|  | 

Ахметтің 40 мысалы

Ахмет Байтұрсынұлы. Маймыл

Жер жыртты ерте тұрып қарашекпен,
Қашаннан кәсібі еді егін еккен.
Асырап қатын-бала еңбегімен,
Кісі еді күшін жегіп ауқат еткен.
Ертеден кешке дейін дамыл алмай,
Өткізді ұзақ түнді қызметпен.
«Жарайды, бәрекелді, сабаз-ай!» – деп,
Алғысты берді оған өткен-кеткен.

Күншілік етті бұған Маймыл надан,
Мақтауды Маймыл түгіл, сүйеді адам.
«Осындай жұрттан мақтау алмайтұғын, –
Ойлады, – мен кеммін бе, – деп, – анадан!»

Маймылдың көзі түсті томашаға,
«Енді жұрт қалсын, – дейді, – тамашаға».
Томарды бір көтеріп, бір сүйретіп,
Бүлінді өз-өзінен оңашада.

Томармен домалайды ойға өрден,
Біресе арқалайды алып жерден.
Өкпесін шапқан аттай баса алмайды,
Денесі көрінбейді аққан терден.

Сарп етті жан аямай Маймыл күшін,
Ешбір жан мақтамады еткен ісін.
Сықылды осы Маймыл адамдар көп,
Көрсетіп не қылайын ашып түсін.

Не бітер күшті орынсыз жеккенменен
Шығар ма тасқа егін еккенменен?!
Ойлама алғыс, абырой аламын деп
Пайдасыз құр михнат еткенменен.
Мақсұтқа ойыңа алған жете алмайсың,
Мал шашып құр далаға төккенменен.
Пайдалы істен алар абыройың,
Кетпейді кейін қарай тепкенменен.

Орынды болса еткен михнатың,
Халықтың түсірерсің ілтипатын.
«Пәленійе, бәрекелді, жарайды!» – деп,
Шығады сол уақытта жақсы атың.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

  • Ахмет Байтұрсынұлы. Өзен мен Қарасу

    Ахмет Байтұрсынұлы. Өзен мен Қарасу

    Қарасу Өзенге айтты: «Ғажап мұның! Мезгілің бар ма, сірә, табар тыным? Тасисың бірде кеме, бірде салдар, Қайықтың есебі жоқ сансыз мыңын. Суыңда күндіз-түні тыныштық жоқ, Қалайша шаршамайсың, жарықтығым? Бейнетім менің егер сендей болса, Бір күн де төзбес едім, нақ бұл шыным. Байқасам салыстырып саған қарап, Рақат, ұжмақ менің көрген күнім. Ол рас, сендей атақ-дабысым жоқ,

  • Ахмет Байтұрсынұлы. Өгіз бен бақа

    Ахмет Байтұрсынұлы. Өгіз бен бақа

    Бір Өгіз айдын шалқар көлге келді, Жағалап суаты бар жерге келді. Шілденің сарша тамыз ыстық кезі, Бек қатты қаны қашып шөлдеп еді. Су ішіп, көлдің шықты жағасына, Мал еді көз тоятын қарасына. Артықша бір көлбақа күншіл екен6 Сол көлдің бақасының арасында. Өгізді суға тойған Бақа көрді, Секіріп көршісіне жетіп келді. «Боламын мен де сонау Өгіздей»,

Пікір қалдырыңыз

Еmail почтаңыз сыртқа жарияланбайды. * белігісі тұрған бағанды міндетті түрде толтырасыз

Аты-жөні *

Email *

Телефоны

Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз.

E-mail: kazbilim@gmail.com

ZERO.KZ HotLog