Home >> Аятжан Ахметжан,Білім жарысы >> Аятжан Ахметжан. Санды арттырып сапаны түсіріп алудан қорқамын
Аятжан Ахметжан. Санды арттырып сапаны түсіріп алудан қорқамын
  • Құрметті, Аятжан Ахметжанұлы, орталықтың жұмыс жасап жатқанына қанша уақыт болды? Ашуға белгілі бір себеп болды ма?
  • Жалпы өзім қосымша білім беру бағытында жұмыс істегелі төрт жылға жуықтады, бастапқы кезде оқушыларға және мұғалімдерге арналған семинар-тренингтерді, мастер кластарды мектептердің, білім бөлімдерінің өтінішімен шақырған жерлерге барып өткізіп беріп жүрдім, кейін магистрлік жұмысымды дарынды балаларды анықтау және оларды тәрбиелеу бағытында қорғадым да, бұл бағытта Қытайда және Чехияда іс-тәжірибеден өттім, олардың жүйесін көріп толық танысқан соң бұл істі жүйелендіру, орталықтандыру деген арманым болды. Оның үстіне республикалық, халықаралық деңгейде жетістіктерге жеткен шәкірттерім шабыттандырды, неге осы бағытта ұлттық үрдіс салмасқа деген ой осы жұмысты тіклей айналысуға алып келді.

Өткен жылы мектептегі жұмысымнан әлдебіреулердің қолынан ұйымдастырылған (біраз қауым хабары бар іс қой) тірліктен кейін өзім тәриелеп жүрген шәкірттеріме де дайындалатын орын керек болды, содан қазіргі жұмыс жасап отырған офисті жалға алып, жұмысты бастап кеттік.

  • Елімізде қосымша білім беретін орталықтар өте көп. Әр түрлі қосымша білім беру орталықтары, шын мәнінде, балалардың білімін көтеруге қаншалықты үлес қосып отыр?
  • Рас, қосымша білім беретін орталықтар өте көп, мен осы бағытта 4 жыл бұрын «Оқушылар неге орталық жағалап жүр?» деген мақала жазып, біраз сараптама жасап едім. Жалпы, кез келген нәрсенің пайдасы мен зияны болады, бұның да пайдалы жағы зиянды жағы бар. Пайдалы жағы иә, әр бала үшін өзінің ізденіс бағытында қосымша білім алу сапалы маман болу үшін де керек, ал, зииянды жағы мемлекеттік мектептегі қағаздан құтылғысы келетін сапалы мамандар жеке орталықтарға кетіп мектептердегі сапалы маман тапшылығы тіптен ауырлайды.

Ал, оқушылардың білімін шын мәнінде көтеріп жатыр ма? деген сұрақтың жауабын сол орталықтардың иесі кім, жүйесін кім жасайды? деген сұрақтың жауабы негізінде қараған дұрыс шығар. Себебі, мен қаншама орталықты зерттедім, көбінің негізгі шаруасы оқушылардың үй тапсырмасын шығарып берумен шұғылданады, бұның балаға пайдасынан зияны көп, бұлардың ісі – таза бизнес. Ал, кейбір орталықтар белгілі бір идеологияны жүргізу мақсатында ашылған, бұл елдің ертеңіне үлкен қауіп те тудыруы мүмкін. 

Негізі қосымша білім беру орталықтары жүйелі жұмыс жасаса, оқушылар үшін де, елдің білім ғылым саласы үшін де берері көп. Себебі, жарты күн мектепте барлық пәннен стандартты жалпыға бірдей білімді алған бала болашақта баратын мамандықтарына қарай бейімделіп қосымша білім алуы керек, мысалы, спортқа, өнерге барғысы келетіндер үшін арнаулы курстар бар ғой, дәл сол секілді ғылымға барғысы келетіндерге, сапалы жоғары оқу орнына түскісі келетіндерге қосымша білім беру орталықтары таптырмас мүмкіндік. Бұны қазір ата-аналар да түсінді. Баласының біліміне инвестиция салу ата ананың ұрпағы алдындағы ең үлкен жауапкершілігі және ең тиімді, қайтымды инвестиция болары анық.

