|  | 

Ұстаз үні

Орта мектепті тығырықтан шығарудың жолдары қайсы?

Қазақстан тәуелсіздік алған ширек ғасырда жібін босатып, тізгінін жіберіп алған саласы – білім саласы. Сол себептен де болуы керек бақандай 25 жыл өтсе де, әлі дұрыс жолға қоя алмай келеміз. Қазір еліміздің әр түкпірінде тамыз кеңестері өтіп жатыр. Онда алдағы оқу жылындағы басты мәселелер талқыланбақ. Қазақ тәуелсіздігінің 25 жылдығында осы саланы 14 министр басқарған екен. Әр министрдің кәлласында бір қиял. Әркім өз қолтаңбасын қалдыруға тырысады.

Мәселен, 2003 жылдан бері өткізіліп келе жатқан ҰБТ келесі жылы басқаша форматта өтпек. Биылдың өзінде оған біраз өзгерістер енгізіліп үлгерді. Білім саласын басқаруға кіріскен Ерлан Сағадиев мырза мектептерде үш тілде білім беру мәселесін мықтап қолға алып отыр. Алла қаласа, 2018 жылы бұл реформаның да жемісін жей бастамақпыз-мыс. Сонымен қатар, «Қазақстан тарихы» пәнінің де бұдан былай маңызы жойылмақ. Жоғары оқу орындарында «Қазақстанның жаңа тарихы» деген пән енгізілді. Ал ҰБТ-да ол міндетті пән болмайтын болды. Бұл қазақтың тарихы мен тіліне мұрнын шүйіріп қарайтын жаңа ұрпақтың қалыптасуын жеделдетпесіне кім кепіл?!

Меніңше, бұның ең басты себебі – білім беру саласында қазақтың өзіндік дәстүрі әлі қалыптаспағандығында. Кеңестер билеген дәуірде оған дейін қалыптасқан бала оқыту үрдісі шорт тыйылды да, кеңестік білімнің жетегінде кеттік. Олар өздеріне дейінгіден үзілді-кесілді бас тартты деген күннің өзінде, орыстың білім беру дәстүрін басшылыққа алғаны мәлім. Кеңестер Одағы құлағанда, заманауи өмірге ілесе алмаған, кейбір ақпараттарды балаға сіңіруге мүлдем қауқарсыз мектеп жүйесі бізге мұрагерлікке қалды. Содан бері осы салада 14 министр ауысса да, әлі күнге дейін білім берудің өзіндік ұлттық жолын қалыптастыра алмай келеміз. Әр министрдің өз сара жолы бар. Бірақ сол сара жолды екінші министрдің жоққа шығаратындығы өкінішті.

