Home >> Көкейтесті >> ӘРКІМГЕ АРМАН БОЛҒАН «АЛТЫН БЕЛГІ» ТАБЫСҚА ЖЕТКІЗЕ МЕ?
ӘРКІМГЕ АРМАН БОЛҒАН «АЛТЫН БЕЛГІ» ТАБЫСҚА ЖЕТКІЗЕ МЕ?

Соңғы жылдары мектеп бітірушілер арасында «Алтын белгі» алушылар саны күрт өсті. Білім және ғылым министрлігінің дерегіне сүйенсек, биыл 6780 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісіне ие болды. Ал 2012 жылы – 1824, 2015 жылы – 2205, 2016 жылы – 4458 оқушы «Алтын белгі» алған екен. Биыл олардың саны жеті мыңға жуықтады. Мұндай «оң өзгерістің» себебі не?

«Алтын белгінің» қадірі қалмады

Бірден айтайық, біз «Алтын бел­гіні» лайықтылар алса дейтін тараптанбыз. Мәселен, әлемнің
7 университетінен оқуға шақырту алған Нұрәли Сар­бақыш, ма­тематикадан барлық халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары Әлихан Құдай­бергенов пен Шаяхметов Ерарслан, физикадан барлық ха­лықаралық олимпиа­даларда алтын медаль жеңіп алған Кемел Нұрдәулет сынды дарынды бала­лар «Алтын белгі» алса, бек жара­сымды. Мұндай ақылды, мықты оқушылардың саны жыл өткен сайын көбейгенін қалай­мыз. Тек соңғы уақытта «Алтын белгінің» саудаға түсетіні жайлы қауесеттің айтылып қалатыны алаңдатады. Ал мұны «Алтын белгіні» та­ғайындау құқының мектептерге берілуімен бай­ла­ныс­тыратындар бар.
Осы тұста түсінікті болу үшін айта кетейік, соңғы екі жылда «Алтын белгі» мектептегі қоры­тынды емтихан нәтижесі бойын­ша беріле бастады. Ал оған дейін «Алтын белгіге» үміткер оқушы өзінің осы белгіге лайық екенін ҰБТ кезінде тиісті балл жинау арқылы дәлелдейтін. Сондықтан да гранттарды тағайындау кезінде «Алтын белгі» иегері қанша балл жинаса да, бірден басым құқыққа ие болатын. Биылдан бастап, «Алтын белгіге» лайықты екеніңді мектептегі қорытынды емтиханда дәлелдесең жетіп жатыр. Ал грант тағайындау кезінде бір орынға екі абитуриент таласса, басымдық «Алтын белгі» иегеріне беріледі.
Республикалық KAZBILIM орталығының жетекшісі Аятжан Ахметжанұлының пікірінше, «Алтын белгіні» мектептің та­ғайындауы – белгінің қадірін кетіреді, мектепті үздік бітіруге деген стимулды жояды.
«Алтын белгіні» мектепте тағайындау құқын беру – Білім және ғылым министрлігінің ең үлкен кемшілігі деп санаймын. Осы реформадан кейін «Алтын белгіден» үміткерлер алтынға «лайық екенін дәлелдеуде» ал­дына қара салмайтын болды. Әйтпесе, 2004 пен 2016 жылға дейін «Алтын белгінің» ең жоғары дәлелдеу көрсеткіші 48,3 пайыз болатын. 2017 жылы бұл көр­сеткіш бірден 96 пайызға, биыл 98,7 пайызға жетті. Бұл – бұдан кейін де «Алтын белгіге» ұсы­нылған оқушының бәрі төсбелгіні алады деген сөз. Өйткені мек­теп­тердің рейтингін көтеруде түрлі қулыққа баратындар «Алтын бел­гіні» қолдан жасау үшін қулыққа бармайды дегенге өз басым сен­беймін» дейді ол.
Оның айтуынша, БҒМ сала­дағы шу шыққан мәселені шешу­дің орнына, оны түбірімен жойып тастауға ұмтылады да қателікке ұрынып жатады. Оның салдары неге апарып соғарын айтудың өзі қиын: былтыр грант үлестіру кезінде «Алтын белгі» иегерлері грантсыз қалып, шу шығарып еді, «Алтын белгіні» ҰБТ-дан алып тастады, бірінші сыныпқа бара­тын балалардың тұрғылықты жері туралы анықтамасына қатысты шу басталғанда да, бұл құжатты баланы мектепке қабылдауда талап етілетін негізгі құжаттардан алып тастады.
«Былтыр «Алтын белгі» иегер­лері грантсыз қалып, шу шық­қа­нын білесіздер. Сол кезде ми­нистрлік аяқ астынан 5 мың грант таба қойды. Тағы да шуды басу үшін. Ал биыл 20 мың грант қо­сылды. 2 мың немесе 3 мың емес, бірден 20 мың грант. Біздің бюд­жет үш жыл бұрын қарастыры­лады. Сонда бұл гранттарға қаржы қай­дан табыла қалды? Өзім жақсы білетін Қытай елін мысалға айтайын, ол елде жылына 1 млн 800 мың бала мектеп бітіреді. Бірақ мемлекет 6 мың ғана грант бөледі. Енді өзіңіз салыстыра беріңіз. Гранттың шектеулі болуы бі­лім бәсекесін арттырады, ал бізде жыл сайын грант санын кө­бейтумен әуреміз» деген орталық жетекшісі «Алтын белгіні» ҰБТ-ға қайтару мәселесін қайта қарастыруды ұсынады.
«Тестілеуді 100 пайыз қол­дамаймын, бірақ біздің корруп­циялық жүйеде тестілеуден басқа тиімді балама жоқ. Биылғы «Алтын белгі» иегерлерінің тең жартысы тестілеуден 70 балл жи­наса, алған «Алтын бел­гісінің» құны көк тиын болмай ма? Өйт­кені біздің орталықта Қазақ­стан­ның түкпір-түкпірінен, облыс­тардан келіп оқитын бала­лар бар. Өзім бір жылда химиядан 11 сы­ныпта оқитын 90-нан астам ба­лаға сабақ беремін. Кейбіреуі өзінің «Алтын белгіге» үміткер екенін айтқанда, естен тана жаз­даймын. Себебі, олар 8 сы­нып­­тың химиясын бестік бағалау шкаласымен алғанда 3-тің дең­гейінде білмейді, бірақ алтыннан үміткер. Міне, осыған әріптес­терімнің – мұғалімдердің «түсініс­тікпен» қарайтынына қарным ашады. Баланы әділетті қоғамда өмір сүруге баулитын қауым – мұғалімдер осылайша әділетсіз­дікке жол береді. Сон­дықтан «Алтын белгі» ҰБТ нәтижесімен берілуі керек деп санаймын» дейді.
Әрине, бұл пікір, әсіресе «Алтын белгі» иегерлеріне ұнай қоймасы анық. Енді ше, «Алтын белгі» мектеп бітірушінің көңіл күйіне оң ықпал еткеннен бөлек, туыс-туған мен дос-жаранның ортасында беделін көтереді, сал­танатты шарада әкім қолынан марапат алады, вальс билейді. Сосын грант тағайындау кезінде бір орынға таласқан қарсы­ласы­нан мысы басым түседі.

