|  | 

Абайдың қара сөздері

Абайдың қара сөздері. ТОҒЫЗЫНШЫ СӨЗ

Осы мен өзім — қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді. Уә әрнешік бойларынан адам жақсы көрерлік, көңілге тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек еді. Соны не үміт үзбестікке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп, көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді, ондайым жоқ. Егер жек көрсем, сөйлеспесем, мәжілістес, сырлас, кеңестес болмасам керек еді, тобына бармай, «не қылды, не болды?» демей жату керек еді, ол мүмкін болмаса, бұлардың ортасынан көшіп кету керек еді. Бұларды жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деген үмітім де жоқ. Бұлардың бірі де жоқ. Бұл қалай? Бұл айтқанның бірін тұтпай болмас еді.

Мен өзім тірі болсам да, анық тірі де емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен бір себептен бе? — еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем, қуана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі. Қайратты күнімде қазақты қиып бөтен жаққа кетпек түгіл, өзін жақсы көріп, үміт етіп жүріппін. Қашан әбден біліп, үмітімді үзген кезде, өзге жаққа барып, жатты өз қылып, үйір боларлық кайрат, жалын сөніп те қалған екен. Сол себептен бір жүрген қуыс кеудемін. Тегінде ойлаймын: бұ да жақсы, өлер кезде «әттегене-ай, сондай-сондай қызықтарым қалды-ау!» деп қайғылы болмай, алдыңғы тілеу болмаса, артқа алаң болмай өлуге.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР

  • Абайдың қара сөздері. ҚЫРЫҚ БЕСІНШІ СӨЗ

    Абайдың қара сөздері. ҚЫРЫҚ БЕСІНШІ СӨЗ

    Құдай табарака уатағаланың барлығының үлкен дәлелі — неше мың жылдан бері әркім әртүрлі қылып сөйлесе де, бәрі де бір үлкен құдай бар деп келгендігі, уа һәм неше мың түрлі діннің бәрі де ғадаләт, махаббат құдайға лайықты дегендігі. Біз жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пендеміз. Сол махаббат пен ғадаләтке қарай тартпақпыз, сол алланың хикметін біреуден

  • Абайдың қара сөздері. ҚЫРЫҚ ТӨРТІНШІ СӨЗ

    Абайдың қара сөздері. ҚЫРЫҚ ТӨРТІНШІ СӨЗ

    Адам баласының ең жаманы — талапсыз. Талап қылушылар да неше түрлі болады. Һәм талаптың өзі де түрлі-түрлі. Һәм сол талаптардың қайсысының соңына түссе де, бірінен бірі өнерлі, тұрлаулырақ келеді. Уа, ләкин адам баласы я талапты, я талапсыз болсын, әйтеуір «бәрекелдіні» керек қылмайтұғыны болмайды. Әрнешік, орынсыз ба, орынды ма, «бәрекелді» деушіні көңіл іздеп тұрады. Адам баласы

Пікір қалдырыңыз

Еmail почтаңыз сыртқа жарияланбайды. * белігісі тұрған бағанды міндетті түрде толтырасыз

Аты-жөні *

Email *

Телефоны

Сайт алаңында білім саласы мен ұрпақ тәрбиесіне байланысты өзекті деп санаған ойларыңызға орын береміз.

E-mail: kazbilim@gmail.com

ZERO.KZ HotLog