|  | 

Жаңалық

«Ала қойды бөле қырыққан» министр ме, әлде…

Биылғы оқу жылында жаңа министр мырза тарапынан өрелі өзгеріс, тың серпін күтіліп еді. Көп күттірген оң жаңалықтардың шеті аса көптеп қылтимаса да, бір хабар қазақ тілі десе жүрегін қолына ұстайтын, мемлекеттік тіл мәртебесі десе өкпесі өшердей алқыныс күйге түсетін көпшілікті қуантып тастады. «Қазақ тілі пәніне бір сағат қосылды» деп сүйіншілеген қарлығаш хабар тіл жанашырларын бір серпілтіп өтті.«Балам қазақша тағы бір сағатқа сайрайтын болды» деп ата-ана жағы да дүрлігісіп қалды. Ал, мұғалімдер болса «кешегі күні өткен Б. Жұмағұловтың қазақ тілі пәніне қатысты «қатесін» жаңа министр түзетті» деп бек шаттанды. Бұл шаттанудың басы аяқталған оқу жылының қаңтар айынан бастау алған болатын. Ұлт сыныптарында дәурені көшкен Жұмағұловтың жайпауына ұшыраған қазақ тілі пәнінің жүктемелері ішінара қайтарылып, тілдік ахуал қалыпқа түскендей еді. Бірақ қуанта келген «қалпына келтіру шаралары» бір сыныптарға қатысты болса, енді бір сыныптарға бейтарап күйде айналып өтті. Мысалы, бастауыш сыныптарға сол қаңтарда бір сағаттан қосылды. Ал, сол қайтқан құстай болған қазақ тілі пәнінің бір сағаты 5-сыныпты сырт айналмай, құтты орнына оралды. Дегенмен, 6-сынып бұл «жарылқаудан» «бейхабар» бұрынғы екі сағаттық жұтаң жүктемемен қала берді.7-8 ұлт сыныбы да бір сағатқа қазақша пікірлесіп, қауқылдасып қалған еді. 9-ұйғыр сыныптары үшін бұл белең алған «береке» бейтаныс болды, олар өткен оқу жылын екі сағат күйінде кедейлікте тәмамдады. 10-11-ұлт сыныптары үшін бір сағатқа қазақ тілі жүктемесі артып, олар оңынан келген орайлы оқиғаның ұзағынан салтанат құруын тілеп жүріп, 2013-2014 оқу жылын бітірді.
Бұларды айтып отырған себебім-ұлт мектептеріндегі қазақ тілі жүктемесіне қырғидай тиген бұрынғы білім басшылығының кесірінен мемлекеттік тіл мәтребесі аталған ортада солқылдақ сипат ала бастағаны- ащы да болса өзін мойындатар ақиқат. Сондықтан биылғы 2014-2015 оқу жылында қазақ тіліне бір сағат қосылды деген хабарды ұстазы мен шәкірті де, ата-ана мен тіл қамқоршылары да елегізе күткен-ді. Күткені күлімдеп келмеді, емшек сұрап жылаған балаға жарты күлше беріп, көз жасын бір сүртіп өткендей ғана әсер қалдырды. Қазақ тілі сағаты нақты қай сыныптарда артқанын анықтап көрдім. Барлық ұлт сыныптарындағы мемлекеттік тіл пәнінің жүктемесі қаңтардағы өзгеріс халінде қақиып тұр. Бір сағат қосылып, меңгерілуіне беделі тоғысып жетіскені шамалы. Қазақ тілін енді ғана шымылдығы ашылған жаңа оқу жылында бұрынғыдан бір сағатқа артық оқып, қазақша білім бекітетін-кілең коррекциялық сыныптар. Аталмыш сынып оқушыларының қазақ тілін өткен жылмен салыстырғада бір сағатқа артық қаужайтыны, әрине, қуаныш.Тек осы қуаныш неге өзге сыныптарды сырт айналып өтіп, жүзін емес, сыздауық сыртын беріп тұр? Әлде мемлекеттік тіл тек қана коррекциялық сыныптарда терең меңгертіліп, тек сол ортада ғана құрмет тұтылуы шарт па? Өзге сыныптардан суыт аттап кеткен бұл не қылған «салмақьты серпіліс?» Орыс сыныптарында (5-11) Жұмағұловтың патшалығы кезіндегі соңғы жылы бес сағаттық жүктемеден үш сағатқа шолтырайған күйінен төрт сағаттық деңгейде әрі-сәрі боп ол тұр. Егер қазақ тілінің грамматикасы мен қоғамдық-әлеуметтік маңызының оқушылар санасына сіңірілуі дәл осы 5-11 сыныптарда жүргізілетінін ескерсек, қырау шалған қазақ тілі сағаттары селкеу көңілді күманнан арылта алмасы хақ. Қазақ елінің болашығы дара осы тілде екенін «көрсете алмай» жүктеме тұр төменшіктеп, «елімнің ертеңі қазақ тілінде ме, жоқ әлде…» деген дүдәмал сұрақпен өсіп келе жатқан жеткіншек және бар. Сонда тағы да «оқымайтын оқушы болмайды, оқыта алмайтын ұстаз болады» деп көпірген сыңарезу пікір тағы аждаһадай бас көтере ме? Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде ардақталуы мектеп қабырғасында басталуы тиіс жүйелі тәрбие тұғыры болса, сол тұғырды билік көптен бері неге теңселтумен келеді.? Жауабы жартымсыз, жанды жүдетер сұғанақ сұрақ! Бірақ осы сұғанақ сұрақтың бір көңіл тойдырар дархан жауабын жұптап берер жан бар ма екен?