Алтынсыз «Алтын белгі»

Жалпы, біздің қоғамда мара­паттау шарасынан көп нәрсе жоқ деуге болады. Мемлекеттік ме­рекелерде орден-медаль үлестіру, түрлі атақ беру – үйреншікті жайт­қа айналды, кейде тіпті жү­рек айнытып жіберетіні бар. Се­бебі, осыншама дарынды тұл­ғасы бар ел әлдеқашан дамушы елден дамыған елге ауысуы тиіс еді ғой. Сөйтсек, сөлкебай тарату әр заманда да болған, әлі де бола беретін саясат екен ғой. Мәселен, біздегі мектеп медальдарының та­рихы сонау 1828 жылдан баста­лады екен. Патша заманында мектепте үздік оқитындарға ал­тын медаль беру дәстүрі болған. Патшаның түбіне жеткен Қазан төңкерісінен кейін бұл марапат­тың берілуіне тыйым салынған екен. Тек 1945 жылдың мамыр айында мектеп түлектері үшін алтын мен күміс медаль тағайын­дау туралы қаулы шығады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін елдің еңсесін тіктеу үшін ойлап тапты ма, әйтеуір осындай шешім қабылданыпты. Соғыстан кейінгі қиын жағдайға қарамастан, медальді 583 сынамалы алтыннан, 925 сынамалы күмістен соққан да заман болыпты. Бір қызығы, 1954 жылы алтын медальдің сынама­сын 375-ке түсіреді, алтын қорын аяса керек. Ал 1960 жылы алтын медальді жезден, күміс медальді мельхиордан жасай беріпті. «Алтын медаль» деген атына заты сай келмесе де сол медальдардың бәрібір салмағы бар еді. Иә, алтын медальмен мектеп бітірген түлек жоғары оқу орнына емтихансыз қабылданатын.
Айтқандай, біздің «Алтын белгі» иегерлерінің кеудесіндегі төсбелгіде де алтын жоқ десек, сенесіз бе? Қазақстан Республи­касы Білім және ғылым министр­лігінің 2014 жылғы 19 желтоқ­сандағы № 532 бұйрығымен бе­кітілген «Алтын белгі» белгісі туралы Ережеде «Алтын белгінің» Л-80 мыс және мырыш металда­рының арнайы қорытпасынан дайындалатыны айтылған. «Ал­тын белгіге» алтын жалату туралы талап жоқ. Алайда Қазақстан теңге сарайында жасалатын «Алтын белгі» төсбелгісіне алтын жалатылады екен. Теңге сарайы осы мүмкіндік арқылы «Алтын белгі» төсбелгісін жасаушылар нарығында үстемдік жүргізгісі келетін сыңайлы. Әйтпесе, бұл нарықта оған бәсекелес фирма көп-ақ. Олар жоғарыдағы ереже талабына сәйкес, төсбелгіге ал­тын жалатпауға құқылы. «Ал­тын белгіні» жасауға мектептер де, облыстық, қалалық білім бас­қармалары да мемлекеттік сатып алу порталында хабарлан­дыру жа­риялау арқылы тапсырыс береді.

