Home >> Ұлт діңі >> Ықылас Ожайұлы. Біздер – сотталғандармыз.
Ықылас Ожайұлы. Біздер – сотталғандармыз.

Біздер – сотталғандармыз. Өзіміз сотталмасақ та санамыз сотталды. Рухизат танымымыз ғасырлар бойы Соцлагерьдің төрт төңіректі тұмшалаған түрмесінде жатты.

Дәлел дейсіз бе? Азаттық ауа райы орнай қалып еді, көбіміз кеңестік түрменің қып-қызыл қылмыскерлері екенімізді дәлелдедік. Таладық, талқандадық. Бүлдірмеген бір нәрсеміз қалмаған екен. Тұншыққан түрмелік түйсігімізден шығар, біз түк те түсінбеппіз. Бақсақ, Бөкейханов сотталмапты, біздің санамыз сотталыпты. Ахмет атылмапты, біздің азат ой, ақылымыз атылыпты. Сірә, шын мүсіркеушіні алмастырып алғанға ұқсаймыз.
…Бір қызығы, біз бүгінгі әлемдік экономикалық дағдарыс пен ақшаның құнсыздануы турасында сөз сөйлей қалсақ ( ешкімге есе берместен), екі езуіміз көбіктеніп кетеді. Ал адамияттық ішкі рухымыздың атмосферасы, оның ішінде ҚАДІРІ ҚАШҚАН ҚАЗАҚТЫҚҚА келгенде жағымыз қарысып қалғандай ауыз ашпаймыз.
БІЗДІҢШЕ, АЛАШ БАЛАСЫНЫҢ ДӘЛ ҚАЗІРГІ ДАҒДАРЫСЫ ЭКОНОМИКАДА ЕМЕС, РУХ ИНФЛЯЦИЯСЫНДА БОЛЫП ОТЫР ДЕР ЕДІК. Әттең-ай, деймін. Түсінер түйсік болса, «экономикалық дағдарыс» деп жүргеніміз ішкі хәліміздің сыртқа тебіндеген, дәлірек айтсақ, заттанған көрінісі ғана ғой. Қазір адвокаттар мен полицейлердің айы оңынан туып-ақ тұр (Қылмыскер көп болса сөйтпегенде қайтеді). Айталық, әр мекеменің босағасына топ-топ күзетші топырлатып ұстауымыз, әм заң қызметкерлеріне деген сұраныстың күннен-күнге артып отырғаны, жасырары жоқ, біздердің МӘДЕНИЕТТІ МЕМЛЕКЕТ ҚҰРА АЛМАҒАНЫМЫЗДЫҢ басты белгісі. Ал, бұл салаға бөлініп отырған ақшаның қисабынан адамның басы айналады. Бәрін қағазға қаттасақ, Манас жырына пар бұл мысалдардан біз РУХ ӨРКЕНИЕТІН тұншықтырып ҚЫЛМЫСКЕР ҚОҒАМ құрғанымызды анық аңғарған болар едік…
«Рух дағдарысы» циклінен үзінді

Түрме

Біздің қоғам борсыған ой, қотыр сөз,
Сізде соған шырматылып отырсыз.
Мен осындай ойсыздықтан ұшынып,
Өзімді-өзім өгей халге түсірдім,
тамыр біткен ісініп…
АЙҚАЙЛАРДЫҢ ЖЕР ҚУЫРЫП АПШЫСЫ,
ЖАЙҚАЛЫП ТҰР ЖАНУАРЛЫҚ ТҮСІНІК.

Иә, біздер жануармыз кәдімгі
Не демексіз енді сіз?
Себебі біз…
санасы өлі елденбіз.
БІЗДІҢ ҚОҒАМ – ТӘТТІ ҰЙҚЫНЫҢ ТӨСЕГІ,
БІЗДІҢ ҒҰМЫР – ОЯУ ЖҮРІП КӨРГЕН ТҮС.

Анау Алаш заманда
Ахметтің аспан аңқып ұғымы,
Ағып түсті алмас сынды ғұмыры,
Мазақ етіп кісәпір мен азғынды.
ҚАРА ЖЕРДІ ҚЫЗЫЛ ҚАНМЕН СУАРҒАН,
БІЗДІҢ САНА – СТАЛИННІҢ ЕЛЕСІ,
БІЗДІҢ АҚЫЛ – АБАҚТЫНЫҢ МАЗМҰНЫ.

Абайдың да арғытаным ішінен,
Масғұттың мас болуын түсінем…
Мұнымен де тыншымады-ау мұңды шу.
ҚҰЛ-ҚҰТАННЫҢ ҚИҚУЫНА КӨМІЛГЕН
ТЫР ЖАЛАҢАШ ЖЫНДЫХАНА МЕКЕНДЕ
АЛ ІШПЕЙ ГӨР ЖЫНДЫ СУ.

Өтірік пен өңеш жайлы ілімді
ӨРКЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ дейді бүгінгі
Мүгедек ми қырсығым…
ҚАРАҢҒЫЛЫҚ ҚҰШАҒЫНДА ТЕРБЕЛІП
ТАЛЫҚСИДЫ СӘБИ САНА, СОҚЫР КӨЗ
МЕНІҢ ТҮРМЕ ТҮЙСІГІМ…

Автордың facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасынан.

the author

Абай атамыздың сөзімен айтсақ: «білімдіден шыққан сөз, талаптығы болсын кез». Біз ортаға дәнекер бола алсақ – мақсатымыздың орындалғаны.
Қадірлі оқырман сайт алаңында білім саласына байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. Ұлт болашағына айтар ойларыңыз болса мархаббат.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

  • Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. E-mail: kazbilim@gmail.com
  • ZERO.KZ HotLog
Top