Осылайша қазақ тілінің жүктемесінің жетісуі тек коррекциялық сыныптарды ғана сілкіп өтті. Енді олар өткен оқу жылымен салыстырғанда қазақ тілі пәнін бір сағатқа артық оқып-тоқиды. Өзге сыныптарды сілкімек түгіл сипап та өтпеген «қайтып келу үрдісі» нәтижесінде ұлт сыныптары енді қаңтардағы қайтаруды «місе тұтып» оқуға мәжбүр. Сонда «шүкір» деп отырған қазақ тілі жүктемелері мынадай: орыс сыныптары аптасына төрт рет қазақ тілін «тұшына» оқиды. Ұйғыр сыныптарын арнайы атап өтейін, себебі мұнда қазақ тілі орыс сыныптарымен салыстырғанда едәуір төмен. 5-ұйғыр сыныбы қазақ тілімен аптасына үш рет қауышып «мәз», 6-ұй ғыр сыныбы тоқалдан туған таздай ала бөтен аптасына екі рет қана мемлекеттік тіл пәнімен «жылап көріседі». 7-11-ұйғыр сыныптары қазақ тілін аптасына үш рет армандарына үкілеп қосады, болашақ қазақша білімдерін бекітуге тырысады. Жұмағұлов қаһарына дейін 10-11-ұйғыр сыныптары қазақ тілін төрт рет, қазақ әдебиетін екі рет емірене оқып шаттанатын. Қазір ол «шаттықтың» бар болғаны қалдыңы қалған. Қазақ әдебиеті барлық ұйғыр сыныптарында аптасына бір-ақ рет. «Өгізге туған күн бұзауға да туады». Қазақ тілін түгендеп ала алмай жүріп, қазақ әдебиетінің дауын қуып нетейік! Әйтпесе «қысқарту» деген қарғыс атқан кеп қазақ әдебиетін үсік шалып жүрер…
Міне, биылғы жаңа оқу жылы осындай ақсарбас хабармен басталып, арты сағымға айналды. Бұрынғы Білім министрінің кәріне іліккен қазақ тілі жүктемелерін сол бұрынғысынша төкпей-шашпай, бөлмей-жармай қайтарар қайран азамат бар ма екен? Егер бар болса шынымен, ана 6-ұйғыр сыныбы қазақ тілін екі рет елден ала-құла аз оқып, «сұрауы» көп болмас еді. Сонда 6-ұйғыр сынып оқушылары мемлекеттік тілді терең меңгеру үшін қосымша сабақтарға жүгіруі кеерк пе, әлде оқытудың жаңа технологиясымен «өзінше ізденуі» тиіс пе? Қалай десек те ала қойды бөле қырқып, ақыры жүнге жарымаған қойшының халін кешпесек болғаны. «Сағат қосылды» дегенде «ақ түйенің қарны жарылды» десіп аңқылдасқан қайран ұлтжанды көңілдердің су сепкендей басылғаны болашаққа деген сенімнің шашылғаны болып жүрмегей! Себебі, оқушы санасында аз оқитын қазақ тіліне деген құрмет пен межелі білімді қалыптастыру оңайдың сі емес. Соны біздегі билік білмей ме, әлде білдіріп бетіне айтатын, тіл базынасын «зарлағанда» су жорғадай тайпалтатын елжүректінің болмағаны ма?Шетте жүрген бауырларымыздың ана тілімен білім орындаарында мүлде сусындамайтынын әсіре сынға алып, аузымызды айға білейміз. Көрші өз ағам-өзбекке де реніш айттық «қазақтілді мектептер сендерде неге жоқ» деп. Есесіне өзіміз еліміздегі өзбектерді туған тілінде оқытып, өзбек ағайынның қабағын бағып келеміз. Іргедегі Ресейге де наз айтқансыдық «қазақтілді мектептер жоқтың қасы боп, қазақ бауырларымыз ана тілін ұмытып, орыстанып кете бере ме?» деп. Бүйіріміздегі Қытайға да жақ ашқансыдық жалтақтап! Өзгеге сын айтар халіміз нешік? Қазақ тілін отандық білім жүйесінде береке таптыра алмай жүрміз. Неге? Біз «дархан», әлде кеңқолтық болып, елімізде тәжік, өзбек, орыс мектептерін іске қосумен жүргенде, дәл осы мемлекетттерден неге тура сондай жауап күтпейміз? Неге? Біз «қонақжайлылық» салтымызға басып, Қазақстанда тұратын өзбек баланы ана тілінде оқытып жатырмыз, ал Өзбекстан өзінде тұратын қазақтардан неге өзбек жасауға жанығып жүр? Осыны пайымдай алмай келе жатқан билік енді «битке өкпелеп тонын отқа тастады», Қазақстандағы ұлт сыныптарындағы қазақ тілін сол көрші елдерден «үйренгені, я болмаса жиренгені» белгісіз қысқартып, қырқа бастады. Қысқартуды ара-тұра тыйып, жұбатып та қойды. Алайда орны ойсырап тұрған қазақ тілі жүктемелері толығымен неге қайтарылмайды? Алты жылдан кейін аттап келер 2020 жылы мектеп түлектері қазақ тілін 95 меңгермек түгілі, 50 де 50-дің өзін еңсере алар ма екен? Қазіргідей құтырынған қағазбастылықтың «арқасында» белгіленген межені аңыз етіп, қағазға сөйлете саламыз ба? Қағаздың несі кетсін, жалған ақпаратты жазып алып, жата береді мелшиіп. Тек сол жалғандықты қағазға түрткенде қол дірілдеп, жүрек жыламай ма екен? Бұлайша ел болашағын түрлі-түсті бояулармен бояп, тек қағазда елестете берсек не болмақ? Қағазбастылық қасіретінің тұптөркіні осында жатқанын мойындап, одан қол үзетін мезгіл әлдеқашан туса да, сәтін бермей бетпақтанып келеміз-ау, әйтеуір!
Жоғары тараптан мұғалімнің беделін сұрап жүрміз тәңірден сый күткендей. Енді қазақ тілі пәнінің падиша ғұмырын сұрап қол жайып отырмыз. Тілемсектеніп, тіленші болып Қазақстанның мемлекеттік тілін мейлінше масаттана меңгертудің мүмкіндігін сұрап жылауықтанған күндер қашан өтеді? Өз қолымыз өз аузымызға жеткенде, егемендіктің самалы ескенде төтеден келген бұл берекесіздік қашан бітеді? Егер осы аянышты тіл тағдыры тоқтатылмаса, қазір партада отырған жеткіншектер 2050 жылы қазақша жартылай ойлайтын, ал ағылшын мен қытай тілдеріне терең бойлайтын шолақ белсенділерге айналмайды дегенге кім иланады? Осы ой еріксіз келгенде елжандылар ұйқыдан да, күлкіден де айрылып бітеді. Қазіргі уақыттағы қазақ тілі жүктемесін белгілі-белгісіз қысқартулар келешектегі күйік-дауылға, бет қаратпас шұбар тіл саясатына алып келмесін кім болжап білген? Сондықтан да өткен оқу жылында қарғысқа ілініп, кейін қаңтарда рең кіре бастаған қазақ тілі пәніне «сараңдық» танытып ішірана ғана байытпай, жаппай жұбату ауадан бетер керек-ақ!

