|  | 

Ұрпақ тәрбиесі

Мұхтарбай Өтелбаев: ҒАЛЫМДЫҒЫМ ҚАЗАҚТЫҒЫМНАН САДАҒА

Өткен жылдың соңын ала астаналық ғалым, мәшһүр математик Мұхтарбай Өтелбаевпен кездескенімізде өзге ғалымдар шеше алмай жүрген бір проблеманы шешкенін айтқан. «Бірақ әлі жазып бітіре алмай жатырмын. Жаным әбден қиналды. Жаңалығымды редакцияға өткізгенше өмірден озып кетем бе деп те қорқамын. Бірақ Алла «мыңжылдықтар проблемасының» бірін шешуді менің маңдайыма жазған соң, жанымды алмас әзір» деген-ді. Арада көп уақыт өте қойған жоқ, профессордың үлкен еңбегін жарыса сүйіншіледік. Қазақтың атын әлемге паш еткен жақсы жаңалықтың ізін суытпай, математик-ғалыммен тағы жүздескенбіз. Әңгімеміз былай өрбіді…

Ғылым даму үшін дәстүр қалыптасуы керек

– Мұхтарбай аға, бүгінгі ғылым ақсақалдарының бірісіз. Осы орайда, сөз басында ғылымның кешегісі жөнінде әңгімелесеңіз.

– Жалпы, математика ғылымы жа­йында айтсам, 1937 жылғы саяси қуғын-сүргінде жақсы ғалымдардың бәрін дерлік қырып тастады. Сол зобалаңда Ақбергенов деген маңдайымызға біткен мықты математик те атылып кетті. Біз есімдерін білмейтіндер қаншама. Осы себептен болса керек, 1960 жылдарға дейін Қазақстанда математика ғылымы дамыған жоқ. Ол кезде қандастарымыздың көбісі ауылда болатын. Қалаға келіп оқу өте қиын еді. Сондықтан арамыздан жөні түзу ғалым да жарып шыға алмады. Бірақ, 1965 жылдары, яғни билікке Дінмұхамед Қонаев келгеннен кейін қазақ ғылымының тамырына қан жүгірді. Игі үдеріс математика ғылымына қарқынды ілгерілеу әкелді. Көрнекті математиктер пайда болды. Айталық, Асан Дабысұлы, Оразбаев, Жәутіков… Бұл ақсақалдардың ізін басып Сұлтанғазин, Қасымов, Беделбаевтар келді… Осы тұлғалар көрінгеннен соң, яғни жетпісінші жылдары, Димекеңнің қолдауы болса керек, ғылымның дамуы тіпті үдей түсті. Мысалы, 1977 жылы Қазақстанда математика ғылымының докторы төртеу еді, бесінші болып мен қосылдым. Десе де, Өзбекстан, Әзербайжан, Армения, Грузия, Латвия, Белоруссия, Украина Республикаларымен салыстырғанда артта болатынбыз. Бірақ 1991 жылғы Дүниежүзілік конгресте жария болған мың көрнекті математиктің отызға жуығы қазақтар еді. Демек, біз адам басына шаққанда ең мықты деген Украинаның, Ресейдің алдына шығып кеттік. Еуропа мемлекеттерінің кейбірінен озық болдық. Бұл – математика ғылымынан ғана. Себебі, бұл ғылымды дамытуға көп қаражат жұмсала қоймайды, қағаз, қалам және бас болса, болғаны. Сол тұста ұлтымыз математикаға өте қабілетті халық екенін дәлелдеп шықты. Кейін де мұны бірнеше ғалымдарымыз дәлелдеп жүрді.

1991жылы еліміз егемендігін алғанда әріптестерім қатты қуанды. «Енді тәуелсіз өркендеуіміз басталады. Қазақ ғылымының дамуына бәріміз аянбай күш-жігерімізді саламыз» десіп, бөріктерін аспанға атқан. Алайда, біздің арамызда «псевдоғалымдар» да бар еді.

Кешіріңіз, «псевдоғалымдар» дегеніңізді қалай түсінеміз?

