Home >> Көкейтесті >> Елбасына хат. Жазықсыз жандар саясат құрбанына айналмасын!
Елбасына хат. Жазықсыз жандар саясат құрбанына айналмасын!

Қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы!

Өткен жылы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын тойладық. Аз ғана уақыттың ішінде өзіңіздің дана басшылығыңызбен Қазақстан мемлекетін бүкіл әлем таныды. Халқымыз бұрын-соңды мұндай танымалдыққа, даңққа бөленген емес. Бұрын-соңды мұндай экономикалық зор табысқа, жетістікке еліміз қол жеткізбеген. Мұның бәрі халқымыздың осындай жарқын болашағы үшін күні-түні тыным таппаған, бойыңыздағы бар күш қуат-жігеріңізді, ақыл-ойыңызды сарп еткен, сол арқылы еліңізді ынтымақ-бірлікке жұмылдырған сіздің ұланғайыр еңбегіңіз екені бір Аллаға, өзіңізді сүйетін халқыңызға аян. Ширек ғасырда жеткен табыстарымызды, жетістіктерімізді айтып тауысу мүмкін емес. Сыртқы саясатта да сіздің сарабдал көрегендігіңіз, біліктілігіңіз арқасында әлем халықтарының кез-келгенімен  қарым-қатынас, байланыс орнады. Әсіресе бауырлас түркі елдерімен байланысты өзіңіздің  қамқорлығыңызға алдыңыз. Осы жерде Қазақстандағы Түркияның төтенше және өкілетті елшісінің пікірін ортаға салғанды жөн көріп отырмын:

«Біз Нұрсұлтан Әбішұлын «Түркі халықтарының атасы» деп санаймыз. Нұрсұлтан ағамыздың көшбасшылығымен Қазақстан барлық салада үлкен жетістіктерге қол жеткізді. 26 жыл ішінде білім, мәдениет, экономика, әлеуметтік салада Қазақстан таңғаларлық жетістіктерді бағындыра алды. Сонымен қатар дипломатиялық қарым-қатынастарда Қазақстан өзінің бейбіт саясатының арқасында әлемдік деңгейге көтеріле білді. Қазақстанның жүргізіп отырған белсенді сыртқы саясатын нәтижесінде Астана үлкен саяси орталыққа айналды.»

Міне, менің осы пікірге алып-қосарым жоқ. Иә, бүгінгі әңгімемізге тиек еткелі отырған Түркия Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін ең алғашқылардың бірі болып мойындап, туыс, бауыр екенін дәлелдеді. 1992 жылы 2 наурыз күні Қазақстан мен Түркия арасында рухани әрі саяси бауырластық келісімі жасалған болатын. Аллаға шүкір, осы тәуелсіздік жылдары екі туысқан елдің арасындағы қарым-қатынас нығаймаса еш бәсеңдеген емес. Тек соңғы жылдары ғана елімізде алаңсыз еңбек етіп, өзіндік зор үлестерін қосып жүрген түрік бауырларымызды алаңдатқан оқиғалардың туындауы әбден шегіне жеткен соң қолыма қалам алып, осы мәселелерді зерттеп, өз толғамдарымды  Ана  ретінде, өзіңіздің саясатыңызды шын жүректен қолдап жүруші қарапайым азаматша ретінде, аналық жүрегімдегі тебіренісімді ортаға салғым келді. Мұндай әрекетке баруыма басты себеп өзіңіздің дана басшылығыңызбен қалыптастырған еліміздің ынтымақ-бірлігімізге, тыныштығымызға сызат түспесе деген игі тілек, қуатты қадам ретінде қабылдасаңыз екен.

Әрине, мұндай күрделі мәселеге батыл түрде бет бұруыма жоғарыдағы себептерден басқа да осындағы түрік бауырларымның  қиналғанын көріп отырып, осы жағдайға алаңдаған жүздеген ата-аналардың өтініштерін жерге тастай алмадым. Сондай-ақ осы мәселеде мыңдаған ата-аналармен бірге ҚТЛ-ды бітірген он мыңдаған түлектер және болашақ шәкірттердің тағдырлары бар екенін жеткізгім келеді. Жоғарғы оқу орнын бітірген соң ауылда ұстаз болдым. Кейін Алматы шаһарында А.Жұбанов атындағы саз мектебінде жай мұғалімнен басшылық қызметке дейін көтерілдім. Ары қарай, «Қазақтелеком» компаниясында мемлекеттік тілдің кеңінен өркен жаюына өз үлесімді қостым. 63 жасымда кезінде екі елдің достығына дәнекер болу үшін ашылуына өзіңіз себепкер болған «Қазақстан ZAMAN» газетіне басшылардың бірі болып қызметке келіп, журналистика саласында қызмет істеп жатырмын.  Әлеуметтік-экономикалық тақырыптарға қалам сілтеп келемін. Өткен жылы «ЕлАна» қоғамдық,танымдық әлеуметтік сайтын аштым. Міне, осы жасаған қызметтерімді ескеріп «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» деген атақ бердіңіз. Алғысым шексіз. Бұл атақ сіздің маған жүктеген зор сеніміңіз. Ол сеніміңізді халқымыздың ішінде, екі туысқан елдер арасында іріткі түсейін деп тұрған сын кезеңде ақтамасам қай уақытта ақтаймын? Жасым 71-де. Газетте істеген соңғы сегіз жылда мен түрік бауырларыммен етене араластым. Олардың өз істеріне деген ыждахаттылығына , Сізге, халқымызға деген адалдығына куә болдым. Олар мені өз аналарындай көреді. «Сіз біздің анамызсыз!» деп құрмет тұтады, мені кәдімгідей қорғаныш санайды. Иә, төмендегі жағдайды әже, ана, ұстаз ретінде, мен де сіздің саясатыңызды шын жүректен қолдайтын саясаткер ретінде өзіңізге жеткізуді парыз санадым. Шынында да сіз мемлекетімізді басқарып отырған шақта біздің елдің тұрғындарына мазасызданудың жөні жоқ екендігін сеніммен айта аламын.

Елшінің көздегені не еді?

