Home >> Көкейтесті >> ӨМІР ШЫНЫБЕКҰЛЫ. 21-ғасырдың мұғалімі қандай болуы керек?
ӨМІР ШЫНЫБЕКҰЛЫ. 21-ғасырдың мұғалімі қандай болуы керек?

Кешегі алған білім бүгін ескіріп жатқан әлемдегі қарқынды өзгерістер еліміздегі білім беру жүйесін қайта қарау қажет екендігін талап етіп отыр.

Кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдарда білім берудегі басты мақсат сауат ашу болса, 20 ғасырдың екінші жартысынан бастап Кеңестік білім беру жүйесі Диалектикалық материализммен «қаруланған» «Коммунизм құрылысшысын» дайындауға ден қойды.

КСРО ыдыраған соң біз біраз жыл бағдарды жоғалтып алдық.

Тәуелсіздік алғалы, бері еліміздің білім саласына бірнеше рет реформа жасауға әрекеттер жасалды. Бірақ ол әрекеттердің бәрі сөз жүзінде қалды.

Жасыратыны жоқ, дайын білім беруге негізделген дәстүрлі оқытудан алынған механикалық түрде есте сақталған мәліметтерді емтихан кездерінде ұтымды пайдалануға болады. Бірақ мән-мағынасы терең меңгерілмей, жай ғана жатталғандықтан, тақырыпты оқыту аяқталған соң немесе емтихан біткен соң керексіз болып қалатын және оқушы оны өмірде тиімді пайдалана алмайтын.

Ал, ХХІ ғасырдағы білім берудің  мақсаты – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімдерін мектептен тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету, өмірімізге  дендеп енген сандық технологияларды терең меңгерту.

Дегенмен, «Ештен кеш жақсы» дегендей бүгінгі күні  «ХХІ ғасырда нені оқыту керек?», «Мұғалімдер оқушыларды ХХІ ғасырға қалай дайындайды?» – деген мәселелер бойынша жұмыс жасау керек екенін түсіндік.

Осы екі мәселені шешетін мұғалім қандай болуы керек?

Бұл тұрғыда Стэнфорд университетінің құрметті профессоры, білім саласындағы бірнеше сыйлықтың лауреаты, педагогика, психология, медицина және математика саласындағы оқыту мен оқуды бағалауды зерделеуге баға жетпес үлес қосқан көрнекті ғалым Л. Шульманның мұғалімнің «үш көмекшісі» (бас, қол, жүрек) атты теориясы  –  мұғалімнің білімі, білігі мен тәжірибесі ғана маңызды емес, оның жан дүниесінің тазалығы мен рухани байлығының сай болуына баса назар аудартады.

Дүние жүзіне танымал педагаг-психолог А.Пажарес деген ғұламаның айтуынша, қазіргі заманда білім беру процесінде балаларға мұғалімнің білімінен гөрі, ұстанымы (принципі) күштірек ықпал етеді.

Баланы жыл он екі ай алдау мүмкін емес. Жаныңыз таза болмаса, сездіріп аласыз. Абыройды ешкім де сатып ала алмайды. Ол әр адамның өзіне байланысты. Алдымен адам өзін сыйлауы керек. Сонда ғана оны өзгелер құрметтейді.

Қазақта «балажан» деген сөз бар. Өз баласын әркім де жақсы көреді. Ал, барлық баланы «бала» деп қабылдау көп адамның қолынан келе бермейді. Егер, мұғалім баланы жақсы көрмесе, онда оның ертерек мектептен кеткені жөн. Бала жақсы көргенді де, жек көргенді де сезіп тұрады.

Жалпы, мұғалім үшін ең жоғары баға – шәкірттерінің өз мұғаліміне еліктеуі, ұқсауға тырысуы!

Ал мұғалім  абыройлы болу үшін не істеу керек?

Сауатты қазақ саусақпен санарлық өткен ғасырдың басында «Алты алаштың басы қосылса, төр мұғалімдікі» – деген дәуірден өттік.

Бәсекелестік қызған бүгінгі күні мұғалім М. Әуезов айтқандай «Өзі отырған жерді төр етуге» өзі ұмтылуы қажет.

