|  | 

Ұстаз үні

Мұғалімде артық уақыт қалмайды…

Қоғамда ұстаздар мәртебесі жиі талқылануда. Әр баланың жүрегіне жол тауып, олардың көкейдегі көзін ашатын жандардың қоғамдағы орны мен әлеуметтік жағдайы бізді де ойландырады. Бүгінгінің ұстазы қандай? Баламен жұмыс істеу­дің қиындығы неде? Қандай мәселелер толғандырады? Осыған байланысты Астана ақшамы газеті қалалық №65 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Ақжібек Ержанқызының бір күндік жұмысына үңілген екен.

«Күнделік. kz»: қағазбастылықтан құтқара ма?

Жас маман Ақжібек Ержанқызы – № 2 «Д» сыныбының жетекшісі. Таңертеңгі уақытта өз мектебіндегі бастауыш сыныптардың «Күнделік. kz» жобасына жетекшілік етеді. Бүгінде еліміздегі барлық сайттың рейтингісінде көш бастаған электронды бағдарламаға ата-аналар да, ұстаздар да тәуелді.
«Өздеріңіз көріп отырғандай, алғашқы жұмыс уақытым «Күнделік.kz» бағдарламасын қадағалаудан басталады. Әр мұғалімнің, оқушының үлгерім журналдары мен күнделіктерін электронды түрде тұрақты жүргізуін бақылаймын. Кемшін тұстары болса, ескертемін. Мұғалімдер барлық талапқа сай бағдарламаны күнделікті толтырып отырады. Мұның бәрі ұстаздарды артық қағазбастылықтан құтқару үшін қолға алынған дүние» дейді ол. Дегенмен, кейбір ұстаздар үшін қиындығын да жасырмады.
«Шынын айтқанда, бар уақытымызды алады. Алғашында электронды журналмен әуре болдық. Ол тоқтағаннан кейін «жұмысымыз жеңілдеді» деп қуандық. Бірақ оның орнына «Күнделік. kz» шықты. Әрине, жас мамандар үшін толтыру қиын емес. Компьютердің тілін дұрыс түсіне бермейтін жасы үлкен апайлар қиналады. Бір қуанарлығы, бастауыш сыныптың барлығына компьютер берілді, интернетпен қамтылды. Түсінбеген жағдайда келіп кеңес сұрайтын әріптестеріме үйретемін. Бағдарлама қыркүйек айынан бері қолданысқа енді, сондықтан бәрі үйренуге мәжбүр» дейді Ақжібек Ержанқызы.
Ол өзі жетекшілік ететін сыныптың барлық ата-анасын жобаға тіркеуге көмектескен. Әлі күнге дейін тіркеп берсе де, кіре алмай жүрген, бағдарламаны мүлдем түсінбейтін ата-аналар да барын айтады.
«Күнделіктің» ұнамайтын бір тұсы – балалар өздері тіркелу керек. Бірақ, кейбір мұғалімдердің өзі түсінбей жүргенде кішкентай балалар қайдан ұқсын? Сондықтан барлық ата-ананы өзім тіркеп, логин мен құпиясөздерін өздеріне ұстаттым. Сыныбым болған соң, пайыздық көрсеткішіміз төмен болмау үшін арнайы уақыт бөлуге тура келеді, – дейді маман.

 

«Топтасып есеп шығару бірлікке үйретеді»

