Home >> Көкейтесті >> Білім, білігі мықты мұғалімді қалай қалыптастырамыз?
Білім, білігі мықты мұғалімді қалай қалыптастырамыз?

Әлемде бүгінде төрт мыңнан астам мамандық бар деп есептеледі. Бірақ, қандай қо­ғам, қандай заманауи өзгерістер болмасын, білім саласында мұғалім шешуші тұл­ға болып қала беретіні даусыз. Себебі, Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында білім берудің барлық деңгейлерін түбегейлі жаңғыртуға ерекше мән берді. Соңғы жылдары білім сапасына, зият­керлік, инновациялық іс-әрекетке бет­ алумен қатар, мектептерді жас мұғалімдермен қамтамасыз ету проблемасы өткір бола бастады. Бүгінде мұғалімдерді колледждер, педагогикалық институттар, университеттер көптеп дайындауда. Алайда, мұғалімдер сонда да жетіспейді. Мектепке баруға ұмтылыс бар, сонымен қатар, мектептен кету де жиі кездеседі. Осыған байланысты кәсіби білім жүйесінде мұғалімдерді дайындау күрделі мәселе болып отыр.

«Дипломмен – ауылға!» бағдар­ламасы да бұл мәселені толық шешпесе де, мектепке жас мұғалімдердің баруына аз да болса жол ашты. Бірақ, енді әйелдер зейнетке 63 жаста шығатын болса, ал олар мұғалімдердің 80 пайыздан астамын құраса, жастарға ауылдық мектептерде жұмыс табу қиындайды, әлеуметтік жағдай күрделенеді. Сондықтан, бүгінгі педагогикалық бағыттағы оқу орындары студенттерінің өмірлік ұстанымдары мен кәсіби бағыты, құндылықтар таңдауы, басымдық мүдделері теориялық және практикалық жағынан аса маңызды болатындығы белгілі.

Әсіресе, болашақ мұғалімдерді тәрбиелеу педагогикалық практикасыз іске аспайтындығы бел­­гілі. Студент кәсіби қызметке араласып, қиындықтармен бетпе-бет келгенде ға­на шыңдалады. Өзінің мүмкіндіктерін бай­қай­ды, тексереді, мұғалім мамандығына жа­рам­дылығын зерделейді. Себебі, мұғалім мамандығына тек оқулықпен, не дәріспен ғана үйрету мүмкін емес. Педагогикалық практика – студенттер үшін мұғалім мамандығын иге­ру жолындағы күрделі де жауапты кезең. Студент практика барысында екі бірдей қызмет атқарады: бір жағынан, әлі де университет үшін білім алушы немесе объект, ал, екінші жағынан, мұғалім, педагог, кәсіби білімі бар субъект.

Өркениетті елдер де практикаға басымырақ мән береді. Мәселен, Президенттің «Болашақ» стипен­диясының иегері, Жапония­дағы Токай университетінің ІV-курс студенті Сәуле Жолдаяқова: «…Жапонияда білім беру жүйесі де ерекше. Жапондықтар теориядан гөрі тәжірибеге көп көңіл бөледі. Барлығын іс жүзінде істеп, өз көзіңмен көргенің жадыңда жақсы сақталады. Қабылдауға оңай, түсінікті. Түрлі эксперименттер болады. Сабақ деп аудиторияда қамалып отырмайсың. Тауға да шығасың, теңіз жағалауына да барасың. Сөйтіп, сондағы тірші­лікпен жақынырақ танысасың. Мысалы, Хоккайдо деген солтүстік аралға апарды. Барлығын университет ұйымдастырды. Сол аймақтың ерекшелігімен, табиғатымен танысып, аймақта қандай экологиялық проблема бар, оны шешу үшін не істеу керек екені туралы жобалар дайындадық. Оқу үрдісі әрі қызықты, әрі пайдалы», – деген еді.

Студенттік кезең сапалы білімнің, мінез­дің қалыптасатын кезеңі, кәсіби сана, өзін мұға­лім ретінде сезіну осы кезде басталады. Педагогикалық оқу орнында оқи жүре студенттің кәсіби жоспары, ой-ниеті нақтыланады. Көп нәрсені қайтадан ой елегінен өткізеді. Әсіресе, бірінші курс пен соңғы курста мамандық таңдауда шешуші рөл атқарады.

Көптеген зерттеулер студент­тердің кәсіби бағдарына жоғары оқу орнынан алған білім сапасының әсер ететініне назар аударады. Университеттің берген біліміне студенттер қанағаттанбаса, оқытушылар педагогтың шынайы үлгісін көрсете алмаса, ол студенттің мұғалім болуы күмәнді. Университетте білім сапасы жоғары болса, оқу барысында болашақ мұғалімдердің маңызды кәсіби дағ­дысы, ерекшеліктері айқындалып қана қоймай, педагогикалық қызметке қызығушылығы қа­лы­п­тасады, бағыт-бағдары ысылады, жас ұрпаққа білім беру мен оларды тәрбиелеудің маңыздылығын түсінеді, жауап­кершілік сезімі де оянады.

