|  | 

Білім жарысы

1 минуттық видеосы үшін 5 миллион теңге табатын 21 жастағы Қыран Талапбек

Қыран Талапбекті әлеуметтік желідегі жастар талантты режиссер әрі «Kyran Films» компаниясының негізін салушы ретінде таниды. Жиырма бір жастағы алматылық жігіттің қолынан шыққан жарнамалық бейнероликтер 5 миллион теңгеге дейін бағаланса, мотивациялық видео ретінде түсірген туындылары Instagram мен Telegram-да жүз мыңдаған қаралым жинайды. Мұндай жетістігінің сырын білмек ниетпен жақында Қыранмен сұхбаттасқан едік. Әңгіме барысында ол шығармашылық жолға қалай келгенін, сапалы бейнероликтің қандай болу керектігін және тиімді жарнаманы жасаудың кілтін айтып берді.

Мен неге той түсірмеймін?

• Камераға сүйіспеншілігім он алты жасымда оянды. Оған дейін кішігірім кәсіпкерлікпен айналыс­тым. 9-сыныпта оқып жүргенімде slando.kz-те (қазіргі olx.kz) аккаунт ашып, тач-скринді планшеттерді сатып жүрдім. Тауарларды Алматыдағы «Ялянь» базарынан 9 мың теңгеге сатып алатынмын да, басқаларға 18 мың теңгеге өткізетінмін. Менде ірі көлемдегі ақшаның пайда болғанын білген ата-анам алғашында мені есірткі сатып жүр деп күдіктеніп, жер-жебіріме жетіп ұрысты (күліп). Кейінірек адал жолмен ақша тауып жүргеніме көздері жеткен соң, бизнесімді жалғастыру үшін қосымша капитал берді. Енді мен бұрынғыдай 2-3 емес, 10-15 шақты планшетті бірден сатып ала бастадым. Бір айдан соң – 1 мың доллар (сол уақытта – 150 000 теңге), ал 3 айдан соң алғашқы миллионымды таптым. Алғашқы фотоаппаратымды да сол кезде сатып алдым.

• Камераға әуестеніп жүргенімде, бәрін де өзім үшін түсіретінмін. Бұл істен қандай да бір материалдық пайда табуды мақсат етпедім. Айтпақшы, көп фотографтың жіберетін қателігі осы. Олар суретке түсіруді үйрене салысымен, бірден ақылы фотосессияларға тапсырыс қабылдауға көшеді. Табыс табу бірінші орынға шыққан кезде шығармашылық дамымайды.

• Мықты фотограф не видеограф болу үшін еркіндік қажет. Менің той түсірмейтін себебім де сол. Тойда қатып қалған сценарий бар, өз идеяңды іске асыруға еш мүмкіндік берілмейді. Менің жаңа Toyota Camry, Lexus автокөліктері туралы түсірген жарнамалық роликтерімнің де сәтті шығуы – процесс барысында маған шығармашылық еркіндік берілгеннен.

Жаңа көліктің бейнеролигі қалай жасалды?

• Ұшақтарда жолаушыларға фильм басталардан бұрын әдетте жарнама көрсетіледі. Меніңше, ұшақтарда көрсетілетін жарнама – ең тиімді жарнамалардың бірі. Біріншіден, аудитория төлем төлеуге қабілетті. Екіншіден, адам құлаққаппен отырады әрі бар зейінін экранға бағыттайды, яғни, алаңдататын нәрселер өте аз. Үшіншіден, жолаушылардың түгелге жуығы фильм тамашалайды, демек, жарнаманы да көреді. Төртіншіден, биікте адам өмірдің мәні немесе болашақ жайлы түрлі ойларға беріледі, дәл осы сәтте оған нативті жарнама (native advertising) өте жақсы әсер етеді.

• Мынадай қызық құбылысты байқадым. Air Astana ұшағында шетелдік киноны көрер алдында BMW-ның жарнамасы көрсетіледі де, ал отандық фильм не сериалды таңдасаң, Toyota Camry 70 автокөлігінің жарнамасы шығады. Мұны жай кездейсоқтық деп ойлағанмын, бірақ бірнеше рет тексеріп көрдім. Camry қазақтардың ең сүйікті көлігі екені белгілі ғой (күліп). Өзің түсірген бейнероликтің осылайша өзінің нағыз аудиториясының тауып жатқаны қуантады.

• Былтырғы жаз мен үшін өте жемісті болды. Toyota Motors секілді алпауыт компания өзінің жаңа көлігінің жарнамасын маған сеніп тапсырды. Тапсырыс алу бір бөлек те, оны орындау бір бөлек әңгіме ғой. Әлем бойынша әлі сатылымда жоқ автокөлікті жүргізіп келе жатқаныңда бойыңды ерекше сезімдер билейді екен. Астанаға келе жатырмыз. Өзгелер мұндай түсірілімге 20-30 шақты адам болып аттанса, біз – администратор екеуміз ғанамыз. Өзімізбен бірге ең керекті екі нәрсе бар: сүйікті камера мен шедевр жасау­ға деген шабыт. Астанада біздің түсірілім тобына 7-8 адам қосылды. Олардың жартысы – видео саласына еш қатысы жоқ, бірақ идея бере алатын кісілер еді. Түнгі 2-де Астанадан Бурабайға жолға шықтық. Мақсатымыз – күннің шығуын «ұстау» болатын. Осылай 25 күн бойы видео түсірдік. Күн шыққан және батқан 15 минутта ғана камерамызды іске қосып, қалған уақытта сценарийді ойластырдық. Тәулігіне 3 сағаттан ғана ұйықтадық. Бас-аяғы 4 мың шақырым жол жүріппіз. Біз тек көліктің кереметтігін ғана емес, өз Отанымыздың сұлулығын да көрсеткіміз келді.

