Ақын, ұстаз Аятжан Ахметжанның кітаптарының тұсау кесері

Астанада танымал ұстаз, химия саласының білгірі, ақын, журналист, блогер, "Қазбілім" орталығының директоры Аятжан Ахметжанның үш бірдей кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.

Аятжанның ақындығы бір төбе. Оған бүгін тұсаукесері өткен «Мінез» атты жыр жинағы куә. «Ақын боп ғұмыр кешіру, оңай деп пе едің, қарағым...» дегендей, қазіргі қоғамда ақындықты былай қойып, адамдықтың қадірі кетіп бара жатқанда ақын болып ғұмыр кешіру де оңай емес.

Ал Аятжанның өз ісінің білгірі, өз саласының нағыз майталманы екенін «Химия» кітабын оқығанда-ақ білесіз. Бұған танымал журналист Сүлеймен Мәметтің осы кеште айтқан «Қазақ тілі техниканың, ғылымның тілі бола алмайды дегендерге Аятжан Ахметжан осы «Химия» кітабын жазу арқылы тойтарыс берді» деген бір ауыз пікірі жетіп жатыр.

Аятжан Ахметжанның ұстаздығынан бөлек, ақындығынан бөлек тағы бір қыры бар. Бәлкім осы соңғы қыры алғашқы екі ерекшелігін айшықтап, әспеттеп тұрған да болар. Ол – Аятжанның ұлтжандылығы. Егер ол ұлтжанды болмаса ақын да, ұстаз да бола алмас еді. Міне, осы қырын танытқан келесі бір туынды – «Ұлт болам десең» деп аталады.

Бір жылда, бір айда емес, бір күнде үш бірдей кітапты қалай шығара қойды дегілеріңіз келер. Аятжан Ахметжан мақсатшыл жігіт. Өткен 2016 жылы отызға толған жас маман, отыздың иығына шыққанда өз өмірін бір қорытындылауды мақсат еткен екен. Міне соның жемісі.

Осы кеште арнайы қонақ ретінде қатысқан «Дарын» орталығының директоры Майра Жаноразқызы айтқандай Аятжан Ахметжан өн бойынан химияның барлық элементі табылатын адам. Сондықтан да ол қоғамның кез келген саласында талмай еңбек етіп келеді.

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.