– «Псевдоғалымдар» дегеніміз – ғалым деген аттары бар, ғалымның бойындағы бірнеше қасиеттер де табылады, бірақ дарынды ғалым емес. Мысалы, математикада «дифференциалдық оператор» деген термин бар. Дифференциалды қасиеті бар, бірақ дифференциалды емес оператор да болады. Оларды «псевдодифференциалды» дейді. Міне, мен осыдан алып отырмын ол сөзді.

Сол тұста мемлекет қазынасынан академияға, жоғары оқу орындарына аз болса да, жеткілікті қаражат бөлініп тұрды. Бұл қаржы ғылымның алғашқы деңгейін ұстап тұруға жетер еді. Бірақ әлгі жалған ғалымдар Президентті алдады, министрді алдады, осылай ғылымды да тоқырауға ұшыратты. Бұл тоқырау, шын мәнінде, 1992 жылдың соңында, 1993 жылдың басында басталды. Біз экономикалық дағдарыстан 2000 жылдары шықсақ, ғылымдағы дағдарыс әлі жалғасып келе жатыр. Себебі, бірнеше буыннан ажырап қалдық. Дәл қазір жастары елуден төмен ғалымдардың біреуін ғана атай алам. Оның өзі Моңғолиядан келген. Бәлкім, мен білмейтін дарындылар да бар шығар…

Ал біздің кезімізде, 1970-1985 жылдар аралығындағы математиктердің көпшілігі қырық жастан төменгілер болатын. Енді математикадағы дағдарыс кем дегенде он бес-жиырма жылға созылады. Себебі, экономикалық дағдарыс он жыл болса, ғылымдағы дағдарыс одан көбірек болады екен. Егер экономикалық дағдарыс бір-екі жыл ғана болса, ғылымдағы дағдарыс білінбеуі де мүмкін. Оның үстіне, ғылымның дамуы үшін дәстүр керек. Біз манағы он жылғы дағдарыста псевдоғалымдардың өтірігінің кесірінен талай дәстүрімізден ажырап қалдық. Ұлттық академияның өзін құртып жібердік, ол жәй ғана қоғамдық ұйым болып қалды. Ондай беделі кем академиялар қазір толып жатыр. Тіпті, бір-екі өтірік ғалымды жинап алып, ауылдан да ашып алуға болады. Осы дәстүрден ажырауымыз дағдарыстың созыла түсуіне әкеліп соқты.

Ілгерілеуімізге жалған ғалымдар кедергі жасауда

– Яғни, Кеңес заманындағы ұлттық академияның ғылымды дамытуда ықпалы зор болды демексіз ғой?..

– …Рас, ол академияның да кемшілігі болды. Іргелі мекемеге кіріп алып, кәсіподаққа, лауазымды адамдарға сүйеніп, шықпай қоятын ғалым-сымақтар бар еді. Ол тұста да ешкім керек етпейтін нашар ғалымдар қаптап жүретін. Десе де елу пайыздан аспайтын. Негізінен, талантты жастар қатарымызды толықтырып отыратын.

Ғылымның басында отырғандардың арасында сыбайлас жемқорлық болмады деу де қиын, рушылдық, топтасу үрдістері де табылды. Олардың ғылымға зияны тиген кездері де бар-тын. Бірақ қазіргі жағдайдағыдай өте ұятсыз емес еді. Бұрын жоғары оқу орнының оқытушылары, ғалымдары пара алды деген сыбыс естілсе, ұялатынбыз. «Ұяттан өлім артық» дейтінбіз. Қазір пара алғанына мақтанатындар өріп жүр. Содан кейін, ол кезде біреудің жұмысын көшіріп алып, қорғау жағдайларымен жаппай күресетін. Мысалы, қазіргі Абай атындағы педагогикалық университеттің сол кездегі ректоры плагиат жасады деп арамыздағы бір азамат әбден айқасты. Ал бүгінде плагиатпен күресуге тіпті мүмкіндік жоқ. Себебі, мұндай оқиғалар өте көп. Бұл қазіргі ғылымның дамуына кедергі, тосқауыл болуда.

– Әсіресе, соңғы жылдары бұл салаға Елбасының қамқорлығымен қыруар қаражат бөлінуде. Бұл да жаңа ғана сіз айтқан ғылымдағы дағдарыстың соңын жақындата алмайды ма?

