Home >> Ұрпақ тәрбиесі >> ОРТАЛЫҚТАРДЫҢ КӨБЕЙГЕНІ МЕКТЕПТІҢ ОЛҚЫЛЫҒЫНАН БА?
ОРТАЛЫҚТАРДЫҢ КӨБЕЙГЕНІ МЕКТЕПТІҢ ОЛҚЫЛЫҒЫНАН БА?

Елімізде соңғы жылдары оқушыларды ҰБТ-ға дайындайтын білім беру орталықтары көбейіп кетті. Бұл бір жағынан жақсы болғанымен, екінші жағынан кейбір олқылықтардың бар екенін көрсетіп отыр. Мәселен, мектеп оқушыларға сапалы білім берсе, ата-ана баласын білім беру орталықтарына беріп, әуре болмас еді. Өйткені ақылы қызмет көрсететін орталықтарға қыруар қаржы төлеуге тура келеді. Ұстаздар жекеменшік оқу орындарының көбеюінің бірнеше себебі бар екенін айтады.
Қазіргі таңда баланы мектепке дайындаудан бастап, күнделікті үй тапсырмасын орындауға дейін көмектесетін орталықтар жетерлік. Бұл – әрине, қаланың қарбалас тіршілігінде баласына көңіл бөлуге уақыты жоқ ата-ана үшін таптырмас мүмкіндік. Жоғары сынып оқушыларының жаппай орталыққа барып, білім алуына не себеп болып отыр. Ақылы қызмет көрсететін орталықтар мектептегі білім сапасының төмендігін тиімді пайдаланып отырған тәрізді.
Әрине, нарық заманында білім беру орталықтарының көбейуі заңды нәрсе саналады. Алайда орталықтар болмай тұрған кезде де мектептер сапалы білім беріп, мыңдаған оқушыны ЖОО-ға түсірген жоқ па? Ендеше, неге біздің елімізде ақылы білім беретін орталықтар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Бұл ата-аналардың ақшасының көптігін білдіре ме, жоқ әлде мектептегі білім беру сапасының нашар болып отырғанын айғақтай ма? Бұл сұрақты «Қазбілім» білім беру орталығының директоры Аятжан Ахметжанға қойған болатынбыз.
– Ата-аналардың білім беру орталықтарына балаларын беруіне екі мәселе де себеп болып отырған жоқ. Біріншіден, бәсекенің артып, білімге деген талаптың күшеюінен туындап отыр. Екіншіден, әркім баласының болашағы үшін, білімге деген құлшыныстың артуына байланысты қолдағы бар мүмкіндікті пайдаланып бағуда. Әрине, мектептердегі білім сапасы жанама түрде әсер ететінін айтпай кетуге тағы болмайды. Алайда бір қызығы қосымша білім беру орталықтарына жүгінетін оқушылардың көп бөлігі – білім сапасы жақсы мектептердің оқушылары. Себебі, талап күшті болған жерде, балалар білімге қарай жүгіреді. Талап болмаса, «бала, баланың ісі шала» деген ғой, ойын қуып кетеді, – деді ол.
Сондай-ақ жас ұстаз алдағы уақытта білім беретін орталықтар көбеймесе азаймайтынын айтады. Себебі, әрбір ата-ана баласының қатарының алды болуы үшін қыруар қаржы салудан қашпайды. Бұл ата-ана үшін де, орталықты құрып отырған азамат үшін де тиімді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, орталық құру таптырмас бизнес көзі болып отыр.

