|  | 

Жаңалық

Әлімов Асхат. Сабақтағы тыныштық 

– Мен еліміздің көптеген мектептерінде болдым. Олардың ұқсастықтары да, айырмашылықтары да көп. Алайда мен олардың бір ұқсастығына ерекше назар аударғым келеді. Бұл – тыныштық…
Кез келген мектепке сабақ кезінде кірсең, оның іші тып-тыныш: ұшқан шыбынның ызыңы естіледі. Әр сыныптың есігінің қасынан өтіп бара жатып, құлағыңды тоссаң, тек сабақты түсіндіріп тұрған мұғалімнің немесе жауап берген оқушылардың дауыстары еміс-еміс естіледі. Үзіліске соғылған қоңыраудың үні шылдырлағанда («шыңғырғанда» десе де болады), 3-4 секундтан кейін мектепте кенеттен вакуумдық бомба жарылғандай, тосыннан шу бұрқ ете қалады. Тағы 3-4 секундтан соң әр сыныптың есігі сарт-сарт етіп айқара ашылып, ішінен құдды Африка саванналарындағы пілдердің, мүйізтұмсықтардың, су сиырларының (бегемоттар), керіктердің, буйволдардың, антилопалардың, зебралардың тәбіндері ащы айғайға салып, шыңғыра және ышқына жүгіре шығып, біреулері оңға, екіншілері солға жөңкіле ұмтылады, тіпті алдына көлденең келгендерді таптап кете жаздайды…
Неліктен осылай?..
Неліктен оқушылар үзіліс кезінде алысады, жұлысады, тыным таппай безектейді? Неліктен сабақтар аяқталғаннан кейін мектептен шыға балалар келеңсіз қылықтар жасайды: айғайлайды, алас ұрады, бір-бірімен төбелеседі, т.б.?
Неліктен осылай? Мүмкін оқушылардың 45 минут тапжылмай отырғанынан болар? Ал біз өзіміз 45 минут дәл оқушылардай отыра алар ма екенбіз: арқамызды қақитып түзу ұстап, екі қолымызды партаға қойып, дымымызды шығармай, тек мұғалімнің бұйрығымен ғана қимылдап, бір-бірімізбен сөйлеспей?.. Екі минуттан астам шыдай алмайтын шығармыз. Өзімізді әбден қышап, шыдай қалған жағдайда, 45 минуттан кейін қоңырау соғылғаннан кейін бәріміз де (ересек болсақ та) дәп оқушылар секілді сыныптан айғайға басып, жөңкіле шығатын шығармыз!.. 
Балдызым Айтбайдың кіші қызы Лаура бала кезінде еті тірі, бір орында отыра алмайтын пысық, сусып тұрған сынап тәрізді еді. Айтбай «Қызым бірінші сыныпта оқып жүргенде, мектептен үйге кірген бойда, сөмкесін лақтырып жіберіп, айғайға басатын. Осылайша 20-30 секундтай ышқына айғайлағаннан кейін ғана сабасына түсіп, тынышталатын» деп әңгіме айтатын… 
Неліктен? Әрине, мектепте әр сабақта әбден тапжылжымай отырғандықтан… Бала алты сабақ бойы лапылдаған ішкі энергиясына еш қолданыс таба алмай, тек үйге келгенде, ерікті жағдайда ғана ішкі қуатын айғаймен сыртқа шығарады… 
Ағзасы үнемі өсіп, дамып отыратын балаларға тапжылжымай, үн шығармай отырудан артық жаза жоқ шығар! Олардың ағзасы тынышталуды, тыншығуды қаламайды, суқандары сүймейді, өйткені ол өсу үстінде, ал өсудің (жалпы алғанда: тіршіліктің!) негізі – қозғалыс! Бала мәңгі қозғағыш (Perpetuum Mobile) іспеттес! Оның ішіндегі энергия қыз-қыз қайнап, сыртқы көрініс табуға ұмтылады. 
Мүмкін бағанағы көріністің басқаша, тіпті керісінше болуы керек шығар? Мүмкін сабақтың 45 минутын оқушылардың энергиясын жағымды тұрғыда пайдаланып, оны өз мақсатымызда сыртқа шығару керек болар? Ал біздің мақсатымыз – оқушыларды таным, іздену мен зерттеу бағытына бұру, оларды белсенді жұмысқа салу. Осылайша баланың ішіндегі энергияны жағымды мақсатта, өздерінің дамуы мен өсуі мақсатында қолдану керек, сыртқа шығару керек. 
