|  | 

Жаңалық

КӘСІПТІК БІЛІМНІҢ ӨРІСІ КЕҢЕЙЕДІ

Қалалық мәслихаттың қырқыншы кезекті сессиясында Астанадағы орта кәсіптік білім берудің бүгінгі жағдайы мен келешектегі дамуы туралы мәселе қозғалды.
Алдымен мінберге шығып сөз сөйлеген қалалық білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева бүгінгі таңда бас қалада 34 колледж жұмыс істейтінін атап өтті. Олардың он екісі мемлекеттік болса, жиырма екісі жекеменшік білім мекемесі. Мұнда жалпы саны 30 мыңға жуық студент білім алуда. Бұл Астанадағы 14 пен 29 жас аралығындағы барлық жастардың 21 пайызын құрайды.
Басқарма басшының мәлімдеуінше, елордадағы орта кәсіптік білім беру мекемелерінің 80 пайызы қажетті қондырғылармен және оқу әдебиеттерімен жабдықталған. Ондағы студенттер 66 мамандық және 113 кәсіби бағдар бойынша дәріс алып жүр.
Соңғы жылдары орта кәсіптік оқу орындарындағы білім сапасы артып, үлгерім көрсеткіші 2011 жылдан бері 6,7 пайызға дейін жақсарған. Бұл ретте Эльмира Аманкелдіқызы биыл Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, Астанадағы құрылыс-техникалық колледждің базасында ресурстық-технологиялық орталық құрылғанын, сондай-ақ, кәсіби-техникалық колледж­де полиграфия мен сандық баспа мамандарын даярлау және қайта даярлау орталығын ашу жоспарланып отырғанын жеткізді.
«Сонымен бірге, «Менің таңдауым» жобасы қолданысқа енгізілді. Соның аясында қала мектептерінде оқушыларды кәсіби бағдарлау кабинеттері құрылады. Ал, бұл өз кезегінде студенттерге болашақ мамандықты таңдауға айтарлықтай септігін тигізеді» деген Э.Суханбердиева одан әрі елордалық колледждердегі дуальді білім беру жүйесін енгізуге тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда 10 колледж бен 20-дан аса кәсіпорын арасында келісім жасалған, соның негізінде бүгінде 776 студент оқытудың осы жүйесін пайдаланып жүр. Кейінгі кезде техникалық мамандықтар бойынша білім алушы жастардың қатары көбейіп, 2009 жылдан бері бұл көрсеткіш 15 пайызға ұлғайған. Жыл сайын түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші де жақсарып келеді. Дәл осы мәселелерге тоқтала келе, баяндамашы өткен жылы бұл көрсеткіш 68 пайыз болса, 2014 жылы 74 пайызға жеткенін және 2017 жылға дейін Астанада 1 200 орындық техникалық және 800 орындық құрылыс колледждері пайдалануға берілетінін алға тартты.
Атқарылған жұмыстар ауқымды болғанымен, бұл салада шешімін күткен мәселе де жетерлік екен. Астанада әлі де болса әртүрлі құқық бұзушылықтардың орын алып, жасөспірім қыздар арасында жүкті болып қалу мен суицид мәселелерінің азаймай отырғанын айта келе, басқарма басшысы өзіне-өзі қол жұмсауға бейім балаларға консультативтік-психологиялық көмек көрсететін жедел топ құрылғанын, жалпы, суицидке бейімі бар, мінез-құлқы орнықсыз жасөспірімдерге арнаулы көмек көрсетілетінін жеткізді. Сондай-ақ, студенттер арасындағы құқық бұзушылықтар мен суицид оқиғаларының алдын алу мақсатында оқу жылының басынан бастап елорда колледждерінде оннан аса әлеуметтік жобалар жүзеге асырылған.
Одан әрі Э.Суханбердиева соңғы жылдары тек төрт мемлекеттік колледжде ғана күрделі жөндеу жүргізілгенін, ал қалғандары осындай жұмысты қажет етіп отырғанын айтты. Астанадағы орта кәсіптік білім беру мекемелерінде 16 жатақхана бар. Олардың сегізі жекеменшік колледждерге тиесілі болса, дәл соншасы мемлекеттік білім ордаларынікі. Жұмысшы мамандықтарына оқитындардың басым бөлігі тұрмысы төмен, көп балалы отбасылардан шыққаны әрі қаладан тысқары орналасқан елдімекендерден келген балалар екенін ескерсек, оларды қалалық қоғамдық көлікте тегін жол жүру билеттерімен, сондай-ақ, ыстық тамақпен қамту мәселесі де өзекті болып тұр. Ол аз десеңіз, әлі екі мыңнан астам студент жатақханаға мұқтаж. Осы мәселелерді ескере келе, басқарма басшысы қалалық халық қалаулыларының кәсіптік білім мекемелерін қаржыландыруға көмектесіп, қолдау білдірулерін өтінсе, сессияда талқыланған мәселеге орай депутаттар өз пікірлерін ортаға салды. Осылайша, соңғы кезде Астанада кәсіптік-техникалық білім беру ісіне көбірек көңіл бөліне бастағанына қуанышын жасыра алмаған депутат Б.Солсанов 2015 жылды кәсіптік-техникалық білім жылы деп атауды ұсынса, депутат А.Күрішбаев әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, кәсіби білікті колледж оқытушыларын даярлауға мейлінше маңыз берумен бірге, электрондық оқулықтарға көшуді қолдайтынын жеткізді. Ал, Астанада бастауыш сынып мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілері жеткіліксіз екенін ескерген депутат З.Жүсіпова осылайша отыра берсек, алдағы екі жылда бізде бастауыш сынып мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілерінің жетіспеушілігі қатты сезілетінін, қазіргі кезде аталмыш саланың тым аз қаржыландырылуы, жалақының төмендігі кадр тапшылығына әкеліп соққанын айтты. Депутаттың мәлімдеуінше, бүгінде орта кәсіптік білімі бар бастауыш сынып мұғалімі оқу орнын бітіре сала мектепке жұмыс істеуге келсе, оған небәрі 35 740 теңге төленеді. Ал жоғары білімді мұғалім 18 сағаттық қызметі үшін небары 42 400 теңге ғана алады екен. «Мұндай жалақымен Астанада күн көру мүмкін емес. Сондықтан, біздің салада мамандар тұрақтамайды. Мәселен, биыл бір ғана №60 мектеп-лицейге 500 бала бірінші сыныпқа қабылданды. Астанада жыл сайын әр мектептен 5-тен 7-ге дейін бірінші сынып ашылады. Ал, бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын жалғыз оқу орны Гуманитарлық колледж болып отыр. Сонымен қатар, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де бастауыш сынып мұғалімдерін оқытады. Дегенмен, бұл – тым аз» деді ол.
Бұдан кейін сөз алған Политехникалық колледждің директоры Виктор Старунов қазіргі кезде эксперименттік деңгейде дуальді білім беру жүйесі қолданылып жатқанын, бұл ретте аталмыш колледж студенттерінің «Базис-А» құрылыс компаниясымен жұмыс істейтінін, осыған орай оқу процесінің 34 пайызы теория түрінде және 66 пайызы тәжірибе түрінде өтетінін жеткізе келе, астаналық колледж директорларына қолдау қажеттігін, жаңа оқу жылы басталғалы бақылау органдары жүргізетін түрлі тексерістер мен есеп берулердің қаптап кетуіне байланысты алдағы уақытта оларды болдырмаудың жолдарын қарастыруды өтінді.
Талқыланған мәселені қорытындылай келе, қалалық мәслихаттың хатшысы С.Есілов, Елбасы Жолдауында айтылғандай, білімді де білікті, кәсіби мамандар даярлауда дуальді оқыту жүйесінің тиімділігіне баса назар аударып, осыған орай Астанада белсенді жұмыстар жүргізуді, қажет болса, бұл мәселені қалалық кәсіпорын басшылары болып табылатын депутаттармен бірлесе отырып қолға алуды ұсынды.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

