Home >> Білім жарысы >> Шетелдіктер білім сапасын қалай көтерді?
Шетелдіктер білім сапасын қалай көтерді?

ОҚУШЫЛАРДЫҢ ОҚУ ҮЛГЕРІМІНДЕГІ АЛШАҚТЫҚТЫ ҚЫСҚАРТУ БАСТЫ НАЗАРДА: ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН

Білім берудегі теңдік деген не және бұл не үшін қажет? 2015 жылғы 25 қыркүйекте Нью-Йорк қаласында БҰҰ Бас Ассамблеясында тұрақты дамудың жаңа мақсаттары қабылданды, олар дүниежүзі жаһандық дамуының негізгі бағыттарын белгіледі. Солардың бірі – жалпыға ортақ және әділ сапалы білім беруді, әрі барлығына арналған өмір бойына оқытуды қамтамасыз ету.

Әлемдік қауымдастықта білім берудегі теңдікті қамтамасыз ету – жай ғана ұран емес. Жаһандану, дамушы және дамыған елдердің арасындағы шекараларды жою кең ауқымды көші-қон қозғалысына әкеледі.

Экономикалық дамудың қарқынын жеделдету халықтың поляризациясын және стратификациясын күшейтті. Байлар екпіндей байып, кедейлер кедейлеп жатыр. Жетекші елдерде бұл мәселе дамудың ұзақ мерзімді стратегияларының күн тәртібінде бұрыннан тұр. ЭЫДҰ мүше елдеріндегі сан қилы зерттеулер теңсіздік, әсіресе білім беру саласындағы теңсіздік әділетсіз ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін дәлелдеді.

Ең басында жеткілікті қаржыландырмау кейінірек әлеуметтік жәрдемақы төлеуге, денсаулық сақтауға және пенитенциарлық жүйеге, салықты кем алуға әкеледі. Білім деңгейі анағұрлым төмен адамдардың жұмысқа орналаспау қаупі болады, олар жиірек ауырады, олардың жұмыстары анағұрлым тұрақсыз болады, тез өзгермелі ортада икемді болу қажеттілігі туындаған кезде анағұрлым көп қиындықтарға тап болады. Бұл мемлекеттерден қомақты мемлекеттік шығындарды бөлуді талап етеді.  Мысалы, Канадада әлеуметтік жәрдемақы алатындардың 43%-ы – орта мектептің оқу бағдарламасын аяқтамағандар. АҚШ-та мектеп жүйесінен оқушылардың кетудің құны мемлекеттің ЖІӨ 1,6% болатыны есептелді. 

Мектептегі білім берудің жағдайы

Білім беру сапасындағы теңдікді қамтамасыз ету арқылы өлшеудің әрекетті құралдарының бірі ЭЫДҰ-дың PISA халықаралық зерттеуі болып табылады. PISA-2012 нәтижелері бойынша Қазақстанның оқу үлгерімі нашар  (2-кезеңге өтпеген) 15 жастағы оқушыларының үлесі (67,1%) ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткішінен (28,4%) екі есе артық болды. PISA жіктеуішіндегі екінші кезең өтпелі болып саналады, оған қол жеткізген оқушылар білімі мен дағдыларын шынайы өмір жағдайларында пайдалана алады. Шанхай (5%), Гонконг (10,6%), Оңтүстік  Корея (11,8%) және Сингапур (13,3%) сияқты елдерде оқушылардың тек шағын бөлігі ғана математикалық, жаратылыстану-ғылыми және мәтінді оқу сауаттылығы бойынша екінші кезеңге өтпеді. Халықаралық зерттеуге 65 қатысушы елдердің арасында Қазақстан оқу үлгерімі нашар оқушылардың үлесі бойынша 55-орында тұр.

