Home >> Ұстаз үні >> Аятжан АХМЕТЖАН: БІЛІКТІ МҰҒАЛІМ ЕШКІМГЕ ҚОЛЖАУЛЫҚ БОЛМАЙДЫ
Аятжан АХМЕТЖАН: БІЛІКТІ МҰҒАЛІМ ЕШКІМГЕ ҚОЛЖАУЛЫҚ БОЛМАЙДЫ

Білім беру саласының бірқайнауы ішіндегі «шала» реформалары қоғамның сынына ұшыраса да, билік тарапынан қолпаштауға ие. Осы ретте саланың жай-жапсарын жіліктей шағатын, білім беру саласындағы басты мәселелерді жасырмай айтып жүрген ұстаз Аятжан Ахметжан мырзаны сұхбатқа тарттық.

– Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен мамырдың 12-сінде республиканың барлық аймағында бір мезгілде жалпыұлттық ата-аналар жиналысы өтті. Мұндай жиын оқу жылының соңында өткізілуіне нендей себеп болды деп ойлайсыз? Білім реформасын ата-аналарға сіңірудің ғана амалы ма, әлде оның басқа да мақсаттары бар ма?

– Бұл жиналыстың өтетіні жөніндегі ақпарат жарияланғанына біраз уақыт өтті. Жиналысты Білім және ғылым министрлігінің (БҒМ) оқу жылы аяқталатын кезеңге әкеп тірегені – өтпей қалды деген жауапкершіліктен әсіре желеумен, алдын ала жоспарлап қойған міндетінен құтылудың амалы болса керек. Себебі мемлекеттік деңгейде бір мезгілде ұлттық ата-аналар жиналысы өткізіледі деген дақпырты дөкей болғанымен, дүрмегін ешкім де ести алмады. Жиналыстың нәтижесін ауыз толтырып, сараптап жатқан бірде-бір ата-ананың дауысын естімедік. Қоғамның назарынан да тыс қалған шара болған сыңайлы. Еліміздегі үш миллионннан астам ата-ананың пікірі ешкімді елең қылмағаны – өкінішті.

– Дегенмен, министрлік таратқан баспасөз парағында жиналыс жасаудағы негізгі мақсат – елімізде болып жатқан түрлі өзгерістерді, реформаларды халық арасына кеңінен насихаттау және ата-аналармен тығыз байланыс орнату, т.б. мәселелер жазылған екен. Жиналыс – экономикалық дағдарыс кезеңінде білім беру саласын ата аналардың көмегі арқылы құтқару мақсаты үшін өткізілді деген пікірге нендей ой қосар едіңіз?

– Қамқорлық кеңесінің жауапкершілігін бүкіл ата-анаға қарай бұру – нәтиже бермейтін бастама, білім саласын толық түсінбеген мамандардың асыра сілтеушілігі. Өркениетті елдерде Қамқорлық кеңесінің білім ордаларына экономикалық қолдау көрсету тәсілдері реттелген, ал біздің елде Қамқорлық кеңесінің қызметі «Форбс» журналы тізіміндегі миллиардер ата-аналардан басталса, нағыз құптарлық шара болар еді. Қарапайым тірлік кешіп жүрген ата-анадан ондай кеңес құру – білімді ешқандай тығырықтан шығармайтыны анық.

– «Суға кеткен тал қармайды» демекші, білім саласындағы қаржылық дағдарысты ата-аналар арқылы шешпек болғандардың ойлап тапқан «жаңалығы» емес пе?

– Бұл – білім саласын тез арада құтқара қоямыз, қыруар жұмыс атқарғалы жатырмыз деп, елді үміттендіруге бағытталған шоу іспетті шара дегеннен басқа айтар жоқ.

– Ата-аналар жиналысында мектеп әкімшілігі Қамқоршылар кеңесінің жұмысын, кеңестің құқығы мен міндеттерін, қағидасы мен қызмет тетігін талқылау бағытының астарында материалдық қажеттілік жатыр деген пікір бар. Оның мәні – ендігі жерде орта білім су тегін берілмейді, оған ата-аналардың да қаржысын жұмсау керек болады деген ойды туғызбай ма?

