Home Ұстаз үні Аятжан Ахметжан. Ұлт болам десең, ұстазыңның халін біл! (2)

Аятжан Ахметжан. Ұлт болам десең, ұстазыңның халін біл! (2)

1

«Ұстаздан бедел кетсе, шәкірттері оның сақалымен ойнайды», – дейтін сөз бар еді біздің жұртта. Иә, бүгін шәкірт ұстаздың сақалына, ата-ана шаужайына жабысатын күнге жеттік, ащы болса да шындығы осы! Ұрпақ тәрбиесіне баланы 18 сағат тәрбиелейтін ата – ананы емес, 8 сағат білім беретін ұстаздарды жауапты етіп, онсыз да әр үйдің еркесімен алысқан ұстаздарды ұстараның жүзіне ұстап бердік!

«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі», – дейтін Ы.Алтынсаринның ұлағатты сөзі ел есінен ерте көтеріліп кетсе керек. Жақсы мұғалім бе, жаман мұғалім бе бәрібір, бүгінгі жұрт жерден алып, жерге салатынды шығарды. Ыбырайға қымбат болған ұстаз бүгінгі жұртқа неге сонша қолжаулық болды?.. Ауыр сұрақ!

Оқушының «үш жұрты»: үйдегі ата-ана, мектептегі ұстаздары, қоғамдағы әсер етуші адамдар бірін – бірі сыртынан жамандап, жүнше түтеді бұл күнде. Жігіттің үш жұрты тату болмаса, отбасының берекесі, отаудың болашағы болмайтынын ескерсек, оқушының күйі де солай. Тәрбиелеуші үш жақ бірін – бірі сыйламай отырса, тәрбиеленушінің тәлім алмайтыны ақиқат та. Тәлім түгілі, білім берушіні жек көріп тұрса, алған білімі де өнеге болмайтыны анық. Ақиқатын Әбу Насыр Әл – Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп ескертіп кеткен еді. Бірақ бүгін ескермей жүргеніміз, әрине, өкінішті.

Иә, тәрбиеге кетсе, бір емес, бірнеше мақалаға жүк артарымыз анық, менің айтар әуелгі сөзім – ұстаз беделі.

Ұстаздың беделі – қоғамның беделі

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында» – деген еді. Иә, ертеңгі ұрпақтың болашағын қолына ұстаған жұрттың беделі неге сонша төмендеді деген сұраққа өзімізше жауап іздеп көрелік.

Әуелгі сын – жүйеде, қалыптасқан үрдістегі кемшілікте. Бүгінде ұстаздыққа кім барады деген сұраққа үңілсең, жаның ауырады. Бүгінде ұстаздықтан басқа мамандыққа балы жетпеген, өзіне мемлекеттік грант керек болған қауым ғана түседі. Түседі де, басқа мамандыққа ауысудың жолын іздеп жүріп, оқуын тәмамдайды. Басқа жол табылса, сол бағытқа, болмай жатса, мектептің табалдырығын аттайды. Менің санамда мына бір ақиқат қылаң береді: өзі беске оқымаған адам ешқашан біреуді беске оқытпайды, өз кәсібін сүймеген адам нәтижесін көрмейді. Осы көзқараспен қараймын да, кешегі Алашорданың ардақтыларының ел тізгінінде жүрсе де, білім саласына баса мән беріп, өздері араласқанына қарап сүйсінемін, бірақ бүгінге қарасаң, әттеңнен басқа айтарым жоқ.

Осы жүйеде ұстаздың ұсқынын қашыратын бір үрдіс бар, ол – үй аралау мен нәтижесі алдын ала белгілі сайлаулардың сайқымазақ тірлігі. Қоғам осы ретте жабыла мұғалімдерді сабайды, бірақ олар қайтсін, айлығы шайлығына жетпей жүрген қауым үйіндегі бала – шағасы үшін де айдағанға жүріп, айтқанға көнері анық. Оның үстіне жұмыстан айырылу бүгінгі қауым үшін өте қорқынышты дүниеге айналды, себеп жұмысқа тұру үшін… әй, бірақ ешкімнің күлер жайы жоқ, бізде тек ұстаздар емес, бәрі де көнгіш қой бүгінде.

Екінші сын –  ақпаратта. Сенсация іздеген интернет қауымы бүгін бір ұстаздың кемшілігін көре қалса, жарыса жарнамалайтынды шығарды. Қызды – қыздымен кеткен қауым барша ұстаздарды бір шыбықпен айдайды да, онсыз да қаусырап тұрған ұстаз беделін құрдымға жіберді. Елде неше жүз мың ұстаз бар, сол ұстаздардың ішінде әлемдік деңгейді бағындырып жүрген шәкірт тәрбиелеген ұстаздар қаншама? Біз неге жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасыта алмаймыз? Шәкірті әлемдік додада, тіпті, ел ішіндегі кішігірім жарыста топ жарған спорт бапкерлерінің кенеліп жатқан марапатын көргенде қызға қарайсың, неге әлемдік деңгейде үздік шәкірт тәрбиелеген ұстаздарға әлеуметтік, яки ақпараттық қолдау жоқ. Бүгінде әлемді аузына қаратқан ақпарат үздік ұстаздарды жарқырата білсе, талай жас маман талпына білер еді, сонымен бірге талай жас өркен қызыға қарай білетін еді, армандайтын еді.