PISA-2012 қорытындылары бойынша қазақстандық 15 жастағы оқушылар ЭЫДҰ елдеріндегі құрдастарынан математикадан 1,5 жылға, жаратылыстану-ғылыми пәндерден 2 жылға және мәтінді оқудан 2,5 жылға артта қалып отыр. ҚР отбасының әлеуметтік-экономикалық мәртебесінің  ең жоғарғы және ең төменгі квантильдерінен шыққан оқушылардың арасындағы айырмашылық 73 балды құрайды (оқудың шамамен 2 жылы). Сонымен қатар PISA-2012 зерттеуі оқушылардың оқу жетістіктерінің ата-анасының жұмыс істеуіне тәуелділігі анықтады. Әкелері уақытша жұмыс істемейтін Қазақстандық оқушылардың 23% нәтижелері, әкелері жұмыс істейтін балаларға қарағанда, 21 балға төмен болды. Халықаралық сарапшылар бұл айырмашылық оқудың 0,5 жылына сәйкес келетінін айтады. 

Жоғарыда аталғанды 11-сынып оқушыларының ҰБТ және 9-сынып оқушыларының оқу жетістіктерін сырттай бағалаудың (ОЖСБ) деректері де дәлелдейді. Осылайша, ҰБТ-2016 күшті және әлсіз мектептердің айырмашылығы 61,43 балды, ОЖСБ-2016 46,73 балды құрады. Ауылдық және қалалық мектеп түлектері көрсеткіштерінің алшақтығы 7,95 балды құрады. Ауылдық оқушылар ОЖСБ-2016 қорытындылары бойынша қалалықтардан 5,34 балға артта қалды.

Білім беру сапасындағы айырмашылық мектеп түрлерінде де бар. Дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарында білім алатын оқушылар жалпы білім беретін мектептердің оқушыларына қарағанда ОЖСБ-2016 анағұрлым табысты нәтижелерді көрсетті (сәйкесінше 46,95 және 32,24 балл). Қазақстан білім алушыларының оқу жетістіктерінің ұлттық және халықаралық бағалаудың төмен нәтижелері ерте анықтаудың нақты бағдарламаларының және оқу үлгерімі нашар балаларға педагогикалық қолдаудың болмауының, оқу жетістіктері жақсы көшбасыларға басты назарды салудың салдары болып табылады. Өз кезегінде күштілерге назар салу барлық оқушылардың нәтижелерін жоғарылатуға ықпал етпейді, керісінше «үздіктер» мен «әлсіздер»  арасындағы алшақтықты күшейтеді.

Жоғарғы нәтижелердің құпиясы

Қытайдың ең ірі қаласы Шанхай математикалық, мәтінді оқу және жаратылыстану-ғылыми сауаттылық бойынша PISA-2012 зерттеу шеңберінде көшбасшы болды. Халықтың арасында әлеуметтік-экономикалық теңсіздік жоғары қала бұндай нәтижелерге қалай қол жеткізді?

Себебі әлсіз мектептерді күшті мектептерге айналдыруға бағытталған білім беру саясатында тұр. Шанхайдың білім беру жөніндегі комиссиясы бұл мәселені мектептер арасындағы тығыз ынтымақтастық стратегиясын қолдану арқылы шешеді. Осылайша, мысалы, табыскер оқу орындарының директорлары мен мұғалімдері басқаруды, мектеп мәдениетін және оқыту сапасын жетілдіру үшін әлсіз мектептермен ынтымақтастық жасасады.   

Табыскер мектептер әлсіз мектептердің көрсеткіштерін жақсарту үшін екі жылға қосымша қаражат алады. Сонымен қатар, Шанхайда оқытудың және зерттеудің желілік ресурсы дамыған, ол арқылы жоғары санаты бар мұғалімдер (аға оқытушылар) үздік педагогикалық әдістемелерді әзірлеп, бүкіл қалаға таратады. Директорлар мен мұғалімдер оқу үлгерімі нашар оқушыларға және қолайсыз отбасылардан шыққан балаларға көмек көрсетуді ұйымдастырмаса, мансабы жоғарыламайды.

10 жылдан астам уақыт ішінде әлсіз мектептер өз көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартып, қытай қаласының PISA-2012 зерттеуіндегі жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуіне ықпал етті.    

