Home >> Ахметтің 40 мысалы >> Ахмет Байтұрсынұлы. Қайырымды түлкі
Ахмет Байтұрсынұлы. Қайырымды түлкі

Бір мерген бозша құсты атып алды,
(Қоймады өлтіріп-ақ жалғыз жанды).
Басында бір ағаштың үш баласы,
Шырылдап ұясында жетім қалды.

Ана жоқ таситұғын тағам-жемді,
Күн көрер бишаралар қайтіп енді?
Шулаған балапандар даусын естіп,
Сөз сөйлеп осылайша Түлкі келді:

«Алда сорлы, бейшара балалар-ай,
Жасынан өлген екен аналары-ай.
Көбелек, шыбын аулап күн көретін,
Жоқ екен пақырлардың шамалары-ай.

Әй, құстар! Тыңдаңыздар құлақ салып,
Кезекпен жем тасыңдар ұшып барып.
Үшеуін асырауға қанша қиын,
Етіңдер аз күн қайыр бөліп-жарып.

Көкек құс! Жүнің түлеп жүр ғой бекер,
Азырақ жетім үшін жұлсақ нетер?
Қайырдың бұл дүниеде жетімге еткен
Басқа іс сауабына бар ма жетер?!

Бозторғай! Қарап тұрма сен де текке,
Жүресің бекер шырлап ұшып көкте.
Даладан, тоғайлардан тамақ ізде,
Бұлардың үшеуіне көп керек пе?!

Сарымойын! Ер жетті ғой балаларың,
Бәледен Құдай сақтар бірер-жарым.
Бұлардың күндіз-түні жанында бол,
Жоқтатпай сорлылардың аналарын.

Қарлығаш! Сен келтірсең маса-шыбын,
Бұларға о да қорек болар тығын.
Осындай жұрт жабылған сауап іске,
Ұят қой кіріспесең, жарықтығым.

Сандуғаш! Не қылайын сені қайрап,
Қоярсың оқтын-оқтын өзің сайрап —
Көңілін біраз ғана көтермекке,
Зарлының жетім қалған соры қайнап.

Достарым! Осындай бір іс етелік,
Жастарды жетім қалған кісі етелік.
Ізгілер орманда да бар екенін,
Осындай сауап іспен көрсетелік!»

Тұрғанда Түлкі сөйлеп сауап жолды,
Қайғыға естігеннің көңілі толды.
Аштыққа шыдай алмай үш балапан,
Ағаштан төмен жерге түсіп қонды.

Жұрт жинап жақсы кеңес қылған Түлкі,
Зарланып жетімді аяп тұрған Түлкі,
Аузына үшеуін де қағып салды —
Өзі екен нағыз Құдай ұрған Түлкі.

* * *
Жеп қойды құстың жетім балапанын,
Қорықпай-ақ обалынан Түлкі залым.
Қарасақ, ел ішінде аз ба адамдар,
Жеп жүрген обалсынбай жетім малын?

Пана боп, өзің сақта, Құдіретім,
Кім де кім балапандай қалса жетім.
Жұмсақ тіл, көңілі қатты залымдардың
Ете көр жетімдерден аулақ бетін!

the author

Абай атамыздың сөзімен айтсақ: «білімдіден шыққан сөз, талаптығы болсын кез». Біз ортаға дәнекер бола алсақ – мақсатымыздың орындалғаны. Қадірлі оқырман сайт алаңында білім саласына байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. Ұлт болашағына айтар ойларыңыз болса мархаббат.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

  • Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз. E-mail: kazbilim@gmail.com
  • ZERO.KZ HotLog
Top