Эфирін ессіз эстрадамен толтырған телеарналардың қауымы әлемді білімімен бағындырған ұландары мен елдің ғылым саласына, білім саласына еңбегін аямаған жанкешті ұстаздары туралы насихатын аямаса, өсіп келе жатқан ұрпақ ұстазға, ұстаздық мамандыққа жиіркенішті көзбен қарамас еді. Әттең, оларға да рейтинг керек, қайтсін енді…

Үшінші сын, сын көтере алмайтын бір жұрт бар бізде, ол соларға. Ол – еркетотай бала тәрбиелеп, «жаман болса да, аман болсыншы» деген мақалды ұстанатын, баласына білім емес, жалған баға үшін күреске түсіп, мұғалімнің жағасына жармасқыш, ата – ана деген алпауыт қауымға. «Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын ұстаздыкі,» – деген еді қазақтың педагог ақыны Мағжан Жұмабаев. Иә, кеше солай болған, үлкеніміздің есімізде: «мұғалім келе жатыр» десе, тығылатын ұрпақ едік, ал, қазір ше? Қазір бәрі керісінше. Ұстаздардың алдында: «Сіздің өйтуге, бүйтуге құқыңыз жоқ, – деп тұратын тәрбие берушіні тәрбиеге салғысы келетін оқушы мен баласын қайрап салып жіберетін есерсоқ қауым бар.  

Осындайда оқушылардың «сіздің өйтуге, бүйтуге құқыңыз жоқ», – деп тұратын жаттанды сөзі келеді еске. Иә, шынымен де, бүгінге ұстазда құқық жоқ. Қызыл кітапқа енген және енбей қалған біраз жануарларды да қорғау заңы бар. Баланың құқын қорғайтын заң да, ұйым да бар. Бірақ, ұстаздың құқы тапталмақ түгілі, өзі тапталып қалса да, оны жоқтап алар бір заң жоқ. Ең болмағанда, білім туралы заңда жазылған бірер тармақ болса, ол да ұстазды міндеттеген тармақтардың желісі.

Айналайын ата – ана өзіңіз ұстаздың алдынан қалай жетіліп едіңіз, еске алсаңызшы. Абай атам: «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» демеп пе еді? Ал, сіздердің ұстамдарыңызды бүлдірген не?

Баяғы қауым баласын тәрбиеге берерде «Сүйегі менікі, еті сенікі» деп жататын еді, қазір еті мен беті түгіл, қаттырақ дауыс көтерсең, жағасына жабысар бәлеқор қауым қайдан шықты? Әр ұстаз алдындағы шәкіртін жаман болсын демесі анық, онда сол бала жақсы болсын десек, ұстаздың жағасына жармаспаған жақсы еді.   

Ақырғы сын, сын түзелмей, мін түзелмес, ақырғы сын ұстаздардың өзіне. Иә, мін жоқ емес, көп те, бірақ ол мін қайдан пайда болды? Білімсіз ұстаз, тәлімсіз тәрбиеші қайдан шықты? Баланың біліміне күйінбейтін, тәрбиесіне пысқыра да қарамайтын селқос ұстаздар қауымы қайдан шықты? Әрине, жоғарыдағы үш дерттен соң, бұл саланың кейіпкерлерінің де тегеуріні қайтып, салысы суға кетсе, ары қарай не күтуге болады? Керексіз қағаз үшін, жазықсыз жазалайтын билігі бар, жамандығын асыра сілтеп, жақсылығына келгенде, үнсіз қалар ақпараттық қауымы бар, жалған баға қойсаң жарылқап, шын бағасын қойсаң шымбайыңа батыра тілдейтін ата – анасы бар бүгінде ұстаздар қауымы немқұрайлыққа ауысып бара жатқаны ащы болса да шындық. «Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз, бәледен машайық қашыпты» дейтін тұрақты сөз тіркестері бүгін мектепке келіп тұрақтады. «Айналайын оқымасаң қой, аман болшы, үй жұмысын орындамасаң да, үйіңе аман кетші, тыңдамасаң қой үндемей отыршы» деген сөздерді ашығын айтпаса да, шет жағалатып айтатын мамандар қалыптасты бүгінде. Себеп көп, салдары ауыр.

