Home Білім жарысы ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ ВУНДЕРКИНД БАЛАЛАРДЫҢ ҚАДІРІН ҚАШАН ТҮСІНЕДІ?

ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ ВУНДЕРКИНД БАЛАЛАРДЫҢ ҚАДІРІН ҚАШАН ТҮСІНЕДІ?

1
ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ ВУНДЕРКИНД БАЛАЛАРДЫҢ ҚАДІРІН ҚАШАН ТҮСІНЕДІ?

Бесіктен белі шықпай жатып вундеркинд атанып, есімі адамзат тарихында алтын әріптермен мәңгілікке жазылған әлемдік деңгейдегі тұлғалар аз емес.
Мәселен, үш жасында концерт қойған Моцарт пен тілі шықпай жатып қолына қылқалам алып, көрген жанды естен тандырарлық суреттер салған Пикассоны айтуға болады. Әлемге әйгілі ғұлама Блез Паскаль төрт жасында хат танып, онымен қоймай мөлдіретіп көркем шығарма жаза да білген адам. Тоғызға толғанда «Музыка туралы» трактат жазады. Ал он үш жасқа толғанда француздың ең озық математиктерінің өзі іздеп келіп сәлем беретін дәрежеге жеткен. Сондай-ақ осы сынды айрықша дарынды балалар соңғы кездері бізде де кездесіп жатыр.

Алғашқы қазақ вундеркинді туралы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары айтыла басталды. Ұмытпасақ, сексенінші жылдардың аяғы, тоқсаныншы жылдардың басы болуы тиіс, отандық басылымдардың бірінде он төрт жасында студент атанған алматылық Арыстанбек Нұрмаханов атты дарынды бала туралы деректер жарияланды. Өз қатарластары үшінші сыныпта оқып жүргенде ол жетінші сыныпта білім алды. 14 жасында Абылайхан атындағы Қазақ мемлекеттік әлем тілдері және халықаралық қатынастар университетінің студенті атанады. Аталмыш жоғары оқу орнының бесінші курсында оқып жүргенде-ақ ағылшын тілін оқыту әдістемесі кафедрасының оқытушысы, одан кейін аға оқытушысы, доцент, ал 23 жасында халықаралық қатынастар факультетінің ағылшын тілі кафедрасының меңгерушісі, 27 жасында халықаралық қатынастар факультетінің деканы атанғанын білеміз.

Иә, ол кезде қазақ қоғамы үшін вундеркинд атауы онша таныс емес тұғын. Арыстанбек Нұрмахановтың айрықша қабілетін бас-аяғы екі-үш мақаламен ғана шектеп қойдық. Бір қызығы, бүгінгінің жаратылысы бөлек балалары бұрынғыдан өзгерек болып барады. Кезінде Азия құрлығын дүр сілкіндірген он бір жасар тайваньдық Соня Ян оннан аса тілді еркін меңгеріп, Гиннестің рекордтар кітабына кірді. Бір қызығы, ол кез келген тілді бас-аяғы бірнеше апта ішінде неміс, тайвань, француз, испан, португал, жапон, ағылшын, қытай тілдерінде академиялық деңгейде сөйлей алатын қалге жеткен. Рас-өтірігі белгісіз, бүгінде Англияда тұрып жатқан қаршадай қыз қазақ тілін меңгеріп алыпты деген деректер бар. Ұзамай Соня Янның артынан алты жасында кәсіби бильярд ойнаған америкалық Вилли Москони, үш жасында жеке ән жинағын шығарған молдовандық әнші Клеопатра Стратан, он бес жасында Гарвардта ұстаздық еткен америкалық Сол Крипке, екі жасында өзінің жеке көрмесі өткен америкалық суретші Аэлита Андрэ, алты жасында университет бітіріп, жеті жасында НАСА-ға жұмысқа қабылданып, он бес жасында физика ғылымының докторы атанған кәріс Ким Унг-Йонг, он жасында физика оқулығын құрастырған ресейлік Савелия Косенко секілді дарынды балалардың есімдері жұмыр жердің басты тақырыбына айналды.

Жақында отандық басылымдар бетінде Ерхан Исламбек атты бес жасар қызылордалық дарынды бала туралы ақпарат жарияланды. Бар болғаны бес жасында елге танылған Ерхан есеп шығаруға келгенде алдына жан салмайтын болып шығады. Бір саны мен миллионның арасындағы кез келген санды еш ойланбастан қосып, азайта алатын ерекше қасиеті балабақшада жүргенде байқалыпты. Айрықша қабілетін байқаған тәрбиешілер Ерханның ата-анасын шақыртып алып, «Ерханның бойында осындай дарыны бар екендігін айтып, болашақта жай мектепте емес, тереңдетіп оқытатын білім ошақтарында білім алғаны дұрыс» деп кеңес береді.

