|  | 

Редактор бағаны

Аятжан Ахметжанұлы. Сайлау туралы

Сайлау туралы 1.

Бұған дейін өзім көрген 2011 жылы және 2015 жылы екі рет президенттік сайлау, екі рет парламенттік сайлау өтті. Өкінішке, тек парламенттік сайлауға бардым. Президенттік сайлауға барып дауыс бермедім. Неге?

Себебі, 2011 жылы президенттік сайлауға «Нұр Отан» партиясынан Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Коммунистік Халық партиясынан Жамбыл Ахметбеков, тағы бір аты белгісіз партиядан Ғани Қасымов, эколог Елеусізов қатысты. Ал, 2015 жылы бұдан да қызық үш кандидат: Нұрсұлтан Назарбаев — «Нұр Отан» партиясы ұсынған; Әбілғазы Құсайынов — Қазақстан кәсіподақтар федерациясының бастығы; Тұрғын Сыздықов — Қазақстан Коммунистік Халық партиясының кандидаты. Осылай сайлау өтті.

Екі сайлауда да Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жаным ашыды. Елдің дәл осы саяси додасы шынымен де күлкілі еді. Маған осы сайлауларды өткізетіндер Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевты күлкі ету үшін өткізетін секілді болды. Себебі, салыстырмалы түрде айтсақ, дәл осы сайлаулар бейне Геннадий Головкинді мектеп оқушыларымен бокс турниріне шығару секілді елестеді. Қараңызшы, жоғарыдағы кандидаттарды сайлауға дейін (Нұрсұлтан Назарбаевтан басқасын) сол үміткерлердің туысқандары мен достарынан басқа ешкім танымайтын еді. Әрине, мемлекеттік саяси өмірде бір күн өмір сүрмеген адамды ешкім де президент ретінде сайламасы анық.

Бәсекеде жеңістің құны — жеңуде емес, бәсекелестеріңнің мықтылығында. Геннадий Головкиннің қарсыласы әдеттегі біреу болып, бірінші раундта құлап жатса қызық болмас еді ғой. Сауль Альвареспен түскенде әлем көз тікті, ол жарыстың құны да сол еді. Сайлаудың құны да дәл солай.
Жоғарыдағы екі сайлауда дәл солай болуы керек еді. Өкінішке, иық тіресер саясаткерлерді өткізбейді. Өткізбегесін, сайлау нәтижесі алдын ала белгілі. Белгілі болғасын, сайлауға барғың да келмейді.

Ал, бұл жолы сайлау сәл де болса өзгеше болады, кішкене болса да тартысты болады, мен сайлауға қызығып, барып дауыс беремін деп үміттеніп отырмын.
Елдегі саяси күштер қаншалықты ояу, олар қаншалықты қамданады, алдағы күндері не қызықтар күтіп тұр?

Әрине, «Нұр Отан» партиясынан үміткер басым түсер, бірақ, кішкене саяси мәдениет қалыптасуы үшін де саяси дода қызықты, тартысты болсыншы. Азамат ретіндегі, белсенді ретіндегі өтінішім ғой.

Әрине, басты кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев болса, әлемдік беделімен де, саяси салмағымен де басып тұрар, бірақ, қарсыластары ешкім танымайтын сайда саны, құмда ізі жоқ біреулер емес, жұрт алдында жүрген саяси салихалы кандидат болса екен…

Ел танитын біреу, танымайтын үшеумен сайлау өтпесе екен. «Армандауға болмай ма?» дегенім ғой.

Айтпақшы, биыл сайлауға барып дауыс беремін!

2019 жылы 10 сәуір.

Сайлау туралы 2.

Бүгін — сайлау жарияланғалы 11 күн.

Бірақ, сайлау комиссиясына әлі бір де бір құжат түскен жоқ. Қызық, осыған дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі қатысатынын білсе де, күнде бір кандидат көретінбіз. Бұл жолы әлі тыныш.

Бұның екі себебі бар деп ойлаймын. Біріншіден, саяси топтардың бәрі Нұр Отан партиясынан кім ұсынылады деп, 23 сәуірдегі Нұр Отан съезін күтіп отыр. Екіншіден, бұрынғыдай адам өзін-өзі ұсына алмайтындықтан, барлық ұйымдар әлі съез өткізе алмай жүр. Бірақ, сайлауға 50 күн қалды. Уақыт ешкімді де күтіп тұрмайды. Саяси додада ерте қимылдау ол — ерте жақтастар тарту жолы.

