Home >> Ұстаз үні >> Өмір Шыныбекұлы. Енді оларда қазақ тілін үйренуге деген мотивация қалмайды.
Өмір Шыныбекұлы. Енді оларда қазақ тілін үйренуге деген мотивация қалмайды.

Құрметті Өмір Шыныбекұлы! Сіздің өзге мұғалімдерден ерекшелігіңіз әлеуметтік желіде белсенділігіңізде деп айтсақ болатын шығар? Жалпы әлеуметтік желінің сіз үшін маңызы қандай? Артықшылығы неде? Зияны қаншалықты?

Ерекшелік туралы айтатын болсақ, мен тек әлеуметтік желіде ғана белсенді емеспін. «Егемен Қазақстан» газетінен бастап Республиканың барлық беделді басылымдарында тарих, педагогика, әлеумет тақырыптарында мақалаларым жарияланып тұрады. 2016  жылы көктемде  өлке тарихына арналған «Ауыл тарихы – ел тарихы» атты кітабым баспадан шықты. Бір тарихи-деректі фильмді түсіруге тарихи кеңесші ретінде қатыстым.

Облыс, қала көлемінде өтетін барлық шараларға ат салысып тұрамын десем болады. Мәселен, өткен жылы еліміздегі жер дауына байланысты облысымызда құрылған «Жер мәселелері бойынша жұмысшы топқа» мүше болып жаз бойы аудандарды араладық.

Ал интернеттің адам өміріндегі орнына келсек, «Ғаламтор тұңғиық мұхит, тереңінен маржанды да, сайтанды да табуға болады».

Мен үшін интернет білімнің кені. Артықшылығы осында.

Ал, әлеуметтік желі мен үшін  өз біліміммен бөлісетін, өзгелермен пікір алмасатын алаң.

Реформадан көз ашпай келе жатқан саланың бірі – Білім саласы десек, қателеспейтін болармыз. Осы соңғы реформаға – «Жаңартылған білім беру мазмұнына» көзқарасыңыз қалай?

Мен 2013 ж. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығында 1-деңгейлік курстан өтіп сертификат алдым.

Жалпы алғанда, Жаңа Бағдарлама өзіме ұнайды. (Тек, енді қорытынды білім бағалау (ҰБТ) жүйесі мен мектептердің материалдық-техникалық базасын Жаңа Бағдарламаға сәйкестендіру қалып тұр).

Сондықтан, Жаңа Білім бағдарламасы туралы пікір айтуға  толық моральдық құқым бар деп ойлаймын.

Жаңа бағдарламаның басты ерекшелігі, мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға – мұғалім деген ұстанымды негізге ала отырып, жылдам өзгеріп жатқан заман талабына сай, мұғалімдерді оқушыларға қалай оқу керектігін үйретіп, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни пікір-көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық таныта алатын және өз білімдері мен дағдыларын күнделікті өмірде де қолдана білетін оқушы қалыптастыруға даярлау екендігі белгілі!

«Технологиялық, педагогикалық және мазмұндық білім  арасындағы өзара байланысты іске асыруға қабілетті мұғалім жоғары деңгейдегі кәсіпқой болып табылады» (Мишра мен Кёлер) деген қағиданы еске ала отырып,  Білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-19 жылдарға арналған ‪‎бағдарламасы туралы бірер сөз айтайын.

Тек оны қарсылық деп емес, Кембридж технологиясындағы 7 модульдің бірі «Сыни тұрғыдан ойлауға үйретудің» әсері деп түсініңіздер…..

Бүкілхалықтық талқылаудан өтпегені болмаса, жалпы алғанда бірер бабынан басқасы ізгі ниеттен туған болар деп ойлаймын….

Дегенмен Бағдарламаны іске асыруға  ‪‎кедергі болатын маңызды факторларға тоқтала кетейін..

  1. Оқыту мен оқуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану

2019 жылға дейін мектептердің ‪материалдық_техникалық_базасын жасақтап үлгеру мүмкін бе?

Интернетке қаражат табуға болар.

Ал соншама мектепке интерактивті тақталар орнату мен барлық оқу кабинеттерін компьютерлендіру мүмкін бе?

Мысалы мен 1.5 мың бала оқитын мектепте жұмыс істеймін. Осынша балаға бар болғаны 11-12 интерактивтік тақта бар. Олардың өзі 2009 — 2010 жылдары шығарылған тақталар. Бұзыла қалса, қосалқы бөлшек табу қиын және өте қымбат.

Пән мұғалімінен бөлек, осы құрал — жабдықтарға қызмет көрсететін инженер-мамандар ескерілді ме?.