Онтариода (Канада) 2006 жылдан бері математикадан, мәтінді оқудан және жазудан нәтижелері төмен оқушыларды (3 және 6-сынып) қолдауды қарастыратын жекелеген бағдарлама жұмыс істейді. Бұл бағдарламаның қаражаты мұғалімдердің кәсіптік дамуы, оқушыларға және репетиторларға сауаттылықты ашу және есептеуге арналған қосымша оқыту ресурстарын сатып алу үшін пайдаланылады. 3 және 6-сынып оқушыларын бағалау нәтижелері бойынша 75%-дан аз оқушысы стандарттарға сәйкес келген 1 100-нан астам мектеп қаржыландырылды. Сегіз жылдың ішінде бұндай мектептердің саны оқу үлгерімінің айтарлықтай үрдісімен үштен екі бөлікке  – 19%-дан 6%-ға дейін қысқарды.

АҚШ-та 2001 жылы «Бірде-бір бала шетте қалмау керек»  заңнамалық акты қабылданды.  Мектептердің академиялық жетістіктері туралы жыл сайынғы есептердің нәтижелері бойынша әлсіз мектептер тобы айқындалады, олар оқу орындарының оқу жетістіктерін жақсарту үшін арнайы гранттар алады. Алғашқы жылы «Working in the Nation’s Lowest-Performing Schools» бағдарламасына 850 мектеп қатысты (мектептердің жалпы санынан 0,86%), оларға $2 млн. дейін үшжылдық грант берілді. Бағдарламаның нәтижелері бойынша мектептердің 60%-ы көрсеткіштерін жақсартты. Сонымен қатар, АҚШ-тың жекелеген штаттарында әлсіз мектептерде сабақ беретін мұғалімдерді қолдайтын бағдарламалар бар. Оларға тәлімгерлік және біліктілікті арттыратын бағдарламалар өткізіледі. Математика пәнінің және жаратылыстану ғылымдарының сертификатталған мұғалімдеріне $1800 мөлшерінде ақшалай бонус беріледі. Қолданыстағы бонустық бағдарлама қолайсыз аудандардағы кадрлар ағымын 17%-ға қысқартты. Бұл қолайсыз мектепте жұмыс істеуге қалған әр мұғалім үшін шамамен $36 мың үнемдеуге мүмкіндік береді.

Ирландияда 2005 жылдан бері қолайсыздық деңгейі жоғары болған оқу орындармен жұмыс істеуге бағытталған «Мектептерде тең мұмкіндіктерді қамтамасыз ету» мемлекеттік бағдарламасы жұмыс істейді. Бағдарлама шеңберінде мектептерде қолайсыздық деңгейін анықтайтын стандартталған жүйе әзірленді. 2015-2016 оқу жылы қолдау бағдарламасымен 836 мектеп қамтылды (жалпы санының шамамен 20%-ы). Бағдарламаның онжылдық мерзімде жүзеге асырылуы оқушылардың академиялық үлгерімінің жақсарғанын көрсетті.

Үздік мұғалімдер – әлсіз мектептерге

Дамыған елдерде тиімді мұғалімдерді әлсіз мектептерге жұмысқа тарту мәселесіне ерекше назар аударылады.

2007 жылы АҚШ-та «Teach for all» («Бәрін оқыт») ұйымының негізі қаланды. Оның мақсаты – дүниежүзі бойынша сапалы білім алу үшін мүмкіндіктерді кеңейту. Ұйым әртүрлі салалардың үздік үміткерлерін мұғалім мамандығына тартады. Ірітелген үміткерлер қысқа мерзімді курстардан өтеді, содан кейін әлсіз мектептерде екі жыл жұмыс істейді. Қазіргі уақытта «Teach for all» жаһандық желі болып табылады, оған 35 серіктес ұйым кіреді. «Teach for all» бағдарламасы бойынша жұмыс істеген адамдардың шамамен 50-70%-ы білім беру саласында жұмыс істеп қалады. Осылайша, Перуде бағдарламаны аяқтаған 115 адамның 15-і қазіргі уақытта білім министрлігінде жұмыс істейді. Литва түлектерінің командасы білім берудің 10-жылдық стратегиясын әзірлеуге қатысты. Вашингтон мектептерінің бестен бір бөлігін осы бағдарламаға бұрын қатысқан директорлар басқарады.  

