|  |  | 

Редактор бағаны Ұстаз үні

Ғасыр ұстазы 13 мың, Алаш ұстазы 10 мың, Ұлт ұстазы 5 мың теңге

Ұстаздан ұят кетсе, ұлтта ар болмайды. Иә, өз басым Ғасыр ұстазы, Ұлт ұстазы, Алаш ұстазы, Ұлы дала ұстазы деген медальдарды сату немесе сатып алу түгілі сыйлыққа берсе, тағуға мен намыстанар едім.
Ұлт ұстазы деген атты тек Ахметке қолданып жүрміз, ал олар істеген тірліктің жүзден бірін тындырмай сол деңгейдегі атақты медаль етіп сатып алып тағу – ұятсыздықтың шыңы.

Бүгінде мұғалімдер арасында медаль сатып алып тағу – мода. Тіпті әлеуметтік желіде әлдебір жеке кәсіпкердің қолынан сатып алған медалін осындай марапат бұйырды деп жазып отырғанда бетімнен отым шығады, себебі, ұстазы атақ қуса, ұстазы жалғандыққа барса, ұлттың ертеңі не болмақ?
Жоғарыдағы атағы ала таудай, алты атанға жүк болар медальдарды алып жүргендер қатарында оқуды сырттай бітіріп, мектепте қалт-құлт етіп сабақ беріп жүрген, жұмыс өтілі екі жылға жетпейтін шикі өкпе әріптестеріміз де бар. Құдай-ау, не атаққұмарлық?

Кеудесіне бір медаль тақпай кеткен Алаштықтардың қазақ білімінің іргетасын қалағанда артымыздан осындай ұрпақ жалғайды деп ойласа, 37-де атылмай тұрып жүректері тоқтап қалар ма еді, кім білсін!
Күйдіргенда сондай медальді сатып алып тағып, соны жуып той жасайды ғой. Тойында Алтынсарин естімеген алғыстар мен Ахметке айтылмаған бата-тілектер қардай жауады. Соны естуші де, айтушы да беті шым етіп ұялмайды. Өкінішке екеуі де біледі, жалған көсіліп тұрғанын. Ал, осыдан кейін сыныпқа кіріп оқушыға тазалық туралы, адалдық туралы көсіліп әңгіме айтамыз? Неткен жиіркенішті.

Өткен жылы айтқым келген сөз еді, қарға қарғаның көзін шұқымайды, әріптестеріңе қатты кетпесеңші деп ақыл айтар жанашырларым шығып жүрер деп тоқтап едім. Бірақ бұл ауру асқынды. Дерт күшейді. Ұстаздың ауруын жасырғанмен, ертең ұлттың өлімін көреміз. Тәйт демесек, тәрбиеден құн кетер.
Біреулер осыны шығарып сатушыларды кінәлайтын шығар, бірақ, ақшада ар мен ұят болмайды, адамда болмаса. Бизнесте алушы болса, тауар өндіруші қашанда бар. Бизнеске айналдырып алғандар да сол арланбайтын қауымның бар екенін білетіндер.

 

Шпор шығарып сататын қоғамнан бизнес-жауапкершілік пен бизнес-адалдық сұраудың өзі артық. Олар Абай атамның “Есектің артын жусаң да, мал тап” дегенін дұрыс жағынан түсініп алған алаяқ бизнесмендер. Олар сол алаяқтығын істейді. Сатып алып кеудеге тағушылар бар кезде, жасап сатушылар бола береді, бола береді.
Бірақ ұстаз бен ұлт, Алаш пен ұлы дала қазақ үшін де, ел үшін де арзан ұғым емес. Сондықтан мұндай атағы аспанға шыққан медальдарды жасаушыларға тиым салу керек. Кеудеге тағатын даңқ ордендерінің қадірі түскен бұл қоғамда адам құнының қадірі де соған ілесе түспесін деген ой ғой.

Иә, менің әріптестерім, еңбегіңізбен, әйтпесе әлдебір ақшаңызбен бір алаяқ бизнесмен шығарған жылтырағыңыз болса, сандығыңыздың түбіне емес, отқа тастай салыңызшы. Қазір қоғамнан кейін ұрпағыңыздан ұят болар. Менің атам, әжем атақты да сатып алыпты, – деп жүрсе өлім ғой.

Аа, айтпақшы бізде атақ сатып алу мен оның атының ала таудайлығының басы да, аяғы да бұл емес. “Қазақстанның құрметті азаматы” атағын да сатып алып, ұялмай тағып жүрген ессіз эстрада жұлдыздары да болды емес пе?

Осы бетпен кете берсек, әлемнің №1 құрметті азаматы атағын да естірміз. Тәйт, тілім тасқа. Ертең мен кімдерді тәрбиелеп жатырмын деп Аятқайғы боп кетермін.

P.S. Ахаңа “Ұлт ұстазы” деген атты өзі өмірден кеткен соң, алғаш рет педагог, ақын Мағжан Жұмабаев мақаласында қолданып, ары қарай Ахаңның төл паспортына айналған екен. Ал, сіздерге де сол тарих берер биік бағаны тілеймін, қазірше құнымыз арзандамасын. Әйтпесе, мың медаль сатып алып тақсаң да, арзан құныңды еш арттырмайды.

Аятжан Ахметжанұлы. Республикалық «QAZBILIM» орталығы директоры. 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

  • Аятжан Ахметжанұлы. Сайлау туралы

    Аятжан Ахметжанұлы. Сайлау туралы

    Сайлау туралы 1. Бұған дейін өзім көрген 2011 жылы және 2015 жылы екі рет президенттік сайлау, екі рет парламенттік сайлау өтті. Өкінішке, тек парламенттік сайлауға бардым. Президенттік сайлауға барып дауыс бермедім. Неге? Себебі, 2011 жылы президенттік сайлауға «Нұр Отан» партиясынан Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Коммунистік Халық партиясынан Жамбыл Ахметбеков, тағы бір аты белгісіз партиядан Ғани Қасымов,

  • Өзге тілдерден термин қабылдау делдал тілдің көмегінсіз жасалуы тиіс

    Өзге тілдерден термин қабылдау делдал тілдің көмегінсіз жасалуы тиіс

    Латын графикасына көшуді кезең-кезеңімен жүзеге асыру барысында атқарылатын жұмыстар ауқымы аз емес. Соның бір бағыты терминология саласы. Қазіргі уақытта осы бағыттағы жұмыс тобы соңғы 40 жыл ішінде қазақ тіліне бейімделген немесе аударылған жиі қолданылатын 2000 терминнің тіркелімін дайындаған екен. 500 беттік ағылшын, орыс және қазақ тілдерінде шет тілдер терминдерінің сөздігі жобасы әзірленді. Осы жұмыс аясында

Пікір қалдырыңыз

Еmail почтаңыз сыртқа жарияланбайды. * белігісі тұрған бағанды міндетті түрде толтырасыз

Аты-жөні *

Email *

Телефоны

Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз.

E-mail: kazbilim@gmail.com

ZERO.KZ HotLog