Ал сыртқа шығарылмаған энергия жынға айналады. Сол себепті балалар үзіліске шыға сала, жынданады: бірін-бірі қуалайды, күреседі, жұлысады… Ал сабақтан кейін ұлдар өзара төбелеседі. Әбден ішіндегі жынды сыртқа шығарады, сонда ғана тарқайды үйлеріне…
«Тыныштық тек молаға ғана тән» деп бекер айтпайды емес пе?.. Оқушыларды 45 минут бойы (күніге 6 сабақ бойы, тоқсан бойы, оқу жылы бойы, 11 жыл бойы) танымдық белсенді әрекеттерге ынталандыру, «салып қою» керек шығар?! Бала таным үдерісінде ойланып, материалмен танысып, өз ойын тиянақтап, оны ортаға салып, талқылап, қорғап, «қызыл кеңірдек» бола пікірталастырып, сызып, жазып, белшесінен жұмысқа батуы қажет болар?!.
Мынандай жағдаятты көз алдымызға елестетіп көрейік…
Мектепке кіріп келдік делік. Мектеп іші гу де гу. Әр сыныптан оқушылардың айқын (айғайлаған, дабыраған емес!) дауыстары естіледі: олар сабақ тақырыбы бойынша ұсынылған бір мәселелерді қызу талқылау үстінде, танымдық белсенді әрекеттерді атқару үсінде. Халықаралық «Тәй-тәй» («Step by step») бағдарламасында «уілдеген омарталар» деген ұғым бар. Әр сыныптың дәп осындай омарта секілді болуы керек шығар!.. Алайда оқушылардың шығарып отырған шуылдары іштері пысқаннан шығатын жәй әншейін шу емес, бұл – жұмыс шуылы. Ештеңе жасамай, бос отырған адам ғана шу шығармайды емес пе? 
Өзіміз қандай да бір жұмысты дымымыз бен еш дыбыс шығармай, шуламай, тып-тыныш жағдайда жасап көрейікші! Мысалы, тамақ жасап, үй жинап немесе шеге қағып… Не шығар екен?.. Меніңше, бұл – орындалуы мүмкін емес шаруа. Бұған қоса егерде Сіз жұмыс жасағанда шу шығарып жатсаңыз, Сізге ешкім де кейіс білдіріп, ренжімейді емес пе? Ұрыспайтын да шығар… Керісінше, Сіздің жұмыс жасағаныңызға риза болып, қуанатын болар, Сізге рахметін жаудыратын шығар?!. 
Сабақта да таным процесіне қызу кіріскен оқушылар осындай жұмыс шуын шығаруда. Өйткені олар ортаға өз ойларын салуда, бірін-біріне сұрақ қойып, бірін-бірінің жауаптарын тыңдауда, бірін-бірі үйретуде, бір-бірінің пікірін сұрауда, олар орындарын ауыстырып жаңа топтар құрауда, олар сынып ішін аралап, жақтастары мен пікірлестерін іздестіруде, олар ортақ тапсырманы бірлесе орындауда, олар кесте толтыруда, сурет пен схема салуда!!!
Осындай белсенді әрекеттер арқылы оқушылардың үнемі өсіп отырған ағзаларында ұдайы қалыптасатын энергияны жағымды да қажетті, тиімді әрі пайдалы тұрғыда жұмсауда, «сыртқа шығаруда». Оқушылар осы энергияны сабақ тақырыбына, зерттеу мен ізденуге бағыттағандықтан, олардың бекерден-бекер шулауға, басқа бос әрекеттерге (бөтен ойындармен шұғылдануға; ұялы телефонмен әлек болу, қыздардың шашынан тартуға, бір-бірімен жанжалдасуға немесе төбелесуге, бөтен кітап оқуға, т.б.) еш тәбеті де, құлқы да жоқ. «Оларды қайтеміз, егер сабақта біз өте-мөте қызық мәселелерді талқылап, өз ойларымызды келтіріп отырсақ; қызық тәсілдермен қызу жұмыс жасап, бір-бірімізбен сыйласымдыққа толы жағымды қарым-қатынас құрып отырсақ! Әр сабақта өсу мен даму үстінде болсақ!» деген ой әр оқушының көкейінде болса ғой, шіркін!..
