|  |  | 

Үздік Ұстаз

Шымкентте қарапайым мұғалім 300 000 теңгеден жоғары айлық алды

342 000 теңге. Бұл – Шымкент қаласының Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының мұғалімі Аида Айтқожаеваның айлығы. Әйткенмен, мұндай еңбекақы – оның бір аттап жеткен айлық жалақысы емес. Талай жылдарының еңбегі деп жазды otyrar.kz сайты. 
Айтуынша, еңбек жолын алғаш бастағанда алған айлығы бұдан бірнеше есе аз болыпты. Тіпті, айлығы шайлығына жетпей, қиналған кездері де жетерлік. 
Дегенмен қол қусырып отырмай, айлығын өсіруге сеп болар біліктілік жетілдіру курстарының бәріне қатысқан. Сонымен орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің осындай айлық алуының сыры неде? Мектеп мұғалімдері көп айлық алуы үшін не істеуі тиіс? Бар сұрақтың жауабын Аида Айтқожаеваның өзінен сұрап–білдік.

АЛҒАШҚЫ АЙЛЫҒЫМ 100 РУБЛЬ БОЛДЫ

Аида Айтқожаева

– Пединститутты 1988 жылы тәмамдадым. Ол кезде жұмысқа оқу орнының жолдамасымен қабылдайтын. Сөйтіп, мемлекеттік жолдамамен №5 мектепке жұмысқа орналастым. Бірақ, жұмыс істемедім. Себебі, аяғым ауыр еді. Мектепке тіркелдім де, бірден декреттік демалысқа шығып кеттім. Араға бір жыл салып, 1989 жылдың қаңтар айынан өз еркіммен №41 мектепке ауысып, жұмысқа кірістім. Ең алғашқы ұстаздық жалақымды сол кезде алдым. Мөлшері – 100 рубль еді, – дейді Аида Айтқожаева.
КСРО тұсында алғашқы жалақысы 100 рубль болған мұғалім: еліміз тәуелсіздігін жариялағанынан кейін ұлттық валюта – теңге айналымға енгенде, айлығы 30 мың теңгеден аспағанын айтады.
– Теңге ауысқанда декреттік демалыста болдым. Сондықтан да, алғашқы теңгелей жалақымды 1995 жылы осы мектепке орналасқанда алдым. Оның мөлшері – 30 мың теңге еді. Араға 23 жыл салып айлығым – 342 мың теңгеге жетті. Бұдан зейнетақы жарналары, әлеуметтік жарналар мен басқадай шығындар шегеріледі. Сонда қолыма таза – 270–275 мың теңге тиеді. Бұл да аз ақша емес. Соған шүкіршілік етемін. Айлығым осыған жетуі үшін көп еңбектендім, біліктілігімді арттырдым, қажетті курстарға қатысып білімімді шыңдадым, тынбай іздендім,–дейді кейіпкеріміз.

ҚАНДАЙ МҰҒАЛІМНІҢ ЖАЛАҚЫСЫ ӨСЕДІ?

Аиданың сөзін әріптестері де қостайды. Информатика пәнінің мұғалімі Нұрзия Қасымова да солардың бірі. Айтуынша, ізденімпаз, білуге құштар, біліктілігін шыңдаудан қашпайтын ұстаздар үшін өріс кең. Жоғары жалақы – соның айғағы.