– Мүмкін, бәрі де мүмкін… Екіншіден, елімізде жеке меншік және ақылы мектептердің саны көбейіп жатқаны белгілі. Мемлекеттік оқыту жүйесіндегі мектептердегі білім беру сапасына көңілі толмайтын ата-аналар балаларын жан-жаққа тасып, ақысын аямай төлеп оқытуда. Мұндай жағдай үлкен қалаларда кеңінен орын алған. Білім беруде бір мектептің жүйесін Назарбаев зияткерлік мектебіндегі реформаны ел аумағындағы барлық мектептерге таңу – біздің елде әдетке айналған. Үлкен қалалар мен облыс орталықтарындағы қаржылық мүмкіндігі мол бес-алты ата-ананың жағдайы мен алыс ауылдағы жұртты салыстыру обал емес пе? Бұл әрі-беріден соң, экономикалық қажеттілікті емес, білім беру саласында идеяны іске асырудың жолы ғана. Министр Сағадиев басшылыққа келген күннен бастап, білім саласындағы кез келген реформа дау туғызып жатқандықтан, у-шудың аптығын басу үшін, әртүрлі бастама көтеріліп жатыр.

– Ал енді ата-аналарға өз еріктерімен мектеп кітапханаларына кітаптар әкеліп өткізу жөнінде ұсыныс жасалыпты. Яғни, ел бюджеті мұндай жүкті бұдан былай көтере алмайды деген сөз. Бірақ өз кезегінде Астана мен ЭКСПО-ның құрылысы дүркіреп жүріп жатыр. Осы бізге керек пе еді?

– ЭКСПО құрылысы басталмай жатып-ақ, «көрпемізге қарай көсілгеніміз жөн» деп, қарсылық пікір танытқанымызбен, қоғамның пікіріне ден қойған кім бар? Қаласақ та, қаламасақ та, өтетін көрме – өтеді.

Білім беру жүйесі түбегейлі реформаға сұранып тұр. Бірақ қандай реформа жасаймыз деген білікті мамандардың пікірі назардан тыс қалып жатады. Ел бюджеті білім беру саласының салмағын, реформасының шарт жағдайын көтере алмайтыны белгілі болып қалды. Шынымен, орындаймыз деп құлық танытар болса, шешілмейтін түйін болмас еді…

– Әлеуметтік желідегі жазбаңызда «Жемқорлық бүкіл саланы жайлап тұрғанда «орындықта» таза отыру мүмкін емес… Себебі комиссия айыппұл салмасам болмайды, – деп келеді, ал оны қалтасынан ешкім төлемейді. Не істемек керек?» деген екенсіз? Сол ақша ұстаздардың қалтасынан шығатыны анық, одан құтылудың жолы бар ма?

– «Не істемек керек?» деген сұрағымды өзімнен сұрадыңыз (күлді). Ең алдымен ұстаздардың кәсіби біліктілігі, екіншіден, құқықтық сауаттылығы жоғары болуы қажет. Кәсіби білікті ұстаз өз құқығына ешкімнің қол сұғуына жол бермейді. Осы екі шарт орындалған жағдайда, нарықтық заманда өзінің бәсекеге қабілеттілігіне сұраныс туғызып, жемқорлыққа жол бермес еді. Мектепке тексеру келген жағдайда, білікті де, құқықтық сауаты мықты маман ештеңеден де тайсалмайды. Мұғалім өзіне сенімсіз болған жағдайда, ақша беріп, қызметімнен шығарып тастамаса екен деген үреймен, құтылудың жолын іздейді. Мектеп директоры өзі басқаратын мектебіндегі орын алған кемшілікті жамап-жасқау үшін, пара беруге мәжбүр болады. Елімізде кез келген саланы жайлаған жемқорлық білім беру саласын да шырмап алғанына ішің ашиды. Өзінің конституциялық құқығын табанды түрде талап ету – біздің қоғамда өте күрделі мәселеге айналды, қудалауға ұшырап, жұмыссыз қаласыз, одан зорғысын айтпай-ақ қояйын, өздеріңізге белгілі мәселе ғой.