Айтпақшы, осы Қызылорда қаласында Нұрдәулет Руслан атты тағы бір айрықша дарын иесі тұратынын айта кету керек. Ол №4 Сейфуллин атындағы орта мектептің 6-сыныбында оқиды. Нұрдәулет биыл Power Point бағдарламасын қолдана отырып, 6-сынып оқушыларына пәнді игеретін электрондық оқулық жасап шығарған. Электрондық оқулық үш тілде жасал-ған. Небәрі он екі жастағы баланың компьютерлік технологияны еркін меңгеріп, электрондық оқулық жасап шығарған ол болашақта үлкен ғылыми жаңалық ашқысы келетін оқушының еңбегін мамандар өте жақсы бағалап мектеп бағдарламасына енгізу керек деп ұсыныс тастаған болатын. Өкініштісі, қолдау көрсететін бірде-бір жан, бірде-бір мекеме табылмады. Осының салдарынан еліміздегі дарынды балалар мемлекет тарапынан қолдау таба алмағандықтан көбісі биік белестерді бағындыра алмайды. Шетелде қалай? Дарынды балаларын Гиннестің рекордтар кітабына енгізіп, әлемге әйгілі еткені былай тұрсын, олардан ақша аямайды. Қайда барса жолын ашып, қолдау көресетеді. Өйткені америкалықтар бәрін біліп туған балалардың адамзат дамуына қосар үлесі зор екенін жақсы түсінеді. Ал бізде керісінше. Биік белеске көтерілгені жоқ. Басында сөз еткен Арыстанбек те 2000 жылы Президенттің қолынан жас ғалымдарға арналған Мұхтар Әуезов атындағы сыйлықтың иегері болғаны болмаса, бәлендей қолдау таба алмады. Мемлекет тарапынан басқа қолдау болмағандықтан, көп ұзамай халық есінен шығып қалды. Сол секілді он бес жасында жоғары сынып оқушыларына арналған сызу бойынша электронды оқулық жасап шығарған теміртаулық дарынды оқушы Розлана Ғабуллина да лайықты бағасын ала алмай келеді. Теміртаудағы №23 орта мектептің ұстаздары Розлананың электронды оқулығын жоғары бағалап, онымен жұмыс жасау әлдеқайда тиімді әрі қолайлы екенін талай мәрте айтты. Тіпті ұстаздар қауымы Розлананың аталмыш еңбегін отандық жоғары оқу орындарының бағдарламаларына да енгізуге болатындығын атап өткен. Бірақ жас өреннің жаңалығына құлақ асатын адам табылмады.

Біздің шенеуніктер Фабиано Луджи есімді бала он төрт жасында гроссмейстер болғанында «Италия мен АҚШ-тың Құрметті азаматы» атанғанын жиі айтады. Алайда солардың ешқайсысы біздің Жансая есімді қызымыз 12 жасында гроссмейстер атанғанда үнсіз қалды. Жансая Әбдімәлік сегіз жасында әлем чемпионы атанса, он бір жасында әлемді төртінші рет бағындырды. Бұл туралы сәл кейінірек.

Елімізде ең болмаса дарыны ерте ашылып, қатарластарынан оқ бойы озық шыққан балаларды ертерек мектепке қабылдау мәселесі де шешілмегенін қайтерсіз? Қазақ қоғамында мұндай балалар үшін білім ошақтарының есігі әрқашан жабық. Ондағылар: «жасы толмағандықтан қабылдай алмаймыз!» деп қайтарып жібереді. Қарағандылық Артем Морозов та осындай кедергілердің кесірінен көп зиян шеккен баланың бірі. Қатарынан асып туған Артем Морозов 2 жасында ағылшын алфавитінің 26 әрпін жатқа біліп, компьютерде жаза алатын болған. Биыл төртке толған вундеркинд бала ойыншық атаулыны дос көрмейді. Ала таңнан кешке дейін компьютердің алдында отырады. Таңғаларлығы, ол небәры 7 айында сөйлеп кетіпті. Бір жарым жасында кириллицаның күллі қарпін танып, 100-ге дейін санай білген. «Біз дарынды балаларды оқытатын орындарға барып көрдік. Бірақ біздің қалада мұндай жасы кіші баланы ешкім қабылдамайды. Негізінен, ағылшын тілі мен шет тілін балаларға 4-5 жастан бастап қана оқытады екен» дейді вундеркиндтің анасы Татьяна Морозова.