Біздің қолымызға педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының президенті Асқарбек Құсайыновтың «Орта білім беру жүйесіндегі дағдарыс: Шығу жолдары» (Алматы, «Rond&A», 2016) атты шағын кітапшасы түсті. Онда біздің білім беру жүйеміздегі келеңсіздіктердің бастауы, өзге дамыған елдердегі білім саласына қандай назар аударылатындығы егжей-тегжейлі талқыланады. Автор Кеңестік дәуірден бізге мұраға қалған білім жүйесінің қазіргі заман талабына жауап бере алмайтындығын тілге тиек ете келіп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қалыптасқан жағдай салдарынан айтулы педагогтардың білім саласынан өзге салаларға, сауда-саттыққа кетіп қалғандығын өкінішпен баяндайды. Рас, дағдарыс жылдарында әлеуметтік саладағы қызметкерлердің әлеуметтік мәселесіне көз жұма қарадық. Бірақ содан бері ширек ғасыр өтті. Мұғалімге арнайы статус беріп, олардың әлеуметтік жағдайына стратегиялық мәселе ретінде қараудың сәті әлдеқашан туған. Көптеген мемлекеттер болашақ ұрпақ тәрбиелеуді ең маңызды стратегиялық бағыт ретінде қарастырады. Соның арқасында мұғалімнің биік статусы, қоғамда өз орны және беделі нақтыланған. Еліміздегі ең басты түйткіл сол – мұғалімнің беделі төмендеп кетті. Бұл салаға ЖОО-да нашар оқыған, өзге салада өз мүмкіндіктерін көрсете алмаған жастар баратын болды. Ал жергілікті билік мұғалімдерді қолбала ретінде жұмсауды әдетке айналдырғалы қашан. Айталық, жоғарыда аталған Асқарбек Құсайыновтың кітабындағы деректерге сүйенсек, көп елдерде педагогикалық мамандықтарға қабылдаудың өзі аса қатаң таңдаудан өтеді екен. Мәселен, Оңтүстік Кореяда үздік 5 пайызға, Финляндияда он пайызға, Сингапур мен Гонконгта отыз пайызға кіретін түлектердің құжаттары ғана педагогикалық мамандықтарға қабылданады екен (27-бет). 1986 жылғы статистика бойынша Қазақстанда 19 педагогикалық институт болған. Соңғы жылдардағы көптеген сарапшылардың жанайқайының әсері болар, беделін түсіріп алған педагогикалық ЖОО-лардың статусын көтеруді қолға алып, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне «педагогикалық» атауын қайтарғаны мәлім. Бірақ, мәселе осымен шешіле салған жоқ. Мәселе атауда емес, жүйесіздікте. Тағы да ғалым пікіріне сүйенсек, Асқарбек Құсайынов: «Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша Қазақстанда 2005-2010 жылдары 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу жоспарланды. Білім беру мен тәрбиелеудің жаңа мазмұнымен байытылған бұл жаңа жүйеге көшу – осы саладағы дағдарысты еңсерудің ең нанымды шешімі еді. Алайда бүгінгі жағдайы кім кімді де ойлантпай қоймайды. Кез келген жаһандық шешім ғылыми зерттеулер негізінде қабылдануы тиіс қой. Алайда білім саласындағы қазіргі дағдарыс кез келген шешімнің ғылыми зерттеусіз қабылданатындығымен тереңдеп барады». Міне, түу бас­тан жүйесіз басталған білім саласындағы реформалардың соңына дейін жүргізілген ешқайсысы жоқ екен. Яғни, ширек ғасыр бойы қазақ балалары білім саласындағы эксперимент нысанына айналып келді. Соған қарамастан, қазақтың талантты балалары талай әлемдік олимпиадаларда топ жарып, Қазақстан атын әлемге танытып жүр. Республикалық «ҚазБілім» орталығының директоры, бұрынғы мұғалім Аятжан Ахметжанның пікірінше, қазақ балалары аса дарынды. Біздің оқушыларымыз бастауыш сыныптарда логикалық ойлау деңгейінде дүние жүзінде алдына жан салмайды. Сондай-ақ, білім беру саласына айтарлықтай көңіл бөлінуде. Ең әуелі «100 мектеп, 100 аурухана» жобасымен заманауи технологиялармен жабдықталған мектептер салынуда. Бірақ, бұл мәселенің бір қыры ғана. Ауруын жасырған өледі демекші, қазір білім саласын жаулап алған жемқорлыққа көз жұма қарауға болмайды. Бұрынғы мұғалім Аятжан Ахметжан да білім саласындағы ең басты кемшілік ретінде осы жемқорлықты атайды. Жемқорлық салдарынан мектепте сабақ беретін ұстаздардың сапасы көңіл көншітерлік емес. «Қазаннан қақпақ кетсе иттен ұят кетеді, – дейді қазақ. Бізде мектеп директоры болу қанша тұрады? Ол жалпыға анық. Ондай болса, қомақты ақшамен жылы орынға отырған адам ол ақшаны қайыра табуы керек қой, онда бармағын қалтасына сүңгітіп, табыс табары анық, енді ары қарай айтудың өзі артық шығар», – дейді ол.

Одан кейінгі мәселе – материалдық-техникалық базаның әлсіздігі, зертханалық құрал жабдықтарының жетіспеуі, тіпті жоқтығы, оқулық сапасының сын көтермеуі, оған қоса – науқаншылдық, ұраншылдық.

