|  | 

Ұстаз үні

Омар Жәлел: Білім беру жүйесіне Абайды негіз етуіміз керек

Абайдың махаббатқа негізделген әдістемесі негізінде ұлттық білім беру жүйесін жасайтын кез келді. ҚазАқпарат абайтанушы Омар Жәлелдің ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына орай жазған пікірін ұсынады.

НИЕТІҢ МАЛ ТАБУ БОЛСА – ҒЫЛЫМ ЕСІГІНЕН ҚАРАТПАЙДЫ

Абайдың өзі – ғылым. Президент мақаласында «Біз ғылым сатып мал таппақ емеспіз» деп жазыпты. Шынымен де Қазақстандағы білім жүйесі – керісінше. Бакалавриат, магистранттарда бір ғана мақсат бар: ғылым сатып – мал таппақ. Кейбір магистранттардан не үшін ғылым жолына түскені туралы сұрасаң – екі жыл шәкіртақы алу үшін екенін айтады. Біздің оңбай жүргеніміз осыдан. Абай «Кімде кім ғылым сатып, мал табатын болса – онда оның көбінің ғылымға деген махаббаты асырап алған шешенің махаббатындай ғана болады» деген екен. Біз ғылымды керек кезде қолданып, керек жоқ кезде қалтаға салып қоятын зат деп ойлаймыз. Ал ғылым деген – тірі, ол – Алланың сипаты. Ниетің мал табу болса – ғылым сені есігі түгіл, тесігінен қаратпайды.

Мәшһүр Жүсіп атамыз «Біреулер ит өлген жерге барып 12-15 жыл оқып келеді, бірақ жүректерінде дүниеге деген махаббаты болса – Алла тағала ол ғылымды айдап шығарады» десе, Міржақып Дулатов «Бізде ғылыммен айналысатындар – көп, ғалымдар – жоқ. Қалам ұстағандар – көп, жазушылар – жоқ. Атқа мінгендер – көп, Қайраткерлер – жоқ» дейді. Бұл жағдай әлі өзгере қойған жоқ.

 

ЖАҚСЫ ОҚЫ, ЖАҚСЫ АҚША ТАП

Отан отбасынан басталады. Қазіргі ата-ана баласына «Жақсы оқы. Жақсы қызметке орналасып, жақсы ақша тап» деген үш-ақ ақыл айтады. Бұл қандай ойлау жүйесі? Ақша алу дегеніміз не? Ақша не үшін керек? Абай атамыз «Бала дүниеге келгенде екі түрлі мінезбен туады: бірі – ішсем-жесем, ұйықтасам, екіншісі – көрсем, білсем деп келеді. Бірі тәннің, екіншісі жанның құмарлығы. «Ертең жақсы ақша табасың» деген тәннің қалауы.

Студенттерден «Қайсысың ғылым жолына махаббатпен түстің?» деген сұрақ қойсам, жүз адамның біреуі ғана қол көтереді. Студенттерде ғылымға деген махаббат жоқ. Ал Абай «Махаббат жоқ жерде талап та, ұғым да жоқ» дейді. Оқуға жіберген баласы сенімді ақтамай, халықты тонап, жемқорлықпен айналысып жатқаны содан. Өйткені олар ғылымды ақша табу үшін оқыды. Осыдан кейін «Абайды зерттедік, Абайдың жолындамыз» деп қалай айтамыз?

 

НЕГЕ БАСҚА ЕМЕС, АБАЙДЫҢ ЕСІМІ САҚТАЛЫП ҚАЛДЫ?

2016 жылғы мониторинг бойынша, Қазақстан Республикасы ішкі өнімнің 0,17%-ын ғылымға жұмсайды екен. Дамыған мемлекеттерде ішкі өнімнің 3-4%-ы ғылымға жұмсалады. Абай «Ғылым – мал аяйтын жол емес» дейді. Қазіргі кезде біздің ғылымнан мал аяп отырғанымыздың белгісі – мұғалімдердің бейшара халі. Мұғалім деген – ғылым иесі деген сөз. Мұғалімге деген көзқарасымыз қандай – ғылымға деген көзқарасымыз сондай. Неге ғылым туралы көп айтып отырмын? Себебі Абайдың заманында оқыған, білімді ғұлама адамдар, бес уақыт намазын қаза қылмаған әулиелер көп болған, бірақ олардың бірінің есімдері сақталып қалған жоқ. Абайдың есімі сақталып қалу себебі ол ғылымға ден қойды. Осы орайда «Ғылымға ден қоймай адам болуға болмай ма?» деген сұрақ туындайды. Абай бұған «Қашан бір бала ғылымды махаббатпен көксерлік болса – сонда ғана оның аты адам болады. Сонда ғана Алланы, дүниені, өзіңді танисың» дейді. Ал біз өсіріп жатқан қанша баланың ғылымға деген махаббаты бар?

