|  | 

Ахметтің 40 мысалы

Ахмет Байтұрсынұлы. Арыстан, киік һәм түлкі

Бар еді бір зеңгір тау асқан биік,
Әр түрлі мекен еткен аңдар сүйіп.
Жол шеккен тамақ іздеп аш Арыстан,
Сол таудың арасынан қуды Киік.

Жақындап жүрді Арыстан жетемін деп,
Ойлайды түстік тамақ етемін деп.
Келеді Киік жылап бір Құдайға,
Қайткенде мұнан аман кетемін деп.

Жыласаң шын зарығып бір Құдайға,
Ойлама қалады деп зарың жайға.
Жанынан Киік күдер үзген шақта,
Екеуі кез болады терең сайға.

Қуанды сайды көріп енді Киік,
Сайланды өтейін деп күшін жиып.
Зырқырап атқан оқтай өте шықты,
Арыстан қала берді іші күйіп.

Сол жерде Түлкі келді Арыстанға:
«Жығасың, — деді, — бәрін алысқанда.
Боларсың дұшпан түгіл, досқа күлкі,
Киіктен қалып қойсаң жарысқанда.

Айтамын мұны саған достықпенен,
Алмаймын еш нәрсеңді алдап сенен.
Тиісті бәйгесінен құр қалады,
Кейбіреу жүрексіздік, бостықпенен.

Тілесең, қолдан келмес ісің бар ма,
Тиісті ет қайратты күшің барда.
Сидиған жаман Киік өтіп кетті,
Ұят қой тоқтағаның осы жарға.

Ақырсаң, не шыдарлық айбатыңа,
Дұшпанның қалма мысқыл ғайбатына.
Тұрсам да сайдың көріп тереңдігін,
Сенемін ебің менен қайратыңа».

Желікті мына сөзге енді Арыстан,
Қарғуға жар шетіне келді Арыстан.
Жете ашай қарғығанмен ар жағына,
Түбіне жардың құлап өлді Арыстан.

Түлкі-екең құлап өлген досын көрді,
Ақырын ойға түсіп, жақын келді.
Атаусыз сүйген досын тастасын ба,
Сол жерде кешікпей-ақ асын берді.

Өлтіріп досын алдап Түлкі бұзық,
Жеп жатыр өлісімен етін бұзып.
Бір айдай азық етіп Түлкі жатты,
Сүйегін жан досының таза мүжіп.

* * *
Досың көп тірілік пен амандықта,
Түлкідей сөз беретін жарға жықпа —
Әр іске амандықта қайрат салып,
Мүжитін сүйегіңді жамандықта.

Кісіге таза жолдас табу қиын,
Көбін-ақ дос етеді мал мен бұйым.
Досыңнан, дұшпаныңнан бірдей сақтан,
Басында, сірә, Ахмет, болса миың.

Ойлама шын достарың мол екен деп,
Сөзіне ере берме жол екен деп.
Досынды қиын іске қайрап тұрған —
Білгейсің шын дұшпаның сол екен деп.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

  • Ахмет Байтұрсынұлы. Өзен мен Қарасу

    Ахмет Байтұрсынұлы. Өзен мен Қарасу

    Қарасу Өзенге айтты: «Ғажап мұның! Мезгілің бар ма, сірә, табар тыным? Тасисың бірде кеме, бірде салдар, Қайықтың есебі жоқ сансыз мыңын. Суыңда күндіз-түні тыныштық жоқ, Қалайша шаршамайсың, жарықтығым? Бейнетім менің егер сендей болса, Бір күн де төзбес едім, нақ бұл шыным. Байқасам салыстырып саған қарап, Рақат, ұжмақ менің көрген күнім. Ол рас, сендей атақ-дабысым жоқ,

  • Ахмет Байтұрсынұлы. Өгіз бен бақа

    Ахмет Байтұрсынұлы. Өгіз бен бақа

    Бір Өгіз айдын шалқар көлге келді, Жағалап суаты бар жерге келді. Шілденің сарша тамыз ыстық кезі, Бек қатты қаны қашып шөлдеп еді. Су ішіп, көлдің шықты жағасына, Мал еді көз тоятын қарасына. Артықша бір көлбақа күншіл екен6 Сол көлдің бақасының арасында. Өгізді суға тойған Бақа көрді, Секіріп көршісіне жетіп келді. «Боламын мен де сонау Өгіздей»,

Пікір қалдырыңыз

Еmail почтаңыз сыртқа жарияланбайды. * белігісі тұрған бағанды міндетті түрде толтырасыз

Аты-жөні *

Email *

Телефоны

Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз.

E-mail: kazbilim@gmail.com

ZERO.KZ HotLog