Нұрзия Қасымова

– Осы мектепте информатика пәнінен сабақ бергеніме 15 жыл болды. Бұрындары жалақым орта есеппен 70–80 мың теңгеден аспайтын. 2016 оқу жылдан бастап 1 сыныптар, 2017 жылдан бастап 2; 5; 7, 2018 жылдан бастап 3; 6; 8 сыныптар жаңартылған білім мазмұнымен оқуға көшті. Осы сыныптарда өтетін сағаттарым болғандықтан жалақыма – 30 пайыз үстемеақы қосылды. Бұдан бөлек үштілділікке байланысты ағылшын тілінің курсына қатысып, «В2» тілдік деңгейі бойынша сертификат алдым. Осы сертификат маған информатика сабағын ағылшын тілінде өтуге жол ашты. Биылдың қыркүйек айынан бастап жалақыма тағы да 35 мың теңге қосылды. Сөйтіп, басқа шығындарды алып тастағанда бүгінде алатын айлығым – 180 мың теңгеге жетті,–дейді Нұрзия Қасымова.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Марфуға Кунтаева да біліктілігін арттырып, түрлі курстарға қатысатын ұстаздарға мемлекет тарапынан қолдау бар екенін айтады.
– Еңбек өтілім 20 жылдан асатын, жоғары санатты, бірінші деңгейлі ұстазбын. Еңбек өтілім мен санатыма байланысты, 18 сағатқа арналған жалақыма базалық лауазымдық жалақының – 100%-ы қосылады. Бірінші деңгейлі ұстаз болғаным үшін (18 сағатқа арналған) жалақыма тағы да үстемеақы қосылады. Оның мөлшері лауазымдық жалақымның мөлшерімен пара-пар. Жаңартылған білім мазмұнымен оқитын сыныптарға сабақ бергенім үшін тағы да 30 пайыз үстемеақы аламын. Оған «шебер мұғалім» деген лауазымым үшін тағы да 50 пайыз үстемеақыны қосыңыз. Осылайша 30 сағаттық жүктемемен – 270 мың теңге жалақы алып отырмын. Мұның барлығы да біліктілігімді арттырғанымның нәтижесі,–дейді Марфуға Кунтаева.

ЖАЛАҚЫСЫ АЗ МҰҒАЛІМДЕР ДЕ БАР

Айгүл Керімбаева

Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп–гимназиясы дирек-торының орынбасары Айгүл Керімбаеваның айтуынша, аталған білім ордасындағы ең төменгі жалақы – 46 мың теңге.
– Ол да магистрант-оқытушының айлығы. Еңбек өтілі жоқ, аптасына 3–ақ күн жұмысқа келетін оның жалпы сағаты – 12. Сондықтан айлығы аз. Ал еңбек өтілі 1 жылға толмаған, 18 сағаттан кем емес сабағы бар кейбір ұстаздар 83 мың (грязный) теңге айлық алады екен. Бірақ, мұндай жалақы алатын ұстаз бұл мектепте саусақпен санарлық. Мәселен, білім ұясында 180 мұғалім болса, соның 101–і жоғары, 38–і бірінші, 24-і екінші санатты ұстаз. Осы мұғалімдердің 68–і деңгейлік курстан өткен. Яғни оларға деңгейіне орай үстемеақы қосылады. Ал 1,2,3,5,6,7,8 сыныптарда сабақ беретін мұғалімдердің барлығы жаңартылған білім бағдарламасымен жұмыс жасағаны үшін 30 пайыз үстемеақы алады. Бөлек ұлттық біліктілік тестін тапсырып, «шебер педагог», «зерттеуші педагог», «сарапшы педагог», «педагог модератор» біліктілік санатын алған ұстаздарға қосымша үстемақы бар. Үштілділік аясында жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытатын ұстаздарға да 35 мың теңге көлемінде ақы төленеді,-дейді Айгүл Керімбаева.
Ол мұғалімдерге мемлекет тарапынан барлық жағдайдың жасалып отырғанын айтып, мұғалімдерді біліктілігін арттыруға, курстарға қатысуға шақырады. Себебі, курсқа қатысып біліктілігін арттырған мұғалімдердің жалақысына әжептеуір үстемеақы қосылады екен

СОНЫМЕН… НЕ ІСТЕМЕК КЕРЕК?

Педагогтардың әңгімесінен түйгеніміз 250–300 мың теңге жалақы алу үшін біліктілікті шыңдап, курстарға қатысу керек. Осы орайда педагогтар үшін қандай курстар бар? Оған қатысудың талаптары қандай? Ол үшін не істеу керек? Бұл сауалдардың жауабын Шымкент қалалық білім басқармасынан сұрап-білдік.

