Home >> Ұстаз үні >> Жұмысты жеңілдетемін, мектеп ұжымын табысқа бағыттаймын десең бәріне де еркіндік бер!
Жұмысты жеңілдетемін, мектеп ұжымын табысқа бағыттаймын десең бәріне де еркіндік бер!

Астана қаласы әкімдігінің №76 мектеп-лицейінің директоры

Сафура Сейдуәлиқызы Төлекова

 Сафура Сейдуәлиқызы! Өзіңіз туралы қысқаша тоқталып өтсеңіз

Қарағанды облысына қарасты  Жаңаарқа ауданының  Қараағаш елді мекенінде дүниеге келдім. Сол жерде Ынталы орта мектебін үздік аяқтап,  Жезқазған педагогикалық иститутынан «математика пәнінің мұғалімі» мамандығын алып шықтым.  Педагогикалық еңбек жолым  Жезқазған қаласындағы Қ.И.Сәтбаев атындағы №7 мектеп-лицейде басталды. Сол жерде маман болып қалыптасып, 2011 жылы Астана қаласына ауыстым. Жалпы педагогикалық өтілім 23 жыл, оның ішінде 13 жыл  директордың орынбасары болдым, 2  жыл директорлық лауазымды атқарудамын.

Отбасында алты баланың төртіншісімін. Әкем мен анам қарапайым еңбек өкілдері, бірақ, барлығымыздың «өте жақсы» оқуымызға сол кісілер себепкер.

Мойындауымыз керек, қазіргі таңда мұғалімнің беделі түсіңкіреп тұр. Мұғалім мәртебесін көтеру үшін не істеу керек? Сіздің ойыңыз?

Мұғалімнің беделін қазіргі таңда емес, осыдан он шақты жыл бұрын түсіріп алғанбыз. Сол  кезде түсіріп алған беделді көтеру оңай болмай жатыр.

Мұғалімнің беделін түсіретін негізгі себеп – мұғалімдердің құқықтық тұрғыдан әлсіздігі  мен  мамандық таңдаудағы «адасуы». Мұғалім өзінің пәні бойынша білімді болса, өзінің әрбір ісі мен сөзіне жауап беретіндей білікті болса, өз мамандығын, бастысы балаларды сүйетін болса, өзін қорғай алса оның беделін кім түсіреді? Мұғалімнің айлық жалақысы мен еңбегінің арасындағы алшақтық, қағазбастылық, өзінің міндетінен тыс қоғамдық жұмыстарға тартылуы сияқты жәйттар — қосалқы себептер. Қазақстанда тек мұғалімдердің ғана емес, әлеуметтік саладағы мамандардың барлығының да жалақысы ауыз толтырып айтарлықтай емес.  Мұғалім өз міндетін, ата-ана өз міндетін атқарса да, біраз мәселе шешілер еді… Өкінішке орай, кейбір ата-аналардың да міндетін мұғалім атқарып жүр.

Мектепті «қанағаттанарлық» бағаға аяқтаған түлек төрт жылдан кейін мектепке «мұғалім» болып келгенде не күтеміз?   Өкінішке орай, мұғалімдердің жетіспеушілігінен ол «мамандар» да мектептерде жұмыс істеді, әлі де істеп жүр… «Адасып» жүрген мұғалімдердің кесірі  майталман мұғалімдердің жұмысына «дақ» түсіруде…

Қазіргі жастар жұмыстың қиындығынан қашпайды, олар үшін жалақы маңызды. Сондықтан, басқа мамандықтармен салыстырмалы түрде жалақы төлеу жүйесін реттесе, оның ішінде жас мамандардың айлығын қазіргіден арттырса, жаңашыл, батыл, білімді жастар мұғалімдік мамандыққа тұрақтап қалар еді. Тағы бір ескеретін жағдай, мұғалімдер мен білім беру саласының жақсы көрсеткіштерінен гөрі кемшіліктерді жарнамалау басым. Бұл – БАҚ өкілдерінің рейтинг қуу бәсекесінің жемісі.

