|  | 

Керекті кеңес

Баланың мамандық таңдауына араласу дұрыс па?

Бұл сұраққа келгенде ата-ананың пікірі екіұдай болары сөзсіз. Кейбір ата-ана баласының өзі таңдаған мамандығына келісім беріп, еркіндік танытып жатса, кейбірі бұған үзілді-кесілді қарсы шығып, «ол мамандықтан ақша таба алмайсың» деген уәжбен баласын райынан қайтарады. Қайсысы дұрыс?

Біздің бұл тақырыпқа тоқталуымызға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Бижан Құрманғалиқызы Игенбаевамен болған бір сұхбаттағы сауалнама қорытындысы түрткі болды.

— «Кім болам?», «Қай мамандықты таңдайсың?» деген екі сұрақ бойынша  жүргізілген бір ғана сауалнамаға талдау жасайтын болсақ:

Мектеп бітірушінің (жалпы қатысқандар саны — 560) 63 пайызының жауабы — «Ата-анам біледі» болса, 9% — «өзім шештім», 28% — «Тұрмыс жағдайыма байланысты болады», деп жауап берген. Осыдан баланың  болашақ бағдарын айқындауына негіз болатын білім мен тәрбие негіздері өте ерте жастан қалануы тиіс деген қорытынды шығады, — дейді «Жеке тұлғаның дамуындағы ата-ананың  рөлі» секілді т.б. оқу-құралдарының авторы, білікті маман Бижан Игенбаева. Демек, бүгінгі таңда баланың мамандық таңдауына, қазіргі тілмен айтсақ «өмір жолына түсуіне» сауалнама қорытындысына сүйенсек, көбінде тікелей ата-анасы әсер етіп отыр… Ал, бұл қате ме?

Осы тақырыпқа байланысты, Интернетті шарлап шыққанымызда ешбір ғылыми зерттеу жұмысына сүйенбей өз ой-пікірімен бөліскен адамдар пікірі баршылық екеніне көз жеткіздік. Соның бірі: «әкең, мамаң үшін он жылға жуық уақытыңды тауысып, алған мамандығың бір күні өзіңді жалықтырып, жаның сүйген кәсіпке отыздан асқан соң бәрібір оралады екенсің» десе, бірі керісінше сол мамандықты таңдауына себеп болған ата-анасына мың сан алғыс айтып ағынан жарылған. «Менің актриса болғым келген, жел қуған жаспыз, сонда анам мені экономика факультетіне алып келіп еді. Соған әлі күнге дейін ризамын», депті Интернет қолданушы Татьяна. Бұл мәселеге келгенде ата-ананың айтатын уәжінде: «бұл мамандықта ақша таба алмайсың» деген «бұзылмас қағида» жатады. Осы кезде Е.Климов сынды беделді педагогтардың дені «ақша сіздің өміріңізде қаншалықты маңызды?» деген сұраққа жауап беру керек, себебі күнкөріс үшін қаражатты кез келген мамандықтан табуға болады деген ой тастайды. Ал, қымбат көлік, кең зәулім вилла үшін ең мықты деген мамандықты игергендердің өзі қолы жетпейтіні рас, осы арасының парқын ажыратып алу қажет екен. Бұл жерде педагогтар адамның бағы, тағдыр талайы мен еңбекке арқа сүйеу керектігін, баланы соған бейімдеу қажеттігін баса айтады. Демек, бұдан шығатын қорытынды: балаға мамандық берместен бұрын оның ішкі өзегін қалыптастырып, ерік-жігері мен тәрбиесін қолға алу қажет болды.

«Мен түспеген мамандыққа сен түстің, менің орындалмаған арманымды сен жүзеге асырасың», «Сен осы салаға бейімсің, осы салада сен ашыласың», «Саған керек мамандық осы, мен білемін ғой саған не керек екенін», «Сен бізді мына мамандықпен жерге қаратасың», «Әкеңнің мамандығын таңдамай-ақ қой, білеміз ол саланы басқаға бет бұр!» деген секілді мамандық таңдардағы бала мен ата-ана арасындағы диалог шетсіз, шексіз әркімнің өз отбасылық жағдайына қарай өрістей беретіні сөзсіз. Тек, осы арада сәл тоқтап, «сізге балаңыздың маман болғаны керек пе, әлде адам болғаны керек пе?» деген сауалға ойлансақ.

