Home Білім жарысы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған олимпиаданың жеңімпаздары анықталды

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған олимпиаданың жеңімпаздары анықталды

0
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған олимпиаданың жеңімпаздары анықталды

Кеше 31 наурыз күні Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қазақ хандығының дара тұлғалары: ерлік пен елдіктің елшісі» атты интеллектуалды олимпиада өтті.
Студенттерге қазақ хандығының тарихының тағылымын, дара тұлғаларының өмірі мен батырларының ерен ерліктерін насихаттау және жастардың өз еліне деген мақтаныш, патриоттық сезімдерін қалыптастыру мақсатында өткен білім сайысына Алматы қаласы ЖОО студенттері қатысты.
2 (1)Олимпиаданы ұйымдастыруға Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасы ұйытқы болды. Олимпиада шарты бойынша сайыс 5 турдан тұрды. І айналым таныстыруда әр команда капитаны өзінің университеті мен мүшелерін таныстырып, команданың атын қорғаса, екінші «Тарихи жұмбақ сандар» деп аталатын турда командалар Қазақ хандығының дара тұлғаларының өмірі және қоғамдық-саяси қызметіне және қазақ хандары мен батырлары қатысқан ірі оқиғалармен байланысты сұрақтарға жауап берді. «Бейне сұрақ» деп аталатын ІІІ айналымда қатысушыларға елімізге танымал тарихшылардың арнайы сауалдары қойылды. Сайыскерлердің сөйлеу мәнері, сөз саптауы мен шешендігі және нақты фактілерді қолдануы басты назарға алынатын «Алтын қақпа» деп аталатын ІV айналымда әр команда «қола қақпа», «күміс қақпа», «алтын қақпа» деп аталатын үш деңгейден өтіп, яғни үш қақпадан өтіп, қазақ хандығының дара тұлғаларының өмірі мен қоғамдық-саяси қызметіне қатысты тарихи терминдерге анықтама берді. Бесінші «Ой толғау» деп аталатын кезеңде қатысушылар арнайы жәшікке қазақ батырларының тарихынан мағлұмат беретін қандай зат салынғанын тапты. Барлық айналым сұрақтары Қазақ хандығының құрылуы мен қалыптасуының негізгі кезеңдеріне арналды.
4Тарих саласы бойынша білімдері сыналған қалалық олимпиадаға Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Әуезхан Шашаев бастаған тарихшы мамандар қазылық жасады.
Сайыс қорытындысы бойынша I орынға Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «Атамекен» командасы ие болды. ІІ орынды Алматы технологиялық университетінің «Хан ордасы» командасы мен С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ «Ибн-Сина» командасы өзара бөлісті. ІІІ орынды әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Жерұйық» командасы мен Алматы университетінің «Ұлы дала қырандары» командасы иеленді. Сондай-ақ, марапаттау қағазымен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті «Сұңқар» командасы мен Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-дың «Үш жүз» командасы марапатталды. Жеңімпаздардың барлығына дипломдар мен арнайы сыйлықтар табыс етілді.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here