– Айтар жоқ, сонымен бірге билік мұғалімді саясат технологиясының қолшоқпарына айналдырып алды. Сайлау, халық санағы, т.б. науқандарда мұғалімдер ала таңнан табаны тілініп, үй-үйді аралап, босып кетеді. Басқа уақыттарда қағазбастылықтан арыла алмайтыны тағы бар…

– Осы мәселе жырға айналғалы қашан? Дегенмен, бұған екі түрлі жақтан қарағанымыз жөн сияқты. Бірінішден, білім беру саласы да диктатуралық-әкімгершілік сипаттан алыс кеткен жоқ, демократиялық жолға бұрыла алмай жатыр. Екіншіден, мемлекеттік деңгейге дейін жеткен жемқорлық – мектеп басқару құрылымына да залалын тигізуде. Мәселен, мектеп директорлығы лауазымын сатып алуға болады, өз кезегінде директор жоғары жаққа берген қаржысын қарамағындағы мұғалімнің қалтасынан сығып алады. (Осы мәселе менің ашып отырған жаңалығым емес, ел-жұртқа әбден әшкере болған жәйт.) Шынын айтуымыз керек, «жыламаған балаға емшек бермейді» демекші, ұстаздардың өз құқығын өзі қорғай алмайтынының кесірі өздеріне таяқ болып тиюде. Өзім де талай қуғынды көрдім, бірақ ешкімге де көк тиын берген жоқпын, барғым келмейтін концерттің билетін алуға да ешкім мәжбүрлеген жоқ.

Кәсіби білігі жоғары ұстазды ешкім ешқандай шараға мәжбүрлей алмайды, жұмыстан шығарып жібереді деп қорқудың қажеті шамалы, өз құқығыңды қорғай білуді үйрену керек. Білікті мұғалім ешкімге қолжаулық болмайды. Табысқа жетуге қауқары жоқ, білігі төмен маман өзін-өзі ақтап алудың жолын табуға тырысады. Пара беріп немесе жылап-еңіреп мәселесін шешу ірілік емес, ондай ұстаздың алдынан ірі шәкірт шықпайды.

– Аятжан мырза, ендігі кезекте өзіңіз қызмет ететін Республикалық «KAZBILIM» орталығына қарай ойыссақ. Биылғы ҰБТ-ның жаңа форматқа көшуіне байланысты түлектерге бағыт беру мақсатында тесттер жинағын ЖАСАҒАН ЕКЕНСІЗДЕР. Осы еңбектеріңіздің мектеп түлектеріне қаншалықты пайдасы тиіп жатыр?

– Биылғы ҰБТ-ның жаңа форматы өткен жылы қазан айында бекітілді. Содан кейін бір жарым ай уақыт бойы Ұлттық тестілеу орталығы жаңа нұсқадағы оқу-әдістемелік құралдарын шығарып, бағыт-бағдарын ұсынады деген үмітте болдық. Алайда ол үмітіміз ақталмады. Дегенмен, өз бетімізбен жаңадан енгізілген «Математикалық сауаттылық» және «Оқу сауаттылығы» пәндері бойынша екі кітап шығардық. Одан кейін әлеуметтік желіде бізбен жеке хабарласқан ата-аналар мен оқушылардың сұранысы бойынша он бес пәнге арналған сауаттылық жөнінде кітаптар шығарып, күні-түні түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Ең үлкен пайдасы сол – оқушыларға дұрыс бағыт бере алдық деп ойлаймын. Ұлттық тестілеу орталығының ең алғашқы нұсқасы наурыз айында шықса, біздің кітапшаларымыз жаңа жылдың басында оқушының қолына жетті. Екі ай біреулер үшін аз ғана уақыт болуы мүмкін, ал 11-сыныпты бітіргелі отырған түлек үшін екі айдың маңызы зор. Бір күн бұрын болса да, оқушыға дұрыс жол, бағыт-бағдар бергеніміздің пайдасы көп болды деп сенемін.