Аятжан Ахметжанның пікірінше, қазақ білімін тығырықтан шығару үшін, ең әуелі білімнің локомотиві – ұстаздардың рухын көтеру керек. «Егер ұстаз білімді һәм рухты болса, мына ақпараттық технология дамыған заманда басқа мәселенің бәрі жай мәселе болары анық. Себеп – ақпараттық мүмкіндік кез келген бағытқа, ізденуге жол ашып тұр. Елімізде білімді ұстаздар бар, бірақ жылдан жылға көбеюдің орнына азайып барады.

Мен «Ұлт болам десең, ұстазыңның халін біл» деп екі мәрте баспа бетінде үлкен сараптамалық мақала жаздым, көп айтып жүрмін, әттең тыңдар құлақ жоқ. Бізде осыған дейінгі қаншама реформалар неге іске аспады? Себебі, біріншіден, реформа жасаушылар бұл саланың жілігін шағып, майын ішкендер емес, екіншіден, реформаны алып жүріп кететін әскер дайын емес. Яғни мұғалімдер дайын емес. Ауылдық жерде тіпті бір мұғалім үш-төрт пәннен беріп жүр, ол деген сөз біреуі шын болса да қалғаны өтірік.

Ал бұл күйге не үшін түстік? Оның себебі де ауыр, сол жемқорлық, сыбайластық, жалақының аздығы, қағазбастылық, мұғалімдердің басы артық шаруаға жегілуі, мұғалім статусының төмендігі» дейді ол. …

Ал педагогика ғылымдарының докторы Асқарбек Құсайынов білім саласындағы басты кемшіліктер ретінде: біріншіден, кез келген ғылыми шешімнің ғылыми сараптамасы жасалынбай-ақ, қабылдануы, оқулық сапасының сын көтермеуі және оқулықпен айналысатын арнайы зерттеу орталығының жоқтығы, ұстаз мерейінің төмендігі, білім беру сапасының ала құлалығы және төмендігі, ҰБТ жүйесінің білім сапасын шынайы бағалауға қауқарсыздығы секілді басты проблемаларды атайды. Ендеше осы кемшіліктерді жойып, тығырықтан шығудың жолы қайсы? Білім беруді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасының Орта білім беру сапасын көтерудің 2015-2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасы мен кешендік бағдарламасы қордаланған проблемаларды шеше ала ма? Бұл бағдарламаның негізінде Қазақстанның 2005 жылдан бері жоспарына енген, бірақ әлі күнге шешімін таппай отырған 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу мәселесі жатыр. 2017-2018 оқу жылынан бастап Қазақстан Болон үдерісінің 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуді жоспарлап отыр. Алғашқы түлектер 2028-2029 оқу жылында бітіруі тиіс. Жоғарыда аталған кешенді бағдарлама да осы кезеңді қамтыған. Бұл бағдарламаның өзгелерден артықшылығы, бұған дейінгі жасалған реформаларды сарапқа сала отырып, арнайы ғылыми зерттеу нәтижелерінің негізінде жасалуы. Алайда әлі нәтижесін бермеген бағдарлама жайында сөз қозғау әзірге ертерек. Сондықтан, оның қаншалықты өміршең екендігін уақыт көрсетеді. Тағы бір толғақты мәселе, білім саласына бөлінетін қаржы мәселесі. Біз сөз етіп отырған бағдарламада он екі жылдық білім беруге кететін қаржы да арнайы есептелген. Ал осы қаржының нысаналы жерге жетуі басты мәселе. Қарапайым мұғалім Аятжан Ахметжан білім саласындағы дағдарыстан шығудың бес түрлі жолын ұсынады. «Олар: бірінші: педагогикалық мамандықтарға түсетіндердің шәкіртақысын басқа мамандық студенттеріне қарағанда, жоғары ету керек, сонымен бірге оларға қосымша тиімділіктер жасау керек, сол кезде бұл мамандыққа үздік оқыған оқушыларды тарта аламыз. Сонымен бірге, ұстаздардың жалақысын көтеру.