Мұғалім мәртебесін көтеру үшін Білім және ғылым министрлігі  нақты қадамдарды бастады. Мұғалімдердің қағазбастылығын азайту, жылына екі рет үй аралап, есеп жүргізу, педагогикалық жүктеме нормасын азайту сияқты мәселелерді шешу үшін қазір нақты жұмыстар басталды. Сонымен қатар, мұғалімнің өзінің де мамандыққа адалдығы, жауапкершілігі, балаға деген махаббаты – мәртебелі болудың  басты фактор болып табылады.

Өзіңіз де басшысыз. Кадр таңдағанда мұғалімнің қандай қасиетіне мән бересіз?

Ең алдымен, теориялық біліміне! Одан кейінгі талап – батылдығы, еркіндігі, пайымы.  Сөйлегенде, жауап бергенде ойын жеткізе алса, өзіне қажетті сұрақтарды анық қоя  алса, ол маманға сенуге болады.  Жарты сағат әңгімелессем, біраз нәрсені аңғарамын. Әңгімелесуде тек сабақ немесе педагогика саласын ғана емес, қоғамдағы кез-келген тақырыпты көтере саламын. Тағы бір ескеретінім, хоббиі немесе қызығушылығы. Қандай кітаптар оқитыны, қандай фильмдерді ұнататыны да маңызды, мұғалім үшін.

Ұстаз – ұлы есім. Педагогикалық мамандықты бітіріп, диплом ұстағанның бәрі ұстаз емес. Ұстаз деген құрметке ие болу үшін мұғалім қандай болуы керек?

Мұғалімдік — мамандық,  ұстаздық — мұғалімдік мамандықтың биік шыңы!  Шәкірттерін жетістікке жетелеп, қуанышқа бөлей білген мұғалім – нағыз ұстаз.  Балалар қаталдығынан қаймықса да,  сол кісінің сабағына асығып тұрса, ол – ұстаз! Әр сабағы оқушы үшін жаңалық  көзі болса, ол – ұстаз!

Жаңартылған білім беру мазмұны туралы ойыңыз қандай? Артықшылығы қандай, кемшілігі неде?

Жаңартылған білім беру биылғы оқу жылынан бастап сатылы түрде енгізілуде. Жалпы, концепциясы маған ұнайды. Бұл жаңалықтың нәтижесін  қазіргі бірінші сынып оқушылары 7-8 сыныптарға барғанда көретін боламыз. Біз «жоғалтып алған» ойлайтын, талдайтын, саралайтын, дәлелдейтін,  ойлап табатын, еркін сөйлейтін  балалар шығады.  Пәнаралық ортақ тақырыптардың болуы, бағалау өлшемдерінің берілуі,  білімнің қолданбалылығына басымдылық берілуі – артықшылықтар. Тестік жүйе енгізілгеннен бері «үнсіз» бақылаулар «үндемес» балалардың қалыптасуына ықпал етіп еді, енді тыңдалым, айтылым, жазылым, оқылым дағдылары қатар жүретіні де – жаңартылған білім мазмұнының артықшылығы. Тапсырмалардың оқушының сыни ойлауына бағыталуы да қуантады.   Енді, осы бағдарламаны сәтті енгізу – екінші мәселе.  Педагог кадрлардың өзгеріске дайындығы мен ресурстар жағынан әлі проблемалар бар.  Педагогикалық оқу орындары мамандарды осы бағдарламамен дайындауды қолға алуы керек.

Үштұғырлы тілге, яғни үш тілде оқытуға көзқарасыңыз қандай?

Осы мәселеге өзім мектепте оқыған кеңестік кезеңде  қарсы болушы едім. «Оқу білсем болды, оны не үшін жаттауым керек?», «Орысша білмесем өлмеймін» деп…  Сол үшін ағылшын тілі мен орыс тілі пәндерінің  мұғалімдерімен  «келіспей» қалатын да едім. Бірақ, сол екі пәннен де аудандық олимпиадаға қатысып едім…

Қазір де сол пікірдемін.  Бастауыш сыныпта оқушылардың тек ана тілінде білім алғаны дұрыс деп есептеймін. Дегенмен, ата-аналардың көпшілігі  балаларын ерте жастан (3-4 жастан) оқу орталықтарына беріп, мектепке ағылшыншаны оқытып алып келеді, орысшаны мультфильмдер арқылы өздері-ақ үйреніп алады.