Қиындығы да, қызығы да жетерлік мұғалім мамандығын таңдаған екенсің, ұстаз атына сай бол!

Бүгінгі жаңалық ертең ескіріп, технология жылдам дамып жатыр.

Сондықтан өмір бойы үздіксіз білім алатын заман туды. Мұғалім ертеңгі сабаққа дайындалу барысында, сабаққа қатысты  оқушылар тарапынан  қойылуы мүмкін тіпті жанама  сұрақтардың өзіне дайын болуы шарт.  Мұғалімнің бір міндеті тәрбие беру екенін ескерсек, мұғалім  өз пәні мен педагогикадан  өзге диалектика, метафизика, философия, психология, риторика, социология және т.б. ғылымдарды меңгерген интеллектуал болуға міндетті.

Ал жан дүниесі таза, рухани бай және жан-жақты білімді – интеллектуал маманды мектепке қалай әкелеміз?

Өз бағасын білетін адам 60-70 мың жалақыға жұмыс істеуге көнеді ме?

Осыдан бірер жыл бұрын Шымкент қаласындағы ең беделді  ЖОО-ң Мемлекеттік Аттестациялау Комиссиясына (МАК) мүше болдым. Болашақ тарихшы мен археологтар алдымыздан өтті. Сонда бір аңғарғаным, «Тарих пәнінің мұғалімі» деген мамандыққа ылғи мектепті сүйретіліп әзер бітірген аутсайдерлер түседі екен. Олармен салыстырғанда, «Археология» мамандығын бітірушілердің білімі ғана емес, жалпы өмірге, дүниеге деген көзқарасы мүлдем өзгеше!

Бүгінгі күні «Педагогика» мамандығын кім таңдайтынын өздеріңіз жақсы білесіздер.

Ал ауылды жерлердегі жағдай тіпті, сорақы. Мектеп тұрақты жалақы беретін  жалғыз жұмыс орны болғандықтан, кешегі агроном да, веттехник те, қолына біраз жинаған тракторшы да ЖОО-н сырттай бітіріп алып мектептерде мұғалім болып жүр. Сырттай оқудың жайы өздеріңізге белгілі.

Екінші мәселе, Алматы мен Астанадағы ЖОО-ң педагогикалық факультеттерінің түлектері қайда кетіп жатыр?

Мен 13 жылдан бері жұмыс жасап жатқан ұжымға, осы 13 жылда орталықтағы ЖОО-н бітірген бірде бір маман келген емес. Келген мамандардың барлығы көшедегі толып жатқан ашық-шашық ЖОО-ң түлектері. Соңғы оншақты  жылда ЖОО-ы тіпті студенттерін іс-тәжірибеден өтуге мектептерге жібермейтін де болған. Айналып келгенде тағы сол әдіскер–ұстаздарға төленетін қаражат мәселесінен қиналады.

Оның үстіне мектеп мұғалімдерін сайлау, санақ, мерекелерде алаңға шығу, концерттерге зорлап билет сату, зорлап газет-журналдарға жаздыру, сенбілік секілді артық шаруаларға жегіп қоятынымыз тағы бар.

Бұл туралы қоғамымыз бен билік тұтқасын ұстаған азаматтарымыз  ойлануы тиіс. Әйгілі Отто Бисмарктің «Мектепке қаражат аяған мемлекет, түрмелер салуға мәжбүр болады» деген  қанатты сөзін естен шығаруға болмайды.

Бүгінгі күні еліміздің білім саласына жаңа бағдарлама енгізіліп жатыр. Мұғалім ретінде, айтсам, бағдарламаның бірер бабынан басқасы көңілімнен шықты. (Тек ескеретін бір жәйт, бағдарламаның іске асырылуы тек мектеп пен мұғалімге ғана байланысты емес. Мектептің материалдық-техникалық базасын жасақтайтын шенеуніктерге де үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр).

Биылдан бастап, мектеп табалдырығын аттаған балақайларымыз 3 тілде білім алады. Осы жерде көңілімізде аздап күдік бар.