  • Өзіңіз басқарып отырған, «KAZBILIM» орталығындағы қосымша білім беру үрдісі қалай жүріп жатыр?
  • Біздің басты мақсатымыз сапалы білім, саналы тәрбие беру. Ата-аналар немесе оқушылар келген сәттен бастап ескертеміз, біз үй тапсырмасын орындап берумен айналыспаймыз, біз оқушының үлгермей қалған тақырыптарын түсіндіріп, тереңдете білім беретінмізді ескертеміз және сол бағытта жұмыс жасаймыз. Бізге, ең бірінші, баланың шынайы түсінбей жүрген дүниесін түсініп, бір тақырыпты болса да жүйелі меңгергені керек. Бұл ұстаздың ең үлкен бақыты. Әйтпесе, алдамшы уақытқа бағынаған алдамшы табыс біздің ұстаздық атымызға сын.

Оның сыртында ұстаздардың да кәсби шеберлігін шыңдау мақсатында білім беру, шетелден келген қандастарды Қазақстандық білім стандартына бейімдеу, қосымша материалдар дайындау бағытында үздіксіз жұмыс істеп келеміз.

  • Орталыққа мұғалімдерді іріктеу қалай жүргізіледі?
  • Шыны керек, қазіргі кез келген салада ең қиын мәселе сапалы маман табу, осы бағытта әр күні мықты маман деген адамды ести қалса сұрау салам, іздеймін, шақырып сөйлесем, жағдайын жасап, алып қалуға тырысамын. Ал, өзі іздеп келген мамандардан әр деңгейлі тест, бақылау алып көремін, орталықта өзім дайындап жүрген шәкірттеріме сабақ өткізіп өзім қатысып сыннан өткіземін. Сыннан өткен мұғалімді жұмысқа қабылдарда орталықтың жұмыс бағытын жақсылап түсіндіріп, алдымен іс тәжірибе көрсетіп, өзіміздің орталық бағдарламасымен толық таныстырып аламын, одан кейін ғана ол мұғалімге ақырындап жеке сабақ қоя бастаймын, егер жеке сабақтардан оқушы разы болып толық көңілден шыққан соң ғана топтың сабақтарын беремін.
  • Курстың оқу бағдарламасын кімдер жасайды? Әдіскер-мұғалімдердің көмегіне жүгінесіздер ме?
  • Курстың бағдарламасын әр пәннің әдістемелік бірлестіктері жасайды, одан кейін әкімшілік құрам қарап шығып пікірімізді қосып қайтарамыз, содан өңдеуден өткізіп әкелген соң бекітеміз, әрі бағдарламаның орындалуын қадағалаймыз. Мен әр мұғалім әдіскер болу керек деп ойлаймын, себебі өзі жасаған, өзі жүрегімен түсінген бағдарламасын ғана жеріне жеткізіп оқыта алады, сол үшін мұғалім сапасы үшін көп жұмыс жасаймыз, көп ізденеміз, әкімшілік құрам мұғалімге жетекші бағыт беруге тырысамыз… Ал, әкімшілік құрамда әдістемелік кітаптар жазып жүрген, дарынды балаларға арналған мектепте де, қарапайым мектепте де істеп көрген мамандар бар…
  • Тегін тренингтер жүргізетініңізді білеміз. Оқушылардың тренингтерге өз еріктерімен  қатыса ма, әлде мәжбүрліктен бе?
  • Жалпы өз басым мәжбүрлеу дегенді түсіне де, қабылдай да алмаймын. Мен осы орталық ашылғалы қаншама трениг өткізсем де бірде-бір рет мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге шыққан емеспін, негізінен әр түрлі әлеуметтік желілер мен таратпа қағаздар арқылы жарнамалаймын, оқушылар көптеп келеді. Кейде әр жерден естіген оқушылар, мұғалімдер өздері өтініш жасайды, сұраныс түсіп тұрса білгенімді аяп қалғым келмейді, өткіземін.
  • Басқа оқу орталықтарынан «қазбілімнің» айырмашылығы неде? Қандай өзгешелігі бар? (тегін тренингтерден басқа)
  • Бірінші, білікті ұстаздар қосынында, себебі орталықта жұмыс істейтін ұстаздардың бәрі дерлік жоғары санатты, ғылым магистрі дәрежесі бар, ең бастысы ұстаздық тәжірибесінде үздік шәкірттер тәрбиелеген нәтижелі ұстаздар.
  • Екіншіден, жүйелілік пен тың ізденістер. Бұл жерде ұстаздардың көбісі екінші жұмыс емес, күнделікті негізгі жұмысы, әрі қолдау мен пікір алмасу диалогі жақсы қалыптасқан, кез келген үрдісті үздіксіз талқылап, дамытып отыруға күш салады.
  • Үшіншіден, оқушының бағытын анықтап, тек білім емес, тәрбие, үздіксіз мотивация беріп отыру. Бұл әр оқушының сырласына айнала білу деген сөз. Бұл балалардың табысқа жетуі үшін керек басты шарттың бірі.