 

АБАЙДЫ ОҚИМЫЗ, БІРАҚ ТҮСІНБЕЙМІЗ

Абай қалаған ұлт болғымыз келсе – тәрбиені өзгертуіміз керек. Абайдың махаббатқа негізделген әдістемесі негізінде ұлттық білім беру жүйесін жасамаймыз ба? Осыны жасайтын кез келді. Ұлттық білім беру жүйесін жасаған кезде басты нысана – білім беру емес, мінез болуы керек. Әлихан Бөкейхан «Ұлтты сүю — білімнен емес, мінезден» дейді. Бұл жерде «Оқымай қойсақ та болады екен» деген жаңсақ пікір туындамауы керек. Батыстың дүниетанымында білім мен педагогика ажыратылған, ал қазақтың дүниетанымында ажыратылмаған, екеуі – егіз. Хадис бойынша, бастағы және жүректегі білім бар. Бастағы білім – көпшілік қауымға арналған пайдасыз білім, жүректегі білім – нағыз білім. Білім жүрекке түскен кезде адамды өзгерте бастайды. Ұлт үшін, мемлекет үшін қызмет ететін адамдарды дайындап шығару үшін пайдалы білім концепциясын жасау керек. Біз Абайды мектепте, университетте оқимыз, бірақ түсінбейміз. Яғни рационалды оқимыз, ондайларды Абай наданға теңеген. Рационалды білімді қазақ «оқу» десе, пайдалы білімді «тоқу» дейді. «Оқығаннан тоқыған – артық». Сондықтан білім беру жүйесіне Оксфордты емес (Оксфорд қаласындағы британдық университет – автор), Абайды негіз етуіміз керек. Ол «Егер сен өзің үшін оқысаң – өзі үшін оттаған хайуанмен тең боласың» дейді. Қаншама білімді жастар шетелде қалып қойып жатыр. Бұл олардың емес, осындай тәрбие беріп жатқан біздің кінәміз.

Абай ғылым жолына түсудің өз шарттары бар екенін айтады. Қазіргі балаларға ғылым жолына түссе бай болатынын айтсаң – пысқырып қарамайды, ал ақшаны көрсетсең көздері жайнап кетеді. Абай «Қашан адам ғылымның өзін дәулет деп түсінбейінше – ол ғалым бола алмайды» дейді. Санаға өзгерту енгізу керек. Балаға байлық деген ғылым екенін түсіндіре алуымыз қажет. Адамның табиғаты сондай – жақсыға қарай ұмтылады. Ал қазір біз балаларымызға «Ақша деген – жақсы, ғылым – сол ақшаға жетудің жолы» деп үйретеміз. Жапондар неге мықты? Себебі олар ғылымды байлық деп есептейді. Абайдың «Дүние де – өзі, мал да – өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген сөзін жүрегімізге кіргізуіміз керек.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

  • Вице-министр үндеу  жасады.

    Вице-министр үндеу жасады.

    Құрметті ұстаздар, ата-аналар! Бүгінгі күні коронавирустің таралуына қарсы күрес шараларын күшейту кезінде, 6 сәуірден бастап мектептер төртінші тоқсанды қашықтықтан оқыту форматында бастайды. Қазір балалар көктемгі демалыста. Мұғалімдер болса, балаларды жаңаша оқытуға дайындық үстінде. Оқушылардың демалысы кезінде мұғалімдер бұған дейін де өздерінің педагогикалық шеберлігін арттырумен айналысатын, әдістемелік қоржынын толықтырып, болашақ сабақтарына қажетті материал қарастыруда болатын. Бүгінгі

  • Асхат Аймағамбетов. Отандық білім беру жүйесі үшін де қашықтан оқыту форматына көшу – үлкен сынақ.

    Асхат Аймағамбетов. Отандық білім беру жүйесі үшін де қашықтан оқыту форматына көшу – үлкен сынақ.

    ЮНЕСКО-ның ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда 107 мемлекетте орта білім беретін мектептер толық жабылған. Бұл – 861 миллион оқушы білім алуын тоқтатты деген сөз. Бұған қоса 12 елдің кейбір қалаларында орта білім беру ошақтары жұмыс істемейді. Осыған байланысты бірқатар мемлекеттің алдында осы үдеріс салдарын азайту және үздіксіз білім беруді қамтамсыз ету үшін мүмкіндік жасау міндеті тұр.

Пікір қалдырыңыз

Еmail почтаңыз сыртқа жарияланбайды. * белігісі тұрған бағанды міндетті түрде толтырасыз

Аты-жөні *

Email *

Телефоны

Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз.

E-mail: kazbilim@gmail.com

ZERO.KZ HotLog