Ия, неше тіл білсең де артық емес.

Бірақ заңмен бекітілген Мемлекеттік тілді шын мәніндегі мемлекеттік ете алмай тұрған біздің жағдайымызда оны абайлап іске асыру керек.

Бастауыш сыныптарда баланы ана тілінде оқытқан жөн. Осы сыныптарда баланың ақыл-ойы мен дүниетанымының негізі қаланады.

Үштілділік енген жағдайда ана тілі бұрын екінші планда болса, енді үшінші планға сырғиды. Ата-ана алдымен шет тіліне көбірек назар аударатын болады.

Балаларын қазақ мектебіне беру арқылы өздері де қазақ тілін үйрене бастаған орыстілді қазақтар тіл үйренуден бас тартуға мәжбүр болады. Енді олар баласы үшін ағылшын тілін басты назарда ұстайтын болады. Қазақ тілімен тереңірек айналысуға уақыты бола бермеуі мүмкін. Ең бастысы енді оларда қазақ тілін үйренуге деген мотивация қалмайды.

Қазақ тілінің ары қарайғы тағдыры не болады?

Үштілдік туралы айта отырып, жоғары да айтып өткен мамандар мәселесіне қайта оралуға мәжбүр боламыз.

Ағылшын тілін үйрете алатын дәрежеде білетін маман 50-60 мың теңге жалақысы бар мектепке барады ма?

Ауыл мектебінің жайы қалай болады?

Мұғалімге сыйлық беру немесе  мұғалімнің сияпат (пара) дәмету жайына тоқтала кетейік!

Жалпы, сыйлық беру – алу жақсы нәрсе, бірақ, ол  туыс-бауыр, дос-жаран, құда-жекжат, көрші-көлем арасында болса ғана!

Ал, мұғалімге сыйлық ұсынудың  ар жағында «Мен саған, сен маған» деген «тауарлы-ақша  қатынасы»  «құлағын қылтитып»  тұрады!

Кейбір ата-аналардың, мұғалімді «жолдан тайдырудың»  ешқандай әдісінен жиіркенбейтіні жасырын емес. Былай шыға, бар мұғалімді қаралап «аттандап» шыға келетіндер де солар!

Мұғалім де адам баласы, қоғамның бір мүшесі!

Оның да басқалар сияқты толып жатқан «материалдық» проблемалары жетерлік. Жасыратыны жоқ, ұстаздардың арасында да  ара-кідік  өз нәпсісін тежей алмай  «Алтын көріп, жолдан тайып кететін, періштелер» кездесіп қалады. Ежелгі гректер «педагог» деп бала күтуші құлдарды атаған.

Балаңыздың мұғаліміне шынымен жаныңыз ашыса, итке сүйек тастағандай мереке кезінде сыйлық ұсынбаңыз.

Балаңыздың болашағы ойландырса, үкіметтен педагогтерге жағдай жасауды талап етіңіз.

Баспана, жалақы және тағы басқа әлеуметтік проблемалардан өзге, сайлау, санақ, сенбілік секілді мұғалімнің тікелей міндетіне кірмейтін шаруалардан азат етуге ат салысыңыз.

«Құл құлды ғана тәрбиелейді»

Осы орайда өз басымнан өткен бір жағдай еске түсіп отыр.

Мектепке жұмысқа алғаш келген жылы 7- сыныптарды берді.

23-ақпанда бір оқушы қыз иіссу сыйлады.

Алмайын десем, 25 баланың алдында жасөспірім қыздың сағы сынатын түрі бар. Оның үстіне мінезді қыз бала еді.

Алуға тура келді.

Рахметімді айттым да, бүкіл сыныпқа қарата

– Мен сендерді оқытқаным үшін мемлекеттен жалақы аламын!

Ол аз ба, көп пе – менің жеке проблемам!

Сондықтан, маған сыйлық жасаудың алды да, арты да осы болсын!

Келесі жолы сыйлық әкелсеңдер, сыйлығыңды терезеден атам, өздеріңе «2» қоямын! – дедім, дауысымды қатайтып.