– Президент те адам, құдай емес, бәрін білуге мүмкіндігі жоқ. Соңғы төрт-бес жылда ғылымға айрықша назар аударыла бастағаны көңіл көншітеді. Өйткені, қай саланы да дамыту үшін алдымен қаражат керек. Ал бұл Мемлекет басшысы қамқорлығының арқасында молынан қаралуда. Өкініштісі, мұнда да бөлінген қаражатты алдымен жалған ғалымдар алады, көбіне дарынды ғалымдардың қолына тие бермейді. Осылай жалғаса берсе, ғылым дағдарыстан алдағы он-он бес жылда бір-ақ шығады. Псевдоғалымдар бара-бара азаю керек. Себебі, олар қаңбақ секілді, тұрақ жоқ.

Қазір ғылымға бөлінген қаржының елу пайыздайы ғана өз мақсатына жұмсалып отырса, алдағы он жылда тоқсан пайызға дейін таза ғылымға түсер. Сонда ғана саланың қарыштап дамитынына сенуге болады. Мұны Президент те біледі деп ойлаймын. Әлгі келеңсіздікпен күресу керек. Бірақ псевдоғалымдар күшіне әбден еніп алса да, бірте-бірте өз-өздерін құртады. Мүлде құртады деп тағы айта алмаймын, азайтады. Сонда да ғылым дамудың даңғыл жолына түсетін сияқты.

– Өткен жылдың соңында Елбасы бастамасымен қолға алынған «Болашақ» бағдарламасының жиырма жылдық мерейтойын атап өттік. Сонда бағдарламаның жемісін бере бастағанына да көзіміз жеткен. Сіздің ойыңызша, өзге мемлекетте білім алып келген «Болашақ» түлектерінің ғылым саласына қаншалықты пайдасы бар?

– Шет елден үйренген дұрыс. Бірақ, бастапқыдай мектеп оқушыларын өзге елге жіберуге мүлде болмайды. Жоғары оқу орны студенттерін де бакалавр бойынша оқытуға жіберуді мүлде тоқтату керек, меніңше. Магистратураның кейбір тапшы мамандықтарын ғана өзге елде оқытқанымыз абзал. Ал PhD докторантураны оқытуға жастарды жіберу қажет. Мұнда да мына жайтты ескерген жөн: «Жалғыз ағаш орман емес» дейді халқымыз, ғылымға қабілеті бар жас шет елдің ең мықты университетін бітіріп келді делік. Ол ортамызға оралысымен айналасында бәсекелесетін әріптесі болмаса, идея алмаспаса, білгенін ешкімге үйретпесе, біртіндеп талантынан айырылып қалады. Себебі, атом бомбасы жарылу үшін жалпы массасы бір келі болу керек. Оған жетпесе, кішкене жылуы мүмкін, бірақ жарылмайды. Сол сияқты, ғылымды дамыту үшін таланттылар көп болу керек. Қазір жас ғалымдардың шет елге оқуға кетуінен жалпы массаны жасау мүмкіндігіміз азайып кетті. Оның үстіне, академияны бүлдіріп алдық.

Германия, Америка, Қытай сияқты алпауыт елдердің кейбір үлкен қалаларының тұрғындары бір Қазақстанның халқымен тең. Сондықтан олар бір қалада, бір университетте ғылымды дамыта алады. Өйткені, жалпы масса жоғары. Ал біз Алматы, Шымкент, Астана қалаларында жалпы массаны жасай алуымыз мүмкін, басқа өңірлерде өте қиын.

Қара тақтадан әзір қол үзуге болмайды

– Сөз басында ғылымдағы дәстүр жайында айтып қалдыңыз. Бүгін сондай дәстүр қалыптасып үлгерді ме?

– Білім және ғылым министрлігіне басшылыққа келгендердің бәрі реформа жасауға құмар-ақ. Артымда із қалсын дей ме, қайдам. Алайда, сол өзгерістері салаға зиянын тигізіп жатады. Ғылым мен білімге өзгеріс енгізу үшін әбден ойланып, толғанып, ақырындап іске кірісу керек. Өйтпесе, бүлініп кетеді. Кез келген ғылым дами бастағанда, онымен бірге бір дәстүр қалыптасады. Министрліктің жаңа реформасының жолында сондай дәстүрге қайшы келіп қаламыз. Бұл жағдай көбіне дағдарысқа әкеледі.