Жеке меншіктегі біраз баспалар біздің авторлық құраммен басқа тесттің сұрақтарын қойып, кітап шығарып, «қара базарда» саудалағандарды да көрдік, сотқа дейін жүгінуге тура келді. Ата-аналардан өтінерім, «қара базарда» сатылып жатқан ҰБТ тестілеріне арналған кітаптарды сатып алмаңыздар, тек қана лицензиясы бар, арнайы дүкендерден сатып алуға кеңес берем. Ұрпақ тағдыры – ұлттың тағдыры, ендеше оны саудаға салып, құнын түсіруге болмайды!

– Биыл балалар ҰБТ-ны жаңа формат бойынша тапсыратындықтан, Білім және ғылым министрлігі қала мен ауыл мектептерінің білім сапасының айырмасын болдырмау үшін қаншалықты деңгейде жұмыстар жүргізіп жатқанын біле алдыңыз ба?

– Қала мен ауыл мектептерінің арасындағы айырмашылық жыл санап алшақтап жатыр. Қалалық жерде ҰБТ-ның жаңа форматы жөнінде ертерек ғаламтор арқылы ақпарат алуға мүмкіндік мол болғандықтан, дер уақытында хабардар болса, шалғайдағы ауыл мектебіне әлі күнге дейін жаңа нұсқадағы оқу құралдары жеткен жоқ. Ауыл мектебі екі ұдай күйде, мамандық таңдауға қатысты қандай пәнге басымдық беретіндерін сұрап, мамыр айында біздің орталыққа хабарласып жатқан оқушылардың саны көп. Демек, шәкірт өзі қалаған мамандығы бойынша таңдайтын пәндерін әлі күнге дейін білмейді деген сөз. Бұл – Білім министрлігі тарапынан жасалған қадағалаудың нашарлығын, ауыл мектептерінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуі кемшін екендігін көрсетеді.

Мен ақпан айында Жетісай қаласында іссапармен болғанымда, ұстаздарға ақпараттың толық жетпегені белгілі болды. Ата-аналар тарапы да самарқаулық танытады, баласының болашағы үшін талқыланып жатқан білім реформасына бей-жай қарайды. Барлық ата-аналарға кінә тағудан аулақпын, басым көпшілігі немқұрайдылыққа басады, осы екі ортада оқушы таяқ жейтіні ескерілмейді.

– Сіздің ойыңызша, біздегі білім реформасы неден басталуы керек еді?

– Жуырда ғана министрлік тарапынан Назарбаев зияткерлік мектебінің басқарма басшысы Күләш Шамсидинова ханым мұғалімдердің 70 пайызының өзінің пәніне деген біліктілігі төмен екендігін айтты. Бұл көрсеткіштің ащы ақиқат екенін өзім мұғалім болсам да, мойындауыма тура келіп тұр. Реформа осы түйіннен басталуы керек еді, білім саласының табысқа жетуі немесе жетпеуі бірінші кезекте ұстазға, одан кейін мектептің материалдық базасына келіп тірелетін мәселе.

 Ал кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқыту, дүние жүзі тарихын орысша оқыту деген жаңалық қандай «данышпанның» ойына келгенін кім білсін, білім саласынан хабары жоқ шенеуніктің шығарған жаңалығын реформа деп атауға мүлдем болмайды. Осы салада ұтқан ешкімді көрмедім, ең басты ұтылған – ата-ана, оқушы мен ұстаз, одан ары қарай айтар болсақ, қазақ мемлекеті, қазақ қоғамы!