Сәтті жарнама қандай болуы керек?

• Видео неғұрлым қысқа болған сайын оны түсіру де соғұрлым қиын. Мен көбінесе ұзақтығы 60 секундқа дейінгі коммерциялық роликтерді түсіремін. Бұл формат Қазақстанда енді ғана дамып келе жатыр. Біз іш пыстыратын және тым қарапайым (примитивті) жарнамалық роликтерден тезірек құтылуымыз қажет. Көрермен жарнаманы соңына дейін көріп, оның немен бітетінін білгісі келсе ғана мұны сәтті жарнама деп айта аламыз.

• Жарнамалық ролик фильм секілді басталғаны дұрыс, өйт­кені адамның миы жарнаманы байқаған кезде оны қажетсіз ақпарат деп табады да, автоматты түрде блок қойып, елемеуге тырысады. Мысалы, сіз қазір көшелердегі үлкен билбордтарға мән бермейсіз ғой?! Сондықтан жарнаманың басы кинодағыдай әдемі картинамен басталып, оған эмоциялық сәттер қосылып, оқиға дами түсуі тиіс. Тек роликтің соңында ғана лого шығады.

• Менің отандық жарнамаға онша көңілім тола бермейді. Өйт­кені бізде жарнамаға тапсырыс беруші жақ қаржыны барынша қысып қалуды ойлайды. Ешкімнің идеяға жұмыс істегісі келмейді. Әрқайсысы өз жұмысын тезірек бітіріп, ақшасын алып кетсе болды. Осының кесірінен бізде ұзақтығы 7 минутқа дейін созылатын сапасыз бейнероликтер пайда болады.

Өзге елдер де қызығушылық танытуда

• Жуырда Түркістан облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша бейнеролик түсірдім. Туризм туралы видеоны да қызықты етіп шығаруға болатынын дәлелдедік. «Видеоға неге қазақ қызын түсірмедің?» деп сұрағандар болды. Мұндай ұлтшылдықтың (ұлтжандылықпен шатастырмауыңызды өтінемін) керегі жоқ дер едім. Неге дейсіз ғой? Мәселен, қазақ қызы шетелдік жарнамаға түссе, біз таң-тамаша болып, әлгі роликті бәрімен бөлісер едік. Сол секілді, бізге де өзге мемлекеттің туристерін тарту үшін неліктен шетелдік қызды жарнамаға түсірмеске?! Тар шеңберде ойлауды қою керек.

• Аталмыш роликтен соң маған республиканың түкпір-түкпіріндегі әкімдіктердің өкілдері хабарласып, өз өңірлері жайлы видео түсіріп беруіме ұсыныстарын білдірді. Алайда көршілес Өзбекстанның Туризм министрлігі шапшаң екен, бәрінің алдын орап кетті. Қазір Өзбекстан туралы туристік мақсаттағы бейнеролик түсіру жұмыстарына кірісіп кеттім.

• Кәсібім өзіме қатты ұнайды. Бірде жаңа көліктің презентациясына бару үшін мұхит асып, Манхэттэнді шарлап жүрсем, енді бірде Қызылордадан 200 шақырым жердегі ми қайнатар шөл далада видео түсіріп жатамын. Екеуінде де өзгермейтіні – мендегі жұмысыма деген махаббат.

 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

  • Қазақстан оқушылары математика бойынша әлемнің үздік 10 елінің қатарына кірді

    Қазақстан оқушылары математика бойынша әлемнің үздік 10 елінің қатарына кірді

    Қазақстан оқушыларының математика-жаратылыстану ғылыми сауаты бойынша әлемнің үздік 10 елінің қатарына кірді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Посткеңестік елдерде кадр дайындау жүйесі еңбек нарығының талаптарына сай емес, мемлекеттік реттеу тым артық, ал оқыту негізінен академиялық сипатқа ие» деген пікір бар. Шынымен де, бұл сын әділ. Аталған проблеманы

  • ҰБТ: Бір ғана талапкер 140 балл жинай алды

    ҰБТ: Бір ғана талапкер 140 балл жинай алды

    Ұлттық бірыңғай тест тапсырған түлектерден республикалық апелляциялық комиссияға 111 өтініш түсті. Бұл туралы бүгін ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев айтты. 20 маусымнан бастап елімізде ҰБТ басталды. Бүгінгі күнге дейін бес лек өтті. Бүгін тестілеудің алтыншы күні өтіп жатыр.  Тестілеуге өтініш берген 74 365 түлектің 71 227-сі қатысты.

Пікір қалдырыңыз

Еmail почтаңыз сыртқа жарияланбайды. * белігісі тұрған бағанды міндетті түрде толтырасыз

Аты-жөні *

Email *

Телефоны

Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз.

E-mail: kazbilim@gmail.com

ZERO.KZ HotLog