  • Енді бұдан тыс, тегін біраз дүниелер бар, тегін көмекші материалдар, тегін кеңестер оның бәрі мен үшін артықшылық емес, ол ұрпақ тәрбиесімен айналысып отырған біздер үшін жасауға міндетті дүние…
  • Толық курсты бітіру қанша тұрады?
  • Бұл енді ата-аналар мен оқушылардың сұранысына, баланың бағытына, сыныбына қарай әр түрлі. Негізі, бүгінгі қосымша білім беретін орталықтардың бағасынан салыстырмалы түрде төмен және әр түрлі жеңіліктер қарасытрылған.
  • Оқушылардың білім деңгейін қалай анықтайсыздар?
  • Оқушылардың білім деңгейі ең алдымен бірінші кезекте кешенді (тестілер, баяндау, есептеулер, бос орындарды толтыру, логикалық тапсырмалар) бақылау жұмысы арқылы, одан кейін мұғалімдердің әңгімелесіп тексеруі арқылы анықталады.
  • Қосымша білім алушылар қай пәнге көптеп жазылады? Қай пәндерден балалардың қиналғанын байқайсыз?
  • Қосымша білім алатындардың өте көп бөлігі математика, жаратылыстану бағыты, яғни математика, химия, физика, биология, одан кейін ағылшын тілі мен қазақ тілі. Оқушылардың ең көп қиындыққа тап болатыны да сол математика, жаратылыстану бағытындағы пәндер. Біздің жаңа буын гуманитарлық пәндерден жаратылыстану пәндеріне ауысып келе жатыр, біз осы қажеттілікті қанағаттандырумыз, дамытуымыз керек.
  • Балалармен қандай тақырыпты талдаған қызықтырақ?
  • Бүгінгі қоғамға қарай балалар өзгерді, көбінде кез келген іске жаңаша көзқараспен қарайды. Жаңа технологиялар, ғаламдық үрдістер, болашақ туралы әңгімелерді талқылау, бәсеге қабілетті болу туралы тың идеялар бүгінгі оқушылардың басты тақырыбы. Бізде осы бағытта іздене білу, оқушыларға дер кезінде сараптама жасап беру әдетке айналған, себебі, бүгінгі баланы қорқытып әйтпесе үрей туғызып оқыту мүмкін емес, ол сенің пәніңді сүйіп оқуы үшін, оның үстіне саған келіп ақша төлеп оқуы үшін саған деген құрметі және сенің біліміңе деген сенімі болуы керек… Жалпы ұрпақ өзгеріп келеді, ұстаздың да өзгеруі керек болып тұр…
  • Елімізде тапшы мамандықтар өте көп. Оқушылар қандай саланы меңгергендері дұрыс?
  • Елімізде білікті маман қай салада да тапшы, бірақ менің арманым жаратылыстық һәм техникалық бағыт. Себебі, біз еліміз туралы, жеріміз туралы айта бастағанда ең алдымен кең территориямыз бен оның астындағы байлықпен мақтанамыз. Бірақ, біз сол байлықтың кілтін ұстайтын ғылымды игермесек ертең ол байлық ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуі әбден мүмкін. Біз елді дамыған 30 елдің қатарына кіргізуіміз үшін – қазақ жерінің байлығының иесі – қазақ ұлты, сол байлықты ашатын ғылымдарды меңгеруі шарт. Сонымен бірге, Қазақ тілін шынайы мемлекеттік тіл етеміз десек те осы ғылым тілі, экономика қазақ тілінде сөйлеуі керек, ол үшінде осы салаға таза қазақ тілді буын келуі керек, бұл үрдіс Аллаға шүкір басталды, енді тоқтамақ емес.
  • Әр мектеп әр түрлі баспадан шыққан кітапты оқитыны белгілі. Сіздер, қандай оқулықпен жұмыс жасайсыздар?
  • Біз өз бағдарламамыз, өз кітаптарымыз бар, ол әр деңгейдегі бала үшін арналған қосымша білім беретін оқулықтар мен әдістемелік құралдар. Біз сапалы білім беру үшін бірінші бағдарлама, сосын сапалы қосымша құрал дайындай білуміз керек. Қазірге дейін орталықтың атынан біраз кітап дайындап үлгердік, баспадын шығып та жатыр, әлі де дайындалады. Кейбір жетіспейтін пәндерден ағылшын, қытай, орыс тілдеріндегі тереңдетілген материалдармен елдегі үлкен ғалымдарыдың, олимпиада жетекшілерінің кітабын пайдаланамыз.
  • Осы күнге дейін қандай жетістіктерге жеттіңіздер?
  • Өзімізді мақтағым келмейді, біразға кетіп те қалдым жаңадан бері, орталық ашылғаннан бастап күні бүгінге дейін ұстаздарымыз жеке ұстаз ретінде де республикалық жарыстарда биік орындардан көрініп келеді. Ал, шәкірттер әлденеше олимпиададан алқа тағып үлгерді. Онға жуық қосымша материалдар дайындадық, өткен жылы орталықта дайындалып ұлттық тест тапсырған оқушылардың орташа балы 105 болды…

