|  |  | 

Мектеп Үздік

Ұлттық музей – өнегелі ұрпақ ордасы

Педагогика – баланы тәрбиелейтін сала. Деректерге сүйенсек, «педагогика» ұғымы алғаш б.з.б. 2,5 жылдары пайда болған. “Пайс” –  балалар және “эгейн” – баланы басқару, тәрбиелеу, жетектеу, бағу деген мағынаны білдіретін гректің қос сөзінен шыққан бұл ұғым бүгінде қоғамның негізін қалаушы ғылым ретінде қарастырылады. Педагогика ақ парақтай бала санасына білім құюмен ғана шектелмей, оны түрлі деңгейде дамыта түседі. Сондықтан да аталған ілімнің мағынасы тәрбиелеу деген ұғыммен түсіндіріліп, жас ұрпаққа ақыл айту, өнерге баулу, үйрету, түсіндіру және таныту дейтін түрлі бағыттарды қамтиды.

Қазіргі кезде қарқынды дамып келе жатқан педагогиканың бір тармағы – музей педагогикасы саласы. Бұл бағыт оқушыларды талай тарихқа куә болған құнды жәдігерлермен таныстырып қана қоймай, солар арқылы елін, жерін сүюге, өз отанын құрметтеуге, ата-баба аманатының қадірін түсініп, патриот болуға тәрбиелейді. Музей педагогикасы танымдық сабақтар, түрлі үйірмелер ұйымдастырып, баланың санасындағы мектеп білімін бекіте түседі.

ҚР Ұлттық музейі Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің педагогтары Ұлттық музейдің қорындағы бағалы экспонаттарды сабақтың көрнекілік құралы ретінде пайдаланып, белгілі бір тақырып аясында қызықты сабақтар өткізеді. Квест, экскурсиялық, сұрақ-жауап, лекция, ойын түрінде ұйымдастырылатын сабақтарға Астана қаласындағы мектептердің оқушылары тапсырыс беру арқылы кез келген уақытта қатысып жатады. Аталған саланың бүгінгі жұмыстары туралы бөлім басшысы Гаухар Садыбай:

«Музей педагогикасы саласы жылдан-жылға дамып келеді. Іргетасының қаланғанына үш жыл толған Ұлттық музейде бұл бөлім белсенді түрде жұмыс атқаруда. Тек танымдық сабақтармен шектелмей, музейде өткізілетін мерекелік шараларға да үлес қосып, оқушыларды араластыруға тырысамыз. Қазіргі кезде «Музейлік бейнелеу өнері», «Музей ізшісі», «Жас археолог», «Жас өлкетанушы», қыздар тәрбиесіне арналған «Інжу» үйірмесі, «Мирас», домбыра үйренуге арналған үйірмелер оқушыларға тегін қызмет көресетеді. «Шебер» студиясында қыздар тігіншілік пен тоқыма тоқуды меңгереді».

Музей – құнды жәдігерлер сақталатын орын. Келуші қонаққа бағалы экспонатты қаз-қалпында ұсынып, оны көрсету арқылы қуантады. Қай-қайсымыз болсақ та, тарих арқалаған жауһар жәдігерге үңіліп қарап, өткенімізді тани түскіміз келетіні анық. Ал зағип жандар қайтпек? Олар да тарих пен мәдениеттен хабардар болғысы келеді ғой. Қазіргі кезде көзі көрмейтін балалар үшін музейлерде жәдігерді жақын тануға мүмкіндік жасалып жатыпты. Қалай дейсіз ғой? Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайында белгілі бір картинаны таныстыру барысында зағип жандарға сол картинаның гипстен мүсінделген нұсқасы ұсынылады екен. Сурет туралы ақпаратты тыңдаған бала жәдігердің мүсінделген түрін қолымен сипау арқылы экспонатты елестете алады. Яғни толық тани алмақ. Оған қоса брайль жазуы ұсынылады. Ол арқылы зағип жан жәдігер этикетажын сипау арқылы оқи алады. Ұлттық музей педагогтары осы секілді әлем деңгейінде қолданылып жүрген мүмкіндіктерді игеріп, Ұлттық музейге де қолданысқа енгізбекші.    Мәдени білім беру жұмыстарының жетекшісі Роза Мұхамеджанова: «Алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі балалардың музейді тамашалауына мүмкіндік  жасамақпыз. Түрлі деңгейдегі мүгедек балалардың экспонаттармен танысып, мәдени, рухани дамуына үлес қосқымыз келеді. Тәжірибе алмасу мақсатында Алматы қаласына іссапарға барып, ҚР Ә. Қастеев атындағы өнер музейін тамашаладық. Ондағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған экспонаттармен танысып, олар үшін арнайы орнатылған түрлі қондырғыларды көріп қайттық. Ол музейде мүмкіндігі шектеулі балалар үшін кейбір экспонаттар ашық түрде қойылып, қолға алып ұстап көруге, балалардың сипау арқылы түсінуіне жағдай жасалыпты», – деп көрген-білгенімен бөлісті.