Миллионға жуық тұрғыны бар облыс орталығындағы жағдай осылай болса, шалғай ауылдардағы мектептердің жағдайы қалай?

Облыс/аудан орталықтарында білім беру мекемелеріндегі компьютерлік-ақпараттық технологиясына Арнайы қызмет көрсету орталықтарын құру қарастырылды ма?

  1. ‪Кадр мәселесі.

«Кадр» көп, кадр тапшы.

ОҚО-ң мектептеріне келіп жатқан жас мамандардың барлығы дерлік өңірдегі аттарынан ат үркетін ашық (шашық) ЖОО-ң бітірушілері.

Шалғай ауылдар түгілі, облыс орталығында орналасқан «лицей» статусы бар мектепке 13 жылдан бері Алматы мен Астананың белді ЖОО-н бітірген жас маман келген емес.

Енді 2019 жылға дейінгі 2,5 жыл ішінде келе қояды деп ойлайсыз ба?.

Бағдарламаның мұғалім және азамат ретінде менің жеке өзімді қаттырақ ойландырған тұстары.

  1. ‪ «Үштілділік» туралы

Ия, неше тіл білсең де артық емес.

Бірақ заңмен бекітілген Мемлекеттік тілді шын мәніндегі мемлекеттік ете алмай тұрған біздің жағдайымызда оны абайлап іске асыру керек.

А) Бастауыш сыныптарда баланы ана тілінде оқытқан жөн. Осы сыныптарда баланың ақыл-ойы мен дүниетанымының негізі қаланады.

Ә) Үштілділік енген жағдайда ана тілі бұрын екінші планда болса, енді үшінші планға сырғиды. Ата-ана алдымен  шет тіліне көбірек назар аударатын болады.

Б) Балаларын қазақ мектебіне беру арқылы өздері де қазақ тілін үйрене бастаған орыстілді қазақтар тіл үйренуден бас тартуға мәжбүр болады. Енді олар баласы үшін ағылшын  тілін басты назарда ұстайтын болады. Қазақ тілімен тереңірек айналысуға уақыты бола бермеуі мүмкін. Ең бастысы  енді оларда қазақ тілін үйренуге деген мотивация қалмайды. Қазақ тілінің ары қарайғы тағдыры не болады?

В) Үштілдік туралы айта отырып, жоғары да айтып өткен  мамандар мәселесіне қайта оралуға мәжбүр боламыз.

Ағылшын тілін үйрете алатын дәрежеде білетін маман 50-60 мың теңге жалақысы бар  мектепке барады ма?

Ауыл мектебінің жайы қалай болады?

Ол аудармашылықты таңдайды немесе ағылшын тілін оқытатын ақылы курстарға жұмысқа орналасуға тырысады. Нәтижесінде, мектепке ЖОО-н сүйретіліп әзер бітірген маман барады.

Үштілділікті қолдап отырған ірі шенеуніктер мен бизнесмендер ауылдарда соңғы рет қашан болыпты?

Болса, мектепке бас сұқты ма?

  1. ‪Бескүндік оқу жүйесіне көшу..

А) Адам ағзасы тәуліктік ритмдермен жұмыс істейтіні белгілі.

Адам қаласа да, қаламаса да тәулігіне белгілі бір мерзімде демалуы қажет!

Ағзаға зорлық жүрмейді.

Оқу аптасын қысқартқанмен, тәулікті ұзарта алмайсың!

5 күндік оқыту жүйесіне өту үшін, кейбір сағаттар ғана емес, тіпті пәндер қысқартылып, жұмыс сағатын ұзартуға тура келеді.

Бұрын орта есеппен 5-6 сабақ болса, енді 7-8 сабақ өтілетін болады.

Ә) Ал қандай пәндер қысқартылады?

Ол қысқартулар баланың азамат ретінде қалыптасуына қалай әсер етеді?

Болашақ маман дайындауға әсері қалай болмақ?

Еңбек нарығында бәсекелестік қызып тұрғанда, балаларымызды білімсіз етіп алмаймыз ба?

В) Көпшілік ата-аналардың мектеп жасындағы баласына тәрбие беруі «Ішкіздім, жегіздім, киіндірдім» — деген түсініктің шеңберіне қарай тарылып бара жатқаны белгілі.

Жалғызілікті ана немесе әкелердің немесе бала тәрбиесін түбегейлі мектепке артып қойған отбасылар мен балалары 2 күн үйде отыра алады ма?

Көше кезіп кетпесіне кім кепіл?

