Home >> Ұстаз үні >> Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ. Тамыз кеңесіне тамызық…
Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ. Тамыз кеңесіне тамызық…

«Білім және ғылым министрлігі дәстүрлі тамыз кеңесіне ұсыныс-пікірлер жинап жатыр» дегенді құлағымыз шалған соң, ойда жүрген ұсыныстарды айтуды жөн санадық. Мен жоғары санатты мектеп мұғалімімін. 2013 жылы Назарбаев зияткерлік мектептерінің педагогикалық шеберлік орталығында бірінші деңгейлік курстан өтіп, жаңа бағдарлама бойынша білім алдым. Яғни осы бағдарлама туралы пікір айтуға моральдық толық құқым бар деп санаймын.

Жалпы алғанда, жаңа бағдарлама өзіме ұнайды. Дегенмен маман ретінде онымен келіспейтін тұстарым да баршылық. Жаңа бағдарламаның басты ерекшелігі – мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға – мұғалім деген ұстанымды негізге ала отырып, жылдам өзгеріп жатқан заман талабына сай, мұғалімдерге оқушыларды қалай оқыту керектігін үйретіп, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни пікір-көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық таныта алатын және өз білімдері мен дағдыларын күнделікті өмірде де қолдана білетін оқушы қалыптастыруға даярлау екендігі белгілі.
«Технологиялық, педагогикалық және мазмұндық білім арасындағы өзара байланысты іске асыруға қабілетті мұғалім жоғары деңгейдегі кәсіпқой деп саналады» (Мишра мен Кёлер) деген қағиданы еске ала отырып, Білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған бағдарламасы туралы бірер сөз айтайын. Бұл сөзімді қарсылық деп емес, Кембридж технологиясындағы жеті модульдің бірі – «Сыни тұрғыдан ойлауға үйретудің» әсері деп түсініңіздер.
Бүкілхалықтық талқылаудан өтпегені болмаса, жалпы алғанда, бағдарламаның бірер бабынан басқасы ізгі ниеттен туған сияқты.
Бағдарламаны іске асыруға кедергі болатын маңызды факторлар мыналар: бірінші, оқыту мен оқуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануда 2019 жылға дейін мектептердің материалдық-техникалық базасын жасақтап үлгеру мүмкін бе? Интернетке қаражат табуға болар. Ал соншама мектепке интерактивті тақталар орнату мен барлық оқу кабинеттерін компьютерлендіру мүмкін бе? Мысалы, мен 1500 бала оқитын мектепте жұмыс істеймін. Осыншама балаға бар болғаны 11-12 интерактивтік тақта бар. Олардың өзі 2009-2010 жылдары шығарылған тақталар. Бұзыла қалса қосалқы бөлшек табу қиын және онысы өте қымбат. Пән мұғалімінен бөлек, осы құрал-жабдықтарға қызмет көрсететін инженер-мамандар ескерілді ме? Миллионға жуық тұрғыны бар облыс орталығындағы жағдай мардымсыз болса, шалғай ауылдардағы мектептердің жағдайы қалай болмақ? Облыс, аудан орталықтарында білім беру мекемелеріндегі компьютерлік-ақпараттық технологиясына арнайы қызмет көрсету орталықтарын құру қарастырылды ма?
Екінші, кадр мәселесі. Кадр көп, бірақ нағыз кадр тапшы. Оңтүстік Қазақстан облысының мектептеріне келіп жатқан жас мамандардың барлығы дерлік осы өңірдегі аттарынан ат үркетін, ашық (шашық) жоғары оқу орындарын бітірушілер. Шалғай ауылдар түгіл, облыс орталығында орналасқан «лицей» статусы бар мектепке 13 жылдан бері Алматы мен Астананың белді жоғары оқу орнын бітірген жас маман келген емес. Олар енді 2019 жылға дейінгі 2,5 жыл ішінде келе қояды деп ойлайсыз ба? Тіпті кейінгі он шақты жылда жоғары оқу орындары мектептерге практикант жіберуді де қойды. Студент практикасыз қалай маман болады?
Мұғалім және жеке азамат ретінде өзімді бағдарламаның мына тұстары қатты ойландырады. Мәселен, үштілділікті алайық. Қанша тіл білсең де артық емес. Бірақ заңмен бекітілген мемлекеттік тілді шын мәніндегі мемлекеттік ете алмай тұрған жағдайымызда үштілділікті абайлап іске асыру керек.
Бастауыш сыныптарда баланы ана тілінде оқытқан жөн. Осы сыныптарда баланың ақыл-ойы мен дүниетанымының негізі қаланады. Үштілділік енген жағдайда ана тілі бұрын екінші планда болса, енді үшінші сатыға сырғиды. Ата-ана алдымен шет тіліне көбірек назар аударатын болады. Балаларын қазақ мектебіне беру арқылы өздері де қазақ тілін үйрене бастаған орыстілді қазақтар тіл үйренуден бас тартуға мәжбүр болады. Енді олар баласы үшін ағылшын тілін басты назарда ұстайды. Қазақ тілімен тереңірек айналысуға уақыты бола бермеуі мүмкін. Ең бастысы, енді оларда қазақ тілін үйренуге деген мотивация қалмайды. Қазақ тілінің ары қарайғы тағдыры не болады?
Үштілділік туралы айта отырып, жоғарыда айтып өткен мамандар мәселесіне қайта оралуға мәжбүр боламыз. Ағылшын тілін үйрете алатын дәрежеде білетін маман 50-60 мың теңге жалақысы бар мектепке бара ма? Ауыл мектебінің жайы қалай болады? Жас маман аудармашылықты таңдайды немесе ағылшын тілін оқытатын ақылы курстарға жұмысқа орналасуға тырысады. Нәтижесінде мектепке жоғары оқу орнын сүйретіліп әзер бітірген маман барады. Үштілділікті қолдаушы шенеуніктер мен бизнесмендер соңғы рет ауылдарда қашан болыпты? Болса, мектепке бас сұқты ма?