astana-akshamy.kz

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

  • Елбасы оқу орындарындағы жемқорлық туралы айтты

    Елбасы оқу орындарындағы жемқорлық туралы айтты

    Бүгін елордада Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Осы отырыста Елбасы оқу орындарындағы жемқорлық туралы айтты. «Сыбайлас жемқорлықпен күресіп, партияның ішін тазарту керек. Біз өзімізден бастауымыз керек. Халықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс істеуге жұмылдыру керек. Қоғамда тұрмыстық сыбайлас жемқорлық кең тараған. Оқу орындарында сессияларды сатып алады,

  • 63 мыңнан астам оқушы жаңа бағдарлама бойынша оқиды

    63 мыңнан астам оқушы жаңа бағдарлама бойынша оқиды

    Жаңа оқу жылында Алматыда 4,9,10 сыныптардың 63 мыңнан астам оқушысы жаңа бағдарлама бойынша оқиды. Бұл туралы Алматы қалалық білім басқармасының бастығы Гүлнәр Қожабергенова айтты. «Қалада жалпы білім беретін 204 мемлекеттік, 55 жеке меншік мектеп бар. Онда 257 мыңнан астам оқушы оқиды. Орта білім саласында негізгі әдістер анықталған. Қазіргі уақытта Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибесі таратылуда. Жаңа

Пікір қалдырыңыз

Еmail почтаңыз сыртқа жарияланбайды. * белігісі тұрған бағанды міндетті түрде толтырасыз

Аты-жөні *

Email *

Телефоны

Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз.

E-mail: kazbilim@gmail.com

ZERO.KZ HotLog