  1. «Қамқоршылар Кеңесі» туралы

Мектептерде Батыс үлгісіндей материалдық қолдау көрсетіп қана қоймай, мектептің оқу бағдарламасын жасау мен кадр таңдау ісіне қатысатын  «Қамқоршылар Кеңесін» құру үшін алдымен елде орта тап қалыптастырып алу керек. Бізде мектепке қомақты қаржылық қолдау көрсетуге материалдық және моральдық тұрғыда дайын  шын мәніндегі орта тап бар ма?

Мұның арты балалары арқылы бопсалап, ата-аналардан жаппай ақша жинау болып кетпейді ме?

Дегенмен,  бұрынғы тәжірибелерді еске түсірсек, бағдарламаны іске асыруға ең басты кедергі – бөлінген қаражатты мақсатсыз жұмсау болуы мүмкін.

Польшаға барып, ІІ Дүниежүзілік соғыс туралы дерек жинап қайттыңыз. Осы туралы кеңнен тоқталып өтсеңіз. Ол сапарыңыздың нәтижесі қандай?

Адамзат тарихындағы ең алапат қырғын — Екінші дүниежүзілік соғыстың  соғысының аяқталғанына  70 жылдан асса да сұм соғыстың құпиялары әлі толық ашылған жоқ.

Сол соғыста жоғалып кеткен әскери құрамалар мен хабарсыз кеткен жауынгерлер әлі де болса баршылық.

Соғыста хабарсыз кеткен қазақстандық жауынгерлерді іздестірумен   Шымкент қаласындағы №41 мектеп-лицейдің ғылыми қоғамының мүшелері 2005 жылдан бері жүйелі түрде айналысып келеді.

Осындай жоғалып кеткен әскери құраманың бірі — 1941 жылдың күзі мен 1942 жылдың наурыз айлары аралығында Оңтүстік Қазақстан облысында жасақталып, оңтүстік майданының  Харьков бағытына жіберіліп, хабарсыз кеткен 102 — атқыштар дивизиясы. Осы жылдар ішінде мектеп оқушылары Ресей, Польша, Украина елдеріне көптеген хаттар жазып, 102-дивизияның соғыстан аман қайтқан бірнеше жауынгері туралы дерек тапты. Олардың ұрпақтары Оңтүстік Қазақстан облысының Төлеби, Түлкібас, Түркстан аудандарында тұрады екен. Бір қызығы, аман қайтқан жауынгерлердің барлығы  Польшадағы Ламбиновице қаласы маңында орналасқан «Stalag-318 VIIIF» концлагерьде болыпты. Сондықтан, іздеуді Польша жерінен жалғастыруды жөн көрдік.

Облыс әкімдігі қаржыландырған құрамында «Серпіліс» қоғамдық қорының төрайымы, белгілі журналист Бейсенгүл Нарымбетова, елімізге белгілі мультипликатор маман, Евразия телевидениесі мен радиосы академиясының академигі Мақсұт Жарымбетов үшеумізден құралған сапар-топ 13 қараша күні Шымкенттен Мәскеу арқылы Варшаваға ұштық.

Мақсатымыз 1942 жылы көктемде Шымкентте жасақталып, сол жылдың тамыз айында Украина жерінде жоғалып кеткен, құрамында 11 373 жауынгері бар 102 атқыштар дивизиясының жауынгерлері туралы дерек жинап, деректі фильм түсіру. Бастапқыда сапар-топ құрамына осы мектептің жас зерттеушілері де қосылу керек болатын. Бірақ қаржы тапшылығы қолбайлау болды. Осы тұста ескере кететін бір жағдай – мектеп мұғалімдері ғылыми жұмыстармен айналысуға міндетті. Бірақ осындай жұмыстарды жалғастыруға мектеп мұғалімдері үшін іс-сапарлар қарастырылмаған екен. Сондықтан, осы жолдардың авторы іс-сапарға жалақысыз демалыс алып, өз есебінен барды. Сапар нәтижесін жақында эфирге шығатын деректі фильмнен көре алатын боласыздар.

Шымкент қаласының әлем елдерінде 7 бауырлас қаласы бар екендігі белгілі. Ол қалалармен қазіргі байланыс қалай екендігінен хабарымыз жоқ.

Ендігі жерде, ОҚО әкімдігі мен Шымкент қаласы басшылары ыңғай танытып жатса, ірі өндіріс орталығы Ополе воеводасымен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік бар. Мұнда негізінен цемент, минералды тыңайтқыш және химиялық талшықтар өндіретін өндіріс орындары шоғырланған екен.

Сондай-ақ күтімі сырт көзге көрініп тұрған ауылшаруашылық жерлер поляк аграрийлерінен көп нәрсе үйренуге болатынын көрсетіп тұр.