Сабақтар арасындағы үзіліс демалу үшін, дамылдау үшін керек шығар?.. Сол секілді сабақта белсенді әрекеттермен қарқынды жұмыс жасаған оқушылар үзіліске шаршап, тәлтіректеп шықпай ма? Сабақта әбден шаршаған шәкірттер үзіліс кезінде дем алмай ма, екі иінінен үздіге дем алып, өйткені олар 45 минутта бар энергиясын шығарып алды емес пе?!. Мұнда еш жындану, айғайлап, шулау, төбелесу атымен жоғалмай ма?!.
Сабақтарды оқушылардың энергиясы осылайша жағымды жаққа бағытталса ғой!..
Біз көп жағдайда тәртіпті бағынушылықпен алмастырмаймыз ба?
«Оқушыларымыз сабақта тыныш отырса!» деп ойлаймыз, «Сынып ішінде ұшқан шыбынның ызыңы естілердей тыныштық орнаса!» деп тілейміз. Осындай тәртіпті қадағалауға ұмтыламыз да.
Тіпті көп жағдайда бізде «жақсы мұғалім» ұғымы да қаталдық пен «темірдей қатты» тәртіппен байланысты емес пе?.. Ересек адамдардан мектепте оқытқан мұғалімдер туралы әңгіме айтуды өтінсең, олар бірінші мезетте қатал мұғалімдерді еске алады, оларды дәріптейді…
Алайда мектеп – түрме емес, армия емес! 
Әбілғазы С., құрылысшы, Алматы облысы, 58 жаста: «Химиядан беретін жасы елуге жетіп қалған Ханыша деген апай өте қатал еді. Қазақ кейбіреулер туралы айтпаушы ма еді, «тісін көрсетпейтін адам» деп. Осы апай туралы айтылған сөз: бізге төрт жыл сабақ берген Ханыша апайдың бір рет те күлгенін, тіпті жымиғанын көрген емеспіз. Ол кісі сабаққа ылғи да қабағын түйіп келуші еді және де сабақ тақырыбынан әнтек болса да ауытқымаушы еді: тек химия, реакциялар мен реактивтер, элементтер мен олардың валенттілігі, сабақ түсіндіру мен сұрау ғана. Сабақ білмесең, көзін алартып, қатты ұрсушы еді, «екілікті» бытырлатып қоя беретін. Оқушылар арасында:
Химия қиын!
Ашиды миың!
Ашыса миың,
Ханышаға сиын! – 
деген өлең кеңінен таралып та кетіп еді.
Ханыша апайдың сабағында демімізді ішке тартып, партаға басыла, қыбыр ете алмай отырушы едік. Тіпті ол кісінің сұсты бетіне тіктеп қарауға қорқатынбыз, жауап берген оқушылардың дауыстары діріл қағып, білгенін айта алмай тұратынды…
Алайда бұл қаталдықтың мардымды нәтижесі болмады: үш-төрт озат оқушылардан басқамыз химияны мектептен білмей шықтық. Ондай болмағанда, қандай болсын: сабақтар қызықсыз, бір қалыпты, көбінесе тергеу секілді өтетұғын. Химия емес, жан қайғы еді біз үшін!.. 
Бұған қоса 10-сыныптың аяқ шенінде Күлиза есімді қызымыз химия сабағында өзін-өзі ұстай алмай, сабасынан шығып, шарт кеткені де бар еді. Ол былай болғанды… Бірде Ханыша апай Күлизаны тақта алдына шығарып, сабақ сұрады. Сабаққа дайындалмай келген қыз жауап бере қоймады. Оны әрі де, бері де тергеген апай бір кезде шыдамы таусылып, Күлизаны қатты ұрса жөнелді, жерден алып, жерге салды… Осы кезде күтпеген жағдай болды. Мінезі шәлкестеу Күлиза қызымыз бүкіл сыныптың (әсіресе жігіттердің) алдындағы мұндай масқаралауға шыдай алмады білем, апайдың сөзін дөрекі түрде бөліп жіберіп, «Сіздің мені ұрсып қорлауға қандай қақыңыз бар! Неменеге бақырасыз! Мен емес, Сіз нағыз оңбаған адам! Аузыңыздан бір жақсы сөз естімей өттік! «Іріктен шірік шығады» деген осы! Бір оқушыдан да рахмет алмай кетесіз ғой!» деп айғайлап, ішіндегісін сыртқа лақ еткізіп шығарып тастады да, өкшелерін тақ-тақ басып, сыныптан шықты да кетті. Есікті де бар пәрменімен тарс еткізіп жапты. Терезенің әйнектері сықыр-сықыр етіп, сына жаздады… 