Шетелден келген 200-ге жуық қандасты қазақ мектептеріне дайындадық, біраз бөлігі жоғары оқу орындарында студент атанып үлгерді…

Бірақ бұның өзі біз үшін әлі аз жұмыс, біз Қазақстанның қосымша білім беру саласында тыңнан сүрен салғымыз келеді, сол үшін кейбір жасалып жатқан тірлігіміз құпия бола тұрсын….

  • tfgБасқа қалалардан ашу ойыңызда бар ма?
  • Әрине, қанат жаю ойымыз бар, бірақ санды арттырып сапаны түсіріп алудан қорқамын, бала жанын түсінетін, білім саласының қырсырын меңгерген тиянақты серіктестер табылып жатса, әрине, басқа қалалардан да бөлімшелер ашамыз бұл бағытта да біраз жұмыс жүріп жатыр.

Бірақ біз республикалық деңгейде ашылғаннан бері жұмыс жасап келеміз, өткен жылы әріптесім, бір жағы шәкіртім Жақсылық Дариға екеуміз үш-төрт облыстың және Астана қаласының ұстаздарына шеберлік курстар өткіздік. Бұл қатысқан ұстаздар тарапынан жоғары баға алды, әлі де шақырып жатқан ұжымдар көп, бірақ облыстарға шығуға уақыт пен экономикалық түйіндер жар бермей тұр.

Ал, оқушылар тәрбиелеуде өткен жылы орталықта Арқалықтан, Көкшетаудан, Қарағандыдан келіп дайындалған оқушылар болды, Дәл қазір тоқсан үзілісінде Көкшетаудан, Жезқазғаннан, Арқалықтан келіп біраз бала оқып жатыр… Болашақта жатын орын мәселесін шеше алсақ бұл бағытта да жұмыс жанданатын болады.

  • Әңгімеңізге үлкен рахмет. 

Әңгімелескен: Гүлдана Нұрлыханова. «Ұлан» газеті. 2016 жылы 47 санынан.  

Ескерту: орталық туралы толық ақпаратты kazbilim.com сайтынан біле аласыздар. 

the author

Абай атамыздың сөзімен айтсақ: «білімдіден шыққан сөз, талаптығы болсын кез». Біз ортаға дәнекер бола алсақ – мақсатымыздың орындалғаны. Қадірлі оқырман сайт алаңында білім саласына байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. Ұлт болашағына айтар ойларыңыз болса мархаббат.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

  • Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. E-mail: kazbilim@gmail.com
  • ZERO.KZ HotLog
Top