Home >> Керекті кеңес >> ҚР БҒМ 5 күндік оқу аптасын енгізу механизмдері туралы түсініктеме берді
ҚР БҒМ 5 күндік оқу аптасын енгізу механизмдері туралы түсініктеме берді

Оқу жылы басталды. Ата-аналар Білім және ғылым министрлігінің былтырдан бері айтып келе жатқан жаңалық – мектептерде 5 күндік оқу аптасын енгізу мәселесіне қатысты  «Бұл идея қашан іске асырылмақ?, «Оқу жылы қанша күнге ұзаруы мүмкін?» деген сауалдар қойып отыр.  ҚР БҒМ 5 күндік оқу аптасын енгізудің ең маңызды механизмдері жайлы түсініктеме берді.

 Ата-аналар мен оқушыларды каникулдар мерзімінің қысқару мүмкін деген ой мазалап отыр. 5 күндік оқу аптасына келер болсақ, оның енгізілуі үшін министрлік тарапынан барлық жағдай жасалып отыр. Бұл тұста ерекше атап өтер жайт – оқу жылының ұзақтығы өзгермей, үйреншікті тәртіп сақталып отыр. Оқу жылы еш өзгеріссіз, қыркүйекте басталып, әдеттегідей 25 мамыр күні аяқталмақ.   ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Орта білім беру ұйымдарында 2017-2018 оқу жылының басталуын, ұзақтығын және каникул кезеңдерін айқындау туралы» бұйрығы  маусым айында шықты. Онда оқу жылының ұзақтығы мектепалды дайындық сыныптарында – 32 оқу аптасы, 1- сыныптарда – 33 оқу аптасы, 2-11 сыныптарда – 34 оқу аптасы деп белгіленген.

Каникулдар ұзақтығы да өзгермейді. 1-11 сыныптарда күзгі каникул – 7 күн, қысқы – 10 күн, көктемгі – 13 күн. Мектепалды  даярлық сыныптарында күзгі каникул – 7 күн, қысқы – 14 күн, көктемгі – 15 күн, сондай-ақ, бүлдіршіндер үшін 1-7 ақпан күндері аралығында 7 күндік қосымша каникул белгіленді.

Бұл ата-аналар мен оқушылар үшін жағымды жаңалық болары анық. Ал, оқу жүктемесі ақая ма?

Ия, балалар жүктемесін азайту бағытында да жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Естеріңізде болса, былтыр ата-аналар қоғамдастықтары мен сарапшылардың ұсыныстары бойынша үй тапсырмаларының көлемі азайтылған болатын.

Министрлік үй тапсырмаларын орындау бойынша методикалық ұсынымдарды бекітті. Демек, ұй тапсырмаларын орындауға жұмсалатын уақыт, бұрыңғы жағдаймен салыстырғанда үштен бір бөлікке қыстармақ.

Үй тапсырмасын орындауға 2 сыныпта 50 минуттан, 3-4 сыныптарда – 70 минуттан, 5-6 сыныптарда – 90 минуттан, 7-9 сыныптарда – 110 минуттан, 10-11 сыныптарда – 130 минуттан аспауы тиіс.

Үй тапсырмалары мереке  күндеріне және каникулдық кезеңдерде берілмейді. Тек көркем әдебиетті оқуға, жобалық жұмыстарды орындауға, математиканы тереңдетіп оқуға арналған есептерді шығаруға, сондай-ақ, 1 сынып оқушыларының 2-ші жартыжылдықтан бастап оқу дағдыларын жақсартуға қатысты тапсырмалар ғана ерекше жағдайлар ретінде қарастырылған.

Сонымен қатар, жаңа оқу жылынан бастап, сабақ ұзақтығы 40 минут болмақ. Мұндай тәртіп Назарбаев зияткерлік мектептерде қалыптасқан. Демек, 40 минуттық сабақ кестесінде күніне 30 минут уақыт «босайды». Сондықтан, қосымша сабақ қосылған жағдайдың өзінде оқушылар мектепте әдеттегіден тек 10 минут артық өткізіп, жүктемесі айтарлықтай өзгермейді.

5 күндік оқу аптасы жағдайында оқу бағдарламалары өзгеріске ұшырай ма? Бұл жағдай барлық мектептер мен сыныптарға қатысты ма?

 Оқу бағдарламалары мен әрбір пәнді меңгеруге бөлінген сағаттар саны өзгермейді.  Жаңа санитарлық ережелер бойынша мектептердің 1-11 сыныптарында 5 күндік оқу аптасын енгізуге рұқсат беріледі. Бұл жалпы орта білім беретін және дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептердің барлығына да қатысты. Мектептердегі оқу жүктемесінің көлемі 5 күндік оқу аптасына бөлу оңай. Гимназиялар мен лицейлердегі жағдай біршама күрделірек.