Айта кетейік, алманың отаны Қазақстан болғанымен, Еуроодақ елдері тұтынатын алманың үлкен бөлігі Польшада өндіріледі.

Кейбір қонақ үйлерінде номерлерде алма тұрады.

Дүкендерде, көшелерде біздегідей жаймаларда сатылып жатыр және бағасы өте арзан.  Шынымды айтсам, біздің алманың иісіндей жұпар иісі де, дәмі де жоқ. Егер Европа нарығына шығу бағытында дұрыс жұмыс жасай алсақ, біздің алма поляк алмасын Евроодақ нарығынан ығыстырып тастары сөзсіз.

Қайтарда вокзалда қоштасып тұрып

— Сіз бүгіннен бастап Оңтүстік Қазақстан облысының Польшадағы елшісі болып тағайындалдыңыз! — деген әзілімізге рахаттанып күліп алған Евгений Брудкевич мырза

— Құп болады! — деп қолын шекесіне тақады.

Мыңдаған жерлестеріміз жерленген Ополе өңірімен мәдени байланыс орнаттық деп ойлаймын. Оның үстіне елшіміз Алтай Әбибуллаев мырзаның беделі Польшада өте жоғары екенін көзімізбен көрдік. Осы мүмкіндіктерді қалай пайдалану өзімізге байланысты. Бұл орайда Польшада докторантурада білім алып жүрген жерлесіміз кәсіби дипломат Жандос Қарынбаевтың да мүмкіндігін пайдалануға болады.

Байланысты бастау үшін алдымен Ресей, Беларусь секілді елдердің тәжірибесін алу керек. Аталған елдердің көптеген субъектілері  Польша аумағында орналасқан бауырластар зираттарын қамқорлыққа алған екен. Сол байланыс бірте-бірте экономикалық байланыстардың дамуына себепкер болыпты. Ламбиновицедегі бауырластар зиратын қамқорлыққа алу Оңтүстік Қазақстан секілді бір облысқа аса қиындық тудыра қоймаса керек.

Поляктардан өзге де мәселелер бойынша тәжірибе алмасуға болады.

Мәселен, бұл елде  балаларға деген қамқорлық ерекше сезіледі.

Отбасындағы әр бала үшін ай сайын төленетін 132 евро жәрдемақыдан бөлек, жыл сайынғы міндетті табыс декларациясын тапсырғанда балаға жыл бойы жұмсалған ақшаның түбіртектерін тапсырып, ақшасын қайта алады екен. Бұл  балалы отбасы үшін үлкен жеңілдік.

Батыспен интеграциялану үшін, алдымен өзіміз секілді коммунистердің тепкісін әбден көрген Шығыс Еуропадан, оның ішінде поляк халқынан біраз нәрсе үйрену керек. Оның үстіне поляктардың жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға өту тәжірибесімен тереңірек танысу да біз үшін артық болмайды. Польшамен байланыс жасаудың тағы бір артықшылығы орыс тілін білетін азаматтардың өте көп.

Осында білім алып жүрген қазақ жастарының айтуына қарағанда, білім беру жүйесі де бізден өзгешелеу.

«Кембридж технологиясы», «Фин білім жүйесі» емес, алдымен осы поляктардан үйрену керек пе еді деген ойға қалдық.

Варшава қаласындағы қоғамдық көліктің барлығына дерлік мініп көрдік. Адамдар өте мәдениетті. Қабақ шытысқан жан көрмейсің. Автобус-трамвайларға жолкіре төлеу тегіс автоматтандырылған. Велостанциялар мен көшелерді бойлай тартылған веложолдар да бізді қатты қызықтырды. Велосипед мінген адамның да қарасы көп.

Мұғалімдердің мәртебесі туралы көп айтылады қазір. Бұрынғы мұғалім мен бүгінгі мұғалімнің арасы жер мен көктей десек, келісетін шығарсыз. Қадірі қашыңқырап тұрған мұғалімдік мамандықтың мәртебесін көтеру үшін – қандай іс-шаралар қабылдануы тиіс деп ойлайсыз?

«Мұғалім мәртебесі» деген не?

«Мұғалім мәртебесі» тек жалақының мөлшерімен өлшенеді ме?

«Мұғалім мәртебесі» туралы сөз болғанда біздің қоғамдағы басты адасушылық — бәрін жалақы мен әлеуметтік жәрдемге әкеліп тіреп қою.

Мұғалімнің жалақысы айталық — тіпті министрге теңестіріле отырып, оны мұғалімнің функциясына жатпайтын міндеттерді атқаруға мәжбүрлеуді мәртебе көтеру деп айтуға болмайды.