Ақпарат дамыған замани әлемде не болып жатқанын біліп хабардар болып отырамыз. Бірін оқып сүйсінсең, бірін оқып шошисың. Соңғы жылдары Түрік ағайындарғада алаңдайтын болдық. Әсіресе Түрік елшісі ағымдағы жылдың 2-наурызында  Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык Baq.kz ке берген сұқбатында еліміздегі БИЛ (Қазақ-түрік лицейлері) жайында былай деген : «Осы орайда бір мәселенің басын ашып айтып кеткім келеді. Ол – ҚТЛ мектептері туралы. Негізі, Қазақ-Түрік лицейлері деп аталғанымен, бұл мектептерге мұндай атау ресми түрде берілген емес. Және бұл мектептер Түркия Ұлттық білім министрлігінің құзыретіне қарамайды. Жеке қордың қарамағында. Онда сабақ беретін ұстаздар да министрліктің атынан келген мұғалімдер емес. Директорлары да Түркия тарапы ұсынбаған басшылар. Олар бар болғаны, Түркия атауын рұқсатсыз пайдаланып, өз мақсаттарын жүзеге асырып отыр. Қазіргі таңда мұндай лицейлер көп. Біз бұлардан арылатын боламыз. Түркия атына кір келтірушілерден өз абыройымызды қорғаймыз. Ал сол мектептерде оқитын оқушылар мен ұстаздар, болмаса ата-аналар еш зардабын тартпайтын болады. Біздің мақсат ол емес. Керісінше, оларға мүмкіндігімізше көмектесу. Мектептерді кадрмен қамтамасыз ету, сапалы білім беру мен білімді оқушы дайындауда Түркия тарапы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, қолдан келгеннің барлығын жасауға әзір. Бұл туралы осыған дейін де біз үнемі айтып келеміз. Алдағы уақытта бұл лицейлер толықтай Түркия Ұлттық білім министрлігінің қарамағына өтеді» деп пікір білдірген. Сұхбатын оқып қатты шошыдық. Алаңдаушылық білдірдік. Ата-аналар хат жазды.

Осыған байланысты өздерінің наразылықтарын білдірген БИЛ ата-аналары да  өзіңізге ашық хат жолдады. Аллаға шүкір, елшінің алғаш сұхбаты жарияланғаннан кейін тура бір аптадан кейін  түрік елшісі қулыққа көшіп, «аудармашыдан қате кетіпті» деп құтылды. Артынша СІМ,  Білім және ғылым министрлігі осы бір мәселеге байланысты пікір білдірген еді.

«Қазақстан елдегі білім беру мекемелерінің қызметіне ешкімнің араласуына жол берілмейді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов бұрынғы қазақ-түрік лицейлеріне қатысты пікір білдіру барысында мәлімдеді,» − деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. «Қазақ-түрік лицейлері ребрендингтен өткенін растаймын, олардың атауы өзгерді («Білім-инновация лицейі» – автор.). Лицейлер Қазақстанда бекітілген мектептік бағдарламалар бойынша жұмыс істейді және оларға тиісті жергілікті атқарушы билік органдары басшылық етеді. Біз Қазақстандағы білім беру мекемелерінің қызметіне біреудің араласуына жол бермейміз,» − деді Қайрат Әбдірахманов. − «ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ҚР Сыртқы істер министрлігі осы мәселе бойынша бірігіп мәлімдеме жасады. Оған дейін ҚР Білім және ғылым министрлігі қазақстандықтарды Түркия елшісінің жасаған мәлімдемесі бойынша алаңдамауларын сұрайды. «Білім-инновация лицейі» жұмысының әдеттегі тәртібі өзгеріссіз қалады». «Жоғарғы жақтан  виза мәселесі шешілді алаңдамаңыздар!»-деген хабарды естігенімізде, түрік ұстаздардың еңбегін бағалап жүрген жұрт шат шадыман қуанғаны есімде. Сол қуанышты хабардан  екі жұма өткеннен кейін 540 ұстаздар отбастарына жағымсыз хабар жасындай болып түсті. Осыдан-ақ олардың қандай күйге түскенін сараптай беріңіз….Ата жұртқа ниеті адал, парасат пайымдары бөлек ұстаздар қауымына обал-ақ болды.

Түркияның Сыртқы істер министрлігі паранойяға келетін позицияға жақындаған сияқты. Бүкіл әлемдегі өзіне қатысы бар, қатысы жоқ кезінде Түрік лицейі деген атау алған оқу орындарының барлығын өзіне жау санауы осының белгісі. Көптеген елдерде ашылған Түрік лицейлеріне шүйлігу арқылы  Ердоған Түркияға біршама жақын, осы елге ынтызарлығы бар, әрі дұрыс көзқараспен қарайтын азаматтардың санын кемітіп жатыр. Бұл үлкен стратегиялық қателік.

Екіншіден, қазіргі күні елімізде Қазақ-Түрік лицейлері деген атау жоқ. Бұлар толық мемлекет қарамағына өткен, Қазақстанның Білім министрлігі бекіткен стандарттармен жұмыс істейтін мекемелер. Түркияның бұл ретте: “оларға мұғалім таңдаймын, басшылығын ауыстырам немесе басқа да өзгерістер жасаймын” деуі Қазақстанның ішкі ісіне ашық араласуы. Үшіншіден, түрікшілдік деген ол тек қана Ердоған емес. Ол Ердоғанға байланысты емес. Түркия Ердоған ғана емес. Осы мәселені дұрыс аңғару керек. Иә, түбіміз бір. Бірақ, әр елдің өз тарихы бар. Өзіндік бағыты, мәдениеті бар.

Түркия Қазақстандағы кезінде Қазақ-түрік лицейлері деп аталған, қазір Білім-инновация лицейі  деп аталатын оқу орындарына ешқандай қатысы жоқ екенін түсінсе және оған қатысты теріс пейілінен арылса деген үлкен өтінішім бар.

Себебі, мұнда оқып жатқандардың дерлігі қазақтың баласы. Білім деңгейі тұрғысынан бұл лицейлерге тағатын мін жоқ. Бүкіл Олимпиада, конкурстардың барлығын жеңіп жатқандар осы лицейдің түлектері. Егер бұған қиянат жасайтын болсақ, ендеше өзіміздің біліми әлуетімізге қарсы әрекет жасағанымыз.