Қазір заман тез өзгереді, дәстүр олай құбылуға тиіс емес. Мысалы, біз қара тақтаға жазып үйрендік. Соңғы жылдардағы технологиялық үдеріс қолданысымызға интерактивті тақтаны енгізді. Оның қара тақтадан қанша артықшылығы болса, сонша кемшілігі бар. Артықшылығы сол, бір нүктені баса қойып, көптеген суреттерді шығара саласыз, басқа да түрлі әдістерді қолдана аласыз. Қара тақтада қолыңызбен жаза отырып ойланасыз, ойлана отырып жазасыз және айтасыз. Бүгінде аудиториялардағы қара тақтаны сыпырып тастап, жаңа тақтаны орнатуда. Меніңше, кем дегенде жиырма жылға дейін екеуі қатар тұруы керек. Өйткені, қазіргі профессорлардың тоқсан пайызы қара тақтаға ғана жазып, ойлана алады.

– Жалған ғалымдардың ғылымға кесірі төңірегінде де айттыңыз. Қазір әріптестеріңіздің арасында сондайлар көбейіп кетті деп алаңдамайсыз ба?

– Шындығы сол, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында псевдоғалым­дар өте аз болды. Математика саласында қазірге дейін сирек. Өйткені, математикадан ғалымдығын қорғай алмаған ғалым басқа саладан, инженер, информатика сынды мамандықтардан кандидаттық немесе докторлық диссертациясын қорғап алады.

– Бұл математиканы білген адам басқа саладан қиналмайды дегеніңіз ғой?

– Иә, мектеп оқушысы да математика пәнінен сауатты болса, басқа пәндерден де жақсы баға алады. Тақырыпқа қайта оралайын, Асқар Жұмаділдаев деген өте дарынды математик «Кейбір ғылымдағы ғалымдардың тоқсан пайызы плагиаттар. Солармен күресу керек» деп үнемі айтады. Бірақ олар күрессең де, күреспесең де жеңілмейді. Қайта, PhD докторантура пайда болғалы тоқтады. Докторантураның талаптарын жазуға мен де атсалысқанмын. Алайда, оның кейбір тұстары министрліктің сүзгісінен өтпей қалды. Өйткені, ол жерде де псевдоғалымдар бар. Егер өткізсе, өздері көрнекті ғалым болмай қалады ғой. Осылайша талаптарымыз бастапқы нұсқасынан нашарлап қалды. Десе де осының өзі он шақты жылға жетеді…

Қазақ тілі мен қорғаныс мәселесі көп мазалайды

– Ұлттың мәселесіне де аз-маз орала кетсек, тәуелсіз қазақ қоғамында сізді не мазалайды?

– Мені көп ойлантатыны – тіл мәселесі. Ана тіліміз шын мәнінде мемлекеттік тілге айналмаса, Қазақстан егемендігінен айырылатынына күмән тудырмаймын. Себебі, космополиттер тым көбейіп кетті. Орыс тілді шенеуніктер басым.

Екінші түйткіл, қорғанысымыз әлсіз. Көршілес Қытайдың, Ресейдің әскерінен әлдеқайда азбыз. Сондықтан қанша аз болсақ та, қорғана алатындай амал іздеуіміз керек. Мысалы, біз Кедендік одақтың мүшесіміз. Ыңғайымызға қарай бұлқынсақ, жан-жағымыз күш көрсетуі мүмкін.

Кедендік одақты мақтап жүргендер де баршылық. Бірақ мен бұл үштікті карта ойнап отырған бір аю, екі қоян сияқты елестетем. Біреуі – дәу, денелі, екеуі – кішкене ғана. Аюдың қолындағы картасын қарауына құқы бар. Екі қоян қарай алмайды. Қараса, дәу бүйірінен періп жібереді. Олар жәй ойнағанның өзінде дірілдеп отыр. Бір табақтан тышқан мен мысық тамақтана алмайды ғой…, сол сияқты.

– Белгілі ақын Мұхтар Шаханов «компьютер басты ұрпақ өсіп келеді» деп дабыл қақты. Оған өзіңізді №1 математик деп бағалаған Асқар Жұмаділдаев «бізге компьютер басты ұрпақ керек, ұлт заман талабына сай дамығаны жөн» деп жауап қатты…

– Екеуіне де келіспеймін. Мұхтардың айтқаны таңнан қара кешке дейін техниканың алдында отыратын балалар ғой, ондайлар сирек. Мұндай ұрпақ өкілдері алдағы уақытта да болады, бола береді. Оны компьютердің алдынан шығарсаң, я алқаш, я қаңғып кетуі мүмкін.

