Home >> Көкейтесті >> ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫНА ҚАЙ ЕЛДЕ ОҚЫҒАН ТИІМДІ?
ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫНА ҚАЙ ЕЛДЕ ОҚЫҒАН ТИІМДІ?

Тәуелсіздік алғалы бері жастар үшін шетелде оқу мүмкіндігі арта түсті. «Болашақ» бағдарламасы бұл мүмкіндіктің аясын тіпті кеңейтті десе болғандай. Одан бөлек өз қаражат, өз қалауымен шекара асып жатқандар да бар. Соңғы 7-8 жылдың көлемінде шетелде білім алу мүлде таңсық болмай қалды. Қалыпты жағдай іспетті. Дәл қазір басқа мемлекеттерде білім қуып жүрген қазақ жастарының санын тап басып айту қиын. Әр деректерде әртүрлі айтылады. Бұл жолы біз қазақстандық талапкерлердің көбінесе қай елдерді таңдайтынын, олар үшін қай елде білім алу тиімді екенін көтергіміз келеді. Сосын басы қылтиып тағы бір тақырып шығады… Ол туралы сәл кейінірек.

«Әлем рейтингпен санасады»

Бұл тақырып төңірегінде Nova Education компаниясының директоры Ерден Шаймардан мырзамен кеңінен әңгімелескен едік. Шетелдік және отандық алдыңғықатарлы университет­терде білім алудың мүмкіндіктері жайлы кешенді ақпарат ұсына­тын. ЖОО мен оқушылар арасын­да алтын көпірге айналған орталық басшысының айтуынша, АҚШ пен Ұлыбритания – жастар таң­дауының көш басында тұр.
– Өз қаражатымен оқуға ба­ратындар девальвацияға дейін кө­бінесе Ұлыбритания, Ресей және АҚШ елдерін таңдайтын. 2008 жылдары Малайзия мен Чехия елдерінде оқу сәнге айнал­ды. Олай болған себебі – аталған елдер ҰБТ нәтижесіне қарамай-ақ оқуға қабылдайтын. Соңғы 4-5 жыл көлемінде Қытай елінде оқу­ға аттанатын жастардың саны арт­ты. Мұның да себебі сол – жас­тар ҰБТ-ға қатыспай-ақ жоға­ры білім алу жолын бірден бастап кете алады. Осыған орай, Қытай Орта Азияға, Қазақстанға арнап, көптеп гранттар бөліп жатыр. Бірақ ол грантты алу үшін – ба­рып бір жыл тіл оқиды. Біздің жастарды қатты қызықтыратын мемлекеттердің бірі – Польша. Олар Шенген аймағына кіреді, ал баға жағынан салыстырғанда Қазақстан университеттерімен бірдей. Еуропаның тағы бір ар­тық­шылығы – бакалавр дәре­жесін үш жылда береді. Ал бізге төрт жыл керек. Осы тұрғыда уа­қыт үнемдеу үшін де жастар Еуро­па елдерін таңдайды, – дейді Ерден Шаймардан.
Бізде мектептерде оқу 11 жыл­мен тамамдалады. 12 жылға дейін Назарбаев және басқа да халық­аралық білім беру ордаларының шәкірттері ғана оқиды. Маман­ның айтуынша, біздің талапкерлер 11-сыныптан кейін Ұлыбритания университеттерін таңдаса, олар бәрібір бір жылдық дайындық курсынан өтуді талап етеді. Сондықтан жастар көбінесе 11 жылдан кейін бірден оқу процесін бастап кететін елдерді таңдайды.
– Сондай ел­дер­дің бірі – Оңтүстік Корея. Бұл ел Қазақстан азаматтарына 1 айға дейін виза­сыз режим бер­ген. Әрі жаңа тех­ноло­гиялары жақ­сы дамығаны себепті, ата-аналар көп ретте ба­лаларын сол елге қарай бағыт­тайды. Гон­конг та Қазақстанның талантты жастары үшін тегін гранттар ұсы­нады. Соны білген біздің жастар жақсылап оқып, грант ұтып алып, сол жаққа аттанып жатады, – дейді сарапшы.
Дегенмен салыстырмалы түрде грант жеңіп алып, оқуға кететін жастар саны әлі де аз екен. Ал өзін-өзі қаржымен қамтамасыз етуге қауқарлы жастардың көп­шілігі Шығыс Еуропаны таң­дауға құмар. Сондықтан біздің ұл-қыз­дар үшін Оңтүстік Корея, Малай­зия және Қытай елдеріндегі уни­верситеттердің беделі бұрынғыдай емес.
Республикалық «Қазбілім» орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлының пікірінше, шетелде білім алуға ұмтылудың қажеті шамалы. Білім саласының жанашыры өзінің бұл ойын былай түсіндірді.
– Қазақ жастары үшін Еуропа елдері, АҚШ пен Жапония тиімді деп санаймын. Бірақ біздің жұртта шетелде оқудың жаман үрдісі қалыптасқан. Бәріне әйтеуір, шетелде оқыды деген ат керек. Омск пен Томскте оқудың, Астана мен Алматыда оқудан еш айыр­машылығы жоқ. Шымкентте немесе Павлодарда алған білім, Қытайдың ел білмейтін қаласын­дағы университеттен әлдеқайда мықты болуы мүмкін. Әлемдік рей­тинг бойынша мыңдыққа кір­мейтін университеттерде оқу – еш ақылға сыймайды. Әйтеуір, шетелде оқып жатыр деген – ата-анаға мақтаныш, қолымда шетелдік оқу орнының дипломы бар деген – студентке мақтаныш. Бар болғаны осы ғана. Гарвард, Кембридж, тым құрығанда әлем бойынша жүздікке кіретін уни­вер­ситетте оқыса, қос қол көтеріп қолдауға болады. Шетелде оқы­ғысы келетін кез келген жас алды­мен, өзі барып оқығысы келетін университеттің әлемдік рейтингін қарау керек. Егер рейтингі 300-ге жетпейтін болса, оған ақша шығындап барып, білім алудың қажеті жоқ. Себебі, әлем басқамен санаспаса да, рейтингпен санасады, – деді ол.