– Елбасы 2011 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «2020 жылға дейін барлық мектептер 12 жылдық білімге көшуі керек» деген болатын. Осы орайда «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес, 2016 жылдан бастап еліміздің білім беру жүйесі жаңартылған білім беру бағдарламасына кезең-кезеңімен көшіріле бастады. Бүгінгі таңда жаңа бағдарлама 1,2,3,5,6,7,8 сыныптарға енгізілген. Жаңа бағдарламаға сәйкес, осы сыныптың оқушылары 5 күндік оқу аптасына көшті. Одан бөлек бұл сыныптарда дәстүрлі оқулықпен қатар цифрлық оқыту ресурстары (ЦОР) қолданылуда. Үштілділікті қолдау мақсатында, ағылшын тілін оқыту сағаттары көбейіп, «жаратыластану» пәндерін ағылшын тілінде оқыту қолға алынды. Сондай–ақ, жаңа бағдарламаға сәйкес, алғаш рет қазақ тілді мектептерде 1-сыныпқа «Орыс тілі» пәні енгізілді. Білім жүйесіндегі мұндай өзгерістер педагогтардың біліктілігінің де соған сай болуын талап етеді. Яғни, осы үдерістердің үдесінен шығу үшін оған ұстаздар қауымы да сақадай сай болуы керек. Осы мақсатта «Назарбаев зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымының «Педагогикалық шеберлік орталығы» мен «Кембридж» университетінің білім беру факультеті бірлесіп біліктілікті арттырудың деңгелік бағдарламасы бойынша және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» базасында жаңартылған білім беру мазмұны аясында біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылуда,– дейді білім басқармасындағылар.
Бүгінде қала педагогтарының 89%–ы (12 973) жаңа мазмұнда білім беру бағдарламасына сәйкес біліктілігін арттыру курстарынан өтіпті. Тағы 3000–ға жуық ұстаз біліктілікті арттырудың деңгейлік бағдарламасы бойыншы ұзартылған курстардан өткен.
Үш тілді білім беру бойынша 956 мұғалім тілдік курстарда біліктіліктерін жетілдірген. 2017–2018 оқу жылынан бастап қаламыздағы 43 мектепте пилоттық режимде физика, химия, биология және информатика пәндері ағылшын тілінде оқытып жатыр. 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап тағы да 84 мектеп осы пәндерді ағылшын тілінде оқытып жатыр.
Педагог қызметкерлерді аттестаттаудың жаңа форматына сәйкес 2018 жылы ұлттық біліктілік тесттен өткен 36 мұғалім «Педагог–шебер», 711 мұғалім «Педагог–зерттеуші», 446 мұғалім «Педагог–сарапшы», 361 мұғалім «Педагог–модератор» біліктілік санаттарын алған. Бұл осыншама ұстаздың жалақысына (оқыған курсына, алған санатына қарай) қосымша үстемақылар қосылды деген сөз. Сондай-ақ, категорияға байланысты да қосымша ақы мөлшері өзгеріп отырады.

МҰҒАЛІМНІҢ ЖАЛАҚЫСЫН ҚАЛАЙ ЕСЕПТЕЙДІ?

Категорияға байланысты ақы төлеудегі өзгешеліктер мен айлық жалақы, оның үстіне қосылатын үстемақылары қандай тәртіппен есептеледі?
Білім басқармасының берген мәліметінше, жалақы мұғалімдердің еңбек өтіліне, санатына (категория) және жүктелген сағатына қарай тағайындалады. Бұдан бөлек, ұстаздарға сынып жетекшілігі үшін, кабинет меңгерушілігі үшін, дәптер тексергені үшін де үстемақы төленеді.

Оның көлемі:
Сынып жетекшілігі үшін:
– 1-4 сыныптардың жетекшілігіне –
4424 теңге
– 5-11 сыныптардың жетекшілігіне –
5309 теңге

Қазақ, орыс, ағылшын тілі мұғалімдеріне, математика, физика,
химия, биология пәндерінің дәптерлерін тексергені үшін қосымша үстемеақы қосылады.
Дәл сондай үстемеақы 1-4 сыныптардың мұғалімдеріне де қарастырылған.
Пәндік кабинеті бар мұғалімдерге –
3539 теңге ақша төленеді

Біліктілігі үшін:
Жоғары санаттағы ұстазға – БЛЖ-ның 100%, яғни – 17697 теңге;
І санаттағы ұстазға – БЛЖ-ның 50 %,
яғни — 8848 теңге;
ІІ санаттағы ұстазға – БЛЖ-ның 30 %,
яғни — 5309 теңге үстемақы қосылады.

Бұған жаңартылған білім мазмұны бойынша сабақ беретін сағаттар үшін үстемеақыны қосыңыз. Сондай–ақ, егер ұстаз жоғарыда айтылғандай қандай да бір курстарға қатысып біліктілігін арттырған болса немесе үштілділікке сәйкес қандай да бір тілдік деңгейдің сертификатын алған болса оған жоғарыда аталған үстемақылар қосылады. Алайда жалпы соммадан зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың шегеріліп тасталатынын ұмытпаған жөн.