Маған бірінші кезекте, қазақтың қазақ болғаны керек. Менің ғалымдығым да, профессорлығым да қазақтығымнан садаға. Алдымен қазақпын, мұсылманмын, содан кейін ғалыммын. Халқымның, әкемнің, анамның ар-намысын аяқасты қылсам, адамдығымнан не пайда, не қайыр?!

«Мыңжылдық проблеманы» шешуге отыз бес жыл ғұмырым кетті

– Әлемдік математика ғылымына осы күнге дейін де бірнеше жаңалық, Өтелбаев формуласын енгіздіңіз. Сол тұста сізді еврейлер өз еліне шақырған көрінеді… Анық-қанығын өз аузыңыздан естісек.

– Біріншіден, мені ешкім өз еліне шақырған жоқ. Екіншіден, қазір қанша мықты болсам да мені шет елге жұмысқа алмайды. Өйткені, өліп қалады деп ойлайды. Расында, Арабияға барып жұмыс істесем, көп ұзамай өліп қалуым кәдік еді. Оның үстіне, өзімнің де елімді тастап ешқайда кеткім келмейді.

Отыз бес жасымда Мәскеуде докторлық диссертациямды қорғағанымда оқу орны басшылығы өз орталарында алып қалғылары келген. Ол кезде Қазақстан егемендігін алмаған, жағдайымыз тым төмен болатын. Сондықтан өз ұлтыма бір мысқалдай болса да пайдамды тигізем деген ниетпен елге оралғанмын. Арада біраз уақыт өткеннен кейін бір функция ойлап таптым. Сол барған сайын етек алып, белгілі болып барады. Басқа да жаңалықтарым әріптестерімнің қолданысында.

– Соңғы сауалымды ұзақ жылдар уақытыңызды жұмсап, жақында ғана сүйіншілеген жаңалығыңызға арнасақ. «Мыңжылдықтар проблемасының» жеті математикалық теңдеуінің бірі саналатын бұл еңбегіңіздің мәні мен маңызы жөнінде әңгімелесеңіз.

– Бұл күрделі жеті математикалық есептің қатарына енген «мыңжылдық проблеманы» шешуге ғұмырымның отыз бес жылы кетіпті. Талай рет тұйыққа тіреліп, «нәтиже шықпайды» деп қолымды бір сілтеген кезім де аз емес. Бірақ тылсыми бір күш жанымды жиі мазалап, есепті қайта қолға алуыма итермеледі. Ақыры, бірде қателесіп, бірде жолын тауып, былтыр осы уақытта шығардым. Бұл – сұйықтық қозғалысының бір моделі. Ол арқылы кез келген сұйықтықтағы қозғалыс­тың әсер ету күшін анықтауға болады. Мәселен, су құйылған шыныны ақырын қозғалтып, осы теңдеуменен сұйықтықтың қозғалысын есептей аласыз.

«Новье-Стокс теңдеулерінің мықты шешімінің болуы» атты еңбегімнің негізін бітіре сала, әріптестеріме түсінікті болу үшін жазуға кірістім. Себебі, ғылымда жаңадан ашылған жаңалықтың түсініксіз тұсы болса, мойындалмай қалуы мүмкін.

– Жағымды жаңалық басылымдарда жарияланды. Әріптестеріңіздің әзірге көзқарасы қандай?

– Ресейлік ғалымдар жоғары бағалады. Енді еңбегімді ағылшын тіліне аударып, шетелдік ғалымдардың назарына ұсынамын. Алайда, дүниежүзілік математиктер қоғамының мүшелері теңдеу шешімінің маңыздылығын мойындауы үшін әлі бір жылдай уақыт керек.

Әңгімелескен Асхат РАЙҚҰЛ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

  • Балалар тағамының құрамында не болуы керек?

    Балалар тағамының құрамында не болуы керек?

