Home Үздік Қыздар университетінің ректоры Динар Нөкетаева сенат депутаты болып сайланды

Қыздар университетінің ректоры Динар Нөкетаева сенат депутаты болып сайланды

0
Қыздар университетінің ректоры Динар Нөкетаева сенат депутаты болып сайланды

Динар Нөкетаева Қыздар университетінің «Құрметті профессоры» атағымен марапатталды

Бүгін Қыздар университетінде өткен Ғылыми кеңестің кезекті жиналысында Қыздар университетінің ректоры Динар Нөкетаева оқу орнының «Құрметті профессоры» атағымен марапатталды.

         6 жылдан аса уақыт қазақтың қара шаңырағы – Парасат мектебіне айналған оқу орнына басшылық еткен Динар Нөкетаева зор қошеметке алғысын білдіріп, оқу орнындағы ұжымымен жүздесіп, алтын ұядай болып кеткен қара шаңырақпен қоштасты.

         Атап өте кетейік, Қыздар университетінің ректоры Динар Нөкетаева жуырда (28 маусым күні) ғана  Алматы қаласы бойынша өткен сайлауда 32 дауыспен жеңіске жетіп, ҚР Парламенті Сенаты депутаттығына сайланған болатын. ҚР Парламент Сенаты депутаттығына кандидаттар ұсыну науқаны 28 сәуір – 7 маусым аралығында өтіп, Алматы қаласы бойынша 8 азамат ұсынылған еді. Үміткерлерді арнайы іріктеуден соң, сайлауға үш кандидат жіберілген болатын. Олар – Динар Нөкетаева, кәсіпкерлер: Алексей Балаганский мен Бекзат Шуақов. Сенатор атанғысы келетін үміткерлердің бұл додасына әр облыстан және Астана мен Алматы қалаларынан барлығы 16 депутат сайланды. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше,  сенаторлыққа барлығы 89 үміткер ұсынылған. Сайлау барысын 518 халықаралық және отандық байқаушы, 244 қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдері қадағалаған. Атап өтетін жайт, бұған дейін Мәжіліс депутаты болған Динар Нөкетаева биыл сайланған Сенат депутаттары ішіндегі жалғыз әйел.

Ректорат отырысында оқу орнының ұжымы Динар Жүсіпәліқызын жаңа қызметі мен Сенат депутаты болуымен құттықтап, ақ жарма тілектерін білдірді.

– «Біз шынын айтқанда Сізді қимаймыз. Қимайтынымыздың бірнеше себебі бар, Сіз нағыз басшы бола білдіңіз, қыздардың қара шаңырағы үшін қыруар дүние жасадыңыз. Оған осында отырған барша қауым куә. Үлкенге ізет, кішіге ілтипат көрсете білдіңіз. Ашық жұмыс істедіңіз. Әрқашан биік шыңға шыға беріңіз, жаңа қызметіңізге мол табыс тілеймін! Жолыңыз болсын! Аман болыңыз!»,- деді Қыздар университетінің Құрметті профессоры, ардагер ұстазы Қазына Аймағанбетова.

Оқу орны басшысын құттықтаушылар легі көп болды. Барша декандар атынан сөз сөйлеген Сайра Жиенбаева: «70 жылдын астам тарихы бар оқу орнында түрлі өзгерістер болды. Бірақ, атап өтетінім, Сіз басшылыққа келгелі Қыздар университетінде үлкен секіріс болды. Арулар ордасында көп дүние жасалды. Университет барлық жағынан дамыды. Білімді боламын деген қыздар үшін барлық жағдайлар жасалды. Қазіргі таңда Қыздар университеті – Үздік педагогикалық ЖОО атанып отыр. Ұлттық рейтинг бойынша педагогикалық жоғары оқу орындары арасында 1 орынға ие. «Ұстаздар ұстаханасы» атанған университет өткен 2016 жылы «QS Stars University Ratings» халықаралық рейтингісі бойынша «3 жұлдыз» иеленіп, үш жұлдызды тұңғыш қазақстандық педагогикалық университет атануының өзі Сіздің басшылығыңызбен жүргізілген еңбегіңіздің жемісі. 6 жылда оқу орнын осындай үлкен жетістікке жеткізіп, қомақты жұмыс атқардыңыз. Сіздей ашық, ақ жарқын, кемел, парасатты басшы, іскер адаммен қызмет жасағанымызды мақтан тұтамыз. Сіз біз үшін тарихымызда қалатын тұлға ретінде орныңыз ерекше. Алатаудай биік алдыға қойған арман-мақсаттарыңызға жете беріңіз, қыран құстай қанатыңыз талмасын! Сарқылмас күш-жігер, таусылмас мол қуат тілеймін! Еңбегіңіз табысты болсын! Ақ жол!», деп бұдан өзге де оқу орны басшысының қызметтегі жетістігі мен жеке бойындағы қасиеттерін тілге тиек етіп, жүрекжарды тілегін білдірді.    