Түркия Сыртқы істер министрлігінің, Түркия елшілігінің осы мәселеге қайта-қайта айналып соғуын Қазақстандағы білім деңгейіне, білім сапасына қарсы жасаған арандатуы деп қабылдауға да болады. Бауырлас ел өздерінің ішіндегі әңгімені біздің ішкі жағдайға араластырмағаны жөн. Сонда ғана ортақ түсінік пайда болады.

Құрметті президент мырза!

Ана силаған халықпыз ғой, сол ананың бірі менмін . Сондықтан өткенмен бүгінді сараптай келе мынадай бір тоқтамға келген жайым бар. Бұл бәлкім біреулерге ақыл айтқандай болып көрінер, сіз ұлттың көшбасшысы ретінде менің жанайқайымды түсінеді деген ойдамын. Бұл жерде менің айтпағым:туркия тарапынан бұрынғы ҚТЛ қатысты алып қашты сөздеріне біздің тараптан нақты жауап беретін кез келді. Біздің Сыртқы істер министрлігі Түрік елшісін шақыртып, лицейлерде істейтін ұстаздардың 90 пайызы қазақ азаматтары, білім алатын балалардың дерлігі қазақ баласы екенін көзін жеткізіп, Түркияға түк қатысы жоқ екенін дәлелдеуі тиіс шығар.  Міне сол кезде ақ пен қараның жігі ашылар еді. Сіздіңде көп нәрсеге көзіңіз жетер еді…

  «Маариф» білім беру қоры кімдікі?

Құрметті президент мырза! (Қатты айтып кетсем кешірім өтінемін) Түркия президенті Ердоғанның қаһарланғаны соншалық, шетелде ағартушылықпен айналысып жатқан түрік мектептерін түбегейлі жойып, өз саясатын жүргізетін жаңа жүйе құрып жатқан секілді. Бұл жөнінде түрік баспасөздерінде жарияланып жатқан ақпараттарға сүйенсек, өткен жылы «Маариф» білім беру қоры құрылған. Бұл қордың негізгі мақсаты шетелде білім беретін түрік мектептерін тартып алып, не болмаса жаңа білім беретін мекемелер ашып, Түркия ресми билігінің саясатын жүргізу тапсырылған. Бұған дәлел ретінде 12 адамнан тұратын басқару алқасы жұмыс істейді екен. Басқару алқасының 4-ін президент, үшеуін министрлер кабинеті, екеуін білім министрі, біреуін экономика, біреуін сыртқы істер министрі тағайындайды. Ал бұл қазіргі басқару алқасының біреуі ғана педагог, қалғандарының көпшілігі басқа сала мамандары және биліктегі партияның бұрынғы қызметкер тілеулестері. Осы басқару алқасындағы кейбір азаматтардың радиқал діни ағымдарға симпатиясы бар деген сыбыстар айтылуда. Оған дәлел ретінде әлеуметтік желілердегі Әлнусра және ДАЕШ сияқты содырлық топтарға қатысты пікірлері көрсетілуде.

Осыдан-ақ байқауға болады, білімге саясат араласқаннан кейін ол жерде қандай адамдар тәрбиеленетіні айтпаса да түсінікті. Біз бұны кешегі зұлмат жылдардың салқын саясатынан жақсы білеміз. Қаншама ақтаңдақтарымызды осы саясат құртты емес пе? Онсызда су жаңа құрылған бұл қордың еліміздегі түрік мектептерін тартып алу туралы, оларды тәркілеу жоспары барып тұрған заңсыздық. Біреудің, басқа мемлекеттің жеке меншігіндегі мүлікті және мекемені қай заңға сүйеніп тартып алады екен? Әлде өз елдеріндегі заңсыздықты мұнда істей аламын деп ойлай ма екен? Түсініксіз. Бұндай әрекеттерге ешқашан жол берілмеуі керек. Есесіне 25 жылдан бері қарай берген білімі және тәрбиесімен Қазақстан билігі және халқының сенімінен шыққан жүйенің бұзылуына жол берілмегені абзал. Осы «Маариф» білім беру қоры туралы біраз ізденіп   көп нәрселердің бетін аштым,  бұл туралы ойланатын нәрсе көп екен….

Біріншіден, кеше ғана құрылған бұл қор білім сапасы және бағыты жөнінде өзін әлі дәлелдеп үлгермеген.

Екіншіден, сан ғасырлық әлемдік брендтік оқу жүйесімен сайысқа түсе алмайды. Халықаралық білім сайыстарында қандай бағытта білім беретіні жөнінде түрік халқының өзі екіұдай болып тұр. Бұл туралы «Егітім сэн» кәсіподағының президенті (мұғалімдердің ең үлкен кәсіподағы) Камуран Қаража былай дейді, «Маариф» туралы заңмен ғылым, білім мәселесі Білім министрлігінің құзіретінен алынып, жеке қорға беріліп жатыр. Бұл білімнің жекешелендірілуі және ғылым, білімді зайырлылықтан алыстатып, діншілдендіру қадамы. Білім министрлігінің құзырындағы білім беру ісін тариқаттарға берілуін қабылдай алмаймыз» десе, оппозициялық «Жумһирдт» халық партиясының депутаты, проефессор Гайе Ұслэр «1981 жылы құрылған білім министрлігіне қарасты ұлттық білім беру қорының істейтін жұмысы соған ұқсас, бірақ содан көпфункционалды басқа қор ашып, оның міндеттң астарында басқа мақсаттар бар. «Маариф» қорын құру арқылы Білім министрлігіне алтернативтік параллельді білім жүйесі құрылып, біртіндеп министрліктің күші жойылып жатыр. Бүгінде Білім министрлігінің саясатын билікке жақын «Түргеу» (президенттің ұлы Біләл Ердоғанның қоры) ілім тарқату жамағаты», «Ондер» (лидер), «Зеһра» қоры «Әнсар» және «Бірлік» қоры сияқты қорлар белгілейтін болды. Бұл қорлар министрлікке алтернативті ұйымдарға айналды» деп ашық сынайды.

