|  | 

Редактор бағаны

Бес бала тағдыры білім саласына қатысы бар ма?

Бес баланың өмірі, болашақтың бес гүлі ерте солды.

Біз қоғамдағы әр трагедиядан сабақ ала аламыз ба? Әр трагедияның астарына үңіле аламыз ба?

Осы бес баланың аядай бөлмеде ержетіп жатқанының себебін іздеп көрейікші. Ол бес баладан айырылған ата-анаға енді не берсек те қайғысын ортайта алмаспыз, бірақ дәл сондай өмір сүріп жатқан әлі бес мың, тіпті елу мың отбасы бар екенін естен шығармайық. Солар үшін біз не істей аламыз, үкімет нелерді істеу керек?
Иә, бес баласын құшақтап, күндіз-түні жұмыста ата-ана еріккеннен жүрген жоқ, тарыққаннан жүр. Сол бес баланың тамағы мен болашағы деп жүрді, бірақ, ол болашақ ерте қиылды. Ерте қиылуына бәріміз кінәліміз. Тек үкімет емес, баршамыз кінәліміз. Себебі билігі де халыққа қарай қалыптасады.

Жә, бүгінде елдегі жайдың тамыры тереңде. Бұл трагедияның себебін іздесең кемінде 100 себеп табуға болады. Осыны зерттеп, әлеуметтік жаңғыру жолдарын ұсынатын ұйым немесе мекеме бар ма? Осы проблемалардың бәрін зерттеп, “Қазақстанды әлемге таныту” жобаларын тоқтата тұрып, осындай проблемаларды шешу керегін түсіндіре алатын депутат пен министр бар ма?

Мың жерден әлемдік іс шара өткізіп, Қазақстанды әлемдегі дамыған 50 мемлекет қатарында көрсеткенімізбен, бір айна үшін адам өлтіру оқиғасы, бес баласын (үш айлық нәрсестені) қараусыз қалдырып түнгі жұмысқа кететін жағдайлар біздің ауруын жасырғанмен, өлімі әшкере жүйемізді, қоғамды толық қанды көрсетіп береді. Ішкі жағымыз өте ауыр іріңдерге толған сәтте “сыртқы бедел” деп лепіру ұят һәм дарақылық.

Иә, дәл осындай жағдайдың туындауына әрқайсысымыз өзіміз істеп жүрген, өзіміз еңбек етіп жүрген саласынан себеп іздеп көрсек. Біз білім саласынан, біреу медицина саласынан, біреу әкімшіліктен деп жоғарлап, себепті мемлекеттік жүйеге жеткізуге болар.

Дәл осындай себептердің тууына біздің білім саласының да үлкен кінәсі бар. Неге? Білім саласындағы жемқорлық, сапасыздық, немқұрайлылық. Неге? Санамалайық.
Бүгінде ауыл мектептерінің жайы мәз емес, 200-ден аз оқушы оқитын мектептер саны елімізде 2 мыңнан астам екен. Ал, 200 оқушы деген ол әр жылдықтан бір сынып деген сөз. Ал ол мектепте химия мұғалімі үшін 8 сағат, физик үшін 10 сағат, биолог үшін 10 сағат деген секілді ғана сағат болады. Ал, 8 сағаттың жалақысы түсінікті. 8 сағат үшін тіпті 18 сағат үшін де сапалы маман жұмысқа бармайды. Сапалы маман бармағасын мектепте сапа болмайды. Мектепте сапа болмағасын, жұрт баласының болашағы үшін үдіре көшеді.

Ауылда жалғыз жұмыс көзі мектеп, ал мектепке жұмысқа тұру ауылдық жерлерде кемі бір соғым, тіпті кей өңірлерде 1 500 000 теңге. Кезінде кітапханашы болып жүрген кісі бүгін физикадан, кезіндегі дене шынықтырудың мұғалімі бүгін математикадан диплом алып алған, сабақ беріп жүр, – деген сөзді қай ауылға түссем де естимін. Ағылшын тілінің мұғалімі ағылшынша екі сөйлем құрай алмайды, ал талап үштілділік. Міне, осының бәрін көріп отырған ата-ана баласының болашағынан алаңдайды.

Бүгінгі заманның талабы көп нәрсені сұрап тұр, ауыл мектебі түгіл біздің қаланың біраз мектебі заман талабына сай емес. Интернеті – 2G, интерактивті тақта – арман, зертханасы – мұражай. Ал дәл осындай мектепте мен баламды оқытпас едім.

Ата-ана баласын өзгеден кем қылғысы келмейді, жақсы білім алсын, жақсы мектептен оқысын деп армандайды, сол үшін барын салады. Ауылдағы мектептердің, аудандағы мектептердің хәлін көрген ата-ана қайтпек керек? Бірден Астананы не, Алматыны бетке алады.
Неге? Бұл қалалар мегаполис, бұнда жұмыс көзі бар, бала-шағыны асырауға да, жақсы мектепке оқытуға да мүмкіндік бар деген арман. Сонымен қалаға кеп, тапқанын баласына шарт жағдай жасау үшін жасап, өздері сондай біреудің бір бөлмелі тоқал тамында тұрған ата-аналар мыңдап табылады. Ауылдан көшіп келетіннің бәрі қазақ. Қалаға келгенде оларды күтіп тұрған қара жұмыс, осындай тағдырлар. Міне, біздің жүйе.
Кім-кім де баласының сапалы білім алуына барын салады. Ал сапалы білім, мүмкіндіктер қайда?

