|  | 

Ұрпақ тәрбиесі

Балалар мен жасөспірімдерді қауіп-қатерден қорғай аламыз ба?

Балалар мен жасөспірімдерге ғалам­торды пайдалануға шектеу қойған дұ­рыс па, әлде, керісінше, талпынысын көтермелеу керек пе? «Тыйым салайық» дегенді жақтайтындар санасы әлі қа­лыптаспаған баланы интернетке тәуелді ететін қауіпті ақпаратты алға тартады. Екінші біреулер желіде балаға білім беретін бағдарлама көп, ата-анасының сауатты бақылауы бар жерде ешқандай зиян болмайды деп санайды. Екі тараптың да сөзінің жаны бар, себебі интернетте мүмкіндік те, қауіп те зор. Жаһанданған заманның айы оңынан туып, жас та, жасамыс та ғаламтордың шырмауына түскен­де балалар мен жасөспірімдерді қауіп-қатерден, кесапаттан қорғай аламыз ба? Осы сауалға жауап іздеп көрелік.

Статистика ашқан құпия

Балалардың желідегі іс-әрекетін талдау үшін, әуелі статистикалық деректерге жүгінейік. Біз көбінесе өзімізді Ресеймен салыстырамыз. «Лаборатория Касперского» компаниясының мәліметтеріне сүйенсек, Ресейдегі балалардың 58 пайызы өзінің желідегі белсенділігін жасырады. Мәселен, ондай оқиғалардың (жас шамасына сай келмейтін контентті көру, қауіпті бөгде адаммен хат жазысу және т.б.) 92 пайызында жасөспірімдер ерекше белсенділік қаупін жасыра біледі екен. Назар аударатын жайттың бірі, Ресейдегі әрбір үшінші бала мұндай жағдайда үнсіз қалумен шектелмей, ата-анасы хабардар болмас үшін белгілі бір әрекет (ата-анасы үйде жоқта желіге кіру – 18%, құрылғысына пароль орнату – 16%, браузердегі көрген материалдарын жою – 10%) жасайды. Бұған қоса, балалардың 22 пайызы желіге құпия жолмен кіретін құралдарды қолданса, 14 пайызы өзі пайдаланған қосымшаларды жасыратын арнайы бағдарлама енгізеді. Алайда желідегі жасөспірімдердің бәрі қорғансыз емес. Зерттеуге қатысқандардың 73 пайызы ата-анасымен кибер қауіптер туралы сөйлескісі келетінін айтыпты.

Қазақстандағы «Сандж» қо­ғам­­дық қоры жүргізген әлеу­меттік зерттеу көрсеткендей, сұрау салынған 16-19 жас аралығындағы бозбала мен бойжеткендердің 60 пайызы өз ата-анасының қандай сайттарды көретінін, 65 пайызы әлеуметтік желілерде кіммен хат жазысатынын білгісі келетінін айтыпты. Ата-аналардың 81 пайызы балаларымен жаһантордағы қауіп туралы сөйлесетіні анықталған. Алайда электрондық тәуелділік (бұған смартфонға, әлеуметтік желіге, ғаламтордағы серфингке тәуелділік, бейнеойындар, селфи жатады) деген мәселе ушығып барады. Ата-аналар жасөспірімдер арасында ғаламторға, әлеуметтік желілерге, Whatsapp-қа тәуелділік 39,1 пайызды, компьютерлік ойындарға деген құмарлық 20,5 пайызды құрағанына шағымданған.

Сенім керек пе, шектеу керек пе?

Шынын айтсақ, виртуалды әлемде бала тәрбиелеу – аса күрделі, ұзаққа созылатын үдеріс. Бір анығы, өз баласымен виртуалды тақырыпта сөйлесуі үшін әр ата-ана баланың желідегі қызығушылығын түсінуі тиіс. Ол үшін сенім керек. Ресейдегі балаларды ғаламтордағы қауіптерден қорғау орталығының директоры Владимир Роговтың пікірінше, егер ондай бала көп жылдар бойы әлеуметтік желіде өзінің ережесі, тәртібімен өмір сүретін болса, ол өміріне ата-анасын кіргізбейді.

«Сол себептен, бала әлеуметтік желіде пайда болған күннен бас­тап виртуалды өміріне етене араласқаны абзал. Әр ата-ана виртуалды әлемнің негізі – желілік этикетті, мәдени қатынасты сақтау, жанжалға жол бермеу, мүдделік таңдау жасау, жаман пиғылды жандар мен арандатулардан бойын аулақ ұстау екенін түсінгені жөн. Бұл жерде олар өз баласына үлгі-өнеге көрсетіп, желідегі парақшасын сауатты жазып, жағымды топтарға мүше болып, желідегі этикетті қатаң сақтағанда ғана жақсы нәтижеге жетеді», – дейді В.Рогов.