Біз болсақ жым-жырт болып, бұрыннан бетер партаға жабыстық. Апайға қарауға жүрексінеміз… Ханыша апай аңтарылып, үндемей біраз отырды да, кенет бетін басып, еңкілдеп жылап жіберді. Бетінен әр кез зәр шашып, бар оқушыны жұмса – жұдырығында, ашса – алақанында ұстайтын темірдей берік апайымыздың осылайша морт сынатындығына сенер-сенбесімізді білмей біз де аң-таңбыз, құлаққа ұрған танадай ым-жымымызды білдіртпей, сілейіп отырмыз және де бір сұмдықтың болғанын сезгендейміз… Алайда апайды аяған ешкім де болмаған секілді… Сәлден кейін апай орнынан тұрды да, бетін басып, жылаған бойда сыныптан шығып кетті… 
Тек біраздан кейін ғана есімізді жиып, не болғанын түсінуге бақтық, ду-ду әңгімеге көштік… Күлизаның жасағаны, әрине, дұрыс емес, алайда оны да түсінуге болатын секілді: «Шөлмек мың күнде сынбайды, бір күнде сынады!». «Байғұс, шыдай-шыдай жүріп, жарылды-ау бір демде!» деп Күлизаны ақтап жатқандар қаншама… Алайда Ханыша апайды жақтағандар арамызда болмады… 
Осы оқиға мектепте біраз айғай-шу тудырды. Күлиза завуч пен директорға бірнеше рет шақырылды, әке-шешесі де жауапқа тартылды. Мектептен шығарып, аттестат бермейміз деп те біраз мыжғылап, қорқытты Күлизаны мұғалімдер… Сынып жетекшіміз Әбденбай ағай өте жақсы адам еді. Сол кісі әрі жүгіріп, бері жүгіріп, әйтеуір, Ханыша апай мен Күлизаны татуластырды: Күлиза кешірім сұрағандай болды, ал апай оны кешіргендей болды. Осылайша бұл өрескел оқиға жылы-жұмсақ жауып тасталынды. Бір айға жетпей біз де оқуымызды тәмамдап, мектеппен қош айтысқан едік..
Отыз жылдай ұстаздық қызмет жасап, зейнетке шығар алдында қаршадай оқушыдан ешкім айтпаған сөздерді есту үшін қаталдықпен елге әйгілі болу керек пе еді?..
Біз қаталдықты саясатта да жақтырамыз: қанқұйлы Сталин заманының қатал тәртібін аңсап жүргендер аз емес қой. Арамызда темірдей қатал тәртіп орнатайын деген «фельдфебельдер» мен «надзирателдер» қаншама!..
Мектептерге жиі баратын әдетім бар дедім ғой… Осыдан оншақты жыл бұрын Талдықорған маңында бір аудан орталығындағы мектепке барып, өзім сабақ берген бастауыш сынып мұғалимасына (жасы шамамен 30-дың ар жақ-бер жағында болар) «Сабағыңызға кіріп, қатысайын!» деп қиылдым. Сәл абыржып қалса да, шәкіртім рұқсатын берді: «Қатысыңыз, ағай! Мен 2-сыныпқа сабақ беремін. Қазір ана тілі сабағы еді».
Екеуміз сыныпқа кіріп келдік. Кілең жәудір көз томпайлар орындарынан ұшып тұрды. Амандасып жатырмыз. Мен соңғы парталардың біріне барып жайғастым. Апай сабақ бастай беріп еді, есіктен басын сұққан оқушы қыз: «Апай, директор ағай барлық мұғалімдерді «пятиминуткаға» шақырып жатыр!» деп жария қылды. Мұғалима маған «Не істейін?» деген кейіппен қарады. Мен екі қолымды жайып, «Мектептеріңіздегі тәртіпті өзгерте алмаймын! Бара беріңіз!» дегендей басымды изедім…