Сыныпта 25 бала оқиды екен. Ақжібек Ержанқызының математика сабағы балалар үшін де, біз үшін де қызықты өтті. Қазір мұғалімдердің сабақ беру тәсілі өзгерген. «Заманына қарай адамы» демекші, жаңа тақырыпты түсіндірерде көрнекіліктің небір түрін пайдаланды. Балалардың барлығын сабаққа қатысып отыруын қадағалайды. Қалай меңгергендерін білу үшін балаларды топтастырып, арнайы тапсырмалар орындатты.
«Мен көбіне топпен жұмыс істеуді үйретемін. Мәселе есептердің барлығын бірігіп шешкен маңызды. Білмейтіндер білетіндерден үйренеді. Бұл өздеріне де пайдалы. Бастары қосылған кезде бір үйдің балаларындай болып кетеді» дейді күліп.
Айтпақшы, сыныпта Аят есімді мүмкіндігі шектеулі бала көзге түсті. Себебі жанында ересек адам отырады екен. Ол туралы мұғалімнің өзінен сұрағанды жөн көрдік.
«Біздің мектепте инклюзивті оқыту жүйесі бар. Яғни, ерекше балалардың ешқандай кедергіге қарамай, толық білім алуларына жағдай қарастырылған. Аяттың жанында отырған жетелеуші педагог – Гүлзия Рахметуллақызы. Ол кісі баланы асханаға барғанда тамақтанғанын және дәретханаға барып-келуін қадағалайды. Менен кейін де жаңа сабақты өз алдына қосымша түсіндіреді. Денешынықтыру сабағында формасын киіп-шешуге көмектеседі. Күні бойы осы баламен жүреді. Мектепте инватакси бар. Аятты басқа балалардан ешқашан бөліп қарамаймын. Саралап оқыту методикасы бойынша тапсырманың жеңілдетілген түрін беремін. Ол да минутына басқа балалар сияқты 40 сөз оқиды. Алғашқы кезде қолына қалам ұстауы қиындау болған. Қазір үйренді» дейді сынып жетекшісі.

«Бала бақылаусыз болмаса екен»

Әрине, біз мұғалімнің сабағын сынауға немесе қалай өтетінін тексеруге келмедік. Сондықтан өзіміздің сауалымызды қойдық.
– Екі жылдан бері осы сыныпқа жетекшілік етесіз. Жалпы, бала тәрбиесінде қазіргі ата-аналардың жауапкершілігі қандай?
– Ата-аналарды барынша түсінуге тырысамын. Дегенмен, баланың білімі мен тәрбиесі ең алдымен менен сұралады. Ата-аналар күнделікті күйбең тіршілікпен азаннан кешке дейін жұмыста болады. Кейбір балалар қараусыз қалатыны жасырын емес. Мысалы, менің сыныбымдағы бір бала бүгін болған сабақтың кітаптарын ертең тағы әкеледі. Яғни, ата-ана сөмкесіне ертеңгі күнгі болатын пәндерді салып бермейді. Үйде ешкім қадағаламаған соң, бала үй тапсырмасын қате орындайды, жазуы да нашар, минутына аз сөз оқиды. Ал ата-аналарға ескертсем, өзіме ренжиді. Осыдан келіп ата-ана мен ұстаздың арасында түсініспеушілік болады.
Менің ойымша, бастауыш сыныпта әр ата-ана баласын 100 пайыз қадағалаған жөн. Бастауыш – бар білімнің іргетасы қаланатын кезең. Қазір қандай білім алса, әрмен қарай солай кетеді.
– Қазір сынып жетекшілері үй-үйді аралап, балалар туралы мәлімет жинайды. Ол не үшін қажет?
– Иә, оқу жылы басталғанда мен де 25 баламның үйін түгел аралап шықтым. Олардың қайда тұрып жатқанын, қандай көмекке мұқтаж екенін өз көзімізбен көріп, тексеріп шықтық. Мектепте әлеуметтік жағынан аз қамтылған оқушыларға киім-кешек таратылады. Арнайы жәрмеңке өткізіледі. Жиналған қаржы әлеуметтік педагогке тапсырылып, көмекке мұқтаж отбасыларға үлестіріледі. Ал біздің міндет – өз оқушыларымыздың әлеуметтік жағдайын назарға алу.
– Қоғамда «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасы қызу талқылануда. Маман ретінде онда айтылған ұсыныстарға көңіліңіз тола ма?
– Еңбек өтіліне байланысты ұстаздарды ертерек зейнет жасына шығару туралы ұсыныс көңілімнен шықты. Бірақ, менің ойымша ұстаздар қауымы құқық қорғау органдарының қызметкерлері сияқты 45 жастан шықса екен деген арманым бар. Өйткені бұл құрметке әбден лайық. Мысалы, менің оқу бітіргеніме небәрі төрт жыл болды. Кейде жұмыстың көптігінен жас болсам да шаршап кетемін. Ал жасы келген ұстаздардың хәлі қандай десеңізші?! Күніне небір ата-­аналар келеді. Әрине, жай келмейді, көңілдері толмай ұрысып кететіндер бар. Өткен жылы бір ата-ана есігімді сығалап, сабағымды аңдып видеоға түсіріп, ілік іздеп жүрді. Осының бәрі адамның жүйкесіне әсер етпей қоймайды. Кейде қолымды сілтеп басқа салаға кетіп қалғым келеді. Тұрғын үй кезегі де оңайлықпен жылжып жатқанын көрмедім. Анам да шаршағанымды көріп, «Мұғалімдікті тастасаң қайтеді, қызым» деп денсаулығыма, жеке өміріме алаңдап отырады. Егер заң жобасы осы күйінде қабылданатын болса, ұстаздардың әлеуметтік жағдайы жақсаратын еді. Өйткені ұстаздарды қорғайтын, мәртебесін көтеретін жалғыз заң – осы.
– Оқу бағдарламасына көңіліңіз тола ма?
– Бүгінгі оқу бағдарламасы жақсы. Дегенмен, кезінде біз оқыған бағдарлама одан да тиімдірек еді. Қазір бір оқулықты төртке бөліп тастады. Әрқайсының дәптері бар. Оқулық жүйелі емес. Қателіктер де кездеседі. Үй тапсырмасын бала түгілі, ата-аналардың өздері түсінбей жатады. Кешкі сағат сегізден бастап телефоныма тыным бермей мазалайтындары содан деп ойлаймын.