«Шетелден қорыққан, білімсіз қалады…»

Nova Education басшысы шетелде оқудан қорықпауға ша­қырады. Ең бастысы, әр жас үлкен ойлану процесін өткеруі тиіс. Себебі, өз Отаныңнан жы­рақ­тау, өзге елдің ауасын жұтып, суын ішу, менталитетін ұғыну, тілін меңгеру – үлкен тәуекел.
– Кейбір оқушыларға ғылым­мен айналысатын, мықты зертха­налық базасы бар, рейтингі жоға­ры университеттер керек. Мектеп қабырғасында жақсы жетістік­терге жеткен, білім деңгейі жоға­ры оқушыларды шетелге аттан­дырмас бұрын жақсылап ойлану керек. Бұл ретте АҚШ, Гонконг, Ресей елдері жақсы нұсқа. Бірінші кезекте мәселе мамандыққа байланысты. Кейбір талапкерлер бітіргеннен кейін әртүрлі компа­нияларда жұмыс істеп кеткісі келеді. Олар ғылыммен айналы­суға құлықты емес, сондықтан ондай оқушыларға практикалық білім керек. Олар жекеменшік уни­верситеттерге барып, оқи берсе болады. Көбінесе Батыс Еуропа, Шығыс Еуропа – Поль­ша, Чехия елдерін таңдап жатады. Компьютер, IT, технология сала­лары – Оңтүстік Корея, Сингапур, Гонконг, АҚШ-та жақсы оқы­тылады. Халықаралық қатынас­тар, құқық, заң мамандықтарын өз басым Ресейде оқы деп кеңес берер едім. Себебі, Ресей мен біздің заңдар ұқсас. Ал заң туралы білімді АҚШ пен Ұлыбританиядан оқып келген бала біздің елге келген соң, сол оқығанын кәдеге жарата алмай жатады. Өйткені ол жақтың заңы біз­дің қоғамға кел­­мейді. Осы секілді әр мамандық­тың өз ерекшелігі бар, – деді Ерден Шай­мардан.
«Болашақ» бағ­дарла­масы­ның түлегі Исатай Минуаров АҚШ-тың бакалавриаты да, магистра­тура­сы да қымбат дейді.
– АҚШ оқу орындары өзінің қымбат құнымен ерекшеленеді. Англияда бір магистратура бағдарламасының құны – 18 мың фунт. Яғни, 23-24 мың доллар шамасында. АҚШ-та магистра­тура – 2, ал Ұлыбританияда – 1 жыл. Тиісінше, АҚШ-қа барып бакалавриат оқитындар 4 жылын сарп етсе, Ұлыбританияны таң­­дағандар 3 жыл ғана оқиды. Бірақ онда 3 жылға қосымша foundation (тіл курсы) бағдарла­масын өтесіз. АҚШ-та оқуға қа­былдану процесі өте қиын. Бакалавр бөлімінде оқитындар Toefl-мен қатар SAT деген тест тапсыруы керек. Ма­гис­тратураға үміткерлерге – GRE, GMAT сынақ­тарынан өту талап етіледі. Медицина саласы бойын­ша қазақ жастары Герма­нияға көп барады. АҚШ-та көбіне практи­калық білім беріледі. Бакалаврдың екі жылында көптеген профилді сабақтардан тәлім алу мүмкіндігі қарасты­рылған. Қалған екі жыл өз мамандығы бойынша терең­детіп білім алуға болады, – дейді ол.
Исатайдың өзі АҚШ-тың Лос-Анжелес қаласындағы Оң­түс­­тік Калифорния универси­те­тінде бір жыл академиялық ағыл­шынды меңгерген. Бірақ ма­­гис­­тратураны Англияда оқып­ты. «Ол жақта магистратура бір жыл бол­ғандықтан, сіздің силла­бус­тағы бағдарламаңыз өте тығыз. Бір жылдың ішінде 180 кредитті жабу керек болғандық­тан, сабақ­тан, ізденуден басқа нәрсеге уа­қыт қалмайды» деді «Болашақ» түлегі.
Мамандар «жастардың шетелге барғаны жақсы ғой, бірақ сол жақта түбегейлі қалып кетсе ше?» деген сұраққа жауап таба алмай қиналуда. Мойындау керек, бұл мәселе шынында біздің жанды жерімізге айналып келеді.