Апай «Балалар, тыныш отырыңдар! Мен бес минуттан кейін келемін!» деді де, сыныптан шығып кетті. Кілең қарақат көз бүлдіршіндер партаға қолдарын қойған түрінде тапжылжымай отыр. Тырп етпейді. Бәлкім, мені комиссия санап отырған секілді. Мектепте оқушыларды әбден комиссиямен қорқытып тастаған емес пе? Қит етсе, «Ойбай, комиссия келе жатыр!» деп бүткіл мектеп әбігерге түсіп, дүниенің астаң-кестеңін шығарып, барлығы да (ұстаздар да, шәкірттер де) аяғынан тік тұрады ғой?!. 
Кей кездері маған мұғалімдер үйінде өз балаларын баяғыдай «бүжай», «мыстан кемпір», «жезтырнақ» немесе құбыжықтармен қорқытпай, комиссиямен қорқытатын секілді. Мұғалім қызметіндегі ата-анасы: «Ұйықта! Әне, комиссия келе жатыр! Ұйықтамасаң. сені комиссияға берем!» дегенде, балалары көздерін тас жұмып, қорыққаннан тез ұйықтап кетуге тырысатын тәрізді болып көрінеді маған…
Бұрынырақта, кеңес дәуірінде, менің бір жолдасымның Дәурен есімді ерке ұлы әке-шешесінің аяғын қалт бастырмайтын: «Мен де барам! Мені де ала кетіңдер!» деп байбаламға салып, бақырып-шақырып, аяқтарына оралатын. Ол тек «Бастық шақырып жатыр!» деген сөзге ғана иланатын. Солай айтқанда ғана жыламай, ата-анасына ілесуге құлық білдірмейтін. Оның ойынша «бастық» деген қорқынышты құбыжық болатын, алайда ол ересектерге бәлендей нұқсан келтірмейтін, өйткені оның алдына барып қайтқан әкесі мен шешесі үйге аман-есен оралатын. Алайда «бастық» деген құбыжықтың кішкене балаларға деген ниеті тіпті де басқа болуы мүмкін болар, сол себепті де оның алдына бармай, абайлаған дұрыс» деген оймен әлгі бала ата-анасын бастықпен кездесуге еш қарсылықсыз жіберіп, өзі үйде жайбарақат, жыламай қала беретін…
Бұрынғы заманда балаларды «бастықпен» қорқытатын болсақ, бүгінде «комиссиямен» қорқытатын сияқтымыз ба?.. Сонда бүгінгі күннің құбыжығы, «жалмауызы», «жезтырнағы», «дию-перілері», «адам жегіштері», «мыстан кемпірлері» комиссия болған ғой шамасы?..
Дәл осылай секілді әлгі 2-сыныптағы қошақан мен құлыншақтар, торпақ пен қонжықтар, ботақан мен қоңыр қозылар менің алдымда сіресіп, қатып қалып отыр. Біреуі де қозғалмайды, тіпті селт етпейді де, мен жаққа қарауға батылдары да жетпейді… Кішкентай қара, аппақ, қоңыр, сары домалақтарға қарап, жүрегім елжіреп отыр. Оларды аяп та барам…
«Пятиминутка» дегені «десятиминуткаға» созылып кеткен соң, орнымнан тұрдым да, тақта алдына шығып, «Балалар, апайларыңыз келгенше мынандай ойын ойнайық!» деп, тапжылжымай отырған балаларды әрекетке тартып, бір ой сергіту ойынын ұйымдастырдым. Алдымен ойынға сенімсіздікпен қатынасқан балалар («комиссия» деген сес қатырар жалған атағым бар емес пе?!), сәлден кейін ашыла бастады. Екінші ойсергектен кейін кішкентай қыздар мен кейбір ұлдар орындарынан тұрып, мені қаумалай қоршап алып, «Ағай, тағы да ойнайықшы!.. Мен де осындай ойынды білемін, мен көрсетіп жіберейінші!» деп сыныптың ішін азан-қазанға толтырды. Байқаймын, әріректе екі ұл біздің ойнымызды еш елемей, еденде фишка ойнауға кірісіпті. Басқалармен шатақтары жоқ. Тағы да екі ұл партада отырған қалпы күресіп жатыр, бірін-бірі жұлмалап, бірі екіншісінің үстіне шығып барады, тіпті партасын сындыруға таяп қалған секілді ме?!. Олар да мені және басқа балаларды пішту күйде көрмегендей. Пенжегімнің етегінен тартқылап, аяғыма оралған құрттай қыздар да бекер тұрмай, оларды менің көмегіммен тәртіпке шақырғысы келетіндей: «Ағай, ана екі балаға қараңызшы, олар фишка ойнап жатыр!». «Ағай, анау екеуіне айтыңызшы, төбелесуді қойсын деп!»