Жүсіпбек Аймауытов өзінің бір естелігінде: «әкем біздерді молдаға беріп, сауат аштырып қана қоймай, күн көріс қамын да үйретті. Ағам екеуімізді етікшіге беріп, етік тігуді, шеберге беріп ағаш жонуға машықтандырды», деп жазады. Бұл жерде мамандыққа, күнкөріс қамы үшін деп қарағанына мән бере кетелік. Сөз жоқ, қазіргі біздің түсінігімізде мамандық деген ол өмірдің мәні болған. Оқымаған адамға төменгі тап өкіліндей қарайтындар аз емес. Сондықтан да болар, кей жерлерде мамандық біз үшін күнкөріс, елге қызмет үшін керек дегеннен гөрі, Абай хакім айтпақшы, «өзің де сондай зор болмақсың» үшін қажеттей. Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды. Мойындауымыз керек, «өлмейтін» мамандықтар болады. Тіпті, бір әулетте арысы 300, берісі 100 жыл сол мамандықтың династиясын құрғандар бар. Ісіне адал жандардың сол мамандықтың хас шебері болып, елімізге, мемлекетке зор пайда тигізгені қашанда мақтаныш.

Осы орайда, мамандық таңдауға қатты көңіл бөліп адамдық, адамгершілік, рухани, моральдық биіктік мәселесін ұмыт қалдырған жоқпыз ба дегенді айтқымыз келеді. «Педагогика» кітабында Мағжан Жұмабаев: «Баланы тәрбие қылу — тұрмыс майданында ақылмен, әдіспен күресе білетін адам шығару деген сөз. Қалса өзін, асса барлық адам баласын әділ жолмен өрге сүйрейтін ер шығару деген сөз» демейді ме? ХХ ғасырдың басында жазылған осы бір мағыналы сөзге мән беріп, сыршыл ақынның сөзін кеңірек еске түсіріп көрейікші. М.Жұмабаевтың «Педагогика» атты еңбегінен:

«Жас бала — жас бір шыбық. Жас күнінде қай түрде иіп тастасаң, өскенде сол иілген күйінде қатып қалмақ. Теріс иіліп қалған шыбықты артынан түзейміз десең, сындырып аласың. «Баланы бастан» деген сөздің мәнісі осы. Тәрбие деген — баланы бетке қақпай, бетімен жіберу емес. Яки отырса басқа, тұрса аяққа ұрып, көр бала қылып өсіруде емес. Баланы тәрбие қылу — тұрмыс майданында ақылмен, әдіспен күресе білетін адам шығару деген сөз. Қалса өзін, асса барлық адам баласын әділ жолмен өрге сүйрейтін ер шығару деген сөз. Тұрмыста түйінді мәселелерді тез шеше білетін, тұрмыстың тұңғиық теңізін қалың қайратпен кеше білетін, адалдық жолға құрбан бола білетін, қысқасы, адамзат дүниесінің керек бір мүшесі бола алатын төрт жағы түгел кісі қылып шығару», деп жазады.

Жалпы әлемнің азулы педагогтары мамандық мәселесіне келгенде біліммен қатар тәрбиеге қатты мән береді. Әл-Фараби: «Балаға тәрбиесіз білім беруге болмайды» десе, Хакім Абай Жеке адамға ақыл, мінез, іс, адамшылықты сақтайтын ұят — намыс керек, дейді. «Мінез — ақылдың сауыты» дейді Абай ақын. Ал сол мінезге мән беріп отырған адам бар ма?

Қазақтың бас ақыны 10-шы қара сөзінде «Баланың жақсысы — қызық, жаманы — күйік» деп, ата — ана тәрбиесі бала мінезін адамдармен қарым-қатынасын, сезімін қалыптастырады деп нақты айтқан. Тәрбиесіз, жалқау адамды ақын:

«Кеселді жалқау, қылжақ бас,

Әзір тамақ, әзір ас,

Сыртың пысық, ішің нас,

Артын  ойлап  ұялмас, деп қатты сөгеді.

Демек, мамандық (еңбек) пен тәрбиені бөле қарауға болмайды деген тұжырымға келіп тірелеміз.

Ж.Аймауытовтың баланың жасына, дамуына, жас ерекшеліктеріне, педагогикалық қолдау табуына бағдарланған «Психология», «Тәрбиеге жетекші» еңбектеріндегі басты ұстанымдар бүгінгі күнгі жалпы тәрбие ісінің өзегі екені даусыз.

«Псиқалоғияның бірінші мақсаты — тірі заттардың негізгі қимылдарын, олардың ара­сындағы байланыстарын түгел суреттеу. Одан да жеңіл айтсақ, псиқолоғияның мақсаты — тірі заттардың амалын, ісін, жалпы қылығын зерттеу.