Орыс мектептеріндегі балаларға қазақ тілін оқыта алмаған әлсіз әдістеменің кесірі қазақ мектептеріне тиді деп ойлаймын. Соларға қазақ тілін оқыту мен қазақ мектептеріне орыс тілін оқытудың талаптарын теңестірмеу керек сияқты.

Ал, 10-11 сыныптарда жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқытуды қолдаймын. Жоғары сынып оқушысы халықаралық деңгейдегі оқу орындарында білім алуға дайын болуы тиіс. Бірақ, мамандар әзір емес. 2019 жылға дейін толық әзірленеді дегенге сенбеймін. Тіл меңгерген жас мамандардың теориялық білімі мен тәжірибесі жеткіліксіз болуы мүмкін, тәжірибелі мұғалімдердің тілді меңгеруі қиын болады.

Жалпы, өзім ағылшын тілінің төрт деңгейін ақылы түрде жұмыстан кейін осыдан үш жыл бұрын оқып, үйренгенмін. Оның өзінде ғылыми деңгейде меңгердім деуге сенімді емеспін, тұрмыстық қарым-қатынас деңгейінде меңгергенмін.

Ең көп сынға алынатын дүниенің бірі – мектептегі оқулықтардың мәселесі. Осы туралы ойыңыз?

Осы сұрақты ұнатпаймын. Оқулық деп бір кітаптың көлеміне шектелуге болмайды. Ақпарат көзі жеткілікті. Сауатты мұғалім оқулықтағы және басқа да дерек көздеріндегі ақпаратты саралап, таңдап беруі тиіс. Оқулық – оқу жетістігінің басты құралы емес!

Қазіргі мектеп оқулықтарындағы тапсырмалар балаға тым ауыр емес пе?

Ересектер тапсырманы өздерінің деңгейінде қарастырады, өздері оқыған кездегі тапсырмаларға үйренген.  Кез-келген реформа баланың мүмкіндігі мен психо-физиологиялық ерекшеліктеріне сай жасалады. Сол сияқты, тапсырмалар да.

Біздің қателігіміз, баланы өз бетінше жұмыс істеуге үйретпейтіндігіміз, яғни оқушының үй тапсырмасын өзі орындауына жағдай тудырмаймыз.  Жеке репетитор  қызметіне сүйену немесе тапсырманы нақты бір үлгі шеңберінде орындату – баланың өзіндік белсенділігі мен шығармашылығын шектейді.

Интернет желісінен өзіне қажетті ойын мен мультфильмді өздігінен тауып, ойын аттракциондарында небір қиын ойын түрлерін меңгерген балалар оқу тапсырмасын да өздігінен орындауға қабілетті. Қиын конструкторларды 3-4 жастан  құрастырып жүрген балалар тапсырманы орындай алмайды деуге бола ма? Тек, ата-ана балаға бөлетін уақыты  аз болғандықтан тапсырманы тез орындағанын талап етіп, оның ойлануына мүмкіншілік бермейді.

Бастауыш сыныпта репетиторға жүгіну – ата-ананың ең үлкен қателігі және баланың ең қауіпті жауы!

 Биыл Алашорданың 100 жылдығы. Осынау мерейтойға сіз басқаратын ұжымның дайындығы қандай? Қандай іс-шаралар жоспарларыңызда бар?

Біздің ұжымның педагогикалық процестегі басты ұстанымы —  ұлттың ұланын қалыптастыру.

Былтырғы Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына арнаған шараларымызды біз осы айтулы мерекемен жалғастырып жатырмыз. «Алаш тағылымы және Тәуелсіздік» тақырыбында халықаралық конференция өткіздік, биыл да ол конференция өтеді.  Өзіміздің «Заңғар» театр үйірмесі қойған «Алаштың Әлиханы» спектаклі  оқушыларға да, ата-аналарға да ерекше рух берді. Биыл «Әміре» спектаклі қойылды.  Желтоқсан айында «Алаш арыстары» деректі фильмдер топтамасын көрсеттік. Оны көрсетіп қана қоймай, алаштанушы ғалымдар сол деректерді толықтырып арнайы сабақтар өтті.