«Алтын белгі» иегерлері қауымдастығы қайда?

Мақала жазу барысында қы­зық материалға тап болдық. 2010 жылы Еуразия ұлттық универ­ситетінде «Алтын белгі» иегер­лерінің қауымдастығы құрылған екен. Интеллектуалды жастардың басын біріктіруді мақсат еткен қауымдастық «Алтын белгі» иегер­леріне стипендияға қо­сымша 7000 теңге ақы төлеуге қол жеткізгенін білдік. Осы қауым­дастық атқарды деген шаруалар тізімінде «Алтын белгі» иегер­леріне арнап студенттер үйі салын­ғаны жазылған. Астанадағы 15 орта оқу орнында қауымдастық клубтары жұмыс істепті. Респуб­ликамыздың 4 облысында құры­лымдық бөлімшесін ашуды, www.altynbelgi.kz порталын іске қосуды да жоспарлаған екен. Бірақ бұл портал сол күйі ашылмаған сияқты, интернеттен іздеп тап­падық. Жойқын жоспарлары бол­ған қауымдастықты іздеп Еуразия ұлттық университетіне хабарла­сып ек, дәл қазір мұндай қауым­дас­тықтың жұмыс істемейтінін айтты. Әлеуметтік желілерден қауымдастықтың 2016 жылғы жаз­баларына жолықтық. Одан кейінгі тағдыры беймәлім. Ша­масы, «Алтын белгіден» бедел кеткен соң, жұмысын тоқтатты ма, білмедік…

Біздің байлам:

ҰБТ басталғалы үшінші күн өтті. Мемлекеттік гранттан үміт­керлер қатарында «Алтын белгі»иегерлері де ҰБТ-да бақ сынап жатыр. Енді олардың ҰБТ-дан жинаған ұпайын жариялайтын мүмкіндік болса, нағыз алтынбас­тардың кім екенін білсек деген ниет бар. Ал егер ешбір грантқа іліге алмай қалғандар болса ше? Бұл – онда сол оқушы оқыған мектепте жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтың барын білдіреді деп отырудан басқа амал қалмайды. Осы тұста шет мемлекеттер тәжірибесіне мойын бұрамыз. Әсіресе, дамыған елдерде үздік оқушыларға аты алтын, заты мырыш сөлкебай емес, сол елдегі жоғары оқу орындарынан грант жеңіп алатын мүмкіндіктер қарастырылатынын естиміз. Мәселен, Австрияда мектептер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары дарынды балаларды жоғары оқу орындары жанындағы арнайы курстарға қатыстырады екен. Тіпті дарынды баланы мемлекеттің қатаң қадағалауымен үйде де оқытуға мүмкіндік беріледі дейді. Бәлкім, бізге де дарынды балаларға сөлкебайды тықпалай бергенше осындай тиімді жолдарды қарастырған жөн шығар…

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ,
Астана

«Айқын» гезеті

the author

Абай атамыздың сөзімен айтсақ: «білімдіден шыққан сөз, талаптығы болсын кез». Біз ортаға дәнекер бола алсақ – мақсатымыздың орындалғаны. Қадірлі оқырман сайт алаңында білім саласына байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. Ұлт болашағына айтар ойларыңыз болса мархаббат.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

  • Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. E-mail: kazbilim@gmail.com
  • ZERO.KZ HotLog
Top