  1. Мәртебелі мамандық иесі — толып жатқан түрлі деңгейдегі сайлау, халық санағы, мерекелерде немесе жоғары мәртебелі лауазым иесі өңірге келгенде алаңдар мен стадиондарды толтыру секілді жұмыстарға жегілмейді.
  2. Интернет дамыған заманда өзіне қажет болсын-болмасын түрлі газет-журналға мәжбүрлеп жаздырылып, әлдебіреудің бизнесін дамытуға жегілмейді.
  3. Коммунистік қоғамнан қалған анахронизм — сенбіліктерге жегілмейді. Азаматтар сенбілікке тек ерікті түрде қатысуы тиіс.

«Патриотизм» туралы әңгіменің бұған еш қатысы жоқ.

Сайлау, санақ секілді мемлекеттік маңызы бар шараларға бөлінетін қаражат орнымен жұмсалса, мұғалімдерді мәжбүрлеуге деген қажеттілік жойылар еді.

Ал, елді мекеннің қыруар ақша бөлінетін  коммуналдық саласының жұмысы дұрыс ұйымдастырылса, сенбілік дегендерге де  қажеттілік болмас еді.

Балаларды еңбекке баулуды еңбек сабағында да іске асыруға болады.

(Кейбір ауылдарда орын алатын котельный күзету туралы айтпай-ақ қояйын).

Енді осы жерде аз ғана тереңдесек, тағы бір үлкен проблемаға тірелеміз.

Осы проблемалар елдегі етек жайған жемқорлықпен байланысты емес пе?

  1. Мәселен, сайлау-санақ пен коммуналды қызметті дамытуға бюджеттен бөлінген қаражат неліктен жетпейді?
  2. Толып жатқан газет-журналдарға мәжбүрлеп жаздыртуға кім мүдделі?

Тек қана мұғалімдер өз білім көкжиектерін кеңейтіп, елдегі оң жаңалықтар мен жаңа шыққан заң нормативтерімен уақтылы таныссын деген ізгі тілек пе?

Неліктен мұғалім әлдебіреулердің жұмысындағы былық-шылықты жабуы тиіс?

Мұғалімнің мәртебесі бұлай көтерілмейді.

Білім министрі болсаңыз, жұмысыңызды неден бастар едіңіз?

Өз басым, әкімшілік-басшылық жұмысқа қызықпаймын. Осыдан ьірнешге жыл бұрын, тіпті кафедра меңгерушілігі қызметінен өз еркіммен өтініш жазып босаған болатынмын. Сондықтан, министр болсам не істер едім деп ойланбаппын.

Ал бола қалсам, ең алдымен Облыстық білім басқармаларын жергілікті әкімдіктердің құзіретінен шығарып, тікелей министрлікке бағынатындай етуге күш салар едім.  Мұғалімдерді мұғалімнің қызметтік функцияларына жатпайтын міндеттерді атқарудан солай етсек қана азат ете аламыз.

Қиын балаларды тәрбиелеуде қандай әдістерге баса мән бересіз?

Ең алдымен, қиын баланың сеніміне кіру керек. Баланың сеніміне кіру үшін тек педагогикалық білім аздық етеді. Өмірлік ұстаным, тәжірибе аса қажет.

Сабаққа ынтасы жоқ оқушыны өз пәніңізге қызықтыруда қандай әдістерді қолданасыз?

Өкінішке қарай, қазір «Барлық бала барлық пәннен 4-5 деген бағаларға оқу керек» — деген теріс пікір қалыптасып тұр.

Баланың жеке қабілеті дегенді ұмыттық.

Мәселен, бір бала математикаға бейім болса, екіншісі география, үшіншісі тарих дегендей..

Мұғалім осы жағына баса мән беруі керек.

Мен тарих пәнінің мұғалімі болғандықтан, өз пәніме қызықтыру үшін, әр балаға өз шежіресін, әулетінің, өңіріміздің тарихына назар аудартуға тырысамын. Құдайға шүкір, еңбегім жеміссіз емес.

Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан М.Абдалиева

ziyatker-on.kz

the author

Абай атамыздың сөзімен айтсақ: «білімдіден шыққан сөз, талаптығы болсын кез». Біз ортаға дәнекер бола алсақ – мақсатымыздың орындалғаны.
Қадірлі оқырман сайт алаңында білім саласына байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. Ұлт болашағына айтар ойларыңыз болса мархаббат.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

  • Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. E-mail: kazbilim@gmail.com
  • ZERO.KZ HotLog
Top