    Баланың дұрыс тамақтануы – оның денсаулығының кепілі. Бала бір орында отырмайды. Олар ойнайды, сабақ оқиды немесе спорттан дайындық сыныптарына барады. Яғни, оның жейтін асы пайдалы, тағамдық құныдылыққа бай әрі дұрыс болуы тиіс.Бала күніне қанша мөлшерде нәруыз, көмірсу не май тұтынуы керек деген сұраққа жауап іздесеңіз, төмендегі ақпарат зер салыңыз.

  • Қиын балаларды қатарға қосу қиын ба?

    Қиын балаларды қатарға қосу қиын ба?

    Қазақ қашанда саналы ұрпақ тәрбиелеуді назардан тыс қалдырған емес. Ал қазіргідей жария қоғамда бала тәрбиесі бұрынғыдан бетер алаңдатады. «Қиын бала» ұғымы педагог-психологтар арасында өткен ғасырларда-ақ кең тарады. Осы тақырып төңі­ре­гін­де көпте­ген еңбектер жарық көр­ді. Соның бірі – ағылшын пси­хиатры Стэнли Турецкийдің (Stanley Turecki) «Қиын бала» кітабы. Аталған еңбе­гінде автор алдымен «Сізде қиын бала бар ма?»

1 пікір

  1. проф. Совет-Хан Ғаббасов

    # проф. Совет-Хан Ғаббасов 03.04.2014 22:12
    БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ ТҰСАУЛАНЫП ТҰР ( Абай кз )
    проф. Совет-Хан Ғаббасов бн, 03/04/2014 – 17:13
    Мен көтеріп жүрген “Адам тәрбиесінің жаңа ілімімен” дүниеге келген балалар қазір республикаға белгілі бола бастады. Мәселен, Президентіміз өзі құшақтап суретке түскен БАЛА ЖАМБЫЛ ды айтсақ, немесе 4-рет шахматтан ӘЛЕМ ШЕПИОНЫ болған ЖАНСАЯ ны, тіпті мамандығым дәрігер болғандықтан туған сәтінен бастап 3-жыл бойы үзбей байқауымда болған ҮШ БАЛА – үшеуі де 14- жасында 11- жылдықты АЛТЫН БЕЛГІГЕ бітіріп, грантпен университеттері н бітіріп, ерекше қабылеттерімен жұмыс істеп жүр. Бұлар 6- РАССАНЫҢ өкілдері, ТӘН құмарлығынан құтылған – ЖАН құмарлығына ауысқандықтан, олар – АРАҚ- СЫРА- ТЕМЕКІ – НАША – т. б. құмарлықтардан мүлдем ада (таза) деуге болады. Міне осы ІЛІМДІ мемлекет деңгейінде 20- жылдай жүргізгенде, бүгінгі ҰРПАҚ мүлдем жаңа сатыдағы тәрбиеде болар еді. Ал енді ҮКІМЕТ түсінбесе де… ЕЛ-ЖҰРТ бүкіл ағартушы қауым қолға алып, шыққан кітаптарды оқып ұрпағымыздың келешегін қолға алуды ұсынамын. Бүгінгі балалардың ауруларының асқынып тұрғаны соншама, тіпті ТЕЛЕАРНАЛАРДАН ауру баланы емдетуге көмек сұраушылар қаптап кетті. Ал жаңа ілімнің І-ші негізіндегі ҰРЫҚ ТАЗАЛЫҒЫН сақтау арқылы ғана қазіргі 1000-нан аса аурудың 85-90 % жоюға болады. Бұл аурулардың барлығы да ” ҰРЫҒЫНАН УЛАНЫП” туғандықтан белең алған дерт екені ғылыми дәлелденіп отыр. МЕН қанша сұраса да басқа тілдерге аударуға бермей келдім. Өйткені, бұл ІЛІМДІ тұтастай ПАТЕНТТЕУГЕ … тек 2011 жылы ғана қолым жетті. Қайран жұртым Қазағым… Ұлт тағдырын – Ұрпақ қана шешетінін түсінсеңіздер сауап болар еді…

Пікір қалдырыңыз

Еmail почтаңыз сыртқа жарияланбайды. * белігісі тұрған бағанды міндетті түрде толтырасыз

Аты-жөні *

Email *

Телефоны

Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз.

E-mail: kazbilim@gmail.com

ZERO.KZ HotLog