«Маариф» сөзінің мағынасына жүгінсек, білім беру жүйесі дегенді білдіреді екен. Сонда шынында депутат ханым айтқан алтернативті оқу жүйесі ме деп қорқамын.

Қазіргі Түркия билігіндегі Ақ партияның соңғы 14 жылда білім беру жүйесін діншілдендіру процесін Білім министрлігінің орынбасары Орхан Эрдем былай деп баяндайды: «Әсіресе діни білім беретін имам хатип мектептерінің саны 440-тан 1017-ге көтерілді». Қазір бұл сан артпаса азаймайтыны белгілі. Әріне халықтың өз дінін үйренгені қуанарлық жәйт, әйтседе басқа діни ағымдармен қаруланған бұл балалар ертең саясатқа араласатын болса, онда зайырлылық қағидалары қайда қалады. Ердоғанның өзі бұл меқтепті бітірген, оның бүгінгі тірлігін көріп тұрмыз! Жүрегінде иманы бар адам осындай қатыгездікке бара ма?

«Маарифтің» төңірегіндегі дау-дамайлар бұнымен бітер емес. Қор әсіресе Африкада ашылған түрік мектептеріне көз тігіп отыр. Өзінің құрылу мақсатында осы мектептерді тартып алу екенін қордың президенті Жем Зорлы мәлімдемелерінде айтып жатыр. Бұл жөнінде өздерінің  ресми сайттарында жарияланған.  Бұны оқып жағамызды ұстадық.      (turkiyemaarif.org). Зорлының айтқанына қарағанда Сомали және Гине билігі сол елдегі түрік мектептеріне қарасты қордан мектептерді тартып алып, осы қорға берген екен. Және бұны мақтанышпен айтады Зорлы мырза. Бірақ та, біреудің жекеменшігіндегі қорға қарасты білім беретін мекеме мен ғимаратын қай заңға сүйеніп тартып алды екен? Бұл барып тұрған қарақшылық емес пе? Бұл жасалған заңсыздықты мектептің негізгі иелері сотқа бергендерін өз құқықтарын халықаралық сотқа дейін апармақшы екенін естіп, қуанып қалдым. Дәл осындай процесс Пәкістан елінде жасалып жатқаны баспасөз беттерінде жарияланды. Абырой болғанда Пәкістан жоғары соты біреудің жеке мүлкін тартып алуға болмайтыны туралы үкім шығарыпты. Дегенмен сот процесі жалғасып жатыр екен. Әрине, демократиясы дамымаған және адам құқығы тапталған елдерде «мен істедім болды» деген сылтаумен бұндай заңсыздықтарға жол беріледі. Ерте ме, кеш пе бәрібір әділет төбесін көрсетеді. Біз бұны өмірлік тәжірибеден талай рет көрдік. Аллам ғұмыр берсе, оны әлі де көреміз.

Дегенмен менің айтпағым, құрыла салысымен билікті қолшоқпарына айналдырып, заңсыздыққа белден батқан, біреудің жеке мүлкін тартып алатын мұндай ұйым балаларға қандай білім, қандай тәрбие бермек? Білім адалдықтың, тазалықтың ордасы болмаса, онда оны білім дей аламыз ба?

Үшіншіден, бұл білім жүйесінде жұмыс істейтін ұстаздар қауымы. Бұлар өзін дәлелдеген, сапалы мұғалімдер емес, тіпті Жем Зорлының айтуы бойынша, көбі енді ғана оқу бітірген. Педагогикалық стажы төмен немесе мүлде жоқ кісілер екен. Және бұлар ауызша емтихан арқылы қабылданады. Бұл дегеніміз билік партиясының көзқарасы сай келмейтіндердің істеу мүмкіншілігі жоқ екенін аңғартса керек. Ертең билік партиясының көзқарасы өзгерсе, бұл мектептердің бағыт-бағдары да өзгермек. Олай болса, бұндай ұстаздар тәрбиелеген өрендер халықаралық білім аренасында қалай бәсекелеспек? Осы мәселе кім-кімді де ойландырса керек. Демек билік өзіне шет мемлекеттен пиар жасайтын ұстаздар қабылдап жатыр. Бұның ертең өзге елдердің ішкі саясатына қалай әсер ететіні тағы да күмән тудыратыны белгілі.

Құрметті президент мырза!

Келесі бір мәселе оқулық мәселесі. Әлемдік брендтердің өз жолдарын қалыптастырғаны белгілі. Олардың өз оқыту жүйесі және соған лайықтап шығарылған кітаптары бар. Мысалы, Оксфорд, Кембридж сияқты. Бұл мәселеде жеке-дара сан жылдық білім тәжірибесі бар, арнайы оқу жүйелері ғана табысқа жеткен. Ал кеше ғана құрылған «Маарифтің» осындай байлығының жоқ екені айтпаса да түсінікті.

Жаңа құрылған жүйелердің проблемасы белден асады. Әсіресе «Маариф» сияқты саяси биліктің тікелей қолдауымен ашылған қорлардың діттеген мәселелерінің өзі еларалық үлкен дау-дамайларға ұласуы бек мүмкін. Ақ партияның тікелей қолдауындағы «Әнсар» білім беру қорының Қараман қаласында орналасқан жатақханасының бірінде өткен жылы 45 ұл баланы, сонда ұстаздық етіп жүрген қызметкерінің зорлағаны туралы ақпараттар Түркияны дүр сілкіндіргенін оқып, шошып едік. Сол кездегі билік партиясының отбасы және әлеуметтік саясат министрі Сема Рамазанұлы «бір реттен ештеңе болмайды» деп, оқиғаны жылы жабуға тырысқаны баршаға аян. Ал мұндай жағдай өзге елдерде орын алғанда не боларын айтудың өзі қорқынышты. Ал бұл қордың сол кездегі басшысының бірі «Маариф» қорына жұмысқа қабылданып, Грузия еліне қайта қызметке жіберілгенін естіп, өзім ойланып қалдым. Сонда жауапқа тартылуы керек адамдар қайта қызметке тағайындалады екен. Мұнысы қалай?