Биылғы Алашорданың 100 жылдығына «Бабалар ізімен» атты тарихи-экспедициялық маршрут жасадық. Сәуір айынан бастап Алашорда үкіметі мүшелерінің, Алаш арыстарының туған жерлеріне экспедиция ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, жазғы демалыста «Ел үшін туған ер» жобасын іске асырмақшымыз. Оқушыларға жекелеген тұлғалар жөнінде ақпарат жинап, шығармашылық жобалар жасауды тапсырамыз. Қыркүйек айында әр сыныпта сол жобалар таныстырылады. Мектеп-лицейің «Заңғар» газетінің «Заңғар тұлға» айдарын да осы Алаш арыстарына арнамақшымыз. Сәуір айында алғашқы тұсаукесер ойынын жоспарлап отырған «Заңғар» интеллектуалдық клубының («Не? Қайда? Қашан?» телеойынының форматымен) алғашқы тақырыбы Алашорда үкіметіне арналмақ.   Бұлардан басқа тақырыптық сайыстар, сынып сағаттары жыл бойы ұйымдастырылатын болады.

№76 мектеп туралы сіздің фейсбуктағы жазбаларыңыздан жақсы таныспыз. Оқушылардың шығармашылығына көп көңіл бөлетін секілдісіз. Мектептегі үйірмелер, олардың тыныс-тіршілігіне тоқтала кетсеңіз.

Мектеп  «толыққанды адам» жасап шығаратын шеберхана болуы тиіс. Мектеп-лицей статусына сәйкес жаратылыстану-математикалық бағыттағы қолданбалы және таңдау курстары қарастырылған. Әрине, оқушы көп болғандықтан, кабинет тапшылығы бар. Дегенмен, мүмкіндігінше біраз үйірмелер аштық. Дәстүрлі ән, ұлттық қолөнер, бейнелеу өнері, заманауи қолөнер, спорттық-балдық би, халық билері, театр,  вокал үйірмесі,  домбыра, көркемсөз әлемі үйірмелері, жас ақындар мектебі, пікірсайыс клубы – оқушылардың шығармашылық қабілеттерін шыңдауға бағытталады.    

Тоғызқұмалақ, шахмат,  дойбы, каратэ-до, таэквондо, футбол, волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика, баскетбол, хоккей, шаңғымен жүгіру, стол теннисі  секциялары тұрақты түрде жұмыс жасайды.   Оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымының бастамасымен «Тіл сақшылары» штабы құрылған.

Аталған шығармашылық ұжымдардың тыныс-тіршілігімен әлеуметтік желі арқылы менің парақшамнан немесе мектеп-лицей парақшасынан таныссаңыздар болады.

Өзіңіз де өнерден құр алақан емес секілдісіз?

Өнерім – ұстаздық.  Бір-екі музыкалық аспапта ойнаймын, театрды қатты сүйемін. Дәстүрлі ән мен күй тыңдағанды ұнатамын.

Оқушыларыңызбен кей кезде үстел теннисі секілді спорттық ойындарда бәсекеге түсетініңізді байқап қалдық…

Оқушымен де, мұғаліммен де теңбе-тең қарым-қатынас жасағанды қалаймын. Олар ойнағысы келсе, неге ойнамасқа?  Теннис те ойнаймын, дойбы да ойнаймын, конькимен де жарысам, кітап талқылаймыз, киноға, театрға барамыз, бірге талқылаймыз… Маған да, оларға да ұнайды. 6-сыныптың екі оқушысы маған тоғызқұмалақ ойнауды үйрететін болды, каникулда.

Мектеп директоры қандай болуы керек?  

Мектеп директорының қағидасы:

  1. МЕКТЕПТІҢ ИЕСІ – БАЛАЛАР!
  • Оқушының мектепке қуанышпен келіп, қуанышпен кетуіне қолайлы  атмосфера қалыптастыру  керек;
  • Ешкімнің даусы (директордың, мұғалімнің, қосалқы қызметкердің, ата-ананың) оқушының даусынан қатты шықпауы тиіс, яғни мектепте оқушыға ғана айқайлауға рұқсат етіледі;
  • Оқушылардың ортақ қызығушылықтары (жас ерекшеліктері мен ұлттық ерекшелігімізге сай) ескерілуі тиіс және соған сәйкес шаралар ұйымдастыру – басты шарт;
  • Оқушының пікірімен санасу керек. Оқушы таза көреді және шындықты айтады (өзін қорғау үшін «жалған» пікірлер білдірген жағдайда, оны ажырату қиын емес). Оқушының үнін тыңдай біл!
  1. ҰЖЫМ – СЕНІҢ АЙНАҢ.
  • Егер ұжымдағы қызметкерлердің жұмысқа жауапкершілікпен қарағанын қаласаң, өзіңнің жауапкершілігің супержоғары болсын. Олардан жаңашылдық күтсең, өзіңнің оларға берер жаңалығың көп болуы тиіс.
  • Ұжымның әрбір мүшесі ең алдымен АДАМ екенін ұмытпа, адами құндылықты бірінші орынға қоя біл. Еңбектің өнімділігі мен сапасы – еңбек етушіге жасалатын  қамқорлыққа  көп байланысты;
  • Ұжымда  ортақ мүдде мен біртұтас жүйе қалыптастыра алмасаң – сенің жеңілісің!
  • Бірсарынды әрекеттер (сабақ, жиналыс, есеп беру) мұғалімнің  шаршауын жеделдетеді, кәсіби дағдарысқа түсіреді.  Мұғалімдердің  мотивациясын арттыруға және олардың серпілуіне ықпал ететін шаралар өте маңызды: спорт, театр, кино, мәдени шаралар т.б.
  • Егер, мектебіңде сені көргенде алыстан қашатын оқушы немесе мұғалім бар болса, сен әлі жақсы басшы емессің, сен оларға керек емессің! Ойлану керек…
  • Сен тек мұғалім немесе директор емес, қоғамның мүшесі екеніңді ұмытпа! «Дені сау» қоғам «дені сау» адамдардан құралады.
  • Егер, сен басқаратын мектеп оқушыларының басым көпшілігі репетиторлық қызметке жүгінсе, ойлану керек… Мектептегі мұғалімінен толыққанды білім алған бала репетиторға да,  түрлі орталықтарға да жүгінбейді.  Оқушылардың басым көпшілігінің білімді игермеуі — мұғалімнің осалдығы, ал сол осал тұсты анықтап, зерттеп, түзетуге әрекет жасамау – сенің осалдығың.
  1. БАРШАМЕН ТЕҢБЕ-ТЕҢ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС.
  • Оқушының да, мұғалімнің де, жұмыскердің де, ата-ананың да сенімен ашық, еркін сөйлесуіне жағдай жаса.  Олар — сенің тірегің!   Олар болмаса, кімге директорсың?!
  • Жұмысты жеңілдетемін, мектеп ұжымын табысқа бағыттаймын десең бәріне де еркіндік бер! Әрқайсысына сене біл! Еркіндік – шығармашылықтың бастауы, сенім – жетістіктің бастауы. Мектеп үшін ең бастысы – шығармашылық пен жетістік.
  • Жетістікті айқайлап айт – басқалар да соған жетуге тырыссын. Кемшілікті «сыбырлап» айт- басқалар білмей қалсын.
  • Орынбасарларың даттағанды (мұғалімді және оқушыны) сен ақтауға тырыс, сол сияқты, сен даттағанда орынбасарларың ақтап алуы керек.

Газет оқырмандарына тілегіңіз

Газет педагогикалық ортаға арналғандықтан,  тілегім де педагог қызметкерлерге  арналады. Мұғалімдіктің шыңына жетіп, ҰСТАЗ болыңыздар! Мұғалімнің мәртебесін көтеру үшін,  ұстаздық қасиеттер мен қабілеттерді  сіңіріңіздер.  Ұрандатып, науқандатып жұмыс істеуден қашыңыздар, балаларға шынайылық қана нәр бере алады. Біздің ұстанымыз бен жауапкершілігіміз – ұлттың келешектегі көрінісі екенін ұмытпаңыздар.

Шынайы сұхбатыңыз үшін рақмет! Жұмысыңызға сәттілік!

 

Сұхбаттасқан Ержан Тәліп

ziyatker-on.kz

the author

Абай атамыздың сөзімен айтсақ: «білімдіден шыққан сөз, талаптығы болсын кез». Біз ортаға дәнекер бола алсақ – мақсатымыздың орындалғаны.
Қадірлі оқырман сайт алаңында білім саласына байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. Ұлт болашағына айтар ойларыңыз болса мархаббат.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

  • Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. E-mail: kazbilim@gmail.com
  • ZERO.KZ HotLog
Top