Мектепте де «сымсыз телефон» жақсы жұмыс істейді. Ол «телефонның» хабары жылдан жылға ауысып отырады.

Содан бері, маған оқушы да, ата-ана да сыйлық ұсынған емес

Жыл сайын кейбір ата-аналар

– Баламды ҰБТ-ге дайындаңыз!

Сұрағаныңызды береміз! – деп өтініш жасап жатады.

– Балаңызды жұрттан бөліп дайындаудың қажеті шамалы. Сабақта айтқанымды орындаса болды.

Үй тапсырмасын орындауды сіз қадағалаңыз. Нәтиже жаман болмайтынына мен кепіл! – деп бас тартамын.

Жалпы, меніңше мұғалім мен оқушының арасында тауарлы-ақша қатынасы болуы мүмкін емес.

Шәкіртінен пара дәмету өз балаңды баққаныңа ақы сұраумен бірдей.

Сондықтан, қылмыстық заңға өзгеріс енгізіп, пара-сыйлық алған оқытушыны өмір бақи педагогикалық қызметпен айналысуға тиым салынуы тиіс. (Тағдырдың жазуы шығар. Маған алғашқы және соңғы рет сыйлық жасаған шәкірт қыз, ұлымның 11 жыл бір партада отырған ең жақын досына күйеуге шығып, өзіме келін болды).

Өкінішке қарай, біз жоғарыда суреттегендей мұғалім некен-саяқ. Сондықтан, бала тәрбиесі үшін басты жауапкершілік аата-ананың мойнында. Бірақ, бүгінгі ата-аналардың үлкен бөлігінің бала тәрбиесіндегі рөлі, баласына жатар орын, ішер тамақ, киер киім әперумен шектеліп отыр. Қалған шаруаның барлығын мектепке артып қойды. Ата-аналардың үлкен бөлігінің санасында баламның қарны тоқ, көйлегі көк болса, қалғанына мектеп жауапты деген ұғым берік қалыптасты.Түннің бір уағында «Баламды тауып бер!» – деп баласының сынып жетекшісі немесе мектеп басшыларына қоңырау шалатын ата-аналарды көріп жүрміз. Бала оқыс жағдайға ұшыраса немесе бірдеңе бүлдірсе, алдымен кінәлі мектеп болып шығатынын өздеріңіз де көріп отырсыздар. «Қызым үйде, қылығы түзде» деген халық даналығын көпшілік ата-ана әлдеқашан ұмытқан.

Қалай болғанда да, баласының болашағы үшін ең алдымен ата-ананың жаны ауыруы керектігі өресі бар адамға айтпаса да түсінікті.

855Ал біздің ата-аналар білім берумен қатар тәрбие, оқулық және т.б. мәселелерді мемлекеттің мойнына арта салды. Тіпті тоқсанда бір болатын ата-аналар жиналысына бас сұғуды қойды. Бар болғаны 5-6 ата-ана келуі мүмкін, одан артығын жалынып келтіре алмайсың. Сөйткен ата-ана, баласының бойындағы құдай берген қарым-қабілетін елеп-екшемей, «білім мен мен дипломды» сатып әпергісі келеді, мектеп бітірген соң жоғары мектепке сүйрейді!

Беретіні өтпей қалса, мектепті жамандап шыға келеді…

Яғни, қолданыстағы заңға өзгерістер енгізіп, ата-ананың жауапкершілігін арттыру қажет.

ӨМІР ШЫНЫБЕКҰЛЫ  – А.С.Макаренко атындағы № 41 мектеп-лицейінің тарих және құқықтану пәнінің мұғалімі, жоғары санатты ұстаз, 1-деңгей сертификатының иегері (Шымкент қаласы).

the author

Абай атамыздың сөзімен айтсақ: «білімдіден шыққан сөз, талаптығы болсын кез». Біз ортаға дәнекер бола алсақ – мақсатымыздың орындалғаны.
Қадірлі оқырман сайт алаңында білім саласына байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. Ұлт болашағына айтар ойларыңыз болса мархаббат.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

  • Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. E-mail: kazbilim@gmail.com
  • ZERO.KZ HotLog
Top