Айзат Рақышева

Мақала автордың фб әлеуметтік желісіндегі парақшасынан алынды. 

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

  • Ауыл шаруашылығы министрлігі студенттерге білім грантын бөлетін болады

    Ауыл шаруашылығы министрлігі студенттерге білім грантын бөлетін болады

    ҚР Білім және ғылым министрлігінің ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім беру гранттарының көлемін анықтау жөніндегі функциялары Ауыл шаруашылығы министрлігіне беріледі. Бұл өзгерістер 2019 жылғы 28 қазанда Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңына сәйкес жүзеге асырылады. «Қабылданған заң аясында ҚР Білім

  • Асхат Аймағамбетов білім саласындағы плагиатпен күресетін жүйе туралы айтты

    Асхат Аймағамбетов білім саласындағы плагиатпен күресетін жүйе туралы айтты

    ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім саласында плагиатпен күрес шаралары туралы түсінік берді. Академиялық адалдық, плагиат мәселесі көтерілді. Бұл мәселе бойынша да министрлік тиісті шешім қабылдауда. Turnitin деген ең үздік 15 мың университет қолданатын антиплагиаттық жүйе бар. Сол жүйеге біз биыл ұлттық жазылып, қолданудамыз. Біз нормативтік құжаттарға өгерістер енгіздік. Енді барлық курстық, дипломдық

Пікір қалдырыңыз

Еmail почтаңыз сыртқа жарияланбайды. * белігісі тұрған бағанды міндетті түрде толтырасыз

Аты-жөні *

Email *

Телефоны

Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз.

E-mail: kazbilim@gmail.com

ZERO.KZ HotLog