Бұл «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дегендей, мектептің отына күйіп, суығына тоңып жүрген ұстаздар қауымының талабы мен сұранысы бойынша төменгі жақтан жасалған реформа емес, жоғарыдан түскен бұйрық іспетті. Оны жасаған авторлардың басым бөлігі педагогиканың ауылынан алыс, мектеп пен оқушының жағдайынан бейхабар екені анық. Білім беру саласының тығырыққа тірелуінің басты себебі де осы!

Осы салада министрлері жиі ауысып, жаңа реформа үшін бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді. Былтыр орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәні үшін жаңадан бағдарлама жасау туралы шетелге мамандар жіберіп оқытты. Орыс мектептері үшін осы қажет пе еді, олар өзінің болашағын Ресеймен байланыстырады, бюджеттен ақша «жеудің» амалы ғана, осы жөнінде өз пікірімді жасырып қалған жоқпын, қазақ сыныбында оқитын 80 пайыз баланың тағдыры бірінші кезекте ойландыруы керек.

– Осы мектеп реформасы саласында өзіңізді толғандырып жүрген қандай мәселе министрліктің, биліктің құлағына жетсе екен деп ойлайсыз?

– Орта білім саласындағы реформаны бейнелеп айтар болсам, соғыс жайындағы жеңіс – мықты әскер мен оның қолындағы сақадай сай қаруына байланысты. Сондықтан ұстаздар қауымы білікті әскерлерден құралып, білім ордасының материалдық базасы толық қамтамасыз етілсе, білім сапасы да өз деңгейінде дамиды. Білім саласын жақсартамыз десек, орта білім болсын, жоғары оқу орны болсын, бірінші ұстаздардың сапасы туралы ойлануымыз керек.

Екінші, материалдық шарт жағдайын жақсарту қажет. Қаншама супержобаларды алып келсек те, мықты мұғалім мен материалдық база болмаса, ісіміз кері кетеді. Мәселен, шалғай жатқан ауылдардағы мектептерде ағылшын тілінен мұғалім таппай отырғанда, үштілділікті енгізу – әумесерліктен шыққан дүние.

Аспазы мықты болса, «балтаның сабынан да ас пісіреді», ал нашар болса, қолдағы барын пайдалана алмайтыны – дәлелдеуді қажет етпейтін қағида. Іске аспайтын жобаны жасайтындарды қадағалайтын, есебін сұрайтын ешкім болмағандықтан, «Судың да сұрауы бар» дейді қазақ, өткеннен сабақ алу үлгісі қалыптаспады.

Дегенмен де, қолымызды қусырып отыра бермеспіз, балалардың болашағы үшін атқарылатын істерді жалғастырамыз. Өркениет көшінен қазақ мектебі артта қалмайды деген үмітіміз басым!

– Ендеше қара домалақ қазақтар үшін жасап жатқан еңбегіңіз жансын, Аятжан!

Бақытгүл МӘКІМБАЙ

«DAT»

the author

Абай атамыздың сөзімен айтсақ: «білімдіден шыққан сөз, талаптығы болсын кез». Біз ортаға дәнекер бола алсақ – мақсатымыздың орындалғаны. Қадірлі оқырман сайт алаңында білім саласына байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. Ұлт болашағына айтар ойларыңыз болса мархаббат.

1 пікір

  1. Mardan says:

    Өте тамаша.Ағартушы құрамы мықты болғанда ғана алға басу болады. Мен физика пәні мұғалімі болғандықтан айтарым: алдағы уақытта балдарға физиканын термин сөздерін жаттатам дегенше 45 минут уақыт болады’,ал ғылым жайында қалады. Демек сыртымызды әдемі қылып қомпайтқанымызбен, ішіміз … Мен 3 тілділікті барлық оқу ордасына емес, арнайы (лицей,дарын,т.Б) орнатуды ұсынатын едім.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

  • Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. E-mail: kazbilim@gmail.com
  • ZERO.KZ HotLog
Top