БЕСКҮНДІК ОҚУ ЖҮЙЕСІНЕ КӨШУ
Адам ағзасы тәуліктік ритмдермен жұмыс істейтіні белгілі. Адам қаласа да, қаламаса да тәулігіне белгілі бір мерзімде демалуы қажет. Ағзаға зорлық жүрмейді. Оқу аптасын қысқартқанмен, тәулікті ұзарта алмайсың. Бескүндік оқыту жүйесіне өту үшін кейбір сағаттар ғана емес, тіпті пәндер қысқартылып, жұмыс сағатын ұзартуға тура келеді. Бұрын орта есеппен 5-6 сабақ болса, енді 7-8 сабақ өтілетін болады. Ал қандай пәндер қысқартылады? Ол қысқартулар баланың азамат ретінде қалыптасуына қалай әсер етеді? Болашақ маман даярлауға әсері қалай болмақ? Еңбек нарығында бәсекелестік қызып тұрғанда балаларымызды білімсіз етіп алмаймыз ба?
Көпшілік ата-ананың мектеп жасындағы баласына тәрбие беруі «ішкіздім», «жегіздім», «киіндірдім» деген түсініктің шеңберіне қарай тарылып бара жатқаны белгілі. Жалғызілікті ана немесе әкелердің, немесе бала тәрбиесін түбегейлі мектепке артып қойған отбасылар мен балалары екі күн үйде отыра ала ма? Көше кезіп кетпесіне кім кепіл?

«ҚАМҚОРШЫЛАР КЕҢЕСІ» ТУРАЛЫ 
Мектептерде батыс үлгісіндей материалдық қолдау көрсетіп қана қоймай, мектептің оқу бағдарламасын жасау мен кадр таңдау ісіне қатысатын «Қамқоршылар кеңесін» құру үшін алдымен елде орта тап қалыптастырып алу керек. Бізде мектепке қомақты қаржылық қолдау көрсетуге материалдық және моральдық тұрғыда дайын шын мәніндегі орта тап бар ма? Мұның арты балалары арқылы бопсалап, ата-аналардан жаппай ақша жинау болып кетпей ме?