Австралияда шалғай мектептерге мұғалімдерді тарту үшін бірқатар ынталандырмаларды ұсынады. Олар: 70-100% мөлшеріндегі тұрғын субсидиялар, жол жүру шығындарын өтеу және тауарлар мен қызметтерден шеттетілуіне байланысты өтемақы. Мұғалім келісілген мерзімнен артық уақытқа мектепте жұмыс істеуге қалса, бұл әлеуметтік пакет сақталады.

Оңтүстік Кореяда әлсіз мектептерде мұғалімдерге қосымша еңбекақы төленеді. Мұғалімдер сыныпта оқушылар саны аз топтарда жұмыс істейді, олардың әріптестеріне қарағанда, анағұрлым аз уақыт оқытады. Қолайсыз мектептердегі мұғалімдердің жұмыс тәжірибесі мұғалімнің мансабтық қызметінің ілгеруінде ерекше бағаланады.

Жапонияда тиімді мұғалімдерді әр алты жыл сайын әлсіз мектептерге жұмыс істеуге жібереді. Бұл кәсіби тәжірибені байытуға, оқыту сапасын біріздендіруге және әр мектептің ішіндегі еңбек ұжымын жандандыруға мүмкіндік береді. Мұғалімдер субсидиялар мен кіріспе-бағдар беру курстарынан, тәлімгерлік және кәсіптік даму бағдарламасынан өтеді.

Осылайша, оқудағы айырмашылықты қысқартатын және білім беру мүмкіндіктерін теңестіретін әлем елдерінің қарастырылған стратегиялары мен саясаттары Қазақстанның білім беру саясатын әзірлеуде негіз бола алады.

ҚР Білім мен ғылымды дамытудың 2019 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының мақсаты – «қала-ауыл», «оқыту тілі», «әлеуметтік-экономикалық беделі» тұрғысынан оқушылардың оқу үлгеріміндегі айырмашылықты қысқарту. Бұл мақсатты жүзеге асырудың кең ауқымды іс-шараларының бірі Дүниежүзілік банктің «Қазақстан Республикасының орта білім беруді жаңғырту» атты жобасын іске қосу болып табылады. Бұл жоба әлсіз мектептерге атаулы қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Төрт мың ауылдық мектеп заманауи мультимедиялық құрал-жабдықтар кешендерімен жабдықталатын болады. Барлық ауылдық мектептердің басшылары мен мұғалімдері оқу үлгерімі нашар оқушыларды оқытудың әдістемесін жетілдіруге бағытталған бағдарламалар бойынша біліктілікті арттырады.  

Сапалы білім беруді ұсынуда теңдікке қол жеткізуге PISA зерттеуіндегі көрсеткіштері жоғары мемлекеттерде қолданылатын негізгі механизмдерді енгізу де ықпал ететін болады.

Бірінші. Оқу үлгерімі нашар балаларға арналған ерте анықтау және қолдау көрсету жүйесін енгізу.

Екінші. Ата-аналарды және жергілікті қауымды оқушылардың оқу мүмкіндіктерін реттеу саясатына тарту.

Үшінші. Тиімділігі жоғары мұғалімдерді тарту, дамыту, қолдау және ұстау, әсіресе әлсіз және қолайсыз мектептерде.

Төртінші. Әлсіз және күшті мектептер арасындағы ынтымақтастықты ынталандыру

Бесінші. Оқу үлгерімі нашар және әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен отбасылардан шыққан оқушылардың үлесі басым мектептерге қаржы ынталандырмасын ұсыну.   

Гүлбаршын Ноғайбаева
Диляра Ташибаева

the author

Абай атамыздың сөзімен айтсақ: «білімдіден шыққан сөз, талаптығы болсын кез». Біз ортаға дәнекер бола алсақ – мақсатымыздың орындалғаны.
Қадірлі оқырман сайт алаңында білім саласына байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. Ұлт болашағына айтар ойларыңыз болса мархаббат.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

  • Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. E-mail: kazbilim@gmail.com
  • ZERO.KZ HotLog
Top