Астана қаласы Білім басқармасының ұсынысы бойынша ұйымдастырылған «Музейдегі сабақ» жобасы да өз жұмысын бастап кетті. Бұл жоба бойынша тарих пәнінің мұғалімі тарих сабағын бір жылда бес  рет музейде өткізе алады. Ұстаздың оқушыларға жаңа тақырыпты түсіндіру барысында музейдегі экспонаттарды толық пайдалануына мүмкіндігі бар. Ал музейде өткізілген тарих сабағы оқушыға ұғынықты болатыны сөзсіз.

«Тәрбиесіз берілген білім дүниені қиратады» деген Әл-Фараби бабамыз баланың парасатты азамат болып қалыптасуы үшін білімнен көрі тәрбиенің маңыздылығын атап айтқан. Бала санасы жаман мен жақсыны ажыратып, қоршаған ортаны танып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету деген халқымыздың асыл құндылықтарын санасына алдымен сіңіріп үлгерсе, рухани бай, ақылы терең, өзіндік пікірі бар ұрпақ болып өспек. Бүгінгі заманның  басты талабы – жан-жақты білімді болу. Кейбір ата-ана үшін баланың өзге тілді мүлтіксіз меңгеруі – үлкен жетістік. Ондай жеткіншектің болашағын жарқын деп түсінсе керек. Алайда бала қоғамға қажетті маман ғана болып қалмай, ана тілінде еркін сөйлейтін, өз  жерінің тарихын танитын, салт-дәстүрін білетін, батыр бабаларының ерлігін есінде  мәңгі сақтайтын парасатты азамат болып қалыптасса, ешқандай дүниенің қирамайтыны анық.

 

Айша Ноғайбек  

ҚР Ұлттық музейі

                                                                                                    Астана қаласы

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

  • Айбек Мырзатаев: Адамның табысқа жетуі тегіне тікелей байланысты емес

    Айбек Мырзатаев: Адамның табысқа жетуі тегіне тікелей байланысты емес

    Атыраулық оқушысы математикадан қалайша «абсолютті» чемпион» атанды Бұл туралы Forbes.kz тілшісіне сұхбат берген «Атырау Білім-инновация» лицейінің 9 сынып оқушысы Айбек Мырзатаев айтады. F: Айбек, математикаға қай кезден бастап әуес болдың? Бұл пән саған несімен ұнайды? – Математикаға, есеп шығаруға деген алғашқы қызығушылығымды туған әпкем ашты. Ол кезде мен 5-6 жасар баламын. Ал ол болса 9 сынып оқушысы.

  • Қызылордалық оқушылар smart-киіз үй ойлап тапты

    Қызылордалық оқушылар smart-киіз үй ойлап тапты

    Қызылордада мектеп оқушылары smart-киіз үй ойлап тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қазақстан Робототехника федерациясы жыл сайын мектеп оқушылары мен студенттер арасында чемпионат ұйымдастырып келеді. Бүгін Қызылорда қаласында робототехникадан аталмыш шараның облыстық іріктеу кезеңі өткізілді. Онда Шиелі ауданындағы №47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп-лицейдің оқушылары Диас Шәмен Диас мен Жәния Әлібаева Smart-киіз үй жобасын көпшілікке таныстырды. «Киіз үй роботтар

Пікір қалдырыңыз

Еmail почтаңыз сыртқа жарияланбайды. * белігісі тұрған бағанды міндетті түрде толтырасыз

Аты-жөні *

Email *

Телефоны

Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз.

E-mail: kazbilim@gmail.com

ZERO.KZ HotLog