Әрине, осы жерде педагог ретінде мен бір шараларды қолданбаса болмайтынын сездім. Осы мақсатта «Әй, балалар, қойыңдар!» деп дауыс көтеріп едім, дауысым әлсіздеу әрі жалынышты болып шыққандай көрінді өзіме. Әлгі жігіттер менің айтқанымды пысқырмады, құлақтарына да ілмеді… 
Енді не істерімді білмей, дал болып тұрғанымда («Жалма-жан шешім қабылдап, бір әрекет қолданбасам болмайды! Мына балаларды игере алмай қалып, абыройым жұр болар!»), менің тәлейіме орай, есік ашылды да сыныпқа мұғалима кіріп келді. Апай-топай болған балаларды көрген бойда апай «Әйт!» деп дауысын көтеріп қалды. Сол-ақ екен балалардың барлығы да тарыдай шашылып, тым-тырақай қашқан күйде орын-орындарына отыра қалды. Мен де барып, орныма отырдым. Осы кезде қыздардың шағымдануы басталды: «Апай, Сенбай мен Ербол күресіп, төбелесті!», «Ерлік пен Дәулет фишка ойнады!» Қыздар тіпті мені де сатып жіберді: «Мына ағай бізбен қызық ойын ойнады!» Оларды тыңдап болған апайлары әлгі есімдері аталған ұлдарға қарады да «Сабақтан кейін мен сендермен сөйлесемін!» деді. Мен Сенбай, Ербол, Ерлік пен Дәулеттің үн-жұрғасы түскен жүздеріне қарап, оларды аяп кеттім: олардың кейпі құдды бір ауыр жазаға кесілген қылмыскерлер секілді болып көрінді маған…
Сабақ жалғасып кетті…
Осы жәйт туралы көп ойланып, толғандым… Өзімді аз да болса тәжірибесі бар ұстаз деп санаймын. Және де инновацияға, гуманистік педагогикаға жақындығым тағы да бар деп ойлаймын. Алайда мына 2-сынып оқушыларын өзіме қарата алмадым…
Неліктен бұл балаларды мен игере алмадым? Неліктен олар маған иланбады? Неліктен менің айтқаныма көнбеді, қызықпады? 
Өйткені мен екі жылға кешігіп қалдым деп ойлаймын. Бұл балалар әбден қатал сөз, айғай, жекіру, жазалау мен қысымға үйреніп кеткен екен. Енді олар мейірім мен жылы сөздің тілін түсінетін деңгейге қашан жетер екен?..
Тарихи факт. Ғұлама ғалым Альберт Эйнштейн казармалық қатаң тәртіп орнаған Пруссия мектептерінде өзін еш көрсете алмайды, тіпті «ақылы толықпаған» оқушылар қатарына жатқызылады. Тек кейінірек жанұясы Швейцарияға көшіп, мұғалімдері оқушыларға сыйластықпен қарап, шыдамдылық танытатын ол жақтың мектептерінде Альберт ең жақсы оқушылардың біріне айналады.
А.С.Макаренко және басқа да ұлы педагогтардың пікірлері бойынша, тәртіп пен тәртіптілік, тәрбиенің құралы емес, олар тәрбиенің нәтижесі. Басқаша сөзбен айтқанда, тәртіп арқылы қандай да бір нәтижеге жету мақсат емес. Тәртіпке ұмтылу керек, шәкірттерінің саналы түрде (еш айғай, қысым, жазалаусыз) тәртіпті болуы – әр ұстаздың басты мақсаты. 
Тәртіпті болу, тәртіпке бағыну – рухани ұғымдар. Тәртіпті адам – рухани болмысы, иманы биік адам. Тәртіпті, өзін тәртіпке бағындырған адам тәртіптің өзін қорғап, өмірін жақсы ұйымдастыруға көмек беретінін, қиыншылықтарға төтеп беруге жәрдемдесетінін біледі. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген тамаша сөздері осы жәйтті меңзейді емес пе?..
Біздің мектепте тәртіпті дұрыс түсіне ме екен?..