Біз тәуелсіздік алғалы жалғыз қалаға басымдылық беріп келеміз, ол – Астана. Өкінішке орай, күллі 18 миллион халықты бір қалаға сыйдыра алмаймыз, бірақ енді ауылдан қалаға көшуді ешқашан тоқтата алмаймыз. Себебі, 300 баладан төмен оқушы бар мектепті қанша тырыссақ та, әлемдік деңгейге шығара алмаймыз.
Биыл Оңтүсітік Қазақстанның орталығын Түркістанға көшіріп, жаңа мегаполис қалыптастырып, жаңа облыс орталығын ашқанда өте қатты қуандым, себебі, ескі қалалардың мемлекеттік бағдарламамен жаңа дамуға беттеуі, Астана және Алматы қалалары секілді деңгейге көтерілуі облыстан көшетін біраз қазақты сол жаңа қалаға шоғырландырады. Еліміздегі барлық қалаға дәл сондай түрлену керек. Біз ауылды құтқара алмасақ, қалаларды заманауи дамуға көшіріп, елдегі қалаландыру науқанын жаңа сатыға көшіру керек. Астана және Алматы қалаларынан дәл осындай көп балалы ата-ананың бәріне үй беруге шама келмесе де, елдегі үлкен қалалардан қамтамасыз ету жолын қарастыру керек.

Біз енді осы кезекте Жезқазған, Арқалық, Семей тағы басқа бұрынғы облыс орталықтарын қайтадан ашып, жаңа белеске көтергенде жұрт екі-үш қалаға ағылуын тоқтатады. Жаңа жұмыс көзі, баласын жақсы замануи мектептерде оқыту армандары іске асады.

Еліміздегі әрбір мектептің жайы Назарбаев зияткерлік мектебінің деңгейіне (заманауи жабдықталуы жағынан) жеткенде ғана ата-аналар үшін баласының болашағына деген сенім қалыптасады. Әйтпесе, ауылдағы мектептің, ондағы сабақ беріп жүрген ұстаздардың, ондағы оқудың сапасын білген ата-ана ертеңі үшін алаңдап, бар бала шағасын құшақтап, дәл осылай сабылады. Бұның соңы ұлттық трагедияға ұласады.

Иә, тамыры тереңге тартқан елдегі әлеуметтік проблеманың бұл бір-үші ғана. Мәселенің мәніне май шаммен үңіліп қарай берсек, мыңдаған мәселеге тап боламыз, оны шешпесек ертеңіміз…

Иә, қорқынышты. Иә, барша қазақ жұрты трагедиясының соңы осы болсын. Біздің билік бір сабақ алсын деп тілеймін. Көп балалы отбасыларға жағдай жасай алмасақ, болашақ үшін істеген тірлігіміздің бәрі далбаса.
Ел аман, жұрт тыныш болсын, балаларымыз бен аналарымыз жыламасын!

Аятжан Ахметжан

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

  • Аятжан Ахметжанұлы. Сайлау туралы

    Аятжан Ахметжанұлы. Сайлау туралы

    Сайлау туралы 1. Бұған дейін өзім көрген 2011 жылы және 2015 жылы екі рет президенттік сайлау, екі рет парламенттік сайлау өтті. Өкінішке, тек парламенттік сайлауға бардым. Президенттік сайлауға барып дауыс бермедім. Неге? Себебі, 2011 жылы президенттік сайлауға «Нұр Отан» партиясынан Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Коммунистік Халық партиясынан Жамбыл Ахметбеков, тағы бір аты белгісіз партиядан Ғани Қасымов,

  • АЯТЖАН АХМЕТЖАНҰЛЫ. ҚОСЫМША БІЛІМ ҚОЛ БОЛА МА?

    АЯТЖАН АХМЕТЖАНҰЛЫ. ҚОСЫМША БІЛІМ ҚОЛ БОЛА МА?

    Әлқисса Бүгінде баласын қосымша сабаққа жаздырмайтын ата-ана кемде-кем. Иә, сонау 2014 жылы “оқушылар неге орталық жағалап жүр?” деп осы бағытта алғаш сұрау тастап мақала жазып едім, содан бері бес жыл. Бұл үрдіс қазір тіпті ауырлады, ол білім саласына пайдалы ма, әлде сын ба? Бүгінгі оқушылар неге жаппай репетиторға жүгініп кетті? Біз баламызды жаздырған қосымшаның пайдасы

Пікір қалдырыңыз

Еmail почтаңыз сыртқа жарияланбайды. * белігісі тұрған бағанды міндетті түрде толтырасыз

Аты-жөні *

Email *

Телефоны

Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз.

E-mail: kazbilim@gmail.com

ZERO.KZ HotLog