Баланың, оқушының қылығы неден өзгере­тіндігін, қалай өзгеретіндігін білу өте-мөте оқытушыға, тәрбиешіге керек», деп түйіндейді Ж.Аймауытов.

Қорыта келгенде, ата-ананың балаға мамандық таңдауына көмектесуі ең басты мәселе де емес дегенді айтқымыз келеді. Өйткені, Абай атамыз: Ең басты мәселе, әке-шеше балаға жақсы тәрбие, мінез, содан кейін, жақсы орта мен жақсы ұстазға кезігу жағын қадағалауы керек дейді. Тәрбие көрген бала қай мамандықты игерсе де, Мағжан ақын айтқандай, өзіне асса елін өрге сүйрер Ерге айналады. Сөзімізді Абай ақынның «Интернатта оқып жүр» талай қазақ баласы өлеңіндегі оймақтай оймен қорытындыласақ:

Я тілмаш,

я адвокат

болсам деген бәрінде ой,

Көңілінде жоқ санасы.

Ақылы кімнің бар болса,

Демес мұны тілі ащы…

  

PS:

Сөз соңында мына бір хикаяға назар аудартқымыз келеді. Бұдан сәл ертерек уақытта елге сыйлы, абыройлы бір би өтіпті. Бірде үйіне қонақтар қыдыра келсе, баласы әркі-тәркі мінез көрсетіп, әдепсіздік қылатын көрінеді. Алайда, үй иесі оған қатты мән бермей, көндіккен адамдай, іштей күрсініп қана қояды екен. Сонда, келген қонақтардың арасынан біреуі шыдай алмай:

-Уа, биеке, өзіңіз елге сыйлы, қадіріңіз артқан адамсыз балаңыздың мына бейәдеп қылығы қалай болғаны, тентегіңізді тезге сала алмадыңыз ба?!, — дейді.

Би ауыр күрсініп: «бұл өзімнен болған қателік. Осы бала бойға бітер алдында бір дауды шешуге барып, ұзақ жатып қалып едік. Сонда даулы тарапқа түспей, бейтарап байдың үйіне тоқтағанбыз. Сол үйден азықтандық. Кейіннен білсем, ол бір парақор, барымташыл адам екен. Ұрлықпен келген малын сойып берген екен бізге. «Ауру астан» деген осы болса керек. Баланың мінезіне мен әсер ете алмадым. Ұрлықпен келген асты жегеннен дәл осы балама әсері сондай болды, деген екен.

Алмас Мұқашұлы   

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

  • «Балаларымызға фильмдерді ана тілімізде көруіне мүмкіндік беріңіз». Нұротандықтар Мәдениет министріне үндеу тастады

    «Балаларымызға фильмдерді ана тілімізде көруіне мүмкіндік беріңіз». Нұротандықтар Мәдениет министріне үндеу тастады

    «Nur Otan»-ның Орталық аппаратында еліміздегі жетекші партияның жанынан құрылған «Мирас» республикалық қоғамдық кеңесінің отандық кинематографияның өзекті мәселелерін талқылауға арналған басқосуы өтті. Парламент депутаттары, отандық телеарналардың жетекшілері, кино саласының мамандары, танымал блогерлер мен зиялы қауым қатысқан Қоғамдық кеңес мәжілісінде кино саласындағы елді толғандырып жүрген келеңсіздіктер айтылып, оны шешудің жолдары ұсынылды. Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, Астана

  • «Омбы қазақтары» мектептерге қазақ тілі пәнін қайтаруға талпынып жатыр

    «Омбы қазақтары» мектептерге қазақ тілі пәнін қайтаруға талпынып жатыр

    Солтүстіктегі көрші мемлекеттің миллион тұрғыны бар қалаларының қатарына кіретін Омбы шаһарында «Омбы қазақтары» газеті шығады. Одан бөлек, қазақ ізін іздесеңіз, Шоқан Уәлиханов пен Сәкен Сейфуллин атындағы көшемен серуендеп, Шоқан мен суретші Амангелді Шәкеновтің ескерткішіне барып қайтуыңызға болады. Ресейдің Омбы облысында 100 мың қазақ бар. Оның тең жартысы қаланың өзінде тұрады. Бізбен әңгімелескен «Омбы қазақтары» қоғамдық

Пікір қалдырыңыз

Еmail почтаңыз сыртқа жарияланбайды. * белігісі тұрған бағанды міндетті түрде толтырасыз

Аты-жөні *

Email *

Телефоны

Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз.

E-mail: kazbilim@gmail.com

ZERO.KZ HotLog