Шымкенттік Айдын есімді қыз бала да 4 жасында-ақ оқу, жазуды, есептеуді шемішкеше шағып, мұғалімдерді таңғалдырған болатын. Амал не, көбейту кестесін жатқа соғатын Айдынды ата-анасы қанша жүгірсе де мектепке қабылдата алмаған. Баланың дарынын көріп тұрса да білім басқармасындағылар білім туралы заңнан аттай алмайды. Ол заңда орта білім ошақтарына 6 жастан бастап қабылдау керектігі шегеленіп жазылып қойылған.

Бала психологиясын зерттейтін ғалымдардың айтуынша, вундеркиндтер төрт пен сегіз жас аралығында өздерінің негізгі қабілетін шыңдап үлгереді екен. Ал төрт жасында бала өзінің интеллектуалды мүмкіндіктерінің жартысын аңғарта бастайды. Ал алты жасқа келгенде қабілетінің 70 пайызын танытады. Сегіз жасында өз талантының 90 пайызын ашып үлгереді. Дәл осы уақытқа дейін зейінін аңғарып, ұстаздар тарапынан қамқорлыққа алынып, қолдау болмаса, дарыны ашылмай қалады. Ойлау дәрежесі жақсы дамығанымен, психологиялық жағынан кәдімгі балалар секілді болады. Яғни білікті мамандардың назарында болуы тиіс екен.

7Жансая ӘБДІМӘЛІК, шахматшы

Жансая Әбдімәлік – қыздар арасында Қазақстанның абсолюттік чемпионы, Азия чемпионы, әртүрлі жас санатындағы әлемнің бірнеше дүркін чемпионы. 2013 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Әлемнің ең үздік шахматшылары жүздігінің қатарында. 2013 жыл қорытындысында «Жылдың үздік спортшысы» деп танылып және қазақстандық «Жылдың халық сүйіктісі» ұлттық сыйлығының «Респект-спортсмен» атауында лауреат атанды. Ол кезде шахматшы әлемнің экс-чемпионы Анатолий Карповпен бақ сынаған болатын. Сонымен қатар, кішкентай вундеркинд Қазақ-Британ техникалық университетінің де ең жас студенті. Бүгінде әлемнің ең жас гроссмейстері, ең жас чемпион, ең жас студент және өз атында Шахмат академиясы бар Жансаяның жеткен жетістіктері жетерлік.

Өзінің шахмат әлеміндегі алғашқы атағына Жансая алты жасында қол жеткізген. Келер жылы, яғни 2007 жылы 9 мүмкіндіктен 8,5 ұпай жинап Қазақстан чемпионы атанды. Сол жылы Украинада өткен халықаралық жарыста алтын иеленіп, небәры 7 жасында бірінші разрядты шахматшы талабын толық орындады. 2008 жылы Қазақстанның жасөспірімдер арасындағы абсолютті чемпионы атанып, «Классика», «Рапид» және «Блиц» номинациялары бойынша бірнеше алтын медаль алды. Сол жылғы қазан айында Азия чемпионы атанған ол Вьетнамда өткен әлем чемпионатынан да алтын алып қайтты.

8 жасында «Шахмат ханшайымы» деген атақ алса, он екі жасында Жансая Әбдімәлік ең жас гроссмейстер атанды.

4Жамбыл ДҮЙСЕНОВ, ақын

Бірінші сыныптан-ақ көптеген жыр мүшәйраларының жеңімпазы атанған дарын иесі. Алғашқы өлеңін 5 жасында анасы мен әжесіне арнап жазыпты. 2012 жылы «Періште тілек» деген атпен тұңғыш өлеңдер жинағы басылып шықты. Жеті жасында Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына, Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығына арналған жыр мүшәйраларының бас жүлдегері атанды. Өткен жылы бала Жамбыл Президенттік мәдениет орталығының концерт залында «Тәуелсіздігім – тәңірден келген тәтті сый» деп аталатын жыр кешін өткізді.

9Ермек БАЛЖІГІТ, әнші

Ермек екі жасынан бастап ән айтып, биге әуес бола бастайды. Бес жасында Мұқағалидың шығармашылығына арналған концертте белгілі әнші Ерболат Құдайбергеновтің орындауындағы «Салтанат» әнін айтып үлкен сахнаға шығады. Ал жеті жасында Қазақ циркінде жеке концертін берді. Бүгінде Алматы қаласындағы №40 мектептің 6-сыныбында оқиды.

