялық IT шешімдерді дайындап, көрсетті. «Барлық қатысушылар лайықты жобалар ұсынды, әсіресе хакатон жеңімпаздары. Fractus командасы ұсынған жедел жәр­дем беру жобасы адамдардың негізгі ша­ғым­дарын талдауға мүмкіндік береді. Бұл денсаулық сақтау басшыларына жиі кездесетін аурулардың алдын алу үшін жүйелі жоспар құруға мүмкіндік береді», деді ЮНИСЕФ-тің денсаулық сақтау және тамақтану жөніндегі үйлестірушісі Қанат Сұханбердиев.

«Биыл Қазақстан Республикасының Бала құқықтары туралы конвенцияны (БҚК) қабылдағанына 25 жыл толды. Бұл әлемдік тарихта ең көп ел қабылдаған және балалардың құқықтарын жан-жақ­ты анықтайтын халықаралық деңгейдегі жалғыз құжат. Конвенцияның негізгі қағи­далары барлық балалардың өмір сүруге, дамуға, қорғалуға және кемсі­туден азат болуға тең құқылы болуын көз­дейді» дейді Ю.Оксамитный.

Бұл конвенция ЮНИСЕФ ұйы­­мы­ның Қазақстан Үкіметімен ынтымақ­тас­тығының іргетасы болып келеді. БҚК балаларға мейірімді қоғам құрудың жұ­мыс құралына айналды. Атап айт­қанда, бала өлімі 5 есеге азайды, инклюзивті бі­лім беру дамып келеді, әлеуметтік қор­­ғау жүйесі жетілдірілді. Бүгінде ба­ла­­лардың қамқор отбасында дені сау, бі­лімді болып өсу мүмкіндігі 25 жыл бұ­рынғы жағдаймен салыстырғанда әл­деқайда жоғары екені белгілі. Деген­­мен қоғам бел­сенділігі көңіл толатындай дәрежеде ме? «Сенесіз бе, – дейді ЮНИСЕФ маман­дары, – біз ел­дегі басты қалалардың бірінде балалар арасында зерттеу жүргіздік. Сонда ба­лалардың 30 пайызы ғана ата-анасымен театрға, музейге барыпты да, 70 пайызына әке-шеше бауыр етінің рухани өсуіне қажетті тәрбие беретін орындарды бір­ге көру, аралау қажет деп таппаған. Шын­дап келгенде баланың дамуына са­лынған инвестиция ең бір қайырлы іс емес пе?»

Елімізде балалардың, соның ішінде, пси­хикалық және физикалық даму ерек­шеліктері бар балалардың және заң, құқық бұзушылық бойынша проб­лемалары бар жеткіншектердің құ­қықтарын қорғау саласындағы заң­наманы жетілдіру жалғасын тауып ке­леді. Ю.Оксамитныйдың айтуынша, бірқатар күрделі мәселелер, мыса­лы, балалар мен жасөспірімдердің пси­хикалық денсаулығын нығайту, бала­ларға зорлық-зомбылық көрсетудің ал­дын алу, миграция салдарынан немесе табиғи апаттардың кесірінен ба­ла­ларды қорғау да үнемі назарда. Бұл тұрғыда үкіметтің, парламенттің, халық­аралық ұйымдардың және аза­­мат­тық сектор ұйымдарының күшін бі­ріктіруде ұмтылыс жоғары. «Бір ғана мы­сал, табиғи апаттардың тәуекелдерін тө­мендету үшін орман және дала өрттерін уақтылы айқындау, сонымен қатар жағ­дайды мониторингтеу және су тас­қынының алдын алу жұмыстарын жос­парлы ұйымдастыру мақсатында өз­дігінен басқарылатын ұшақтарға кезекті тестілеуді өткіздік. Былайша айт­қанда бұл біздің қорға пәлендей қа­тысы жоқ тәрізді. Алайда, ІІМ Төтенше жағ­дайлар комитетінің деректері бойынша, 2018 жылы Қазақстанда 14 567 өрт жағ­дайы тіркеліпті. Одан 3 миллиард тең­геден аса материалдық залал келіп, 434 адам қаза тауып, 412 адам түрлі ауырт­палық дәрежесінде жарақат алған екен. Су тасқынынан 2018 жылы шамамен бір жарым мыңнан аса үй зардап шегіп (су басқан), материалдық залал 3 миллиардтан аса теңгені құраған. Ал­ осыдан балалар зардап шекпей ме?­ Сондықтан дрондарды пайдалану жөні­нен ЮНИСЕФ қолдау көрсетті. Немесе миг­рация мәселесі. Қазір Қазақстанда қала тұрғындарының саны арта түсуде. Қа­лада қажетті қызметтерді алуда олар­­­­дың маманданған түрлері көп бол­­­ғанымен тіркелімнің жоқтығынан қиын­дықтар туып жатады. Осы тұрғыда қа­лаларда балаларға мейірімді орта құрудағы жергілікті атқарушы билік органдарының рөлін асыра бағалау қиын. Бүгінгі таңда жаңа қиындықтарды назарға алудың және балалардың қауіп­сіздігі мен құқықтары бойынша мәсе­лелерді шешуге бизнес иелерін, жұрт­шылықты көбірек қатыстырудың және балалардың, жасөспірімдер мен жас­тар­­дың өздерінің қала өміріне қатысуына жағдай жасаудың маңызы зор. Қоғам әр баланың қалада өзін ыңғайлы, жайлы және қауіпсіз сезіне алатындай мүдделерін ескере отырып, қала­ ин­фра­құрылымының дамуына септесе қимылдауы қажет деген ойдамыз», деді Ю.Оксамитный.

 

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ
“Егемен қазақстан” газеті

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

  • Балалар тағамының құрамында не болуы керек?

    Балалар тағамының құрамында не болуы керек?

    Баланың дұрыс тамақтануы – оның денсаулығының кепілі. Бала бір орында отырмайды. Олар ойнайды, сабақ оқиды немесе спорттан дайындық сыныптарына барады. Яғни, оның жейтін асы пайдалы, тағамдық құныдылыққа бай әрі дұрыс болуы тиіс.Бала күніне қанша мөлшерде нәруыз, көмірсу не май тұтынуы керек деген сұраққа жауап іздесеңіз, төмендегі ақпарат зер салыңыз.

  • Қиын балаларды қатарға қосу қиын ба?

    Қиын балаларды қатарға қосу қиын ба?

    Қазақ қашанда саналы ұрпақ тәрбиелеуді назардан тыс қалдырған емес. Ал қазіргідей жария қоғамда бала тәрбиесі бұрынғыдан бетер алаңдатады. «Қиын бала» ұғымы педагог-психологтар арасында өткен ғасырларда-ақ кең тарады. Осы тақырып төңі­ре­гін­де көпте­ген еңбектер жарық көр­ді. Соның бірі – ағылшын пси­хиатры Стэнли Турецкийдің (Stanley Turecki) «Қиын бала» кітабы. Аталған еңбе­гінде автор алдымен «Сізде қиын бала бар ма?»

Пікір қалдырыңыз

Еmail почтаңыз сыртқа жарияланбайды. * белігісі тұрған бағанды міндетті түрде толтырасыз

Аты-жөні *

Email *

Телефоны

Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз.

E-mail: kazbilim@gmail.com

ZERO.KZ HotLog