Бүгінгі жалпы білім беретін мектептердегі үлгілік оқу жоспарларына сәйкес, 1-11 сыныптардағы апталық оқу жүктемесінің максималды шамасы 24  сағаттан 39 сағатқа дейінгі мөлшерде. Жаңа санитарлық ережелерде осындай жүктеме қарастырылған.

Ал күнделікті жүктемені, басқаша айтқанда – күніне қанша сабақ болу керектігін, әр мектеп, өз мүмкіндіктері мен жағдайын ескере отырып, өздігінен белгілейді. Әрине,  сабақтар кестесі ата-аналар комитетімен келісілуі тиіс.  Бұл да мектептерде құрылып жатқан қамқоршылық кеңестерінің, жалпы қоғамның өкілеттілігі мен жауапкершілігінің жылдан жалға артып келе жатқанының белгісі.

5 күндік оқу аптасын енгізу – балаларымыз сенбі күні оқымайды деген сөз бе?

5 күндік оқу аптасын енгізудің негізгі мәні – балаларымызға 2 күндік демалыс беру. Министрлік бұл үшін барлық қажетті жағдайлар мен мүмкіндіктердің болуын қамтамасыз етеді. Біздің ойымызша, министрлік әр мектептің сабақ кестесін белгілеп, бекітуге араласпауы тиіс. Бұл мәселені әрбір мектеп өздігінен шешеді. Мысалға, мектепте барлық сабақтар бір ауысыммен өткізілсе, немесе мектеп көлемі мен кабинеттер саны 5 күндік оқу аптасын екі ауысымда жүргізуге  мүмкіндік берсе, онда мектеп басшылығы қамқоршылық кеңеспен, немесе ата-аналар комитетімен келісіп, жаңа тәртіпке көшуді таңдай алады. Мектептердің басым көпшілігінің «бескүндікті» таңдау мүмкіндіктері бар. Оқу процессі үш ауысымда жүргізіліп жатқан мектептердің мұндай тәртіпке көше алмасы түсінікті.

Жоғарыда айтылғандай, гимназиялар мен лицейлерде 5 күндік оқу аптасын енгізу күрделірек мәселе. Мұндай мектептерде негізгі жүктемеден бөлек гимназиялық және лицейлік компоненттер болады. Еліміздегі 7100 мектептің 300-ге жуығы гимназия мен лицейлер.  Ондағы бастауыш сыныптарда 5 күндік оқу аптасын енгізу мүмкіндігі бар. Жоғары сыныптар жағдайына келер болсақ, гимназия-лицейлерде үйірмелік және жобалық жұмыстар көлемінің біршамасы сенбі күндеріне жүргізуге мәжбүр болады. Бұндай жағдайда біз сенбі күндеріне күрделі пәндерді қоймай, мәселен, дене шынықтыру, бастапқы әскери дайындық бойынша сабақтар мен үйірмелік жұмыстар, байқаулар мен экскурсиялар өткізуді ұсынамыз.  Бұл тұста кейбір пәндер бойынша сабақтардың музейлер мен басқа да тарихи, мәдени нысандарда өткізу қажеттігін ескерсек, кейбір сабақтарды мектептен тыс жерлерде өткізу мүмкіндігі бар екендігін ұмытпаған жөн.

Қазақстан республикасы Білім және ғылым министрлігі баспа сөз қызметі. 

the author

Абай атамыздың сөзімен айтсақ: «білімдіден шыққан сөз, талаптығы болсын кез». Біз ортаға дәнекер бола алсақ – мақсатымыздың орындалғаны.
Қадірлі оқырман сайт алаңында білім саласына байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. Ұлт болашағына айтар ойларыңыз болса мархаббат.

1 пікір

  1. Шара says:

    Оқушылар 5 күндікке көшті. Ал мұғалім неге өзінің апталық жүктемесін орындап қана қоймай, сабақтан тыс уақытта, үйде дəптер тексеру, сабақ жоспарын құру, сабаққа дайыгдалу т.с.с қыруар шаруаларын атқаратынына қарамастан сенбі күні жұмыс істеуге мəжбүр болып отыр. Неге? Мектеп əкімшілігі сенбіде мектепке келіп жұмыс істемесеңдер жазғы еңбек демалысының 10 күні қысқарады дейді. Бұл жауап қаншалықты дұрыс? Білім министрлігі осы мəселенің басын ашып берсе дұрыс еді

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

  • Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. E-mail: kazbilim@gmail.com
  • ZERO.KZ HotLog
Top