ЛАТЫН ӘЛІПБИІ ТУРАЛЫ
Латын әліпбиіне ауысу, біріншіден, біздің халықаралық қауымдастықпен интеграциялануымызды жеделдетеді. Екіншіден… Әркім әр мәселеге өзі отырған төбешіктен қарайды. Мектеп мұғалімі болғандықтан, мен әліпби ауыстыру мәселесіне де білім саласының призмасынан қараймын. Жыл сайын Қазақстан мектептерін бітірген балаларды Ресейдің жоғары оқу орындары жай ғана әңгімелесу арқылы өздеріне әкетіп жатыр. Және ең білімді түлектерімізді таңдап алып жатыр. Мәселен, өзім жұмыс істейтін қазақ-орыс мектеп-лицейінің орыс сыныптарын жыл сайын 50-ге жуық түлек бітірсе, соның жартысынан көбі Ресейге оқуға кетеді. Көпшілігі сол елдің азаматтығын алып, сонда қалып қояды. Бұл, бір жағынан, демографиялық шығын болса, екінші жағынан, туғаннан бастап, сол балалар баратын балабақшаға, мектепке кететін шығындарды есепке алсақ, салық төлеушінің қалтасынан шығатын қомақты қаржы көрші елдің экономикасы үшін жұмыс жасап жатыр. Егер латынға көшетін болсақ, кететіндері бірден кетіп, өзі мен балаларының болашағын Қазақстанмен байланыстырған азаматтарымыз қазақ тілін үйренуге кірісіп кетер еді. Сондықтан латынға көп созбай ертерек өту керек. Бұл жерде басты ұран «Бір ел – бір әліпби» болуы шарт.
Бұрынғы тәжірибелерді еске түсірсек, бағдарламаны іске асыруға ең басты кедергі – бөлінген қаражатты мақсатсыз жұмсау болуы мүмкін.
2013 жылдары сол кездегі білім және ғылым министрінің орынбасары С.Шаяхметов үлкен мөлшердегі қаражатты талан-таражға салғаны үшін сотты болды. Өткен жылы республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Совхозбек Құлмағанбетов есеп комитеті жүргізген аудит кезінде білім және ғылым министрлігінен 1,8 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталғанын жария етті.
Білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыруға 1,8 трлн теңге қаржы қарастырылғанын ескерсек, ақша талан-таражға түспей ме деген қаупіміз орынсыз деп ешкім айта қоймас. Соншама қаржы қолды болып отырғанын жоғарыда айттық. Ал білім саласы қызметкерлерінің жалақысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда төмен. Жалақыны көтеру бізге не береді? Жалақы көтерілсе, педагогика мамандары еліміздің еңбек нарығындағы бәсекеге батыл араласып, педагогикалық мамандықтарға қазіргідей білімі нашар, әке-шешесінің әлеуеті төмен балалар емес, мектепті үздік немесе жақсы бітірген түлектер барар еді де, ол өз жемісін 4-5 жылда көрсетер еді.
Жаңартылған оқу бағдарламасымен жұмысты бастап жіберген 1-сынып мұғалімдерін әңгімеге тартқанымызда байқағанымыз, оқу жылы барысында кездескен қиындықтар – оқулықтардағы қателіктер, көпшілік ата-аналардың жаңа бағалау жүйесін түсінбеуі, осы бағалау жүйесі үшін әр оқушыға жеке-жеке портфолио жүргізу. Портфолио жүргізу уақыттан бөлек, материалдық шығынды талап етеді. Биыл 1-сыныпты оқытқан мұғалімдердің айтуынша, бір сыныпқа орта есеппен 12 қорап қағаз (А4) кеткен. Әр қорап қағаздың құны 1200-1500 теңге аралығында екенін ескерсек, мұғалімнің онсыз да мардымсыз жалақысының қанша бөлігі бала-шағасына бұйырмағанын есептеп шығуға болады. Қағаздан өзге, желім, стикер т.с.с. материалдарға кететін шығындар да жетерлік.