ҚАЖЕТ ҮШТАҒАН: ДЕҢГЕЙ, САНАТ, СЕРТИФИКАТ

1. БІЛІКТІЛІК АРТТЫРУДЫҢ ДЕҢГЕЙЛІК БАҒДАРЛАМАСЫ
Педагог кадрларының біліктілігін арттырудың деңгейлік бағдарламасы – 2012 жылдан бері жүзеге асырылады. Сол үшін білім беру ұйымының педагогикалық кеңесі әр жылдың 20 қыркүйегіне дейін Курстарда оқуға үміткер педагогикалық қызметкерлердің құжаттарын қарайды. Сөйтіп, 1 қазанға дейін қалалық білім бөліміне педагогика кадрларының Курстарға жіберілгені туралы еркін нысандағы өтінім жолдайды. Білім бөлімі 30 қарашаға дейін ұсынылған өтінімдерді қарап, келісілген тыңдаушылардың тізімін бекітеді.

Одан соң 20 желтоқсанға дейін:
– қысқа мерзімді курстардың тыңдау-шыларының тізімін курсты өткізетін ұйымға,
– ұзақ мерзімді курстардың тыңдаушыларының тізімін ҚР Білім және ғылым министрлігіне,
– шетелдегі курстардың тыңдаушыларының тізімін Министрлікке жолдайды.

Министрлік 25 желтоқсанға дейін шетелдегі курстарда оқуға үміттенуші педагог кадрлардың тізімін сол жақтағы орталыққа жолдайды. Курстық даярлыққа 3 жылдан кем емес жұмыс өтілі бар оқытушылар қатыса алады.

Курстардың ұзақтығы:
– қысқа мерзімді курстар – кемінде 36 академиялық сағат;
– ұзақ мерзімді курстар – кемінде 108 академиялық сағат.

Шетелдегі курстардың ұзақтығы:
– қысқа мерзімді курстар – 3 (үш) айға дейін;
– ұзақ мерзімді курстар – 1 (бір) жылға дейін.

Ескерту: Курстың бір академиялық сағаты 45 минутты құрайды.
Осы бағдарлама аясында біліктілігін шыңдаған педагогтардың сертификаты 5 жылға ғана жарамды.

2. БІЛІКТІЛІК САНАТТАРЫ
ҚР Білім және ғылым министрлігінің 29.06.2018 жылғы №316 бұйрығына сәйкес, «Педагог–модератор», «Педагог–сарапшы», «Педагог–зерттеуші», «Педагог–шебер» біліктілік санаттарын беру үшін мұғалім екі кезеңнен тұратын аттестттаудан өтуі керек.
1) Ұлттық біліктілік тестілеуі;
2) Қызмет қорытындыларын кешенді талдамалық жинақтау.
Аттестаттау 1 жылда 2 рет іске асады.
Ағымдағы жылдың 1–15 тамыз және 20 желтоқсан – 5 қаңтар аралығында.

Сол үшін мұғалім мектептің жанындағы аттестаттау комиссиясына өтініш өткізу керек. Мұғалімнің өтініші аттестаттау комиссиясының отырысында қарап, аттестаттаушы мұғалімдердің тізімі бекітіледі.
Одан соң мұғалім мектептегі комиссияға 10 тамыз – 6 қыркүйек аралығында Ұлттық Біліктілік тестілеуіне қатысу үшін өтінім жазуы керек. Оған:
2 дана 3*4 суретін;
жеке бас куәлігінің көшірмесін қоса ұсынады.
Мектеп комиссия барлық құжаттарды қалалық білім басқармасына өткізеді. Басқармадағылар аттестаттаушы жайлы мағлұматтарды ҰБТ филиалы арқылы Ұлттық тестілеу орталығының деректер қорына енгізеді. Оның аты деректер қорына тіркелген соң мұғалімге тест тапсыруға рұқсат беретін қағаз беріледі. Тест 10 наурыз – 2 мамыр аралығында өтеді. Әр санаттың өзінің өтпелі кезеңі бар. мәселен, «Педагог–модератор» санатын алу үшін 100 сұрақ беріледі. Оның 50–і өз пәні бойынша, 50–і педагогиканы оқыту әдісі бойынша. Егер аттестаттаушы өз пәнінен 50 ұпай, ал екіншісінен 30 балл жинаса «сынақтан өтті» деп есептеледі.
Сосын екінші кезең портфолио жинауға кіріседі. Сөйтіп, портфолияны білім басқармасына өткізеді. «Педагог–мордератордың» портфолиясы басқармаға емес, мектепте қалады.