Ердоған мырзаның білім саясаты, соңғы бір жылдың ішінде күрт өзгеріп, мыңдаған үлгілі білім беретін мектепті жауып, 50 мың ұстазды жұмыстан босатып, білім жүйесінің быт-шытын шығарып алды.  Енді өз еліндегі білімді бітіріп болып, шет мемлекеттерге кезек келгендей….  Осы әрекетінің нетижесінде, Түрқия білім беру жүйесі, жаратылыстану пәндері бойынша халықаралық PISA рейтинг агенттігінің көрсеткіштері бойынша, алғашқы дамыған 70 елдің ішінде бірден  50–орынға түскені белгілі. Бұндай құлықсыз қадамдардан кейін бұдан да артқа шегінері сөзсіз. Келесі мәселе өзге дін өкілдері және көп дінді, көп ұлтты қоғамдардағы білім берудің қыр-сырын білмейтін педагогтермен жұмыс істеудің қиындығы, тіпті, мүмкін еместігі. Бұған саяси идеялардың қосылғанын есептеп көріңіз. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» демекші, кез келген елдің ұлттық мүддесі, халықаралық ұстанымы және салт-дәстүрі бар.

Көп дінді және көпұлтты елдердің толерантты саясат ұстанатыны тағы бар. Демократиялық және құқықтық зайырлы елдердің бұл қадамы бейбіт қоғам орнатудағы жемісін бүгінде жеп жүрміз. Бізге керегі халқымыздың тыныштығы.

Құрметті Нұр аға, салиқалы саясатыңыздың арқасында еліміз бүгінде бұл тұрғыда әлемге үлгі болып тұр.

БИЛ (ҚТЛ) туралы жылы лебізіңіз рух берді

Құрметті президент мырза! Еліміз 26 жылда жан-жақты дамыды. Әсіресе білім саласындағы жетістіктерімен жарқырап көзге түсті. Бұл жетістікке бір ғана  мысал келтіріп кетейін, Туркия білім заңымызға сүйеніп тұрып құрылған КАТЕВ қорына қатысты ҚТЛ-дың бүгінгі Білім және инновация лицейлерінің қосқан үлесі ұшан теңіз екені баршаға аян. Аталмыш оқу орындары сонау 90-шы жылдары тәуелсіздігімізбен бірге дүниеге келген еді. Ол өзіңіз бен марқұм Тұрғыт Озалдың кемеңгер саясатының арқасы дер едім.

Ал қазір өзімізде білім жүйесінің жаңа форматтары пайда болды. Назарбаев зияткерлік мектептері, Білім инновация лицейлері, Дарын мектептері сияқты өзара үйлесімдік байланыста білім беретін жүйелер

қалыптасты. Бұл жүйелердің қалыптасуына ҚТЛ-дің игі әсері сөзсіз болды.

Бұл мектеп жүйесі 90-шы жылдарда бізге ауадай қажет еді. Енді ғана тәуелсіздігін алған елге халықаралық стандарттарда білім беретін жүйе енгізу және сол кездің экономикалық және әлеуметтік қиындығына қарамастан бұны іске асыру барып тұрған ерлік еді. Бізге жасалған жақсылықты ел билігі және халқы ешқашан ұмытпақ емес!

Ал бұл жүйеге бүгінде қиянат жасалар болса, оны да тарих ұмытпақ емес. Бұл қазақ халқына да, оның бойындағы адалдық пен адамгершілікке де жат дүние. Есесіне бізге 26 жыл бойы адал қызмет істеп, халықаралық білім сайыстарында көк байрағымызды желбірететін шәкірттер тәрбиелеген ұстаздарды түрлі сылтаулармен қиянат жасап, елден алыстату бұл қазақтың мәрттігіне жараспас..!

Бүкіл Европа, батыста осындай мектептер алаңсыз жұмыстарын жалғастыруда.  Филиппин мемлекетінің әскери қолбасшысы Генерал Эдуардо Аноның:- «Ф.Гулен әрекетін террористік топ деп қабылдамаймыз, қоғамда тек жақсылық ізгілікті істермен  ғана айналысуда»- деп айтуы көп нәрсені аңғартпайма..?! Іргемізде жатқан қырғыз бауырларымыз сияқты позициямызды ашық айтып, бүгінде қазаққа сіңіп кеткен аяулы ұстаздар мен олардың отбасыларын саясаттың құрбанына айналдырмағаңымыз жөн-ау.  Елбасының Түркияға жасаған сапарында айтқанындай, бұл ұстаздар арасында Түркиядағы әскери төңкеріске қатысы барлар болса, аямай, керекті шара қолданылсын! Бірақ бұл жөнінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз хатшысы мәлімдегендей, бұл адал жандардың төңкеріске қатысы анықталмаған. Олай болса, сонау 37-39 жылдардағы кеңестік саясаттың құрбаны болған бабаларымызға ұқсатып, өз қолымызбен бұл ағартушыларға қиянат жасамайық. …. «Тарих алдында қазақ ұялатын ештеме жоқ» деп өзіңіз айтқаныңыздай,  келер тарих алдында біздің де жүзіміздің жарқын болғанын қалайтын ананың бірі менмін. Өйткені біз 26 жылда бұл ұстаздардан жақсылықтан басқа еш жаманшылық көрмедік. 13.03.1952 жылы сол кездегі Туркияның Премьер министрі  А. Мендерес Пакистанға арнайы ұшақ жіберіп, елден кеткен 1840 астам арып-азған  қазақ бауырларына босқын емес, бірден жер,үй беріп құшақ жайып азаматтық берген түрік бауырларымыздың қамқорлығы емес пе..?.

Өмір тұрақты тұрмайды. Ертен түрқиядада билік өзгереді… Сондықтан да бізге «Маариф» сияқты жаңа білім беру жүйесі қажет пе?