 

Төре БҮРКІТ

http://aikyn.kz

1 COMMENT

  1. проф. Совет-Хан Ғаббасұлы 10. 08. 2014ж.
    Асыл да ақиық бауырларым, бүгінгі “Ойлайтын ой көп-ақ… ты” – аса ауқымды да қызу түрде пікірлестік. Мұндағы біздердің анықтағанымыз… бүгінгі күнде, Ұрпағымызда аса ауыр кемшіліктер бар екен. Оның тікелей себепшісі ең әуелі АТА-АНАСЫ болса, әсіресе “ҰРЫҚ ТАЗАЛЫҒЫН” ескермейтін… бүгінде ЕРКЕКТЕРДІ қойып, темекі тартқыш та… арақ та ішкіш ӘЙЕЛДЕР ҚАУЫМЫ – ҰРПАҚТЫ жатынынан аздырса.., ОРЫСША сөйлеп құрсағы мен жөргегінен тоздырып, міне осының салдарынан балаларда ауыру көп. Одан кейін ОРЫС мектебінде оқытумен – ҰЛТ ТАҒДЫРЫНЫҢ – ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНДЕ – екенін мүлдем түсінбейтін АТА-АНАЛАР қаптап кетті…
    …..Халқымызда ӨТЕЙБОЙДАҚ ғұлама-емшінің заманында 25-ақ АУРУДЫҢ ТҮРІ болса, қазір 1500-ден аса аурудың бары белгілі. Осының бәрі балалардың ҰРЫҒЫНАН УЛАНЫП туып жатқанымен сабақтасады. Оның үстіне Тәуелсіздікпен келген аса ауыр қателік, Мемлекетті басқарушылардың – “ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯНЫҢ – ауадай қажеттігін білмейтіндіктерімен – МӘСЕЛЕ – тіпті асқынып отыр. Ендеше, не істеуіміз керек ?!..
    ….Бұл МӘСЕЛЕНІҢ турасын айтсақ, тек қана “ТӘН ТӘРБИЕСІНЕ” байланып қалған АДАМЗАТТЫҢ АЗЫП отырғанын айтпаса болмайды. Адамның МӘНІ – ЖАНЫН ДА болса, онда ҚОҒАМДА – ОТБАСЫНДА – МЕКТЕПТЕР де ЖАН мен РУХ тәрбиесін жүргізбек түгіл, осы ЖАН мен РУХТЫҢ не екенін… тәрбиеші ұстаздардың өздері де білмейді ғой. Олай болса, ұрпақты… тек ҮГІТ пен НАСИХАТ арқылы өркендету мүмкін емес. Енді, не істеуге болады ?.. Жолы бар ма ?!?.. АЛЛАҒА ШҮКІР , менің мамандығым дәрігер бола тұра… ПЕДАГОГИКА ғылымынан қорғаған докторлығым осы мәселе болатын. Қысқаша айтқанда, ТӘННІҢ 12-мүшесі бар тәрізді, ЖАННЫҢ да ОН ЕКІ МҮШЕСІ анықталып, “ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНІҢ ЖАҢА ІЛІМІ” дүниеге келді. Әзірше бұл ғылым, тек ҚАЗАҚТА ғана бар. Бұл технологиямен туған бала… бұрынғы ” ТӘН құмарлығына” соқпай, бірден “ЖАН құмарлығымен” жарық дүниеге келеді. Мұның алғашқы монографиясы ” !ЗГІЛІК ӘЛІППЕСІ” І-ші және ІІ-ші кітап болып 1991 жылы шықты. Ал, “Халық педагогикасының негіздері” (1995), “Педагогика мен Психология негіздері” – 2008 ж. шықты. Осы монография 2011 жылы түгелдей ПАТЕНТТЕЛДІ. Бірақ, біздің ҮКІМЕТ те.. ХАЛҚЫМЫЗ да өзінде барға салғырт та енжар екені белгілі… Қазір, “АЛМАТЫКІТАП” дүкенінде сатылып жатқан “Ұрпақ тәрбиесінің жаңа ілімі”(2012) атты кітаппен жұмыла іске кірісуіміз керек. Анау өздерің өліп-өшіп тыңдайтын “бала ЖАМБЫЛ” немесе, 4-рет шахматтан чемпион болған ЖАНСАЯ… тағыда МЫҢДАҒАН балалар, осы ілімнің жемісі. Аяаулы да аңқау жұртым оянатын уақыт жетті…

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here