Home Ұрпақ тәрбиесі Нұртөре ЖҮСІП. ҚАЙДА ҚАРАП ӨСЕДІ ҚАЗАҚ БАЛА?!.

Нұртөре ЖҮСІП. ҚАЙДА ҚАРАП ӨСЕДІ ҚАЗАҚ БАЛА?!.

0
Нұртөре ЖҮСІП. ҚАЙДА ҚАРАП ӨСЕДІ ҚАЗАҚ БАЛА?!.

Үлкен лек келеді: жаңа толқын, жас толқын; қарымды, алымды, дарынды қазақ балалары, тәуелсіз елдің төл түлектері; олар біздей емес, әміршіл-әкімшіл жүйенің қыспағы мен қысымын көрген жоқ, барынша еркін, мейлінше өршіл кеуделері толған асқақ арман!

 Қазақстан бойынша жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 410 мыңнан астам бала қабыл­данады. Бұл туралы «Биыл бірін­ші сыныпқа 410 мыңнан астам бала келеді деп отырмыз. Барлық облыстарда ақпараттық түсіндіру жұмыстары, мектептердің да­йын­дығы бойынша мәлімет­терді жинақтау аяқталуда. Бү­гінде мектептер дайын. Соны­­мен қатар қазіргі кезде ұстаздарды, оқу­лықтарды даярлау шаралары жүріп жатыр» деп ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева мәлім етті.

Осы 410 мыңнан астам ба­ланың қан­шасы қазақ мектебіне барады? Жұртшы­лық арасында, үлкен деңгейдегі шенеуніктер арасында «Қазақ мектебіндегі білім сапасы нашар» деген сы­ңар­жақ пікір бар. Соның салда­ры­нан талай ата-ана баласын орыс мектебіне жетелеп апарады. Сол қанша­лықты қисынды?
Академик Асқар Жұмаділдаев бұл пікірді мүлдем жоққа шы­ғарады.
– Соңғы кезде қазақтың тілі дамып келе жатыр. Біздің ми­нистр қазақ балаларының білімі төмен деп айтады. Бос сөз. Кеше­гі өткен ҰБТ-да ең жақсы нәтиже көрсеткен қазақ мектебінің балалары. Құдай біледі, «Бола­шақпен» шетелге оқуға кеткен­дердің 80 пайызы қазақ мектебін бітірген балалар. Қазақша мек­тепте оқу методикасы қалып­тасты. Қазақ тілінде бастауышқа, орта мек­тепке лайық жеткілікті тіл бар. Біз қазақтың тілі бай дейміз. Сол бай тіліміз орта мек­теп­ке білім беруге жарамайтын болса, ол тіл­дің не керегі бар?! Министрлік өкілдері «қа­зақ та­рихын қазақ тілінде оқытатын болдық» деп жетістік ретінде айтып отыр. Бұл жетістік емес, күлкілі нәрсе. Бүкіл ғылым­ның барлығы ана тілінде оқытылуы керек.
Елімізде білім берудің екі түрі бар: бастауыш пен орта мектеп және жоғары мектеп. Біздің Ата заңда жазылған. Әр ата-ана баласын мектепке беруге мін­детті. Егер балаңызды оқытпай қой­саңыз, онда сіз заң шеңбе­рінде жауапқа тартыласыз. Конституциямызда тағы бір бап бар. Кез келген қазақтың азаматы өз ана тілінде ақпарат алуға құқы бар, – деп академик шырыл қағады.
– Оқу – ақпарат алу деген сөз, білім беру деген – инфор­мацияның көкесі. Демек, бүгінгі министрлік біздің балалары­мызды ақпарат алу құқығынан айырайын деп отыр. Бұл бүкіл бір халықтың адам құқығын бұзу деген нәрсе.
Қазақта математиктер бар. Жақсы ұстаздар көп. Қазір өзеніміз табиғи ағып келе жатыр. Біз неге оған бөгет қоямыз? Ме­нің ойымша, министрлік ең болмаса бұ­ған кедергі жасамауы керек, – дейді ака­демик.
Ұлттық бірыңғай тест тап­сырған оқу­шы­лардың 72 пайызы қазақша оқитын­дар. Назарбаев зияткерлік мектептері грантын иемденушілердің 70 пайызы қазақ мектеп­те­рінің түлектері. Демек, қазақ мектеп­терінің «білім сапасы нашар» деген сөздің айтылуының өзі орынсыз ғой.
Қай ата-ана болса да баласының бір емес, бірнеше тілді білгендігіне қарсы емес. Кез келген ата-ана бұған қуанбаса, ренжі­мейді. Бірақ соған қара­мастан, Қазақстанда үштілді оқыту жүйесін енгізуге жалпақ жұрт­тың көбісі қарсы. Неге? Асқар Жұма­діл­даев қатысқан алқалы жиында үштілділік білім беру жүйесіне наразы жұрттың 4 жарым мыңнан астам адамның қолы жиналған ашық хаты тапсырылды. Бұл ненің белгісі?
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «Орыс мектеп­терінде оқитын 500 мың бала қазақша сөйлемейді. Сондықтан министрліктің алдындағы ең жоғары мақсат – 3-4 жылда сол 500 мың баланы қалай қазақша сөйлетеміз деген мәселе. Олар қазақша сөйлеуі керек қой!» дейді. Дұрыс!
Таяуда Әзірбайжанда болдық. 35-тен төмен жастардың дені орысша сөйлемейді. Түркімен­станда да солай. Өзбекстан туралы әңгіме жоқ. Бәрі, негізінен, өз елдерінің мемлекеттік тілде­рінде білім алып, көгеріп, көктеп жатыр. Қырғызстан мемлекеттік тілді менсінбейтіндерге айыппұл салуды қолға алды.
Жақсы. Бұл елдердің халық құрылымы біздегіден басқаша, көбі біртұтас; біздегідей түрлі этнос өкілдері көп емес, қоғам­дық-саяси, мәдени өмірінің де ұрқы бөлек. Алайда Сағадиев айтып отырған 500 мың баланы қалай қазақша сөйлетеміз де­генге бір ғана министрдің басы қатпауы тиіс қой. Ел болып, жұрт болып не істейміз? Не істей аламыз?
Сыр бойында диқаншылық қатты дамыған. Ақ күріштің атасы, Дала ака­де­мигі, екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай Жа­қаев атамыз күріштік жағасындағы қалың қамысқа от тиіп, өртене қалса не істеген десеңізші? Өрт­тің жолын кескен. Ол үшін лау­лап, лапылдап жанып жатқан қамыстың алдынан өрт салып, жаңа тұтанған өртті дереу өшіріп тастаған. Сол арқылы ел ырысы саналатын егіндікті аман алып қалып отырған.
Бізге де тап осы әдісті қолдану қажет сияқты. Алдымыздан тағы бір он жылда тіл білмейтін тағы 500 мың бала шықпас үшін, үлгерсек – биыл, үлгермесек келесі жылы – мектепке баратын 410 мыңнан астам ба­ланы қазақ мектептеріне беру ісін қолға алу керек. Бұл үшін қолға алынған білім рефор­масының бір тармағы – Қазақстан­дағы барлық бастауыш пен орта мектеп, жоға­ры мектеп атаулының бәрін «Мемлекеттік тілде білім беретін мекеме» дәрежесіне ауыстырған абзал. Қалған ағылшын және орыс тілін сол мектептерде тереңдетіп оқыту соншалықты қиын емес!

Айқын газеті

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here