ҚТЛ жайында айтқан жылы лебіздеріңіз ондағы шын жүректен жұмыс істеп жатқан жандарға зор қолдау болып рух берді, жігерлендірді. Мәселен 2011 жылы Астанадағы «Нұр Орда» қазақ-түрік лицейінде сөйлеген сөзіңіз ерекше болды: «Қазақ-түрік лицейлерінің өзге мектептерден ерекшелігі – білім беру сапасында. Лицейлерде жаратылыстану пәндері ағылшын тілінде оқытылуда, тіл үйрену үшін де барлық жағдай жасалған.» десеңіз, 2013 жылы KATEV халықаралық қоры оқу орындарының басшылығына, педагогтары мен оқушыларына арнаған сөзіңізде де ерекше сүйіспеншілік таныттыңыз. Үзінді келтірелік. «Шәкірттердің тек соңғы бес жылдың өзінде халықаралық олимпиадалар мен ғылыми сайыстарда 220 алтын, 304 күміс, 421 қола медаль жеңіп алуы зор мақтаныш екені сөзсіз.» Осы жерде қосымша айтып кететін жайт 1995-2016 жылдары ҚТЛ барлығы 15156 медаль алып, Қазақстанның мерейін, білімнің мәртебесін дүние жүзіне танытқан.

Ал бұл жүйеге бүгінде қиянат жасалар болса, оны да тарих ұмытпақ емес. Бұл қазақ халқына да, оның бойындағы адалдық пен адамгершілікке де жат дүние. Есесіне бізге 25 жыл бойы адал қызмет істеп, халықаралық білім сайыстарында көк байрағымызды желбірететін шәкірттер тәрбиелеген ұстаздарды түрлі сылтаулармен қиянат жасап, елден алыстату бұл қазақтың мәрттігіне жараспас. Бүгінде қазаққа сіңіп кеткен аяулы ұстаздар мен олардың отбасыларын саясаттың құрбанына айналдырмағанымыз жөн.

Құрметті Нұр Аға, сізден бұл мәселеге араша сұраймыз…Ата бабаларымыз үйге келген жыланныңда басына ақ құйып шығармаушы ма еді..Көп ұлтты еліміздің татулық бірлігі, Аллаға шүкір, әлемге белгілі! Сіздің салиқалы парасатты саясатыңыздың арқасында, Берекеміз бірлікте!

Түркі дүниесінің ақсақалы ретінде осы мәселенің шешілуі сіздің ғана қолыңыздан келеді. Бауырлас елдің тұрақталу және бейбіт дамуы баршамыздың ортақ тілегіміз. Бауырларымыздың визасы біткендері шет елге кетуге «мәжбүр» отбастары бала шағаларыда қиналуда…Бауыр бауырға осындай қиын-қыстау күндерде керек. Ағайынды арашалау және татуластыру қолдан келсе, бұған Құдайдың да, халықтың да риза болары сөзсіз.

Құрметті Нұрсұлтан аға!

«Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» деп  ұлы бабаларымыз бекер айтаған секілді. Сан жылдар өзгенің боданы болып, ерік-жігері мұқалған, ертеңі бұлыңғыр халқыңызды, алпауыт елдің құрсауынан отқа шарпытпай, оққа ұшыратпай, суға батырмай, қауіп-қатерге ұрындырмай алып шығуды Алла тағала сіздің пешенеңізге жазыпты. Бұл ісіңіз тарихқа алтын әріппен жазылылары һақ. Кешегі хан бабамыз Абылай үш жүздің басын қосып, етек жеңімізді  жинап, жер бетінен қазақ ұлтын жойылып кетуден сақтап қалып еді. Одан кейін тарих қайталанып, тілі мен діні әлсіреген қазақты тұңғиыққа батырмай, сарабдал саясаттың қайығымен, толқын ұрған ғалам теңізінен алып шығып, әлемге танытуды, сіз секілді, қазақтың бір туар ұлына аманаттап отыр.

Құрметті  Нұрсұлтан аға, анамын ғой, кейде ойлаймын: «Мың өліп мың тірілген қазақты» Алла тағала пейіліне қарай сақтады ма деп. Өйткені қазақтай жомарт, дархан, қонағына мырза, қандас бауырына қамқор ел жер бетінде аз. Күні кеше Тәуелсіздікті ту етіп көтеріп, әлемге қазақтың атағын шығарғаныңызда, азаттықты бірінші болып мойындап, шаттана қуанған Түрік бауырлар екенін сіз ешқашан ұмытпайтыныңыз анық. Алғашқы болып егемен елге білім инвестициясын құйып, сіздің саясатыңызды қолдап, небір талантты ұл-қыздардың білім көгіне қанат қағуына демеу болған Түркиялық ұстаз азаматтар, түрлі саясаттың құрбаны болып, өзіңізден көмек сұрап отыр. Пана болыңыз?! Істің ақ-қарасын әділ шешуді өзіңіз қадағалаңыз. Қанатыңыздың астына келіп, білімді ұрпақ өсіруге ат салысқан бауырларыңызды, ата жұртында жетімсіретпей бауырыңызға басыңыз. Сүйеу болыңыз. Қорған болыңыз! Олар сіздің көмегіңізге зәру…!

Бұл хатты жазуыма себеп болған мына жағдайлар  еді..

Таяуда Астанадағы ұлдар инновациялық лицейінен тағы бір ұстаз шетелге кетуге «мәжбүр» болды. Тәжірибесі мол және балалардың сүйікті мұғаліміне айналған оны ата-аналары да қимайды. Жылап, қоштасады. Балалардың еңіреп жылағанын, ұстаз көкірегінің қарсы айрылғансәтін көріп, шыдап тұру мүмкін емес еді.

Қазіргі таңда Қазақстанның білім саласында еңбек етіп жүрген түркиялық 30 тәжірибелі мұғалімдер дәрігерлер визасы бітіп, амалсыз өздерін қабыл еткен басқа елдерге «босқын» мәртебесімен бас сауғалауға мәжбүр болды.  Өйткені Түркияға қайтса «кінәсіз кінәлі» болып, жазықсыз түрмеге қамалуы ықтимал. Кетпейін десе жергілікті көші-қон полициясы визасын ұзартпай отыр. Басқа елдерге босқын болып кету себебі осыдан. Еліміз үшін елеулі еңбек сіңірген түрік азаматтарының осындай келеңсіз жағдайға ұшырағаны елдігімізге сын.