 

Ұстаз болу – өз уақытын аямау…

Сынып болғаннан кейін үздіктердің де, үлгерімі нашар оқушылардың да болатыны – заңдылық. Ақжібек Ержанқызы оқушылардың сабағы біткен соң, үлгерімі нашар балаларды алып қалды. Ол мұғалімнің күнделікті әдеті екен. Есепке нашар, жазуы дұрыс емес, оқу үлгерімі төмендеп кеткен балалармен кезек-кезек жұмыс істеді.
«Кейбір балаларды сенбі күні де шақыруға мәжбүрмін. Қай бала қай сабаққа нашар, сол жағын жетілдіруге тырысып, өзге балалардан қалып қоймауына күш саламын. Кейде тым кеш шығамыз. Қанша кешіксек те, ата-аналар «Балам қайда?» деп хабарласпайды. Өйткені олар да сабақтан тыс алып қалатынымды біліп алған» дейді жымиып.
Ұққанымыз, ұстазға ең керегі – балаларының қатардан қалмай, алу мен қосуды, санау мен жазуды толық меңгерту. Қосымша сабағына ақы алмайтын Ақжібектей ұстаздарды «Антына адал екен» дегеннен басқа алып-қосарымыз жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

  • Өзге тілдерден термин қабылдау делдал тілдің көмегінсіз жасалуы тиіс

    Өзге тілдерден термин қабылдау делдал тілдің көмегінсіз жасалуы тиіс

    Латын графикасына көшуді кезең-кезеңімен жүзеге асыру барысында атқарылатын жұмыстар ауқымы аз емес. Соның бір бағыты терминология саласы. Қазіргі уақытта осы бағыттағы жұмыс тобы соңғы 40 жыл ішінде қазақ тіліне бейімделген немесе аударылған жиі қолданылатын 2000 терминнің тіркелімін дайындаған екен. 500 беттік ағылшын, орыс және қазақ тілдерінде шет тілдер терминдерінің сөздігі жобасы әзірленді. Осы жұмыс аясында

  • Ақниет Озат. Ана тіліміз туралы бірер сөз

    Ақниет Озат. Ана тіліміз туралы бірер сөз

    Ғалымдар байқағандай әр тілдің өз ментальдық деңгейлері бар. Бірінші сол тілде сөйлеу ғана болса, ары қарай тереңдей келе сол тілдің мәдениетін, өнерін сіңірумен ерекшеленеді. Сондықтанда жаңа тіл үйрену ләззатты іс, сол тілдің музыкасын,жырын, киносын көре, жаныңа жаңа азық тапқандай керемет күй кешесің. (Түріктің ретро әндерін ,ЛЮБЭ-нің шығармашылығын, Элвис Преслидің музыкасы мен Вестерннің – ковбойлық киноларын

Пікір қалдырыңыз

Еmail почтаңыз сыртқа жарияланбайды. * белігісі тұрған бағанды міндетті түрде толтырасыз

Аты-жөні *

Email *

Телефоны

Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз.

E-mail: kazbilim@gmail.com

ZERO.KZ HotLog