Әлімов Асхат. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қалалық филиалының аға менеджері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

  • Елордадағы  Оқушылар сарайына әл-Фараби атын беру ұсынылды

    Елордадағы Оқушылар сарайына әл-Фараби атын беру ұсынылды

    Нұр-Сұлтан қаласындағы Оқушылар сарайын әл-Фараби атымен атау ұсынылды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен айтты. Оның айтуынша, бастаманы қоғам белсенділері қолдап отыр. «Қоғамның пікірі өте маңызды. Депутаттар, Ассамблея мүшелері де Оқушылар сарайына әл-Фараби атын беруді қолдайды деп ойлаймын. Бұл сұрақты әлі де талқылаймыз», – деді әкім орынбасары Достық үйінде Мемлекет басшысының Жолдауын талқылау

  • Қазіргі білім беру моделі заман талабына сай емес – Саясат Нұрбек

    Қазіргі білім беру моделі заман талабына сай емес – Саясат Нұрбек

    Елордада «Цифрландыру арқылы трансформация: Универсиеттер және сапаны қамтамасыз ету» атты екінші Еуразиялық форум өтіп жатыр. Шара аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген BTS Digital білім беру жобаларының жетекшісі Саясат Нұрбектің айтуынша, қазіргі уақытта білім саласындағы дүниежүзіндегі ең үлкен мәселе бұл соңғы 200-300 жылда қалыптасқан білім беру моделінің бүгінгі проблемаларды шеше алмауы болып отыр. «Бір ғана мысал

2 Comments

  1. Ақбөпе

    Ия, сөзіңіздің жаны бар. Қаталдық жайлаған сыныпта оқушылардың білім алмасы анық. Алайда бүгінгі күні ұстаздарымыз оқушыларға берілетін еркіндікті дұрыс ұйымдастырып, мақсатқа бағытталған, яғни сол сабақта сол пән туралы ақпарат алып кететіндей етіп өткізе алса керемет болар еді. Шулатуға болады екен деп, оқушысы басқа жақта, ұстазы басқа жақта жүретін сабақтарды да көріп жүрміз. Ондай сабақтан тиімді білім алынбасы анық. Қайткенде де, мұғалім керемет шебер болу керек деп ойлаймын.

    • Айгул

      Авторга сурак: сыныптагы бала саны 38-42 болатын мектептерде жумыс истеди ма екен? Сынып жетекшиси болып, ата-аналардын котерме бага тилеуине тойтарыс берген бе? Тек ириктелген 15-20 уздик окушылары мектепте (ктл, НЗМ) жумыс жасау- болек дуние. Тагы сурак. Эйнштейн, Эдисондар-бугинги орта улгерим окушылар арасында да бар. Неликтен НЗМ тек оку улгерими уздиктерди нысанга алады? “3”-ке окитындарга бир сынып ашса калай болады? 7 модульдин ишинде Дарынды жане талантты окушыларды окыту бар емес пе? НЗМ материалдык-техникалык базасы орта денгейде окитындардын кызынушылыгын оятуга, уаждемесин оятуга толык мумкиндиги бар. Коп ишинде (38-42 бала) “3”-ке окыганмен, туйсигинде бар баланы байкау киын. Сондай балаларга арнап ашсын сыныптарды НЗМ. Сонда жай мекептерде орташа окитындардын озине, олардын ата-анасынын баласына сеними алдекайда артады, сыныпта окуга басекелестик туады.

Пікір қалдырыңыз

Еmail почтаңыз сыртқа жарияланбайды. * белігісі тұрған бағанды міндетті түрде толтырасыз

Аты-жөні *

Email *

Телефоны

Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз.

E-mail: kazbilim@gmail.com

ZERO.KZ HotLog