ТАБЫСТЫҢ КӨЗІ – БІЛІМ ОРТАЛЫҚТАРЫНДА
Аятжан Ахметжанның айтуынша, орталыққа сапалы маман табу қиын. Білікті ұстаздарды орталықтар ғана емес, сонымен қатар мектептер де майшаммен іздеп таба алмай жүр. Әлкей Марғұлан атындағы №40 орта мектептің директоры Ербол Іргебайдың айтуынша, мықты мамандар жалақысы жоғары орталықтарға кетіп жатыр. Егер осының алдын алмасақ, болашақта білімді мұғалімдердің біразы орталықтарға ауысып кетуі мүмкін.
– Білім орталықтары нарық заңына байланысты көбейіп отыр. Өйткені қазір барлық дүние сатулы болып кетті. Кей кезде мектептегі білім сапасы мұғалімнің деңгейіне байланысты төмен болуы мүмкін. Кей балалардың білімі 7-8-9 сыныптарда төмендеп кетеді. Міне, осы кезеңдерде оқымаған балалар 10-11 сыныптарда көппен бірге оқуға шамасы жетпей, еріксіз орталықтарға баруға мәжбүр болады. Мұның сыры кей оқушылар көп ортада емес, аз адамның ортасында сабақ оқығанды жақсы көреді. Сол себепті, білім беру орталықтарында сапалы мамандар болса, орталықтардың зияны жоқ. Мектептің ішінен ақылы білім беру жүйесін енгізуге мүлде болмайды. Бұлай жасайтын болсақ, мектептің тегін білім беру керек деген принципі бұзылып кетеді. Мектептен тыс білім беру орталықтары ашыла берсін. Әркім өзінің шамасына қарай білім беру орталықтарына барады. Шын мәнінде, ол жерде де үлкен бәсеке бар. Себебі, қай орталық жақсы дайындаса, ата-ана баласының сол жерде білім алғанын қалайды, – деді ол.
Білім беру орталықтары табыс табудың таптырмас мүмкіндігі болып отыр. Алайда бұл салада бәсекелестік жоғары болғандықтан, оңай олжаға кенеле қою қиын. Мәселен, Аятжан Ахметжан бір баланы ҰБТ-ға дайындау айына қанша қаржы алатынын жасырмайды.
– Өзім жетекшілік ететін орталықтың бір бала үшін қанша қаржы алатыны ешқандай құпия емес. Әрине, біз берген білімімізге қарай ақша аламыз. Негізі жұртты білімге, ғылымға баулып ақша алу ешқандай да ұялатын іс емес. Мысалы, біз ҰБТ-ға дайындық үшін әр баладан айына 30-35 мың теңге аламыз. Астанада біз секілді қосымша білім беретін 50-ден астам орталық жұмыс жасайды. Сондай-ақ шет тілін үйрететін жүздеген орталықтар бар. Көпшілік жеке орталықтардың көбеюіне қуануы керек. Себебі, білімдегі бәсекенің артуы қоғамды белгілі деңгейде болса алға сүйрейді. Білім сапасын арттыру – тек мемлекеттің емес, қоғамдағы әрбір адамның парызы, – деді ол.
Яғни, білім беру орталықтарында балаңыз 10 ай сабақ оқитын болса, 300-350 мың теңге көлемінде ақша төлеуге тура келеді. Бұл – еліміздегі кейбір ЖОО-ның бір жылдық төлемақысы. Қарапайым орталықтың әлеуеті білдей бір университеттен кем емес.

БАР МӘСЕЛЕ ЖАЛАҚЫДА МА?
Біз жоғарыда мектептегі білім сапасының нашар болуы туралы сөзді тектен тек жазған жоқпыз. Себебі, қазіргі кезде білім ордасында сабақ беретін білікті ұстаздар қатары азайып бара жатыр. Мұның ең басты себебі, айтыла-айтыла жауыр болған қағазбастылыққа келіп тіреледі. Сонымен қатар айлық жалақысының аздығы «алтын ұяда» қызмет етуден алыстатып отыр.
– Егер сапалы мұғалімдер болғанын қаласақ, ұстаздың жалақысын көбейту керек. Өйткені жаратылыстану пәндерін ерекше қабілетті балалар ғана игеріп кете алады. Математика, химия, физика пәндерін меңгеру үшін қабілеті жоғары балалар керек. Аталған пәнді жақсы оқыған балалардың ешқайсысы мұғалім мамандығын таңдамайды. Орта деңгейде оқыған адамдар тәжірибе жинақтап, мұғалім болғанша біраз нәрсені жоғалтып аламыз. Біздің ұжымдағы ең жоғары жалақы 180 мың теңгенің шамасында шығар. Жалақыны бірінші жоғары санаттағы және бірінші деңгейдегі мұғалімдер алады. Ең төменгі жалақы 50 мың теңгенің шамасында болып отыр. Аталған еңбекақыны бастауыш сыныптарда сабақ беретін және жаңадан келген ұстаздар алады. Егер мектепке сапалы ұстаздар келсін десек, жоқ дегенде ұстаздарға 350 мың теңге жалақы беру керек. Себебі, алдыңғы қатарлы мемлекеттердің барлығында ұстаздарға жоғары жалақы төленеді. Біз мұғалімнің білімді болуын мемлекеттің қауіпсіздігі деп есептеуіміз керек, – деді Ербол Іргебай.
Аятжан Ахметжан болса, барлық мәселе айлық жалақыда тұрмағанын алға тартады. Нақтырақ айтсақ, ол білім саласында кешенді жұмыстар жүргізілуі керек екенін ескертіп отыр.
– «Мектеп мұғалімдерінің жалақысы аз» деп айта салу оңай нәрсе. Мектептің беделі бір істің шешімімен көтерілмейтінін ескеруіміз керек. Білім саласында кешенді жұмыстар жүргізілсе ғана нәтиже болады. Мәселен, орта білім, мектеп сапасын көтеру үшін бүкіл қоғам жаңаруы керек. Жалпы, ұлттың рухани жаңғыруы бітпейтін конференциялардан емес, партадан басталуы тиіс. Білім саласының тізгінін сол саланың «жілігін шағып майын ішкен» әрі сан қатпар мәселесін жүрегімен түсінетін жандарға беру керек. Білім саласына мүлдем қатысы жоқ адамдардың реформа жүргізуі құрдымға жібереді, – дейді жас ұстаз.
Министр ауысқан сайын әртүрлі реформалар жасалады. Алайда сол реформалар еліміздің білім беру саласына ауыз толтырып айтарлықтай жетістік әкеліп отырған жоқ. Керісінше, жыл өткен сайын білім саласындағы былық бадырайып көріне бастады.

ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖЕГІ ҚҰРТ БОЛЫП ТҰР
Жыл сайын ЖОО-дан мыңдаған түлек бітіріп шығып, үлкен өмірге жолдама алады. Алайда олардың көпшілігін «білікті маман» деп нық сеніммен айта алмаймыз. Себебі, оқуға түскен кез келген студент ақшасы болса, оны бітіріп шығу қиын емес болып қалды. Яғни, университет пен институттағы жемқорлықтың салдары сапалы маманның шығуына кедергі келтіріп отыр.
– Бізді ЖОО дипломын ақшаға сатып алған мамандар құртып отыр. Педагогикалық институттардың талап-тілегі өте жоғары болуы керек. Нақтырақ айтсам, жақсы оқи алмаған студентті институт қанша ақшасы болса да оқудан шығарып тастауы қажет. Қазіргі таңда тіпті университетке бармай-ақ диплом алып шығуға болады. Осындай жағдайдан кейін орталықтардың көбейіп отыруы мүмкін. Мектеп дұрыс білім бермегеннен кейін кейбір балалар білім орталықтарына кетіп жатыр. Шыны керек, мектепке педагогикалық дипломы бар мамандар келеді. Өкінішке қарай, олардың сапасы сын көтермей жатыр. Сондай-ақ бастауыш сыныптарға сабақ беретін ұстаздар жеткіліксіз. Кей кезде бастауыш сыныптарға сабақ беруге келген маманмен әңгілескен кезде көңілің құлазып қалады. Себебі, кейбір адамдар бастауыш сыныптың қарапайым есебін дұрыс шығара алмай, ұятқа қалдырады. Кадр жоқ емес, бар. Бірақ білікті маман жоқ. Бұл – болашақта мемлекетке төніп тұрған үлкен қауіп, – дейді Ербол Іргебай.
Болашақта білім беру орталықтарының саны көбеймесе, азаймайтыны белгілі. Өйткені мектеп мұғалімінің жалақысының аздығы мен қағазбастылығы сынды мәселелер осыған алып келіп жатыр. Алайда оқуға ынтасы бар, бірақ қосымша білім алуға қаржысы жоқ оқушылардың жайы не болады? Олардың жылына 300-350 мың теңге төлеп, білім беру орталықтарында оқуға мүмкіндігі жоқ. Мектептегі мұғалімдердің сапасы жыл өткен сайын төмендеп бара жатқан секілді, жасырын емес. Ендеше, бір сәт осы мәселе туралы ойлансақ екен…

Серік ЖОЛДАСБАЙ

«Айқын» газеті

the author

Абай атамыздың сөзімен айтсақ: «білімдіден шыққан сөз, талаптығы болсын кез». Біз ортаға дәнекер бола алсақ – мақсатымыздың орындалғаны.
Қадірлі оқырман сайт алаңында білім саласына байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. Ұлт болашағына айтар ойларыңыз болса мархаббат.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

  • Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. E-mail: kazbilim@gmail.com
  • ZERO.KZ HotLog
Top