– Тек қана қазақстандық студенттерге грант бөлетін мемле­кеттерден қорқамын. Олар бір­тіндеп қазақтардың интелегент жастарын өздеріне тартып алып жатыр. Сөйтіп, оларды келешекте өздерінің өрісі ретінде пайдалана ма деген қорқыныш бар. Мемле­кетті құтқаратын сапалы адами капитал екенін ұмытпау керек. Жастардың шет тілдерді меңгеріп, өзге елде оқып жатқаны қуаныш, әрине. Бірақ бізді қатты ойланта­тыны елде қалу мәселесі. Қазір ақша тапсам, жақсы жағдайға жетсем шетелге кетіп қалатын едім дейтін жастар көбейіп келе жатыр. Ол – ауыр тенденция, – дейді Аятжан Ахметжан.
Ерден Шаймарданның ай­туын­ша, азамат ретінде әлі қалып­­таспаған, ойлау деңгейі төмен, мақсаты бұлдыр жастар үшін шетелде оқу пайда емес, зиян болып тиюі мүмкін. Ондай адамдар түпкі негізінен тез ажырап кетеді дейді маман.
– Өзім танитын жастардың ішінде Қазақстанға бейімделе алмай, қайтадан шетелге кетіп қалғандар да, бейімделіп кеткен­дер де бар. Назарбаев университе­тінде, батыстың мұнай компания­ларында істеп кеткендер жергі­­­лікті тіршілікке тез ыңғайла­нады. Себебі, аталған мекемелерде шетелдік тәртіп, шетелдік үрдіс­тер бар. Бұл жақта көп шаруа таныспен шешіледі, басқа да түрлі келеңсіздіктер бар. Ал шетелде ондайды көрмей, басқа салт-санаға бейімделген жас үшін ондай «қазақи» қитұрқылықтар жат болып қалады. Сол үшін біз оқушыларды «сіз қайтып келгенде мына жақта шетелдегідей бол­майды» деп дайындаймыз. Алайда өздерін психологиялық тұрғыдан дайындап келсе, Қазақ­станда жұ­мыс істеп кете алады, – деді сарапшы.
– Жастардың шетелде қалып қо­ю­ының бір те­тігі – отбасы тәр­биесінде, екінші тетік – елді жай­лаған жемқор­лықта, үшінші тетік – өз оқу орын­дарымыздан гөрі шетел­дік­тердің дәріптелуінің басы­мырақ болуында. Шетелде оқыған, шетелде өмір сүрген аза­мат ретінде айтарым, өзге елге барып, керемет өмір сүріп жатыр­мыз деген қауымның айтып жүргені – «бөрі арығын білдірмес, сыртқы жүнін қампайтардың» кері. Шетелде олар май шайқап жүрген жоқ, бірақ май шайқап жүрміз деген сыңай танытады. Сондық­тан біз мектептегі баладан бастап, ұтымды тәрбие бермесек, шетелде қалып қою деген қор­қынышты үрдісті шектей алмай­мыз, – деді Аятжан Ахметжанұлы.
Қазақ жастарының білім алуы үшін қай елдің тиімді екені де, тиісінше, сол жастардың отанын айырбастап жырақта қалып қоюы да – бір-біріне байланысып, ілмектесіп жатқан мәселелер. Алғысөзде жасырып қалған тақы­ры­бымыз осы еді… Бізге екеуін де дұрыс шешу маңызды.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

«Айқын» газеті

the author

Абай атамыздың сөзімен айтсақ: «білімдіден шыққан сөз, талаптығы болсын кез». Біз ортаға дәнекер бола алсақ – мақсатымыздың орындалғаны. Қадірлі оқырман сайт алаңында білім саласына байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. Ұлт болашағына айтар ойларыңыз болса мархаббат.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

  • Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. E-mail: kazbilim@gmail.com
  • ZERO.KZ HotLog
Top