Екіншісі, жарнама және жарнама. Мына ғасыр – сондай ғасыр, үздік ұстазға үлкен ақпараттық һәм әлеуметтік қолдау керек, бұл шындығында сол үздік ұстаз үшін емес, сол үздік ұстаздың әріптестерін жігерлендіріп, өсіп келе жатқан ұрпаққа ұстаздық мамандықты үлгі ету үшін керек. Білім саласында жетістікке жеткен ұстаздарды спорт пен өнердегі секілді қомақты қаржымен қолдау көрсету керек.

Үшінші: қағазбастылықты азайтып, мұғалімдердің шығармашылық жұмысына мән беру керек. Мұғалімдерді өтірікке толы қалың қағазына қарап емес, шәкіртінің нәтижесімен бағалайтын күйге жетуіміз керек. Барлығы электронды жүйеге көшкен мына заманда ұстаздарды қағазбастылықтан құтқару керек.

Төртіншісі, заң. Тармақ емес, ұстаздардың білімі мен құқын қорғайтын арнаулы заң керек. Қазір бала құқығын қорғайтын заң ұстаздардың құқын таптап болды. Сол үшін ұстаз қауымының да құқығын қорғайтын арнайы заң керек. Әйтпесе, бүгінгі күні ұстаз оқушыға тәуелді тұлғаға айналды.

Төртінші, мұғалімдіктің қағазын тексеретін аттестациялық комиссия емес, біртұтас формадағы кәсіптік емтихан керек және ел бойынша ұстаздарды кәсіптік курстардан жүйелі түрде әр үш немесе бес жыл сайын өткізіп отыру керек. Ештеңе үйретпейтін, әр түрлі методика бойынша тәрбиелейтін, тек мемлекетке салмақ салар педагогикалық курстар қажет емес.

Бесінші, мұғалімдікке жұмысқа қабылдауды департамент немесе әкімдік арқылы тікелей қадағалап, мұғалім боламын деген білікті мамандардың жас деген желеумен жұмыссыз қалып, орнына таныстықпен кірген шала мамандарды жою керек. Бір жағынан, мемлекет бойынша сырттай бітірген адамды ұстаздыққа жолатпаған абзал». Міне, бұның бәрі бүгінгі күннің білім саласындағы толғақты проблемалары. Оның түйінін тарқатпайынша, білім берудегі рухани дағдарыстың шешімін табуы қиынға айналары анық.

Есенгүл Кәпқызы

“Түркістан” газеті

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

  • Мұғалім жалақысын есептеудің индикаторы өзгеруі керек – Айгүл Мұқашева

    Мұғалім жалақысын есептеудің индикаторы өзгеруі керек – Айгүл Мұқашева

    Қазақстан білім және ғылым саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Айгүл Мұқашева ертең Тамыз кеңесіне Мемлекет басшысының қатысуы педагог мәртебесін көтеруге жасалған елеулі қадам екенін айтты. «Педагог мәртебесін реттейтін заң жобасы ұстаздар қауымы көптен бері қордаланып қалған мәселелерді шешеді деген үмітпен отыр. Заң жобасы қазір Үкіметке түсті. Үкіметтен кейін Парламент талқысына түседі. Ертең республикалық тамыз

  • Қазақ мектебі қандай болуы керек?

    Қазақ мектебі қандай болуы керек?

    Білім саласынан алыстап кетсемде осы салаға жаным ауыра береді. Өйткені елдің ертеңі тек білім беру саласына байланысты. Білім беру ісінің дұрыс жолға қойылған елдің болашағы жарқын боларын бізден бұрын елім деген ерлердің айтып кеткені белгілі. Жаңа оқу жылы басталуға жақын. Бас мұғалімнің орнына білімді, білікті жас, бас мұғалімдіке лайықты адам келді деп мұғалімдеріміз қолдарын соғып,

Пікір қалдырыңыз

Еmail почтаңыз сыртқа жарияланбайды. * белігісі тұрған бағанды міндетті түрде толтырасыз

Аты-жөні *

Email *

Телефоны

Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз.

E-mail: kazbilim@gmail.com

ZERO.KZ HotLog