Тағы бір дүние, бұл сайлауға байкот жариялап жатқандар бар, ол — саяси сахнадағы ең нашар әдіс деп ойлаймын.

Бүгін саяси күштерге шегінетін жер жоқ. Себебі, бұл — елдегі ең үлкен саяси дода. Саясаттың мезгілі.

Біріншіден, Нұр Отанның кандидаты Назарбаев емес, ол деген бұрынғы 90%-дан асқан өтірік цифр болмайды деген сөз.

Екіншіден, Нұр Отанның кандидаты Тоқаев не басқа болса да, онымен бәсеке Назарбаевпен бәсекелесуден жеңілдеу.

Үшіншіден, қазір ел ретінде шынайы өзгеріс керек, ұлттық буын, құрам өзгерді. Әр топтың өз әлінше қолдаушысы бар.

Төртіншіден, сайлауда қандай да қитұртқылық болса да, саясаткер ретінде келесі қадам маңызды. Ол — парламент сайлауы. Ал, мына сайлауды (кем дегенде) сол келесі сайлауда парламентте көп орын алудың баспалдағы ету керек деп санаймын.

Бұл мүмкіндікті құр жіберу саясатта жүргендердің бәріне сын.
Ойбай, билік үйтпейді, бүйтпейді деп ақталатын, түспей жатып жеңілетін жылаңқы саяси топ болу ол — саяси күш емес, балалық.

Табысқа жетпейтін адамдар қашан да өзін ақтайтын сылтау тауып алады. Саясаткерде жігер болмаса, саясатта мінез болмайды.

Қимылдаңыздар, жұрт сайлау екенін ұмытып барады тіпті. Ал, біз шынайы ұлт, мемлекет мүддесін ойлайтын топ жағындамыз.

2019 жылы 27 сәуір.

Аятжан Ахметжанұлы. Республикалық «QAZBILIM» орталығы директоры. PhD докторанты. Ақын. журналист. 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

  • АЯТЖАН АХМЕТЖАНҰЛЫ. ҚОСЫМША БІЛІМ ҚОЛ БОЛА МА?

    АЯТЖАН АХМЕТЖАНҰЛЫ. ҚОСЫМША БІЛІМ ҚОЛ БОЛА МА?

    Әлқисса Бүгінде баласын қосымша сабаққа жаздырмайтын ата-ана кемде-кем. Иә, сонау 2014 жылы “оқушылар неге орталық жағалап жүр?” деп осы бағытта алғаш сұрау тастап мақала жазып едім, содан бері бес жыл. Бұл үрдіс қазір тіпті ауырлады, ол білім саласына пайдалы ма, әлде сын ба? Бүгінгі оқушылар неге жаппай репетиторға жүгініп кетті? Біз баламызды жаздырған қосымшаның пайдасы

  • Аятжан Ахметжанұлы: Жаңа министр жайында не айтуға болады?

    Аятжан Ахметжанұлы: Жаңа министр жайында не айтуға болады?

    Жаңа ҚР 15-ші білім және ғылым министрі туралы ойымды сұрап жатыр, бәріне осы жерде бірден жауап берейін. Күләш Шәмшідинова апамыздың орынтағына құтты болсын айтамыз. Ісіне сәттілік тілейміз. Ал енді осы тағайындауға өз көзқарасым: Біріншіден, жалпы өте сәтті тағайындау. Оның себебі, бұл кісі қарапайым мұғалім, мектеп директоры, білім басқармасы басшысынан бастап, білім саласындағы барлық лауазымда отырған,

1 пікір

  1. Сайлау -б ұл демократияның ұлы тойы деп білемін, кім өзінің тойын сәтсіз, қызықсыз, әділетсіз өткізгісі келеді.

Пікір қалдырыңыз

Еmail почтаңыз сыртқа жарияланбайды. * белігісі тұрған бағанды міндетті түрде толтырасыз

Аты-жөні *

Email *

Телефоны

Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз.

E-mail: kazbilim@gmail.com

ZERO.KZ HotLog