Оның айтуынша, қазір жас­өспірімдер желіге 14 жастан бас­тап тіркеледі. Балалар мен жасөспірімдердің 10-13 жастан желіге тіркелуін заң шешпейді, ата-анасы шешеді. Олар өз баласына ерекше құқық беріп, сонымен бір мезгілде дамуы мен қауіпсіздігі үшін жауапты екенін ұмытпағаны жөн. 14 жастан бастап тіркеу құқығын олар өз еркімен шектей алады, дейді ол.

Қазақстандағы «КИДО» от­ба­сылық-психологиялық орта­лығының психолог-маманы Айнұр Күлназарова қазіргі цифрландыру үдерісінің балаларға ғаламторды шектеуге кедергі келтіретінін айтады. Оның пайымдауынша, елімізде былтыр «Балалардың денсаулығы мен дамуына зиян тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң қабылданғанына қарамастан, кез келген жасөспірім қалаған әлеуметтік желісіне еркін кіруде.

«Көптеген ата-ана үйде ғаламторды өшіріп тастағысы келеді. Бірақ әр бала үй тапсырмасын орындау үшін амалсыздан қосатынын айтады. Себебі мектепте де, университетте де мұғалімдер үй тапсырмасын ғаламтордың көмегімен орындауға міндеттейді. Жаңартылған бағдарламамен шығып жатқан оқулықтарда сілтемелер беріп, бейнежазбасын ғаламтордан іздеп, сондағы сұрақтарға жауап береді. Әрине, мұндайда сабақ орындауға ғаламторға, одан әрі әлеуметтік желіге бір кірген бала, шықпай отырады. Ол жерде қаншама қауіпті ақпарат бар. Шектеу қойғанның орнына, қарауын ұзартып береді», – дейді А.Күлназарова.

Ол ғаламтормен қоса, мектептің өзі кей жағдайда әр балаға қауіп-қатер әкелетін орын екенін ескертеді. «Бірде біздің орталыққа суицид жасауға әрекеттенген 14 жастағы қызды алып келді. Онымен психологиялық әңгіме жүргізіп, не себептен ондайға барғанын анықтадым. Бұл жерде кесапат өзі оқитын ортасынан келген. Қыз бір күні әке-шешесінен кітап сатып алуға ақша сұрайды. Оның өтінішіне қуанған анасы едәуір қаражат береді. Сол қаражатқа әлгі қыз мектептен «Өлімге дейінгі 21 қадам» атты кітапты сатып алады. Бұл – Алматы қаласында болған оқиға. Кәдімгі қатты түптелген, әдемі суреттері бар, баспаханадан шыққан кітапты біреулер әкеліп сатыпты. Оны алған екі құрбысының біреуі оқуға береді. Сөйтіп, әлгі қыз 20 күн бойы барлық қадамдарды бұлжытпай орындайды. 21-шісіне келгенде өзі өлімнен қорқып, қолының тамырларын кесіп-кесіп тастайды. Алайда ата-анасы баланың мұндай халге жеткенін біліп, бізге әкелді. Осындай кітаптардан да қауіп зор» деп әңгімеледі ол.

Әлеуметтік желілер және жеткіншектің күн тәртібі

Ресейдегі «Бақытты отбасы» орталығының директоры Ирина Корчагинаның пікірінше, ата-ана мен баланың арасында өзара сенім болған жағдайда ғана ғаламторды қолдануға шектеу қоюға болады. Ол әке-шешесі көңіл бөлмеген кез келген жасөспірімнің өзін толғандырған сауалдарға желіден жауап іздеп, өміріне қауіпті ғаламтордағы бірлестіктердің шырмауына түсетінін мысалға келтірді.

«Сондықтан әркезде балалармен сенімді, жақын қарым-қатынас жасауымыз қажет. Егер олардың күнделікті өмірінде немесе виртуалды өмірінде қандай да бір мәселе туындайтын болса, онда ол ең алдымен әкесінен не анасынан көмек сұрауы тиіс. Сондай-ақ әр баланың күн тәртібін қатаң белгілеп, оны толық орындатуды қолға алған абзал. Күн тәртібінде баланың қай кезде сабақ оқитынын, серуенге шығатынын және әлеуметтік желіде отыратынын нақты белгілеп қойған дұрыс. Себебі баланы толықтай желіден аластату мүмкін емес. Бірақ уақытын шектеуге болады», – дейді И.Корчагина.

Сарапшы-маман ата-аналардың әр баласына желіде күмәнді адамдармен таныспауын қатаң тапсыруы қажеттігін айтады. «Мысалы, аватардағы әп-әдемі, тартымды адамның арғы жағында қауіпті қылмыскер, алаяқ немесе терроршы жасырынып отыруы әбден мүмкін» деп сақтандырады ол.