Бүгінде Түркия президентінің қас жауына айналған Ф. Гүлен шетелдік БАҚ беттерінде Түркиядағы төңкеріске қатысты бірнеше рет сұхбат беріп, өзінің бұл көтеріліске еш қатысы жоқтығын ашық айтты. Ф. Гүлен тіпті  өзіне қатысты халықаралық комиссия құрылуын, олар ақ-қараны анықтап, егер өзін кінәлі деп тапса Түркияға ұшаққа өзі билет алып баруға дайын екенін бірнеше рет мәлімдеді. Бұл жаулық ниеттегі адамның сөзі деуге келе ме?
Ең өкінішті жағдай, қазақ еліне білім нәрін беріп, қазақ жұртының ризашылығын арқалаған түрік  ұстаздары да «егер қазақ мемлекетіне, оның президентіне тырнақтай пасық ойымыз, жаман ниетіміз, титімдей кінәміз болса қандай жазаға болса да дайынбыз» – деп тас түйін отыр. Бұл да жан алқымға келгенде айтылар ақтық сөйлем болар.

Ата жұртым деп шаттанып келіп, жазықсыз жаланың құрбанына айналған түрік ұстаздарына басқа елдерге босқын болып кетуден басқа амал да қалмаған тәрізді. Оларға қорған болу – түрік жұртының бір бұтағы бізге аманат арқалатып тұр.  Еліміз үшін елеулі еңбек сіңірген түрік азаматтарының осындай келеңсіз жағдайға ұшырағаны елдігімізге сын.

Осындай жан ауыртар оқиғалар алдағы уақытта болмаса екен деген ниетпен Сіздің алдыңызға бар шындықты, ақиқатты жайып салуға бел будым. Көкейдегі бар ойымды хал-қадірімше жеткізе алдым деп ойлаймын. Қазақстан біліміне еңбек сіңірген сол азаматтарға қамқорлық жасалып, олардың елде қалып ұстаздық еңбегін ары қарай жемісті жалғастыруына мүмкіндік жасалса екен.

Зор құрметпен, Сәуле Мешітбайқызы

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

“Президенті және Халық” Республикалық қоғамдық-саяси газетінде жарияланды.

 elana.kz 

the author

Абай атамыздың сөзімен айтсақ: «білімдіден шыққан сөз, талаптығы болсын кез». Біз ортаға дәнекер бола алсақ – мақсатымыздың орындалғаны. Қадірлі оқырман сайт алаңында білім саласына байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. Ұлт болашағына айтар ойларыңыз болса мархаббат.

1 пікір

  1. Сәуле Мешітбайқызы says:

    ЕЛБАСЫҒА ЖАЗҒАН ХАТЫМА ҚОЛДАУ КӨРСЕТКЕН БАРШАҢЫЗҒА АЛЛА РАЗЫ БОЛСЫН!
    Жақында ғана Қазақ еліндегі түрік ұстаздарына араша сұрап елбасына жазған хатымды жария еткен «Президент және халық газетіне, сондай-ақ қолдау білдірген «Абай. Кз», «Қаз білім. Кз», «Қамшы.кз», «Матрица.кз» т.б ұлтжанды, өткір басылымдарға айтар алғысым шексіз. Менің бұл мақаламды 40 – тан аса шетелдік түрік ,ағылшын, орыс тілдерінде сайттар көшіріп басып, жүздеген пікірлер жазылды және 100 мыңға жуық оқырман оқыды. Осы мүмкіндікті пайдаланып сайт басшыларына, ұжымдарына, мақаланың астына қандайда болмасын пікір білдірген Азаматтарға, өзіме телефон соғып хабарласқан барлық ізгі қауымға алғысым шексіз. Білем, бұл пікірлер менің жеке басыма емес, басына қара бұлт төнген, жаны қысылған, не істерлерін білмей күйінген, тығырыққа тірелген түрік бауырларымызға деген жаны ізгілікке, бауырмалдыққа толы жанашыр жандардың араша үндері. Баршаларыңызға, Алла тағала разы болсын!
    Енді бір –екі түйінді сөз айтайын: Балалары қазақ – түрік лицейін бітірген қаншама ата аналар алаңдаушылықтарын білдіріп жатыр. Лицей түлектерінің көңіл-күйлерін ешкімнің басына бермесін. Мен де анамын. Менің де немерелерім түрік ұстаздарының алдын көрген. Сондықтан қамыққан ата-аналардың жай-күйін түсінемін. ..Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды… Иманды, ибалы, ізгі, білімді ұрпақ өсіру баршамыздың арманымыз екені даусыз. Осы арманымызды ақиқатқа айналдырған айналайын түрік бауырларымыз ғой. Онда неге ізетті, саналы, ақылды, парасатты түрік ұстаздарын шетқақпай етіп жатырмыз. Олардан біз не жамандық көрдік. Билік неге үнсіз?!
    Кеудесі көк тіреген небір шендінің баласы мен немересі қазақ-түрік лицейлерін бітіріп, биікке құлаш ұрып жүр. Мақалама түскен пікірлерді сүзгіден өткізіп отырмын. Әзірге олар тарапынан араша сұрау, өтімді пікір білдіру мүлде жоқ. Тым болмаса, «олардың не жазығы бар?» деп өкініш білдірмей ме екен. Кім-кімнің басына іс түспейді? Қайда азаматтығымыз, қайда адамгершілігіміз? Ең болмаса жасаған жақсылықтың өтеуі болмаушы ма еді? Бар болғаны отбасы, бала-шағасымен 500-ден сәл асатын Түрік бауырларымыздың кең байтақ қазақ сыймағаны ма?!!!
    Бұл не деген немқұрайлылық! Бұл не деген жайбасарлық! «Сыйға сый, сыраға бал» деген қайда? Баладан артық қазына, байлық бар ма жер бетінде? «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай айтқан нақылды іс жүзінде жүзеге асырған лицей ұстаздары емес пе еді? Балаларға ілім береміз деп, өз отандарын тастап, ата жұртымыз Қазағымыз деп келгенде, олардың басына іс түскенде көрсеткен сиымыз, ағайындық арашамыз осы ма? Еліміздегі ең сапалы білім беретін үздіктердің алдыңғы легінде лицейлер тұрғанын кім жоққа шығарады?
    Бүгінгі күн ертең тарих. Бүгінгі біздің ісіміз ерте ме, кеш пе бәрібір ашылады. Сонда қандас бауырларымызға теріс айналып, «күл болмаса, бұл болады» деген иттігіміз бір бұрыштан атып шықпасына кім кепіл?! Болашақ ұрпақтың алдында сонда қара бет боламыз ғой, ағайын-ау.
    Өткенге көз жүгіртіп қарап отырсам, 26 жылда түрік ұстаздардан жақсылықтан басқа еш жаманшылық көрмеппіз. Олардың артынан ерген сыпсың сөз, ғайбат әңгіме болмапты. Керісінше мақтау мен мадақ. Қазақтың атын әлемге танытты ол білім-тәрбие берген қарадомалақтарымыз. Мына жайтті тағы қайталағым келеді,
    13.03.1952 жылы сол кездегі Түркияның Премьер-министрі А.Мендерес Пәкістанға арнайы ұшақ жіберіп, босқын болып тоз-тозы шыққан қазақтарды бауырына басты. Не үшін? Бауырластық қаны үшін. Түркі жұртының бірлігі үшін. Досқа таба, дұшпанға күлкі болмау үшін. Қай ел осындай бауырмалдық көрсетіп еді, айтыңыздаршы!
    Кеңес үкіметінің қаһарына ұшыраған 1840 арып-азған, жүдеген қазақ бауырларына босқын емес, бірден жер,үй беріп құшақ жайып азаматтық беруі ерлік емей немене? Осы бір ерлігімен Түркия премьер-министрі тарихта қалды! Алла тағала жатқан жерін жайлы, топырғаны торқа етсін!
    Бүгінгі біздің шенеуніктер ондай ерлік жасамақ түгілі, елімізге келіп, елеулі еңбегімен еленген түрік бауырларын қыспаққа алып, тоз-тоздарын шығаруға ат салысып жатыр! Отбасымен бар бар болғаны 540 түрік бауырларымыз… Бұл өкініш емей немене?! Бұл да тарихта қалатын оқиға болмақ! Бірақ кім қандай ісімен, қандай беделімен қалады?…
    Елбасымыз айтқандай қандай ел болсада тереземіз тең иықтас серіктеспіз.. Осы арада қара бір күш еліміздің аты затына,елбасымызға нұқсан келтіріп қатты жұмыс істейтін сияқты болып көрінеі…. Бәрі Алладан, тарихтан ештеме жасыра алмаймыз. Сонда әлемге күлкі боламыз ғой. Осы сәтте тарих қатпарынан Отырардың күйреуі есіме түсе береді…. Мына бір екі оқиға менің жанымды қатты күйзелтті. Жүрегім жылады.
    Немеремнің сүйікті ұстазы болған түрік азаматы шарасыздан екі жас баласын әйелімен уақытша тастап, АҚШ-қа босқын болып кетті. Екі көзі жасқа толған, жүрегі мұңға кілкіген байғұстың сондағы кескін-келбеті әлі көз алдымда. Айтқан сөзі де құлағымда тұр: Апай, еш амалым жоқ. Қазақ еліне ризамын, бір баласындай болдым, осында үйлендім, екі балам дүниеге келді, еш кінәм жоқ жасаған, визаны созбады қайтейін. Түрік тілінің мұғалімімін, басқа еш тілді білмеймін, қазақ тілі менің өз ана тілім болып кетті ғой. Ал туған елге бара алмаймын. Қазақстанға жасаған еш қиянатым жоқ еді. Қайтейін» деп солқылдап жылағанда мен де, басқалар да еңіреп қоштасты…
    Одан кейін Эркан бей деген азамат Германияға босқын болып кетті. Осыдан 22 жыл бұрын ұстаз болып келген Қазақстанға, Көкшенің қызымен бас қосып 5 бала сүйіпті. Бұл жігіт әйелінің анасын өз қолына алып, анасындай мәпелеп отыратын. Талай бірге болдық қой, керемет білімді ұстаз еді. Оныңда еңірегенде етегі жасқа толып, «біз қай қылығымыздан осындай күйге түстік» деп қынжылғанда кірерге тесік таппадым ғой байғұс.
    Сол Эркан бей бала шағасы елде еңіреп қалды . Германияда тәртіп бойынша сот болыпты. Қазақстанда алған марапаттарымен, өмірбаянымен танысыпты. Сот сонда оның еңбегіне Біздің билікке таң қалыпты. Әйтеуір шүкір, неміс ағайындар алғашқы жеңілдіктерін жасап, отбасын алдырады екен. Мұндай мысалдар, көңілсіз оқиғалар әлі толастар емес…. сонда бейбітшілікті сүйетін Қазақстанның имиджі кемімейме ме, әлде…?!!!
    Елбасымыз «Сыртқа тамаша мамандарымызды, адамдарымызды жібермейік» деп шырылдап қаншама мәрте айтты. Ал біз болсақ қолдарындағы қаруы ғажайып білімі мен иманы бар бауырларды қолымыздан босқын етіп, шетелге асырып жатырмыз. Пана болуға жарамай отырмыз ғой. Торғайға пана болған сонда бұта ғұрлы жоқпыз ба? Тіпті екі министрлік те қауқарсыз болып отыр. Осы жылдың басында ғана мәлімдеген сөздер, уәделер қайда қалды…?!!!
    Бүгінгі түрік ұстаздардың кешіп жатқан күйлері осындай. Оларды аяудан, есіркеуден пайда жоқ. Оларға қолдау керек, рухани демеу керек. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген атам қазақ. Менің Елбасыға жазған хатымды оқып, оған шын тілектеріңізді білдіріп жатқандарыңыз үшін тағы да басымды иіп алғыс айтамын. Түбі бір түркінің ынтымағы ажырамасын деп тілейік. «Бөлінгенді бөрі жейді» емес пе? Бір болайық. Тағы да қайталап айтамын, ауыртпалық туғанда бір-бірімізге араша болайық, елдігімізді, азаматтығымызды көрсетелік, ағайын! «Көптің тілегі көл» … Елбасына жетіп жақсы хабар болатынына сенімім зор.
    Құрметпен: Сәуле Мешітбайқызы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

  • Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. E-mail: kazbilim@gmail.com
  • ZERO.KZ HotLog
Top