Қағазы түгел, сыныбы «тәртіпті» ұстаз үздікке баланған күнде, әрине, талапшыл ұстазда қадір болмасы анық.

Ұрпақ түзелсін десең…

«Халық түзелуінің үміті – жастарда. Сондықтан, жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі – бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс»,- деген екен өткен ғасырда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов. Ақиқаты сол. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын» демейтін бе еді біздің шешен жұрт. Иә, ел ұстазын ардақтай алмаса, бұл елде түзу ұстаным болмақта емес қой.

 Иә, арыға кетпесек те, біраз ақиқаты осы, мені тыңдамаса да, елбасын тыңдайды ғой, бүгінгі қолында тізгіні бар қауым. Сіздерде естіген шығарсыздар. «Зияткер ұрпақ – елдің ертеңі, дарынды ұрпақтарды жетілдіру  мен тәрбиелеуге баса мән беру – бүгінгі білім саласының басты міндеті», – деген еді елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Иә, осы ұрпақты жұртпен теңестіреміз десек, Мұхтар Әуезовтің: «Ел мен елді, ұлт пен ұлтты теңестіретін нәрсе – білім» – деп кеткен ақиқатын санамызға алғанмыз дұрыс еді. Ал, сол білімге тартар тұлғаны қара басының қамын күйттер деңгейге түсірмесек игі еді.

«Ұлт болам десең, ұстазыңның халін біл!», – деп, үш жыл бұрын да үн қатқаным бар еді. Оны қайта жаңғыртпасқа шара қалмады. Ұстаз беделі көтерілмей, ұлт беделі көтерілмейтіні баршамызға анық еді. Қайтпек керек?

Біздегі түйін мынау:

Ұстаз беделін көтеру үшін мына үш жұмысты қолға алу керек дейді мендік ақыл.

Оның алғашқысы: Ұстаздарды мына нарықтық заманда айлығы шайлығына жетпейтін қауым арасынан шығару. Арғы жағы сізге де, бізге де түсінікті.

Екіншісі, жарнама және жарнама. Мына ғасыр – сондай ғасыр, үздік ұстазға үлкен ақпараттық һәм әлеуметтік қолдау керек, бұл шындығында сол үздік ұстаз үшін емес, сол үздік ұстаздың әріптестерін жігерлендіріп, арт жақтағы өсіп келе жатқан ұпақты ұстаздық мамандықты үлгі ету үшін керек.

Үшіншісі, заң. Тармақ емес, ұстаздардың білімі мен құқын қорғайтын арнаулы заң керек. Ұстаздарды тұрақты жебеп отыратын, басы артық шаруадан басын арашалап отыратын, өткен – кеткен, үйінде жасайтын шаруасы қалмай, ұстазбен алысатын қауымға шектеу салар кәсіби заң мен кәсіби ұйым керек. Осы жерде ескерте кетейін, біздегі керісінше орындалатын заңсымақ немесе кәсіпкерлердің құқын қорғамайтын кәсіподақ секілділердің барынан жоғы артық.

Төртінші дүние, оқыту және сынақтан өткізу. Иә, мұғалімдікте бүгін кімдер жоқ, сол үшін де қағазын тексеретін аттестациялық комиссия емес, біртұтас формадағы кәсіптік емтихан керек және ел бойынша ұстаздарды кәсіптік курстардан жүйелі әр үш немесе бес жыл сайын өткізіп отыру керек. Осында және ескерте кетейін, дым үйретпейтін әр түрлі методикаға тәрбиелейтін, тек мемлекетке салмақ салар педагогикалық курстар қажет емес. Білімсіз ұстаздың методикасын қанша жақсартса да, білімсіздігін істетері анық. Сол үшін де, ең алдымен, әр мұғалімге өз мамандығынан білімін жаңартып отырар кешенді бағдарлы курстар керек.

Портрет (112 of 234)Білім ең үлкен бизнеске арналған мына заманда білімді ұстаздың сұранысы артпақ, сол үшінде ұстаздық бәсекеге қабілетті тұлғасы жетілмек керек. Сол арқылы ұсақ кейбір түйінді ұстаздың өзіне шешпек керек. Бізде ұсақтап кетпес үшін ұсақ түйіндерге соқпадық.

Мендік ақыл: осы төрт түйін төрт аяғын тең басса, елдің ертеңі үшін елеулі іс болмақ дейді. Осы кезде ескертпеске шара жоқ: әлемдік отыз елдің ішіне кіру үшін біліміміздің сапасы мен нәтижесі алдымен сұралмақ, ал сол үшін өр жақтағы түйінді амалсыз ескермек керек, әйтпесе бәрі ертегі…..

Аятжан Ахметжан. 

«Ұлт болам десең, ұстазыңның халін біл»! (1) мақаласын оқығыңыз келсе, мынаны басыңыз ….

 

1 COMMENT

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version