3. ТІЛДІК ДЕҢГЕЙЛІК СЕРТИФИКАТ
Тілдік деңгейлік сертификатты алу үшін – мұғалімнің кандидатурасын мектеп ұсынады. Мұғалімдер 9 айлық және 3 айлық курстардан өтеді. 9 айлық курс өндірістен қол үзбей жүргізіледі. Яғни мұғалім жұмысын қатар алып, оқи береді. Ал 3 айлық курста ұстаз өндірістен, мәселен «Өрлеу» БАҰО АҚ, «НЗМ» ДБҰ ПӨО-да оқитындар өндірістен қол үзеді.
«Ұстаз» орталығында оқитындар 9 ай бойы өндірістен қол үзбей білім алады. Жоғарыда аталған орталықтардың бәрінде де сабақ Республикалық деңгейде өтеді. Мұндағы оқытушылар мұғалімдерді оқытып қана қоймай, сол оқыту механизімін практикадан қалай қолданылып жатқанын қадағалайды.
Ұстаз – білім беру сапасын арттыру саясатын тікелей жүзеге асырушы тұлға. Сондықтан да оған қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Дегенмен, бәсеке алқымнан алған мына заманда құр «құрметпен» тоқ болмайсың. Сондықтан да мемлекеттің ұсынып отырған барлық мүмкіншілгін пайдаланып қалу керек.

Шымкент қаласындағы педагогтар саны – 15 170

Оның 7849-ы – жоғары және бірінші санатты педагог

Жаңартылған білім беру бағдарламасымен сабақ беретін мұғалімдерге сағатына қарай – 30% үстемеақы төленеді.

«Кембридждік» тәсіл бойынша біліктілігін арттырғандарға:
І–ші деңгей – 100% 
ІІ–ші деңгей – 70% 
ІІІ–ші деңгей – 30% үстемеақы қосылады

«Педагог–модератор» санатына – 30% 
«Педагог–сарапшы» 
санатына – 35%
«Педагог–зерттеуші» 
санатына – 40%
«Педагог–шебер» 
санатына –50% үстемеақы қосылады

Тілдік деңгейде 
сертификаты барларға – 35000 теңге 
үстемеақы бар.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат» газеті, №49 (5 желтоқсан, 2018 жыл)

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

  • Павлодарлық оқушылар киіз үйдің 2500 макетін жасады

    Павлодарлық оқушылар киіз үйдің 2500 макетін жасады

    Павлодарлық оқушылар «Шаңырақ» байқауы аясында киіз үйдің 2500-ден аса макетін жасады, деп хабарлайды Қазбілім сайты pavlodarnews сайтына сілтеме жасап. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде өткен «Шаңырақ» жобасының жеңімпаздарын анықтау мақсатында М.Катаев атындағы Оқушылар сарайында облыстық конкурс-көрме ұйымдастырылды. Өңірлік Білім басқармасынан хабарлағандай, шараның мақсаты – ұлттық шығармашылықты жаңғырту және дамыту, өскелең ұрпаққа эстетикалық, ұлттық және патриоттық тәрбие

  • БҚО-да өрттен екі адамды құтқарған оқушы марапатталды

    БҚО-да өрттен екі адамды құтқарған оқушы марапатталды

    Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданындағы  Қ.Байсықов атындағы мектептің 11-сынып оқушысы «Өрттегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 25 ақпан күні жанып жатқан үйден 8 жасар ұл бала мен ер адамды алып шыққан Мирас Жүнісовке медальді БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашев тапсырды. Сондай-ақ оқушының ата-анасына ҚР Ішкі істер министрінің, сынып жетекшісіне ТЖД бастығының

Пікір қалдырыңыз

Еmail почтаңыз сыртқа жарияланбайды. * белігісі тұрған бағанды міндетті түрде толтырасыз

Аты-жөні *

Email *

Телефоны

Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз.

E-mail: kazbilim@gmail.com

ZERO.KZ HotLog