Соңғы рет университеттің Ғылыми кеңесіне қатысқан Динар Нөкетаева тебірене сөз сөйлеп, проректор, декандардан бастап, барлық бөлім басшыларына, бірге жемісті қызмет жасаған  барша қызметкерлеріне үлкен алғысын білдірді. 

«6 жыл бойы Сіздермен қоян-қолтық, бірлікте, берекеде жұмыс істегеніме қуаныштымын. Қыздар университеті – ұстаз-педагогтарды дайындайтын, Қазақстан ғылымы мен білімі саласында өзіндік қайталанбайтын болмыс-бітімі  бар оқу орны. Қасиетті қара шаңырақты өз даралығымен, бірегейлігімен ерекшеленетіндігін қашанда айтып жүремін. Оны сөзбен емес, іспен де дәлелдеп келеміз. Бүгінде киелі шаңырақ тамырын тереңге жайған бәйтерекке айналды. Біздің түлектер еліміздің барлық түпкір-түпкірінде ел дамуы үшін оқу-ағарту саласынан бастап қоғамдық жұмыстардың барлығына атсалысып, ұрпақ тәрбиесі жолында еңбек етіп, абыройлы қызмет атқаруда. Мен осы университетте қызмет жасағыныма  бақыттымын. Өзім үшін көп тәжірибе жинадым, көп дүние үйрендім. Игі іс жолында «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», ынтымақта, татулықта, бірлікте жұмыс жасадық. Ризамын… Қыздар университеті тек көркейе берсін, жасай берсін, М.Әуезов айтқандай, «Ешқашан шамшырағы сөнбесін!», деді Д.Нөкетаева.

Жиын барысында Динар Жүсіпәліқызы Министрліктің  бірнеше мемлекеттік марапаттарын табыс етті.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Білім беру саласының Құрметті қызметкері» белгісімен оқу орынның қызметкерлері  Айгүл Даулеткулова, Күлзия Калымова, Жанат Нұрсейітова,  «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен университет ұстаздары Ильмира Исламкулова мен Келіс Жайлыбай  марапатталды. Ал, Күнімай Шагирова «ҚР білім беру жүйесін дамытуға қосқан зор үлесі үшін» Алғыс хатына ие болса, Райса Саурбаева «Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткізген табыстары мен білім беру саласына қосқан үлесі үшін» Құрмет Грамотасымен марапатталды. Д.Нөкетаева сонымен қатар, Әлеуметтік және тәрбие істері жөніндегі проректор Зәуреш Сабырова мен оқу орнының Бірінші проректоры Баходир Әлиевті «ҚР тәуелсіздігіне 25 жыл»  мерекелік медальдарымен марапаттады.

Талай шәкірт тәрбиелеп, бүгінгі күнде еңбектері еленіп, зор қуанышқа ие болған ұстаздар мен Қыздар университеті дамуына мол үлес қосқан  қызметкерлерді марапаттаған оқу орын ректоры Динар Нөкетаева еңбектеріне табыс пен жетістік, қажымас қайрат пен талмас қанат, дендеріне саулық мен мақтан тұтар мол шәкірттер тіледі.

Ерекше құрметке ие болып, еңбегі еленген мемлекеттік награда иелерін барша ҚазМемҚызПУ басшылығы мен ұжымы, ұстаздар қауымы мен шәкірттері атынан құттықтай отыра, қызметтеріне табыс пен жетістік, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілейміз! Еңбектеріңіз әрдайым лайықты бағаланып, ерен еңбектеріңізбен елдің ілтипатына бөлене беріңіздер! Абыройларыңыз артып, еңбектеріңіз жана берсін!

«Қыздар университеті» медиа орталығы

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here