Астана қаласындағы «Ақылды бала» дамыту орталығының жетекшісі, отбасылық және балалар психологы Айгүл Рахметқызы ғаламторға кірген баланы қандай да бір зиянды ақпараттан сақтап қалудың бір-ақ жолы бар, ол отыратын компьютерге тек санаулы ғана, қажетті ғана сайттарға кіре алатындай, өзгесіне блок қою керек деп есептейді.

«Оның өзінде 100% қорғап қойдым деуге болмас. Өйткені өздеріңіз білесіздер, вирус арқылы кез келген ақпарат келе береді. Соның ішінде әсіресе, зиянды, баланың миына кері әсер ететін ақпараттардан қорғану өте қиын. Оның төте жолы – баланы әлеуметтік желілерге тіркетпеу. Ол да мүмкін емес! Ал олай болса, әлеуметтік желіде отырған баланың өзін үнемі бақылауда ұстау арқылы ғана қадағалай аласыз. Және бір нәрсе, баламен ашық сөйлесу арқылы ғана қол жеткізуге болады. Бала түсінбейді емес, сөйлесу керек. Түсінеді. Жақсы мен жаманды, зияны мен пайдасын айту керек. Тек тыйым салу арқылы ғана шектеу мүмкін емес. Ол қала берді баланың агрессиясын тудырады. Әке-шеше жеккөрінішті болады. Яғни, ең дұрыс жолы зиянды ақпарат туралы балаға айту керек, сөйлесу керек. Балаға ата-ананың мейірімі, жылы қарым-қатынасы керек. Баланың өзіне деген сенімін қалыптастыру керек. Бүкіл әлем бір-біріне деген сенімнен ғана тұрады. Егер оған сенбесеңіз, ол да сізге сенбейді. Яғни, зиянды ақпараттың зиян екеніне сендіре алмайсыз. Ата-анасынан мейірім, жылулық, махаббат көрмеген, өзіне деген назардың аз екенін сезген бала оны басқа жақтан іздейді. Ал компьютердегі әлеуметтік желілер, ойындар оған «сен жамансың, қолыңнан түк келмейді, кітап оқы, ананы істе, мынаны істе» деп айтпайды. Міне, сол себепті де ол әлеуметтік желіге құмар болады», – дейді ол.

Айгүл Рахметқызы: «Тағы бір нәрсе, бала көп жағдайда көргенін істейді. Яғни, үйде ата-ананың өзі телефонға шұқшиып, әлеуметтік желіден шықпай отырса, оны көрген балалар да дәл соны қайталайды. Яғни, үйде ересектердің өздері телефонды көп ұстамауға тырысуы керек. Ойлап қараңызшы, үйде балаңыз сізді телефонмен көбірек көре ме, кітаппен көп көре ме? Осыдан-ақ, қорытынды шығара беріңіз. Сіз өсіп келе жатқан балаңыздың идеалы болуға тырысуыңыз керек! Ол сізге қарап өседі» деген пікір айтты.

Төлен ТӨЛЕУБАЙ

astana-akshamy.kz

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

  • Балаларымыз қауіп-қатерден қорғалған ба?

    Балаларымыз қауіп-қатерден қорғалған ба?

    Балалар мен жасөспірімдердің бүгінгі тынысы мен ертеңгі болашағына бас қатырмайтын мемлекеттің келешегі жоқ. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Иә, баланың қамсыз өмірі, мектеп қабыр­ғасында оқу-біліммен сусындап, келе­шекте орнын табуы ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның, мемлекеттің, тіпті адамзат баласының бірге қарастыратын мәселесі. Жуырда елордада БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) мен Денсаулық сақ­тау министрлігі ЖИТС-тің алдын алу

  • Тәрбие оңалмай, білім оңалмайды

    Тәрбие оңалмай, білім оңалмайды

    Негізінде бала тәрбиені отбасынан, ал бі­лімді мектептен алуы керек. Қазіргі заманның бір ерек­шелігі, отбасылар жағдайында әркел­кі­лік сезіледі. Біреу кедей, біреу бай, енді бі­реулер орташа тұрмыста. Міне, осы жағдайдың барлығы жиыла келіп, балалардың жан-дүниесіне, психологиясына әсер етері анық. Нәтижесінде, қазіргі балалар тәрбиенің көбін ата-анасынан емес, көшеден, теледидарлар мен смартфондардан алуға айналды. Ұлттық тәлім-тәрбиенің жүйесі бұзылды. Біздің

Пікір қалдырыңыз

Еmail почтаңыз сыртқа жарияланбайды. * белігісі тұрған бағанды міндетті түрде толтырасыз

Аты-жөні *

Email *

Телефоны

Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз.

E-mail: kazbilim@gmail.com

ZERO.KZ HotLog