Жас ұрпаққа сапалы білім беру – қазіргі күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселенің бірі. Бұл мәселені тек іскер, сауатты, білімді мамандар ғана жүзеге асыра алады. Сапалы білім беруге бірден-бір ықпал етіп, бақылауға алып отыру мектеп басшыларына тікелей байланысты. Сол себептен, мектепте сапалы білімді қамтамасыз ететін бірден-бір тұлға – мектеп басшылары. Ол оқу-тәрбие жұмыстарындағы нақты ғылыми ізденістерді, білім берудің инновациялық әдіс-тәсілдерін айқындап алуы қажет. Басқару ісін де жаңартып, жариялы, ұжымдық басқару тәсіліне көшу жөніндегі бастамаларын көрсете білуге тиісті.

Сапалы білім берудің келесі бір бағыты – әр ұстаз өзі сабақ беріп жүрген сыныптарының оқу бағдарламасында көрсетілген шығар­малар мен ережелердің кемінде 80-90 пайызын өте жоғары деңгейде біліп, сабақ өткізудің ең тиімді әдістерін таңдап алып, білім-біліктілігін, кәсіби шеберлігін, тың шығармашылық ізденісін көрсетуге тиісті. Оқулықтың шеңберінен шыға алмай, жалаң дайындықпен тиянақты, сапалы білім беру мүмкін емес. Қандай сабақ өткізсе де дидактикалық заңдылықты сақтай отырып, жаңа сабаққа кірісу – ең тиімді жол екендігі белгілі.

Мектеп оқушыларына сапалы білім беру – 5-6-7-сыныптарда берілген білімнің сапасына тікелей байланысты. Себебі, осы сыныптарда негізгі пәндердің теориялық материалдарының алғы шарттары өткізіле бастайды. Сондықтан, осы сыныптарға мектептің ең шыңдалған, білімді, тәжірибелі ұстаздары сабақ бергені жөн. Мектепішілік тексеруді осы сыныптарда күн сайын жүргізу қажет. Жасыратыны жоқ, аталған сыныптарды білім-біліктілігі төмен, кәсіби шеберлігі әлі шыңдалмаған, «күлшелі бала сүюге жақсы» дегендей, кез келген ұстаз­ға бере салу қателікке ұрындырады. Қазір жо­ғары сыныптарда оқушылардың білімсіз, сауатсыз болуы, 5,6,7-сыныптарда сапалы білім берілмегеннің салдары екені айтпаса да түсінікті.

Білікті мұғалім мен сапалы білімнің қалып­тасуына әлеуметтік ортаның да белгілі бір дә­режеде әсері бар. Себебі, бүгінгі мектеп – білі­мі, тәжірибесі әр түрлі, еңбекақысы күн­де­лі­кті тұрмысына ғана жететін, бірқатар­ының ден­саулығы кем, жүйкесі шаршаңқы мұғалімдердің ортасы. Бір мектеп директорымен тілдескенде ол жұмысының ауырлығын айта келіп, «Оқушылардың қырық пайызы әкесіз тәр­биеленуде, ата-аналары ажырасқандар, ал мұғалімдер негізінен әйелдер, олардың да сон­шасы күйеуінен айырылған жалғызбастылар және тұрмыс құрмаған қыздар. Оқушылар мен мұғалімдердің біразы психология жағынан зақым көріп жүрген жандар. Сыныптарда солардың соқтығуынан кейде «найзағай» жарқылдайды», – дегені бар. Бұл бейнелеп айтылған әңгіменің астарында үлкен шындық жатқаны анық.

Таңдап алған тақырыбымызды түйіндер болсақ, білім сапасы білікті мұғалімнен, ойлы оқушыдан басталады. Егер мұғалім мамандығы әлеуметтік жағынан шынайы қорғалса, ол ертеңіне сенімді. Сеніміне селкеу түспесе жас­тар мектепке барады. Интеллектуалды және азаматтық әлеуеті жоғары мұғалім қоғамның кез келген саласында жұмыс істей алатын ерік-жігері мықты, біліктілігі толысқан жаңа формация мамандарын тәрбиелейтіндігі ақиқат.

 Айдар САБЫРОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің

доценті

Суретті түсірген Ерлан Омаров,

«Егемен Қазақстан»

the author

Абай атамыздың сөзімен айтсақ: «білімдіден шыққан сөз, талаптығы болсын кез». Біз ортаға дәнекер бола алсақ – мақсатымыздың орындалғаны.
Қадірлі оқырман сайт алаңында білім саласына байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. Ұлт болашағына айтар ойларыңыз болса мархаббат.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

  • Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. E-mail: kazbilim@gmail.com
  • ZERO.KZ HotLog
Top