Home >> Ахметтің 40 мысалы >> Ахмет Байтұрсынұлы. Қара бұлт
Ахмет Байтұрсынұлы. Қара бұлт

Даланың күнге күйіп, аптап өткен үстінен,
Бұлт шықты қаптап көктен.
Қуанды шаруалар «я, Құдайлап!»,
Жерді бір суарар деп қурап кеткен.

Жауар деп тұрды халық үміт етіп,
Тамбастан өте шықты құр желдетіп.
Теңізге барды да бұлт құя салды,
Далаға қурап тұрған жаумай кетіп.

Теңізге пәрменінше құя салып,
Мақтанды мырзасынып тауға барып.
Тау айтты: «Сен мақтанып келіп тұрсың,
Мен тұрмын бұл ісіңе қайран қалып.

Егер де сол қадарлы жаусаң жерге,
Су берсең шөлдеп тұрған егіндерге,
Көк шығып, жер отайып, егін өсіп,
Қандай зор тиер еді пайдаң елге!
Не қайыр қазір сенің жауғаныңнан,
Сенсіз де су жетерлік теңіздерде!»

* * *

Жиылып кеңес тындап отырғандар,
Ғибрат мұнан да бар алсаңыздар.
Бұлттай жерге жаумай, суға жауған,
Қазақта іс ететін көп адамдар.

Жұмсамай тиісті орынға мал, өнерін,
Біреулер жүреді, оған не амал бар?!
Мысалы, қазақ — дала, орыс — теңіз,
Даланы, шама келсе, көгертіңіз.
Мұң десең, мұқтаж десең — қазақта көп,
Емес пе мұны ойламақ міндетіңіз?
Мақал бар: «Жақсылықты басыңа қыл,
Басыңнан асса, — деген, — досқа істеңіз».

Мен мұны арнап жаздым замандасқа,
Шаш қойған өзімменен ғамалдасқа.
Бұл сөзді сендерге айтпай, кімге айтамын,
Болады асыл таста, ақыл жаста.
Қарышта өз жұртыңа, барың болса,
өзге елдің өзінде көп бізден басқа.

the author

Абай атамыздың сөзімен айтсақ: «білімдіден шыққан сөз, талаптығы болсын кез». Біз ортаға дәнекер бола алсақ – мақсатымыздың орындалғаны. Қадірлі оқырман сайт алаңында білім саласына байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. Ұлт болашағына айтар ойларыңыз болса мархаббат.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

  • Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. E-mail: kazbilim@gmail.com
  • ZERO.KZ HotLog
Top