Биылғы жылдың тағы бір өзгерісі – «Алтын белгі» иегерлеріне берілетін артықшылықтар мен жеңілдіктердің алынып тасталуы. Осыған дейін біздің білім беру жүйесі бойынша дарынды баланы ынталандырушы басты стимул болып келген «Алтын белгі» иегеріне берілетін артықшылықтар мен жеңілдіктердің алынып тасталуы ондай балаларға қалай әсер етеді? Ол жағы әлі беймәлім. Бір білеріміз, соңғы жылдары «Алтын белгі» саудаға түсіп кеткені рас. Бірақ осы белгі иелеріне берілетін жеңілдіктер кедей отбасылардан шыққан дарынды балалардың өздерін «элита» санайтын әлеуметтік топқа қосылуына мүмкіндік беруші жалғыз жол, мотивация, үміт еді. Атың өшкір жемқорлық біраз баланы бұл үміттен айырды.
Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы – білім және ғылым министрлігі білімді қорытындылаудың билеттік жүйесі мен ҰБТ жүйесін қатар енгізіп, 11-сыныптардың мұғалімдері мен оқушыларының шақшадай басын шарадай қылып қойғаны тағы бар.
Білім саласы туралы әңгіме болғанда, тұрғындарының басым бөлігі мемлекетқұраушы этнос – қазақтардан тұратын ауыл мектебіне арнайы тоқталу керек. Бүгінгі күні ауыл мектебіндегі басты проблема – ауылдағы жұмыссыздық. Ауылдардағы тұрақты жалақысы бар жалғыз жұмыс орны – мектеп. Сондықтан ауыл тұрғындарының барлығы өз отбасы мүшелерінің кем дегенде біреуін мектепке жұмысқа орналастыруға тырысады. Оған ауыл ақсақалдары араласып, кейде руаралық немесе әулеттер арасындағы дауларға ұласып кетіп жатқан жағдайлар аз емес. Бүгін ауыл мектебінен түрлі жолдармен педагог дипломына ие болып алған кешегі агроном, зоотехник, бағбан, тағы сол сияқты мамандарды табуға болады. Осындай мәселеде сұрақ көп, жауап жоқ. Сонымен тағы бір оқу жылы басталуға жақын. Ал ескі проблема жетерлік. Өткен оқу жылы мектептердегі ұжым мүшелері арасындағы ірі жанжалдармен есте қалды. Сот процестері өтті. Шымкент қаласындағы №38 мектеп басшылары мен мұғалімі арасындағы сот әлі аяқталған жоқ. Алдағы уақытта мұндай жанжалдардың саны арта берері сөзсіз. Өңіріміздегі біраз мектепте орын алған жанжалдарды зерттей келе, тағы бір түйгеніміз: меніңше, реформаны облыстық білім басқармаларын жергілікті әкімдікке бағыныштылықтан құтқарып, тікелей білім және ғылым министрлігінің құзыретіне өткізуден бастау керек еді. Ондай өзгеріс мұғалімдерді жергілікті билік органдары атқаруы тиіс сайлау, санақ, зорлап билет сату, күштеп газет-журналдарға жаздыру, сенбілік секілді артық шаруалардан құтқарар еді де, мұғалім тек білім және тәрбие жұмыстарымен ғана айналысуға мүмкіндік алар еді. Мұғалімді міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартқан шенеунік заңмен қудалануы тиіс. Өкінішке қарай, білім және ғылым министрлігінің мұғалім мәртебесін көтеру туралы әрекет жасағанын байқай алмадық.
Білімсіз даму жоқ. Ал білім саласына реформа керек екені күмән тудырмайды. Бірақ жаңа білім бағдарламасының тиімді де, тиімсіз де тұстары жетерлік. Сондықтан соны қайта зерделеп, зерттеп, біздің қоғам үшін тиімсіз тұстарынан батыл түрде бас тарту керек. «Бастан құлақ садаға» дегендей, жұмсалған шығын садаға…

Өмірбек ШЫНЫБЕКҰЛЫ, тарих пәнінің мұғалімі

«Жас Алаш» газеті

the author

Абай атамыздың сөзімен айтсақ: «білімдіден шыққан сөз, талаптығы болсын кез». Біз ортаға дәнекер бола алсақ – мақсатымыздың орындалғаны.
Қадірлі оқырман сайт алаңында білім саласына байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. Ұлт болашағына айтар ойларыңыз болса мархаббат.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

  • Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. E-mail: kazbilim@gmail.com
  • ZERO.KZ HotLog
Top